Созақ көтерілісінің тарихы
Халық арасында «Аллаху» деп аталып кеткен Созақ көтерілісі хақында бүгінгі күнге дейін аңызға бергісіз не түрлі ауыс-екі әңгімелер айтылса да, 1930 жылдың ақпанында болған Созақ көтерілісін ғылыми негізде зерттеген зерттеушілер аз. Тіптен жоққа тән. Бар болғаны екі-ақ адам. Олар: Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, зерттеу еңбегін естеліктер мен мұрағаттық тарихи құжаттар арқылы жазған «Созақ қасіреті» кітабының авторы Мұхаммеджан Рүстемов және 1929-31 жылдары арасындағы күштеп ұжымдастыруға қарсы халық наразылығы туралы «Зобалаң» атты ғылыми-зерттеу еңбегін жазған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков.
Сөз болып отырған зерттеу еңбектердің тілі, оқушыға етер тарихи-эстетикалық әсері, стилистикалық ерекшеліктерін талдау біздің бұл жолғы міндетімізге жатпайды. Біз бірінші кезекте осы еңбектерде жарияланған тарихи-мұрағаттық құжаттарды «Ұлт тарихының алтын діңгегі» - халық жадысында сақталып қалған Созақ көтерілісі туралы естеліктермен салыстыра отырып, Созақ көтерілісінің шынайы тарихына көз жеткізуді басты назарда ұстадық.
Ең бастысы, Созақ көтерілісі қалай, қай жерде басталды? Оны кімдер басқарды? Көтеріліс қалай басылды? – деген сұрақтарға жауап беретін, бұған дейін «құпия» белгісімен мемлекеттік мұрағаттарда сақталып келген, тарихи-деректік құжаттарды М.Рүстемов те, Омарбеков те өз еңбектерінде зерттей отырып жарияға шығарыпты. Біз мұны Созақ көтерілісін зерттеген авторлардың үлкен жетістігі деп бағаладық.
Ендігі кезекте елімізде демократиялық «жылымық» кезең басталғанға дейін ашық жариялауға қатаң тиым салынып, мемлекеттік мұрағаттарда «құпия» белгісімен ұзақ жылдар сақталған сол құжаттардың өзіне сөз берейік...
Мынау, Созақ көтерілісіне байланысты Шымкент округтік партия комитетінің Өлкелік партия комитетіне жолдаған алғашқы жедел хаты екен. Оқып көрелік...
Алматы, ВКП(б) өлкелік комитетіне.
Созақ бандылардың қолында болып, байланыстың қиындығынан қозғалыстың шығу себебін, қарулы бандылардың қанша екенін, халықтың қай бөлігі оларды жақтайтынын біле алмай отырмыз. Тексерілмеген хабарларға қарағанда, ауданның басшы кадрлары өлтіріліпті. Округтен Журавлевтың, Мусинның басшылығымен жіберілген 50 адамдық отряд екі бөлініп, 11 ақпагнда Түркістаннан шықты. Тексерілмеген хабарға қарағанда 25 адамнан құрылған отрядтың бір бөлігі Созаққа бет алғанда жолай бандиттермен соғысып, алты адамынан айрылып, кейін шегініпті. Қазір 35 адамнан құралған бір пулеметті Қызылорда отряды, Ленин мектебінің Эскадроны келді. Шабуыл бастауға осы күш әзірге жетерлік. Қорытындысын қосымша хабарлаймыз. Әулие-Атадан 30 адамнан құралған отряд Кентарал бағытына кетті. Бұл отрядтың міндеті – тосқауыл қойып, кейбір бандиттерді тұтқындау. Созаққа құрамында Идельсон, Құлсартов, Журавлев бар комиссия жіберуді белгілеп отырмыз. Жедел келісімдеріңізді күтеміз.
Исаев, Гурин
(Шымкент Облыстық партия комитеті архиві, Қ 29, Ж 1, ІС 608. Мұхаммеджан Рүстемов. 42 бет, «Созақ қасіреті», «Шымкент қалалық баспаханасы», 1993.)
Жедел хаттағы «тексерілмеген хабар» - деген тіркес: «Партия комитетінің өкілі тікелей өзі барып тексерген жоқ, - деген мағынада айтылатын, сол кездегі партия құжаттарындағы «ресми тіркес». Сондықтан «тексерілмеген хабар» деген тіркеске терең мән берудің қажеті жоқ.
Енді, Өлкелік партия комитетінің Шымкент округтық партия комитетіне жолдаған екінші жедел хатының мәтінімен таныссақ, Созақ көтерілісінің барысы туралы біршама мағлұмат аларымыз хақ.
Екінші жедел хат:
«Түркістаннан тікелей байланыспен қолма-қол берілді. Жария болып кетпеуін қамтамасыз етіңіз Шымкент округтық ВКП(б) Исаевқа, Гуринге»
Сарысудан келген бай-ишан бандылары 7 ақпанда Созақты басып алып, оған Созақтың байлары қосылды да, атақты бай Сұлтанбек Шонақовты хан сайлады. Хабарға қарағанда атком председателі Қаңлыбаев, халық соты, аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы, тергеуші, тағы да біршама қызметкерлер өлтіріліпті. 8 ақпанда 8 адамнан құралған екі барлаушы топ Созақ, Ащысай бағытында жіберілгені туралы хабарладық. Ащысай бағыты қауіпті болғандықтан 9 ақпанда жергілікті коммунарлардан 50 адам сол жаққа жіберілді. Көп ұзамай Шымкенттен, Қызылордадан адамдар келді де, 8 ақпанда жіберілген бірінші топқа көмекке 13 адам аттанды. Хабарға қарағанда бандылар Созақты алыпты. Созақ жолында ГКПУ-дің өкілі Тыныштықбаев қаза болды. Исаев бастап Созаққа бет алған біздің топ, тауда бандылармен кездесіп шайқас болып 6 адам өлді. Соның ішінде Исаев ауыр жараланды. Бандылардың қаруы аз, көбі аңшы мылтық. Исаев бастаған біздің отрядқа Поляков бастаған Қызылорда отряды қосылып 11 ақпанда Қуашық деген жердегі тау баурайындағы керуен-сарайға бекініп, бандалармен атыс болды. Қазір бандалар Қаратауға қашуда. Жаңа келген мектептердің не істегені, бұрынғы әрекет етіп жатқан Никитенко, Исаев, Поляков отрядтарымен қандай байланысы бар екені жөнінде әзір егжей-тегжейлі хабар жоқ.
Тоқжігітов
Хабарлаған жауапты кезекші: Филиппов
Қабылдаған жауапты кезекші: Богоявлинский
(Шымкент Облыстық партия комитеті архиві, Қ 29, Ж 1, ІС 608. Мұхаммеджан Рүстемов. 42, 43-бет, «Созақ қасіреті», «Шымкент қалалық баспаханасы», 1993.)
Созақ көтерілісі хақындағы ақпаратты халық жадында сақталып қалған естеліктер арқылы сөйлетер болсақ, Созақ көтерілісінің қысқаша баяны былай болған: Сарысудан келген қарулы сарбаздар 7 ақпанда Созақты әскери тұрғыдан басып алып, Кеңестік басшы қызметкерлер мен халыққа зәбірі өткен шолақ белсенділерді жазалап өлтіреді де, Сұлтанбекті хан сайлайды. Көтерілісшілердің аудан орталығы Созақты басып алғаны туралы естіген ГКПУ өкілі Тыныштықбаев Ащысай жолы арқылы Түркістанға барып, көтеріліс туралы хабар берген. Түркістанда отырған билік басындағылар Тыныштықпаевтың қасына 8 адамнан құралған екі барлаушы топ коммунарларды яғни, коммунистер отрядын қосып беріп, Түркістаннан Ащысай жолы арқылы Шолаққорғанға аттандырады. Жолай Торлан шатқалында ГКПУ өкілі бастаған коммунарлар тобын көтерілісшілер күтіп алып, сол жерде атыс болады. Атыста Тыныштықбаев қаза тауып, қалған коммунарлар Түркістанға қайта қашады.Содан соң Түркістанда 50 адамнан құралған Исаев бастаған әскерлер 25 адамнан екіге бөлініп, Суындық асуы арқылы аудан орталығы Созаққа аттанады. Олар Созақ пен Түркістан арасын байланыстыратын Суындық асуында әскер жолын тосып жатқан Салықбай мерген бастаған мергендер тобына кездесіп, асуда атыс болады. Салықбай тобы Исаев бастаған әскерлер жолын екі күнге таяу уақыт бөгеген. Суындық асуында болған атыста Исаевтың өзі ауыр жараланып, оның отрядынан 6 адам қаза табады. Бұл – Созақ көтерілісінің Суындық асуындағы атысқа дейінгі халық жадында сақталып қалған оқиғалардың қысқаша баяны. Созақ көтерілісі хақында халық жадында сақталып қалған дәл осы әңгімелерді Мемлекеттік мұрағаттардағы тарихи құжаттармен салыстыра зерттегенімізде, Созақ көтерілісінің Суындық асуындағы атысқа дейінгі оқиғалары – мемлекеттік мұрағаттардағы тарихи құжаттар баянымен өрістес, бір бағытта дамиды. Анығына келгенде, Суындық асуындағы атыс – Созақ көтерілісінің шарықтау шегі болатын. Сондықтан да, Суындық асуындағы атыс жөнінде халық жадында не түрлі әңгімелер сақталып қалған. Бірақ, қазіргі айтпақ болып отырған мәселеміз – ол әңгімелер туралы емес.
Дәл осы Суындық асуында болған шайқас туралы Созақ көтерілісін тарихи-мұрағаттық құжаттар арқылы зерттеген профессор Т.Омарбеков өз зерттеу еңбегінде былай деп жазады: «Егер ОГПУ құжаттарына сенсек: Суындық асуында болған атыста отряд бастығы Исаев ауыр жараланып, 6 коммунист өледі де, Қызыл әскерлер 30 шақырымдай кейін шегінеді. Олар Түркістаннан Солтүстікке қарай 70 шақырымдай жерде орналасқан «Қуашық» деген елді мекенге бекініп, көтерілісшілермен атысып жатқанда, 12 ақпан кешкі сағат 8-ге қарай 33 найзадан және станокты пулеметтен тұратын, окургтық әскери комиссар Поляков басқарған Түркістаннан шыққан Қызылорда отряды көмекке жетіп үлгереді. Исаев ауыр жарақаттанғандықтан отрядтағы басшылықты Поляков өз қолына алады. Келесі 13 ақпан күні таңертең Поляковтың отряды және 500-ге тарта адамнан тұратын көтерілісшілер қолы арасында екі сағаттай шайқас болады. 14 ақпанда көтерілісшілер тағы да шабуыл жасап, пулемет оғына шыдай алмай кейін шегінеді де, атыс кешке қарай тоқтайды. Міне осылай 500-600 адамнан тұратын бандалардың қоршауында 3 тәулік бойы атыстық», – деп жазады. (227-228 п. Т.Омарбеков. 108-109 бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» -1994ж)
Ең күшті шайқас 13 ақпан күні болған. Бұл күні Поляков отрядына «Алла-Алла», – деп 600-дей адам топтасып шабуыл жасайды. Осы күні Сұлтанбек Шолақұлының (құжаттарда Сұлтанбектің «Шалақұлы» деген сойы – «Шолақұлы» деп қате жазылып кеткен) төңірегіне топтасқан көтерілісшілер саны 2000-ға жеткен. Көтерілісшілердің көбейе түсуінің себебі: Түркістан ауданының «Қуашық» тауы айналасындағы 9,10,11 ауылдар адамдарының көтерілісшілер қатарына қосылуымен түсіндіріледі. (Сонда. 471-іс, 243 п. Т.Омарбеков. 110 бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» – 1994ж)
Бұдан әрі қарай, Созақ көтерілісін зерттеуші тарихшы ғалым Т.Омарбеков: «Сұлтанбек 13 ақпанда Қуашықты қоршауға шағын күш қалдырып өзі қалған жасағымен Созаққа қарай шегінген. Дәл сол күні ОГПУ қызметкері Никитенко басқарған коммунарлар отряды Созаққа басып кірген», – дейді. (Т.Омарбеков. 111 бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» – 1994ж)
Зерттеу еңбекте көрсетілген ОГПУ – бір кездерде ЧК, НКВД кейіннен КГБ болып, түрлі кезеңде аты өзгеріп отырған қауіпсіздік комитеті. Демек, профессор Т.Омарбеков Созақ көтерілісі туралы тарихи құжаттарды қауіпсіздік комитеті мұрағатынан алып отыр. Мұны айтып отырған себебіміз, автор өз еңбегінде: «ОГПУ құжаттарында», «ОГПУ құжаттарына сенсек», «471-іс, 227 п» деп жазып, істің дәл қай мұрағаттан алынған анықтап көрсетпепті. Біз мұны тарихи зерттеу еңбектің үлкен бір кемшіл тұсы деп бағаладық.
Біз сөз басында Созақ көтерілісі турасындағы тарихи құжаттарды – халық жадында сақталып қалған Созақ көтерілісі туралы естеліктермен салыстыруды басты назарда ұстаймыз деп жазып едік. Осы сөзімізге орай кейбір ағайын: «Осыдан 96 жыл бұрын болған Созақ көтерілісі туралы мұрағаттық-тарихи құжаттарды халық жадында сақталып қалған естеліктермен салыстыратындай сен кімсің?», – дері бек мүмкін. Орынды сөз, заңды сұрақ...
Сондықтан автор туралы бірер сөз...
Менің әкем Маханов Дүйсебай «Шу бойының» төменгі сағасына орналасқан Созақ ауданының «Жуантөбе» совхозында мал жайып, сол жерден зейнетке шықты. Қырғыз Алатауынан бастау алып, Бетпақтың шөліне сіңіп кететін Шу өзені бойына орналасқан қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданының «Жуантөбе» , «Тасты», «Шу» елді мекендері мен бүгінгі Жамбыл облысы, Сарысу ауданының «Шығанақ», «Қамқалы», «Жайлаукөл» ауылдары орналасқан аймақты біздің ел – «Шу бойы» деп атайды.
Міне осы екі облысқа қарасты «Шу бойы» аймағына орналасқан елді мекендер тұрғындарының басым көпшілігі – Созақ көтерілісі үшін қудалауға ұшырап, шет жұртқа ауа көшіп, соңыра «Шу бойында» соғыстан кейін жаңа ашылған совхоздарға орналасқан Тама жұртының ұрпақтары болатын.
Шу бойында өсіп, ер жеткен біздер Созақ көтерілісі туралы не түрлі әңгімелерді шалдардан бала күнімізден естіп өстік. Ол кезде екі шалдың басы қосылса бірінші айтатыны – Созақ көтерілісі, содан кейінгі тақырып – көтерілістен соң қудаланып, туған елден ауа көшкен тұстағы жол азабы мен шет жұртта көрген өмір талқысы. Қазір ойласам мен бақытты екенмін. Себебі, «Аллаху» деп аталатын Созақ көтерілісіне қатысқан Қошқарбай, Сарбас, Мақаш қариялардың көзін көрдік, әңгімелерін тыңдадық. Созақ көтерілісіне қатысқаны үшін елден ауа көшіп, шет жұртты паналаған бұл кісілер – «Жуантөбе» совхозына соғыстан кейінгі қырқыншы жылдардың соңы мен елуінші, алпысыншы жылдардың басында келіп орналасқан. Бұл айтылған үш кісі де 1970 жылдардың соңғы жартысында «Жуантөбе» совхозында қайтыс болды.
«Аллахуға» қатысқан Қошқарбай, Сарбас, Мақаш қариялардың аяғын алып, «Жуантөбеде» ғұмыр кешкен менің әкем Дүйсебай, Молдағали, Ақшал, Сатай, Қуанышбай, Жолдыбек досымның туған нағашы әжесі Жадыра әже (немерелері ол кісіні Қызылкөз әже дейтін) Қуандық, Шеке, Әжентай, Әмит, Мәулен ақсақалдардың да Созақ көтерілісі хақында айтылған не түрлі әңгімелері ерте күннен құлағымызға сіңді, көкірегімізде жатталып қалды. Жоғарыда аты аталған кісілердің ішінде Мақаш қария ғана Тарақты, ал, өзгесі түгел Тама руынан болатын. Бұл кісілердің ұрпақтары күні бүгінге дейін Созақ өңірінде өмір сүріп жатыр.
Жоғарыдағы кісілердің атын атап, түсін түстеудегі негізгі мақсатымыз – осы кісілер арқылы кейінгілерге жеткен Созақ көтерілісі хақындағы әңгімелерді – Созақ көтерілісі туралы мемлекеттік мұрағаттарда сақталып қалған тарихи құжаттармен салыстыру болатын. «Созақ көтерілісі хақында» мақала жазуымыздың өзі де осы ниеттен туындаған-ды.
Бұрын мемлекеттік мұрағаттарда «құпия» белгісімен сақталып, тәуелсіздіктен соң жарияға шыққан тарихи құжаттарды көрген кейбіреулер: «Ө-й-й, бұрынғы тарих жалған, бәрі өтірік болып шықты», – деп, жер-әлемді басына көтеріп жүр.
Меніңше бұл ұшқары пікір. Тарих – халықтың жүріп өткен жолы. Сондықтан ол жолдың кейбір тұстары бұрмалануы мүмкін. Бірақ, тұтас тарихтың өтірік болып шығуы мүмкін емес.
Мысалы: Созақ көтерілісі!
Құжаттарда көтерілістің кейбір тұстары бұрмаланса бұрмаланған шығар. Алайда, Созақ көтерілісінің тұтас тарихын ешкім де жоққа шығара алмасы хақ!
Тарихты халықтың жүріп өткен жолы десек те, сол жолдың бұралаңға салынбай түзу болғанына не жетсін! Сондықтан да, Созақ көтерілісі туралы мұрағаттық-тарихи құжаттарды, «ескі құлақ, есті шалдардың» біз естіген әңігемелерімен салыстыра зерттеуді нысаналы мақсат еткенімізді жоғарыда атап өттік.
Жоғарыдағы зерттеулерде көрсетілген тарихи-құжат – екінші жедел хаттағы: «Сарысудан келген бай-ишан бандалары 7 ақпанда Созақты басып алды», – деген ақпарат – тарихи шындық. (Шымкент Облыстық партия комитеті архиві, Қ 29, Ж 1, 608 іс. Мұхаммеджан Рүстемов. 10-11 бет, «Созақ қасіреті», «Шымкент қалалық баспаханасы», 1993.)
Біз бұл әңгімені Жуантөбенің шалдарынан бала күнімізден естіп өстік. Олардың айтуынша, Созақ көтерілісі – Жамбыл облысы, Сарысу ауданының Тамаларының ұйымдастыруынан бастау алған. Ол кез – «облыс», «аудан» деген аймақтық әкімшілік бөлініс туралы түсінік халық арасында орныға қоймаған уақыт. 1928 жылы Созақ, Сарысу аудандары бір уақытта құрылады да, Арқадан көшіп келген Тамалар осы екі ауданға бөліп орналастырылады. Айтпағымыз: Арқадан келген Тамаларды екі облыстың екі ауданына бөліп орналастырылуында да – Тамалар бірігіп кетпесін деген Кеңес өкіметінің құйтырқы саясаты жатқан секілді. Қыс – қыстауда Сарысулық Тамалар «Мойынқұмды» мекендесе, Созақтың Тамалары «Мойынқұмның» таусылып бітер тұсы – «Көкшенің» құмын мекендепті. Ол тұстағы Тамаларда «Созақ», «Сарысу» деп аталған, жоғарыда ескертіп өткеніміздей аймақтық бөлініс – «аудан» туралы түсінік болмаса керек.
Бұл мәселеге жете көңіл бөліп отырған себебіміз: Созақ көтерілісі Сарысудан бастау алды», – деген сөзді, біздің кейбір Созақтық азаматтарымыз оншалық хош көре қоймайды. Көрпені әркім өзіне қарай тартқысы келетін секілді...
Бірінші жедел хатта көрсетілген: «Әулие-Атадан 30 адамнан құралған отряд Кентарал бағытына кетті. Бұл отрядтың міндеті – тосқауыл қойып, кейбір бандиттерді тұтқындау», – деген жолдар – (Шымкент Облыстық партия комитеті архиві, Қ 29, Ж 1, ІС 608. Мұхаммеджан Рүстемов. 42 бет, «Созақ қасіреті», «Шымкент қалалық баспаханасы», 1993.) көтерілістің Сарысудан бастау алғанына анық дәлел.
Сарысудағы Тамалар көтерілісін ұйымдастырушылар: Жантөре Иманов – руы Жөгі Тама-Төлеп, Тапалай Исатаев – руы Жөгі Тама-Қырықбойдақ. Айтқымыз келгені: Сарысу Тамаларының көтерілісін ұйымдастырудың бастауында тұрған Жантөре Имановтың есім-сойы құжаттарда «Жантемір Ишанов» болып қате жазылып жүр.
Жедел хатта көрсетілген «Кентарал» – сол кезде жаңадан құрылған Сарысу ауданының қысқы орталығы. Ал ауданның жазғы орталығы – қазіргі Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданына қарасты «Ақкеңсе» деген жерде орналасқан болатын. Сол тұтастағы Сарысу ауданының халқы тек қана мал шаруашылығымен айналысқандықтан да, ауданда жазғы және қысқы екі орталық болған сыңайлы. 1930 жылдардағы Жамбыл облысы, Сарысу ауданының қысқы орталығы Кентарал – қазіргі Сарысу ауданы, «Шығанақ» ауылынан батысқа қарай 15-20 шақырымдай жерде орналасса керек.
Бірінші жедел хаттағы Әлие-Атадан Кентарал бағытына кеткен отряд туралы: «Бұл отрядтың міндеті тосқауыл қойып, бандиттерді тұтқындау», – деген сөздердің де өзегінде тарихи шындық жатыр. Себебі, біздің шалдар: «Қызыл әскерлер жолын бөгесе керек, Сарысудан келер көмек Созаққа жете алмапты», – деп айтып отыратын.
Байқағанымыз: Созақ көтерілісі туралы М.Рүстемов пен Т. Омарбековтер еңбегіндегі мұрағаттық-тарихи құжаттар мен біздің шалдардың әңгімесіндегі көтерілісшілердің Суындық асуында Исаев отрядымен атысқанына дейінгі оқиғалары бірдей, бір бағытта, өрістес болып келеді де, Суындық асуындағы атыс – біздің шалдардың әңгімесінде басқа, ал, ОГПУ құжаттарында мүлдем басқаша түрде баяндалады.
Естеріңізге сала кетейік: М.Рүстемов пен Т.Омарбековтың зерттеу еңбектеріндегі, ОГПУ құжаттары бойынша: Суындық асуындағы атыста отряд командирі Исаев ауыр жараланып, 6 коммунист өледі де, Қызыл әскерлер 30 шақырымдай кейін шегініп, «Қуашық» деген жерде 500-600-ге тарта адамнан тұратын көтерілісшілермен үш тәулік бойы атысады. Осы үш тәуліктің ішінде Қуашықтың айналасындағы Түркістан ауданына қарасты 9,10,11 – ауыл тұрғындары есебінен Сұлтанбек бастаған көтерілісшілер саны 2000-ға (екі мың) дейін көбейеді. 12 ақпан күні Исаев отрядына жалпы саны 33 адамнан тұратын Поляков басқарған Түркістаннан шыққан Қызылорда отряды көмекке жетіп үлгереді. Исаев ауыр жаралану себепті, отряд басшылығын Поляков өз қолына алған. 13 ақпанда Сұлтанбек Қуашықты қоршауға шағын күш қалдырып өзі қалған жасағымен Созаққа қарай шегінеді. Дәл сол күні яғни 13 ақпанда Никитенко басқарған коммунарлар отряды созаққа басып кіреді. (227-228 п. Т.Омарбеков. 108-109 бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» -1994ж)
Бірінші бөлімнің соңы
(Жалғасы бар)
Нұрғали Махан
Abai.kz