Созақ көтерілісінің тарихы (соңы)
Басы: Созақ көтерілісінің тарихы
Екінші бөлім
Жоғарыда айтып кеттік Шу бойында өскендіктен болар, Созақ көтерілісі «Аллахуға» қатысқан Қошқарбай, Сарбас, Мақаш қариялардың көтеріліс туралы әңгімелерін бала күнімізден тыңдап өстік. Солардың бірде-бірінде Сұлтанбек көтерілісті басуға келген Қызыл әскерлермен Суындықтың күнгей жағындағы «Қуашық» деген жерде соғысты», – деген әңгімені естіген емеспіз. Олардың айтуы бойынша, Суындық асуында Қызыл әскерлермен атысқан – Салықбай басқарған мергендер тобы. Екінші айтпағымыз: Тағы да сол кісілердің айтуы бойынша: Созақ көтерілісіне қатысушылардың жалпы саны 500-600 адамнан аспаған.
«Аллахуға» қатысты деп, жоғарыда аты аталған үш қарияның ішінде ең әңгімешілі Мақаш қария болатын. Бәлкім, көтерілістен соң Кеңес өкіметі тарапынан көп қуғын көрмей, Арқадағы туысқандары қалың Тарақтылардың ішіне сіңіп кетіп, елге кейінірек оралғандықтан болар, Қошқарбай, Сарбастардай емес, Мақаш қария «Аллаху» туралы әңгімелерді тартынбай айта беретін. Біз кейде Мақаш қариядан Қошқарбай, Сарбас аталар сіз секілді емес, «Аллаху» туралы көп айтпайды ғой дегеніміз де: «Ой, ол екеуі жалпы сарбаздар қатарында болды да, соғыс көрген жоқ. Несін айтсын... Оның үстіне олар «Аллахудан соң Өзбекстан қашып, Советтен көп қуғын көрді...», – деп, үндемей қалатын. Содан соң молдас құрып отырған қалпында шақшасын етігінің өкшесіне қағып-қағып, насыбайды ерінге тастап жіберіп, шырт түкіріп болған соң, ойлы көзімен ұзаққа қарап отырып: «Қызылдың әскерімен соғысқан Салықбай бастаған мергендер тобы ғана болды. Салықбай тобында біз көп емес, 20 шақты ғана адам болдық. Оның біразы оқ оқтаушылар. (Мақаш қарияның айтуы бойынша, атыс кезінде пілтелі мылтықтарды атысқа дайындап, оқтап отыратын арнаулы мылтық оқтаушылар болған. Содан болар, Салықбай тобындағы «Жеті мерген» туралы аңызға белгісіз не түрлі әңгімелердің ел арасына тарап кеткені. Н.М) Салықбайдан өзге бір-ақ адам, Салықбайдың інісі Қасымда ғана винтовка бар. Өгемізде құс мылтық, пілте мылтық. Салықбай бір сөзінде жақсы қару келеді деп еді. Бірақ, ол қару келмеді. Осындай құс мылтық, білтелі бердеңкелермен біз қызылдың әскерін жеңеміз деп ешуақытта ойлаған емеспіз. Біздің міндет: Мүмкіндігінше қызыл әскердің жолын бөгеп, олар туралы Созаққа дер кезінде хабар беру ғана болды.
Суындықта қызылдың әскерін Созаққа жібермей екі күндей атыстық. Олардан қанша адамның шығын болғанын білмеймін, бізден төрт адам шейіт болды. (Ол кісі Созақ көтерілісі «Аллаху» туралы айтқанда, қаза тапқандарды «шейіт» болды деп сөйлейтін.) Қызыл әскерлердің қаруы мықты. Пулеметі бар, бәрінде де винтовка. Біз Суындық асуына өте жақсы бекініп алғандықтан ғана анандай қаруға шыдас беріп, екі күндей атыстық. Болмаса, оларға шыдас беру мүмкін емес. Алғашқыда олар шамалы кері шегініп, атқан оғымызға қарап, қаруымыздың жобасын білді ме қайдам, жартысы бізбен атысып жатты да, біразы сол жақтағы үлкен тауды айналып келіп, бізді сол қапталдан ата бастады. Ұзақтан тиетін өкіметтің винтовкасы қойсын ба, бас көтертпейді. Екінші күні біразымыз атысып жатқан болып, қалғанымыз төменге түсіп, мәйіттерді жерлеп болған соң, жараланғандарды алып, түнделетіп артқа шегініп кеттік те, Созаққа келіп хабар бердік. Шиелі жағынан келе жатқан Қызыл әскердің хабарын естіген Созақ іші ию-қию екен. Біз Ақалайдан түнделетіп асып, Құршуға сіңіп кеттік. Ертесіне Қызыл әскер Созақты зеңбірекпен атқылапты деп естідік. Күн жылып, жер аяғы кеңи бере, Салықбай мергенмен бірге Бетпақ дала астық. Елден жиі хабар алып тұрамыз. Хабар жақсы емес. Көтеріліске қатысы бар-жоғын тексермей, Қызыл әскерлер Созақ халқының біразын қырып салған. Өкімет көтеріліске қатысқандарды күн-түн демей іздетіп жатқан көрінеді. Әсіресе, Арқадан келген Тама мен Тарақтылар ауылына қиын болып тұр деп естідік. Көтерілісті бастаған Тамалар үркіншіліпен шет жұртқа ауып, ел іші ала-сапыран болып жатқан сыңайлы. Салт бас, сабау қамшы кезім. Артыма қарайлайтын да ешкімім жоқ. Содан тәуекел деп, Арқадағы туысқандарым Тарақтылардың ішіне сіңіп кеттім.
Соңыра сырт естуім: Отбасыларың тұтқында, өз еріктеріңмен келіп берілмесеңдер, тұтқындағы отбасыларыңды түгел атамыз деген соң, бас қолбасшы болып сайланған менің туысқаным Тарақты Шілмәнбет бидің баласы Сағындық, ту ұстаушы Бұзау Тама Әліппайдың баласы Иманбек, Салықбай мерген мен оның немере інісі Қасым – өз еркімен әлде біреулердің көрсетулерімен бе кім білсін, өкіметке беріліпті. Бәрі бірге ме, жоқ әлде жеке-жеке берілді ме, ол жағын анық білмедім. Әліппайдың баласы Иманбекті Созақтың сыртындағы «Тастақта» атып тастаған да, Шілмәнбет бидің баласы Сағындықты және Салықбай мерген мен оның немере інісі Қасымды соттап жіберіпті. Сағындық айдауда өліпті. Кейбіреулері оны жолда атып тастапты деп жүрді. Салықбайдың немере інісі Қасым мерген де жазасын өтеп болып, қайтып келе жатқанда, елге жете алмай сыртта жат елде өліпті. Жазасын толық өтеп елге келген жалғыз Салықбай мерген еді, кейіннен оның да есебін тауып, өлтіртіп жіберіпті ғой», – деп Мақаш қария әңгімесін аяқтайтын.
Суындық асуындағы атыс туралы Созақ көтерілісі «Аллахуда» Салықбай мерген тобында болған Мақаш қарияның куәлік-әңгімесі мен біз қазір «тарихи құжат» деп жүрген ОГПУ әскері командирлерінің баяндау-жедел хаттары – бірін-бірі жоққа шығаратындай, мүлдем қарама-қарсы мазмұнда жазылған. Кімге сенеміз? Осы күнге дейін Мемлекеттік мұрағат пен қауіпсіздік комитетінің мұрағатында «құпия» белгісімен сақталып келіп, Созақ көтерілісін зерттеуші ғалымдар арасында «тарихи құжат» деген атаумен белгілі мұрағаттық құжаттарға ма, жоқ әлде Созақ көтерілісіне қатысқан Мақаш қарияның куәлік әңгімесіне ме? ...Қайтпек керек?...
Біздің ойымызша, не өкімет, не жергілікті билік тарапынан қысым көрмей, Жуантөбе совхозының №1 ферманың «Қоңыратарық» деген шөп базасында қарауыл болып, зейнетке шыққан Мақаш қарияның жалған сөйлеп, өтірік-куәлік әңгіме айтуына ешқандай қажеттілік жоқ. Ал, қазір біз «тарихи құжат» деп жүрген ОГПУ жедел хаттары туралы әңгіме басқа. Ол туралы сәл кейінірек... Әзірге Созақ көтерілісшілерінің «Суындық» асуындағы Қызыл әскерлермен болған атысы жөніндегі әңгімені – қисынды жүйе арқылы тарқатып көрейік.
Біріншіден, Салықбай бастаған мергендер тобына – Қызыл әскерлермен соғысып, оларды кейін шегіндіру туралы міндет қойылмаған. Олар өздерінің қару-жарағы мен әскери тұрғыдағы мүмкіншіліктерін өте жақсы білген.
Созақ ауданына Түркістаннан келетін екі күре жол бар. Бірі – Ащысай арқылы, Торлан шатқалымен Шолаққорғанға келсе, екіншісі – «Суындық» асуы арқылы сол кездегі аудан орталығы Созаққа тіке келетін жол. «Тарихи құжаттарда» көрсетілгендей, Сұлтанбек 1930 жылдың 7 ақпанында аудан орталығы Созақты басып алған соң, Түркістаннан келетін екі күре жолға да қарулы күзет қойғызған. Халық жадында сақталып, бүгінгі бізге жеткен – қызыл коммунарлар мен көтерілісшілер арасындағы Торлан шатқалында болған атысты біз алдынғы тарауда баяндадық. Атап өтуге тиіспіз: Торлан шатқалындағы атыс және Созақты басып алған көтерілісшілердің Кеңес-партия қызметкерлерін жазалағаны туралы тарихи құжаттармен халық арасында сақталып қалған осы оқиғалар туралы ауызекі әңгімелер – бірін-бірі жоққа шығармайды. Керісінше, олар бір-бірін жан-жақты толықтырып тұр.
Суындық асуын Салықбай мерген бастаған мергендер тобы күзеткен. Суындық асуына солтүстік яғни, Созақ жағынан келіп бекінсеңіз атысқа өте ыңғайлы. Асудың оңтүстігі яғни, Түркістан жағынан келетін жол – алақаныңызда тұрғандай анық көрінеді. Салықбай бастаған мергендер тобы, асудың солтүстік жағынан келіп бекініп, Түркістаннан келетін жолды толық өз бақылауларында ұстаған. ОГПУ жедел хаттарында көрсетілгендей, Суындық асуындағы атыста көтерілісшілердің шегінген қызыл әскерлерді қуа соғысуы мүмкін емес. Себебі: 1. Күш тең емес, адам аз. 2. Қарулары өте нашар. Көтерілісшілердің қаруларының нашар болғаны ОГПУ командирлерінің орталыққа жөнелткен жедел хаттарының бәрінде де баяндалады. Жедел хаттағы бұл ақпаратты Мақаш қарияның куәлік әңгімесі де растайды. 3. Ең бастысы: Егер көтерілісшілер Суындық асуында бекініп жатқан жерлерінен төмен түсіп, ОГПУ жедел хаттарында «шегінді» деп көрсетілген қызыл әскерлерді қуа соғысатын болса, онда олар ашық алаңқайға шығуға мәжбүр болып, пулемет, винтовкамен қаруланған, қаруы мықты қызыл әскерлердің «тірі нысанасына» айналар еді. Сондықтан да, жедел хатта «шегінді» деп көрсеткен қызыл әскерлерді Созақ көтерілісшілерінің қуа соғысуына ешқандай негіз жоқ.
Ал, «Сұлтанбек хан бастаған көтерілісшілер қызыл әскерлерді Суындық асуында кейін шегіндірді. Түркістан ауданына қарайтын Қуашық деген елді мекен жанындағы 9,10,11-ауылдардың адамдары Сұлтанбекке көмекке келіп, қызыл әскерлер жиыны 2000 көтерілісшілермен Қуашықта екі күн соғысқан соң, Сұлтанбек хан әскерінің бір бөлігімен Созаққа шегініп кетті», – деген ОГПУ командирлерінің жедел хаттарындағы мәліметтердің ешқандай шындық негізі жоқ. (Қараңыз: 471-іс, 243 п. Т.Омарбеков. 110 бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» – 1994ж)
Себебі: Осы уақытқа дейін халық арасында Созақ көтерілісі туралы айтылатын не түрлі әңгімелер ішінде, Суындық асуының күнгей жағындағы Қуашық деген елді мекенде Сұлтанбек хан қызыл әскерлермен соғысыпты деген дерек мүлдем айтылмайды.
Осы келтірілген дәлелдер мен дәйектерге сүйене отырып айтпағымыз: ОГПУ жедел хаттарында айтылатын: «Қуашықта Сұлтанбек ханның әскерінің қоршауында олармен екі күн атыстық және Созақ халқы мен Созақтың жанындағы Жаңаағаш деген жерде жергілікті халықтардың жас балалары мен еңбекке жарамсыз қарттары бізді «Алла-Алла» деп, наразылық ұранымен қарсы алды», – деген мәліметтер – барып тұрған өтірік ақпарат. (Қараңыз: Т.Омарбеков. 111 бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» – 1994ж.)
Айта кету жөн: Созақ көтерілісі «Аллахуды» бастады деген Тамалардың өздерінің басым көпшілігі: «300 жыл ел билеген Николайды жеңген Сәбетті жеңемін деп отырсың ба? Елді босқа қырасың», – деп Сұлтанбек бастаған «Аллахуға» қарсы болған. Көтерілісті ұйымдастырған да, соңына дейін Сұлтанбекпен бірге болған да – жеке адами қасиеттері мен ар-ожданы аяқасты тапталып, зорлықпен салынған түрлі заңсыз салықтар ашаршылыққа ұшырата бастаған Арқадан келген екі болыс Тамалар және аз ғана үйлі Тарақтылар болатын. Қаратау баурайын мекен еткен қалған бес болыс Тамалар ішінара ғана Сұлтанбекті қолдаған. Анығына келгенде, өздері көтеріліске қарсы, Кеңес өкіметінің қызметкерлері мен «шаш ал десе, бас алатын» Кеңестік шолақ белсенділерден түрлі әділетсіздіктер мен зорлық көріп, әбден қорқып қалған қарапайым халық – бейбіт ауылды зеңбірекпен атқылап, қан-жоса еткен Кеңес өкіметінің қарулы қызыл әскерін, «Алла-Алла» деген наразылық ұранмен қарсы алды деген өтірік мәліметке кім сенеді?
Десек те, әділдік үшін атап өткен жөн. Тарихшы ғалым Т.Омарбеков өзінің «Зобалаң» атты зерттеу еңбегінде, Созақ аудандық «Әділет» қоғамының мәліметіне сүйеніп: «Созақты 13 ақпан күні таңертең зеңбірекпен атқылап, кім жау, кім қаланың тұрғыны деп ажыратып жатпай, қарапайым халыққа пулеметпен оқ жаудырды», – деп жазады. (Т.Омарбеков. Зобалаң. 111-бет.)
1930 жылдың 13 ақпан күні Созақ ауылындағы қан-қасап оқиғаның ішінде болып, барлығын өз көзімен көрген Жуантөбелік досым Жолдыбек Әжентаевтың туған нағашы әжесі Жадыра әже айтатын: «Созаққа қызыл әскерлер басып кірердің алдында Көктөбе жақтан Созақты әлсін-әлсін зеңбірекпен атқылады. Зеңбірек оғы адам көп қоныстанған Созақтың орталық көшелеріне түсіп жарылып жатты. Жарылған зеңбірек оғынан үрейленген ел, үйін тастап, үркіп көшеге шығып кетті. Айнала у-шу, қым-қиғаш айғай. Кімнің не деп жүргенін білмейсің. Бір кезде сақылдаған пулеметтің дауысы естіліп, оқ қарша борап кетті. Алдында ғана зеңбірек оғынан қорқып далаға шыққан біз, далбасалап жан ұшыра, үйдің ішіне қайта келіп тығылдық.
Осының алдында Төребек деген үлкен бір кісі: «Қалталарыңа қызыл шүберек салып дайындап қойыңдар. Қызыл әскер көрсеңдер қызыл шүберекті жоғары көтеріп, «Ленин баба, Ленин баба» деп отыра кетіңдер», – депті. Үйге кірген бетте біз, жанымызды сол алып қалатындай, жан ұшырып қалтамыздағы қызыл шүберекті іздей бастадық. Бір кезеңде мылтық кезеңген қызыл әскерлер үйге кіріп келіп, бәрімізді далаға шығарды. Біз «Ленин баба, Ленин баба» деп қолымыздағы қызыл шүберекті жоғары көтеріп, зарлап отырмыз. Бізді көшеге алып шыққанда көрдік, біраз адамдарды үйлерінен шығарып, тізіп қойыпты. Оларға да үйретіп қойған ба, бәрі пақсаның түбінде «Ленин баба, Ленин баба» деп, тізерлеп зарлап отыр. Әскерше киінген екі орыс, пақсаның түбінде «Ленин баба, Ленин баба» деп тізерлеп шулап отырған адамдарды, әйел, бала-шаға демей шетінен атып, қырып келе жатыр. Өлген жерім осы болар деп ойладым. Маған да жақындап қалды. Жаным мұрынымның ұшына келгендей болды. Бір кезде бастықтары-ау деймін, біреу келіп, ана екеуіне сағатын көрсетіп, тоқтат дегендей белгі берді. Әлгі екі қызыл әскер адамдарды шетінен атуын тоқтатып, жиналған адамдар ішінен тек қана үш-төрт ер адамды ғана атып тастады да, кері бұрылып кетті.
Біздің үйдің әулісі кең болатын. Ертесіне сол жерге дар ағашын орнатып, қолға түскен ер адамдарды, сол дар ағашына аса бастады. Тергеп, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Біреулер қара құсы ойылып кеткен бір басты «Сұлтанбектің басы» деп, көше-көшені аралап теуіп жүрді. Біздің үйдің айналасының өзінде пәленбай адамның өлігі жатты. Содан екі-үш күн өтіп, жаппай жазалау басылған соң, Созақ пен Көктөбенің ортасына үлкен етіп апан қаздырып, өлген адамдардың мәйіттерін есек арба, түйе арбаға тиеп, үш-төрт күн тасып, әлгі апанға алып барып көміп тастады. Созақ ішін мәйіттерден тазалап болғанына төрт-бес күн өткеннен кейін, өзбек-қазақ демей шетінен ұстап, көтеріліске қатысқан-қатыспағанына қарамай, Қайнардағы Үспіге айдап кетіп, соттап жіберді. Көтеріліске еш қатысы жоқ, біздің Әшір әкә деген өзбек көршіміздің Равшан деген он үш-он төртке келіп қалған жас баласын біздің көзімізше атып тастаған-ды. Қан жылап отырған Әшір әкәнің өзін 5-6 күннен кейін Қайнардағы Үспіге айдап кетіп, содан ары соттап жіберді. Момын, шаруа баққан жақсы кісі еді. Сол кеткеннен хабарсыз кетті», – дейтін.
Көтерілістен кейінгі Созаққа қызыл әскерлердің қалай кіріп, не істегені туралы айтылған Жадыра әженің бұл әңгімесіне өз тарапымнан мен бір ауыз да сөз қосып отырғаным жоқ. Жадыра әженің дәл осы әңгімесін менімен бірге өскен, қазір жастары алпыстан асқан, оның немерелері Жолдыбек, Құрманбек бәріміз бала күнімізден естіп өстік.
Шындығына келгенде, Жадыра әже әңгімесінің өзегінде үлкен тарихи шындық жатыр. Себебі, сол кездегі Қазақстан басшысы И.Голощекин 1930 жылдың наурыз айында Сталинге жазған жедел хатында: «Ақпан айында біз үш ірі бұқаралық қарулы көтеріліске кездестік. Біріншісі, Сырдария округінің Созақ ауданында. Біздің жағымыздан 50-ге тарта адам өлді. Олар жағынан 400-ден астам адам шығын болды», – деп жазады. (Т.Омарбеков. 93-бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» 1994ж.)
Біріншіден, жедел хаттағы: «Біз жақтан 50-ге тарта адам өлді», – дегенде, Созақ көтерілісі кезіндегі Кеңес-партия белсенділері мен қызыл әскерлерді қосқандағы жалпы шығынды айтып отырса керек. Ал, көтерілісшілер жағынан шығын болған 400-ден астам адамның 95-98 пайыздан астамы – Жадыра әже әңгімесінде айтылғандай, көтеріліске еш қатысы жоқ, Созақ ауылының бейбіт тұрғындары болатын.
Округтық ОГПУ бастығы Альшанскийдің: 1930 жылдың 14 ақпан күні Москва ОГПУ Ягодаға, Алматы ПП ОГПУ Вилленбергке, Ташкент ПП ОГПУ Бельскийге, Шымкент, Қызылорда ОГПУ-на жіберген жедел хатында: «ОГПУ қызметкері Никитенко бастаған коммунарлар отряды Түркістанның солтүстік бағытына таман 130 шақырым жерде орналасқан Созақты 13 ақпан күні соғысып алды. Отрядтың тықсыруынан сол күні бандалар Шолаққорғанға қарай шегінуіге мәжбүр болды. Созаққа шабуыл жасап, төрт сағатқа созылған қатты ұрыстан кейін Созақ алынып, бандалар жойылды. Соғыста 300 бандит опат болып, 200-і тұтқындалып, көп ат, 70 дана дәрімен атылатын әртүрлі қару, 50 данадай суық қару қолға түсті», – деп жазған. (ШОПКПА 29-қор, 1-жазба, 608 іс, 15-16 п. М.Рүстемов 45- бет. Созақ қасіреті «Шымкент баспа үйі» 1993 ж.)
Созақ көтерілісі туралы Голощекин мен округтық ОГПУ бастығы Альшанскидің Москваға жөнелткен жедел хаттарында көрсетілген адам шығыны бір-біріне сәйкеспейді. Екі түрлі. Созақ көтерілісіндегі адам шығынын Голощекин – 400 десе, Альшанский – 300 адам депті. Көтеріліс – біреу, мәлімет – екі түрлі. Кімге сенеміз? Анығына келгенде, екі мәліметтің екеуі де анық ақиқат мәлімет емес. Оқ атылған көтерілістегі адам шығыны тұпа-тура пышақпен кескендей – 300 не 400 адам болуы мүмкін емес. Осы мәліметтерден-ақ Кеңес өкіметі Созақ көтерілісі тұсында адам тағдырына қалай болса солай, атүсті қарағанына анық көзіміз жетеді.
Десек те, біздің ойымызша, Голощекин мәліметі шындыққа сәйкес келетін секілді. Себебі, жан баласына сенбей, кез-келген мәліметті басқа каналдар арқылы тексеретін Сталин мінезін жақсы білетін Голощекиннің дәті жетіп, Сталинді алдауы мүмкін емес. Қорқады. Сондықтан да, Созақ көтерілісіндегі адам шығыны туралы Голощекиннің 400 адам деген мәліметі шындыққа жақын келетін секілді.
Бұл ойымызға себеп: Қызыл әскерлер қолымен жасалған Созақ қырғынын көзімен көрген Жадыра әженің: «Көшедегі өліктерді есек арба, түйе арбамен үш-төрт күн тасыды», – деуіне қарағанда, Голощекиннің Созақ көтерілісіндегі көтерілісшілердің шығыны туралы Сталинге берген ақпараты ақиқаттан алыс кетпеген секілді.
Голощекин тұтқынға алынғандар туралы жұмған аузын ашпаса, Түркістан округтық ОГПУ бастығы Альшанский тұтқынға алынғандардың саны – 200 депті. Бұл – Созақтың жанындағы Қайнардың Үспісіндегі тұтқындар үшін жасалған лагерге айдалғандардың жалпы саны болса керек.
Альшанскийдің жедел хатындағы: «Созақ 4 сағатқа созылған қатты ұрыстан кейін алынды. Бандалар Шолаққорғанға қарай шегінді», – деген мәліметтері де қып-қызыл өтірік.
Ескі көз қариялардан бізге жеткен ақпараттарға қарағанда Созақ қарсылықсыз берілген. Себебі, бұл кезде көтерілісшілер Созақта жоқ. Қарулы отрядтың хабарын естіген олар, Көкшенің құмын кесіп өтіп, Шу бойының қалың нуына сіңіп кеткен-ді. Тек Салықбай бастаған мергендер тобы ғана емес, көтерілісшілердің басым көпшілігі қызыл әскерлер келгенге дейін Созақты тастап шыққанға ұқсайды. ОГПУ мәліметтерінде көрсетілгендей көтерілісшілердің Созақтан Шолаққорғанға қарай шегінуі мүмкін емес. Себебі, Созақ пен Шолаққорған арасы – бәрі алақанда тұрғандай болып көрінетін тап-тақыр жазық дала. Созақтың солтүстігінде қалың сексеуілді, бой тасалауға оңай Көкшенің құмы тұрғанда, өлгісі келген біреулер болмаса, ашық алаңқайға шығып, Шолаққорғанға қарай шегінуі мүмкін емес.
Енді осы жерде көтерілісшілер неге қызыл әскерлермен табан тіреп, бел шешіп соғыспады? – деген заңды сұрақтың туындары хақ. Біріншіден, күш тең емес. Көтерілісшілердің қаруының түрі құс мылтық, білтелі шиті мылтық. Осындай мылтықтардың өзімен де көтерілісшілер толық қамтамасыз етілмеген болатын. Ал, винтовка өте сирек, жоққа тән. Қаруы жоқ көтерілісшілер шалғы орақты басын қайрап, оны ағашпен саптап, одан өздерінше қылыш жасаған. Міне, бар қарудың түрі осы. Осындай қарумен соғыс көрген, кәсіби дайындығы бар зеңбірек, пулемет, винтовкамен қаруланған қызыл әскерлермен қалай соғыспақсың? Ең таңдаулы деген Салықбай бастаған 20 шақты мергендер тобында екі-ақ адамда винтовка болғанда, ар жағын өздеріңіз ойлай беріңіздер...
Екіншіден, барлық жерде бір күнде көтеріліс болып, Кеңес өкіметі құлайды. Біз тек жеңістен соң жергілікті жерді басқаруға дайын болуымыз керек», – деген ақпаратқа қалтықсыз сенген көтерілісшілер – қаруы нашар, әскери соғыс өнеріне үйретілмеген қарапайым шаруалар болғандықтан да, қызыл әскерлермен табан тіреп соғысуға дайын болмай шыққан. Бұл – біздің пікіріміз ғана емес, тарихи шындық та осы!
Жоғарыда айтып өттік: Мұхаммеджан Рүстемов пен Талас Омарбековтың Созақ көтерілісі хақындағы зерттеу еңбектерінде – Қауіпсіздік комитеті мұрағатынан алынған «тарихи құжат» деп танылып жүрген ОГПУ қызметкерлерінің баян – хаттарында, Созақ көтерілісшілерінің Суындық асуындағы атысына дейінгі жағдайлар шындық күйінде жазылады да, Суындық асуындағы шайқас, қызыл әскерлерінің Созаққа басып кіруі туралы мәліметтер шындыққа еш жанаспайды. Қып-қызыл өтірік! Неге?
Біздің ойымызша, бұның себебі: Қызыл әскерлер Созаққа кірер алдында Созақтағы бейбіт халықтың мекен-жайын зеңбірекпен атқылап, содан соң қарсылықсыз берілген Созақ тұрғындарына оқ атып, көтеріліске қатысы жоқ бейбіт халықты себепсіз қырып жіберген. ОГПУ әскерлерінің Созақтың бейбіт тұрғындарын қырып салған дәл осы жағдайын тарихшы ғалым, профессор Т.Омарбековте өз еңбегінде атап өтеді. (Қараңыз: Т.Омарбеков. 111-бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» 1994 ж.)
ОГПУ қызыл командирлері бейбіт халықты қырып салып, өз тараптарынан жасалған осы қанды қылмыстарын жасыру үшін көтерілісшілер санын асыра көрсетіп: «Бандиттер Қуашықта қатты қарсылық көрсетті. 4 сағат соғысып, Созақты үлкен қиындықпен алдық. Жергілікті халықтың жас балалары мен еңбекке жарамсыз қариялары бізді «Алла-Алла» деген ұранмен жағымсыз қарсы алды», – деп, Қуашықтағы соғысты ойдан құрастырып, өтірік баяндаулар жазуға мәжбүр болды. (Қараңыз: Т.Омарбеков. 111-бет. Зобалаң. Алматы, «Санат» 1994 ж.)
Ал, біз бейбіт халықты қырып салған қызыл командирлердің өз қылмыстарын жасыруы үшін жазған баяндауларға аса бағалы «тарихи құжат» ретінде қарап, баяндауларды басқа қырынан ғылыми негізде зерттемей, осы құжаттар негізінде ғылыми еңбектер жазып, оны «Тарих оқулығына» кіргіземіз.
Дәл осы ойымыздың тағы да бір жарқын мысалы: Созақ көтерілісі хақында айтылған округтық ОГПУ бастығы Альшанскидің жедел хатындағы «қолға түскен 200 бандит» – Созақ көтерілісіне еш қатысы жоқ, қазақ, өзбегі аралас Созақтың бейбіт тұрғындары болатын. Созақ көтерілісіне қатысқан «бандиттердің» санын көбейту мақсатында, сол кездегі ОГПУ тергеушілері түрлі хайуандық әрекеттер арқылы қазақ, өзбегі аралас қолға түскен 200 Созақтың бейбіт тұрғынын «көтеріліске қатыстым» деп мойындатқызып, түгел соттап жіберген.
Біз қазір қолға түсіріп, сотталған осы 200 бейбіт тұрғынның ОГПУ мұрағатындағы тергеу құжаттарын көреміз де, 1930 жылдың ақпанындағы Созақ көтерілісіне Созақ ауданының тұрғындары түгел қатысты деп шулап жүрміз. Тұтқындалған 200-дің ішінде мүмкін, көтеріліске қатысқандар арагідік, бар да шығар. Алайда, сол қолға түскен 200-дің 90-95 пайызы көтеріліске қатысы жоқ бейбіт тұрғындар болатын.
Созақ көтерілісін көргендер мен қатысқандардың әңгімелеріне қарағанда, Созақ көтерілісі «Аллахуға» қатысқандардың жалпы саны ары кеткенде 500-600 адамнан аспаған. Олардың бәрі Созаққа сырттан жиналған салт аттылар болды. Көтерілісшілердің басым көпшілігі қызыл әскерлердің жақындап қалған хабарын естіген сәтте-ақ, Көкшенің құмы арқылы асып, Шу бойының қалың нуына сіңіп кеткен-ді. Қалғандары қызыл әскерлер Созақты зеңбірекпен атқылаған күні, түн жамыла, Созақты тастап шыққан. Ешкімді шығармай, Созақты түгел қоршауға айналасы 200-ге жетпейтін қызыл әскерлердің мүмкіншілігі болмаған.
Бұл ойымызға дәлел: Созақ көтерілісі «Аллахудың» басшылары Сұлтанбек Шалақұлы мен «Ауған тәуіптің» өлігін қанша іздесе де, ОГПУ командирлері таба алмаған. Егер олар Сұлтанбек хан мен «Ауған тәуіптің» мәйіттерін тапқан болса, онда олар оны міндетті түрде орталыққа жіберген жедел хаттарында атап өткен болар еді. ОГПУ командирлерінің жедел хаттарында Сұлтанбек хан мен «Ауған тәуіптің» кейінгі тағдырлары туралы бір ауыз сөз жоқ. Мұны – бір деңіз. Екіншіден, Созақ көтерілісінің бас қолбасшысы Тарақты Шілмәнбет бидің баласы Сағындық, ту ұстаған-ұраншы Әліпбай баласы Иманбек, атақты Салықбай мерген, оның немере інісі Қасым мерген – барлығы көтерілістен кейін өкіметке өз еріктерімен берілген.
Қызыл әскерлер Созақты алғанда, көтерілісшілердің барлығы дерлік қолға түспей, Шу бойының қалың нуына сіңіп, кейіннен Бетпақ дала асып кеткен. Сондықтан да, «көтеріліске қатысқан бандиттерді түгел тұтқындадық», – деп айту үшін, ОГПУ қызметкерлері «бандиттердің санын» көтеріліске қатысы жоқ бейбіт тұрғындар есебінен көбейткен. Біз қазір көтеріліске қатысы жоқ, қолға түсіп сотталған, бейбіт тұрғындардың мұрағатта сақталып қалған тергеу құжаттарын көреміз де: Созақ көтерілісі «Аллахуға» күллі Созақ ауданының халқы қатысты», – деп шулап жүрміз. Қандай мұрағаттық құжат болса да, ұлт тарихының алтын діңгегі – «Халық жадысынан» мықты емес. Қазақ халқының Ұлттық Тарихы – ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетіп, халық жадысында сақталып қалған тарихи оқиғалар арқылы шегенделіп отырған.
Созақ көтерілісі «Аллахуды» бастаған да, соңына дейін қатысып, Кеңес өкіметі тарапынан қуғын көріп, туған жерінен шет жұртқа ауа көшіп, физикалық тұрғыдан да, моральдық-рухани тұрғыдан да азап шегіп, мехнат көрген – Тамалар болатын. Біз бұл ойымызды 2025 жылдың 8 қазанында «Абай.kz» порталында, тарихи-танымдық, әдеби көпшілік, «Қарахан» журналының 2025 жылдың №3-4 (140-145) сандарында және «Жалын» журналының 2026 жылдың қаңтар айындағы №1 санында жарық көрген «Тарихқа қиянат жасамайық: «Созақ көтерілісі» атты мақаламызда жан-жақты тарихи негізде дәлелдей отырып, таратқан болатынбыз. Сондықтан да, бұрынғы мақаламызда айтқан ойымызды тағы да қайталап жатуды жөн санамадық.
Десек те, Ұлт Тарихының алтын дінгегі – «Халық жадысына» сай келмейтін, өтірік негізде жазылып, мемлекеттік мұрағаттарда сақталып қалған, «тарихи құжаттарды» негізге ала бермей, 1930 жылдың ақпан айындағы Созақ көтерілісі «Аллахуды» – тарихымыздағы «Албандар көтерілісі», «Адайлар көтерілісі», «Асандар көтерілісі» деген секілді – «Тамалар көтерілісі» деп, Ұлттық Тарих тұрғысынан мойындайтын уақыт келді деп есептейміз.
Нұрғали Махан
Abai.kz