Дүйсенбі, 9 Ақпан 2026
Мәдениет 137 0 пікір 9 Ақпан, 2026 сағат 13:50

«Шағала» қойылымындағы өмір шындығы

Сурет: Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан алынды.

Театр – қоғамның рухани айнасы, адам мен уақыттың, тұлға мен орта арасындағы қарым-қатынасты тірі күйінде көрсететін өнердің бірегей түрі. Ол көрерменді тек эстетикалық әсерге бөлеп қана қоймай, оның ішкі дүниесіне үңіліп, ойланып, толғануға, өзін және айналасындағы ортаны қайта пайымдауға жетелейді. Қазіргі театрдың басты құндылығы сол, сахна мен зал арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ терең эмоционалдық және рухани қарым-қатынас құрылып, тірі байланыс жасауға мол мүмкіндік бар.

Қазіргі жаһандану жағдайында театрдың маңызы одан әрі арта түсуде. Ақпарат ағыны мен жылдам тұтыну мәдениеті үстемдік еткен заманда театр адамды тоқтап, тыңдауға, сезінуге, терең ойлауға үйретеді. Ол виртуалды кеңістіктен айырмашылығы – шынайылыққа, тірі эмоцияға, адамдық қатынасқа негізделген өнер. Сондықтан театр бүгінгі қоғам үшін рухани тепе-теңдікті сақтаудың, адами құндылықтарды қайта бағалаудың маңызды алаңы болып қала береді.

Қазақ сахна өнерінің дамуында ерекше із қалдырған Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры көрерменіне ойлы да шынайы қойылымдарын ұсынып келе жатқан сексен жылдық тарихы бар көркем ұжым. Театр репертуарындағы ұлттық және шетел классикасы, заманауи драматургия бойынша қойылған спектакльдердің бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеуде, эстетикалық рухани бағдар беруде үлесі мол. Ұжымның шығармашылық қоржынындағы ерекше бір спектакль – Антон Чеховтың «Шағала» драмасы болып табылады.

Қазіргі таңда қазақ режиссурасында өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Елік Нұрсұлтанның сахналауымен жарыққа шыққан бұл қойылымды бір деммен көріп шығатыныңыз сөзсіз. Өмірде көзге көрінбейтін, сөзбен жеткізуді қажет етпейтін адамдық қарым-қатынастарды жырлайтын бұл туынды айрықша атмосферасымен қымбат.

Бұл қойылым ерекше ізденіс пен қажырлы еңбекпен, суреткердің ұшқыр қиялы мен шынайы ынтасымен дүниеге келгенін байқау қиын емес. Драманың көркемдік, пластикалық, хореографиялық шешімдері өзара біте қайнасып, режиссерлік ойдың тұтастығына қызмет еткен. Бұл пьесаны таңдауының басты себебін режиссер Елік Нұрсұлтан: «Чехов әлеміне үңілуімнің себебі, айтары мол, астарлы шығармадағы идеяның шынайы өмірге жақын болуы» дейді. Жасыратыны жоқ, жандары жұмбақ, өмірдің мәнін өздерінше іздеген Чехов кейіпкерлерінің болмысы мен ішкі сезімдерін көрермендерге жеткізу көлденең көк аттының қолынан келе бермесі анық. Бірақ режиссер Елік Нұрсұлтан мен қойылымда өнер көрсеткен актерлік құрам ұлы жазушының әлемін тап басып танып, мейілінше түсінікті де көркем туынды жасай білген.

Қойылымның сценография авторы Грузиядан арнайы шақырылған суретші Шота Багалишвили. Сценографиядан жинақылық пен минимализмді байқаймыз. Сондай-ақ суретші сахнада ақ пен қара түстерге басымдылық бере отырып, кейіпкерлерді көбінесе қызылды-жасылды ашық түстерге емес, қоңырқай өмірдің белгісін жеткізетін ақшыл-сұр түсті костюмдер кигізген. Сахнадағы барлық заттардың символдық-метафоралық мәні бар. Атап айтсақ, сахна көкжиегінде орналастырылған велосипед – тыраштанып жақсы өмірге ұмтылған жандардың ішкі адасуларының, ізденістерінің белгісі.

Режиссер пьесадағы махаббат үштіктерін көрсетуді бейнекамера арқылы жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде оқиғаның түсініктілігін арттыра түседі. Осылайша, режиссер заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білген.

Қоғам тынысын тап басып суреттейтін, философиялық ойларға жетелейтін спектакльдің мағынасын ашып, ажарын кіргізген актерлік құрам екенін бас айтқан жөн. Аркадина – актриса Жанар Мақашева, Тригорин – актер Ерлан Кәрібаев, Доктор Дорн – актер Сафуан Шаймерденов, Треплев – актер Дархан Сүлейменов, Сорин – актер Қадырғазы Қуандықов, Заречная – актриса Аида Жантілеуова, Маша – актриса Динара Нұрболат, т.б. сахнагерлердің сомдаған бейнелері өте тартымды шыққан. Әсіресе, Аркадина мен Тригорин жұбының шынайы ойыны бүгінгі замандастарымыздың келбетін көз алдымызға әкеледі. Актерлер өз ойындарымен бірін-бірі толықтырып, мықты актерлік дуэт құра алғанын байқадық.  Ал, мектеп оқытушысы Медведенконың бейнесі (актер Елдар Отарбаев) қызметі құнсызданып кеткен мұғалімнің кескін келбетін анық жеткізеді.

Көрерменін бір күлдіріп, бір мұңайтқан «Шағала» спектаклі Ғабит Мүсірепов атындағы театр ұжымының шығармашылық жеңісі деп ойлаймыз. Сондықтан «Шағала» драмасын тамашалауға кеңес береміз.

Айша Тарлабек,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті

Abai.kz

0 пікір