3,1 млрд теңге. Құмар ойын схемасы ашылды
Қазақстан аумағында заңсыз құмар ойын қызметін ұйымдастыру фактісі анықталды, оның негізінде «bingo37.pro» онлайн-платформасы пайдаланылғаны белгілі болды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл сервис мыңнан астам ойын түріне, соның ішінде «Crazy Monkey», «Keno», «Euro Game» сияқты танымал ойындарға қолжетімділік ұсынған. Ойыншыларды тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізіліп, жарнамалық материалдар мен бонустық бағдарламалар арқылы жеңіл ұтысқа қол жеткізуге мүмкіндік берілетіні туралы хабарланған.
Қаржы ағындарын жасыру мақсатында Грузия мен Тәжікстан азаматтары – дроперлер тартылған. Олар Қазақстанға келіп, банк шоттары мен абоненттік нөмірлерді тіркеп, кейін оларды пайдаланбай, платформаны ұйымдастырушыларға берген. Осы шоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден астам қаражат түскені анықталды. Бұл схеманың қолданылуы қаржылық бақылау мен заңды тексерулерді қиындатқан.
Қылмыстық іс аясында 2025 жылдың тамызында ұйымдастырушы Бахтияр Оглы Р-ға халықаралық іздеу жарияланып, сот сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. 2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Сонымен қатар екі автокөлік – PORSCHE CAYENNE және LEXUS GX 460 – мемлекет кірісіне тәркіленді.
Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Abai.kz
