Сейсенбі, 3 Наурыз 2026
Ақмылтық 2737 0 пікір 3 Наурыз, 2026 сағат 14:16

Қазақстанның ақпараттық егемендігі манифесі

Сурет: Қаламгер порталы сайтынан алынды

Әлем тағы да теңселіп тұр.

Таяу Шығыс өртеніп жатыр, нарықтар қалтырап, үйреншікті одақтар сызат бере бастады. Қазан айында Газа секторындағы жағдай қайта ушыққанда, әлемдік телеарналар тәулік бойы дерлік тікелей эфир жүргізді. Аймақтағы нысандарға жасалған соққылар мұнай бағасына әсер еткен сәтте, биржалар бірден жауап қатты - бұл Қазақстанға тікелей ықпал етті.

Ал біз сол мезетте жаңалық таспаларын ашып, Reuters, AFP және басқа да агенттіктердің хабарларын қайталап оқумен отырдық.

Көптеген жылдар бойы Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі бюджеттен ондаған миллиард теңге алып келеді - отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға, ақпараттық егемендікті нығайтуға, өз күн тәртібімізді қалыптастыруға қаржы тұрақты түрде бөлінеді. Есептер жарияланады. Тұжырымдамалар бекітіледі.

Алайда ірі халықаралық дағдарыс бола қалса – мейлі ол Таяу Шығыстағы шиеленіс болсын, көрші елдерге қарсы санкциялық пакеттер болсын немесе Каспий арқылы өтетін логистикалық дәліздердегі іркілістер болсын – бірден байқалады: біздің өз қатысуымыз ол жерде жоқтың қасы.

Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізілгенде – Қазақстан көрші әрі сауда серіктесі ретінде еріксіз назар аймағына іліккенде, біздің қай журналист Брюссельде немесе Вашингтонда тұрақты түрде жұмыс істеп отыр?

Ауғанстанда күштер тепе-теңдігі өзгергенде, Орталық Азия үшін туындайтын қатерлерді түсіндіріп беретін аймақтағы өз тілшіміз бар ма?

ҰҚШҰ немесе ШЫҰ саммиттерінде еліміздің қауіпсіздігі мен экономикасына ықпал ететін шешімдер қабылданғанда, біз терең талдау естиміз бе?, ЖОҚ! Баспасөз хабарламасынан қысқаша мазмұнын ғана оқимыз.

Біз өзімізді жиі аймақтық держава деп атаймыз. Мұнайды КТК арқылы экспорттаймыз, Транскаспий бағытын дамытамыз, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлімізді дәріптейміз. Бірақ ақпараттық мағынада әлі де дәрменсіз тұтынушымыз. Тіпті өз мүддемізге қатысты мәселелерде де өзгенің түсіндірмесіне тәуелдіміз.

Ақпараттық тәуелділік – жалаң теория емес. Бұл – нақты осалдық. Мен бұл туралы жиі жазамын.

Егер сен өз ұстанымыңды өзің түсіндірмесең, оны сен үшін өзгелер түсіндіреді. Кейде әділ, кейде теріс. Сонда елдің шынайы болмысына еш қатысы жоқ бейнесі қалыптасады.

Қоғам «қаржыны игеру» туралы есептерден шаршады. Медиа дамуы жөніндегі баннерлері жарқыраған форумдардан жалықты. «Жарияланған материалдар саны», «аудитория қамтуы» секілді формалды көрсеткіштерден қажыды.

Айтыңызшы, сол материалдардың қаншасы шын мәнінде халықаралық күн тәртібіне ықпал етеді? Қаншасы елден тыс жерде дәйектеледі? Қаншасы Қазақстанды дербес ойыншы ретінде танытады?

Бізге шынайы халықаралық қатысу қажет – символикалық емес, жүйелі. Негізгі астаналарда тұрақты тілшілік қосын ашыңдар. Халықаралық сараптамаға инвестиция – жағымпаздық  пен тамыр-таныстыққа емес, апа мен ықпалға ақы төленетін ашық әрі әділ мемлекеттік ақпараттық тапсырыс болу керек..

Біз егемендіктің – ақпараттық саясат тұжырымдамасындағы бір тармақ емес, әлем дүр сілкінге сәтте өз үніңді өзің айта алу қабілеті екенін түсінуіміз керек.

Әзірге бұл үн толыққанды естілмейді.

Егер біз шынымен де әлемдік саясаттың субъектісі болғымыз келсе – бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шақырып отыр - басқа державалардың мүдделері тоғысқан картадағы жай ғана аумақ болып қалғымыз келмесе, онда өзгелердің баяндауымен өмір сүруді доғарып, әлемге қатысты өз көзқарасымызды қалыптастыруға тиіспіз – дәлелді, кәсіби әрі естілетін көзқарасты.

Соның уақыты жетті, баяғыда жеткен!

Бигелді Ғабдуллин

Abai.kz

0 пікір