Адамзаттың "жабайы инстинкті" қайта оянғанда...
(Иран‑АҚШ соғысынан туған ойлар: екінші репортаж)
28‑ақпанда АҚШ қарулы күштері Иран рухан көшбасшысы аятолла Әли Хаменейдің резиденциясын талқандады. Нәтижесінде Әли Хаменей және оның әскери генералдары қаза тапты.
АҚШ бұл шешімге кездейсоқ келген жоқ: ол, алдымен, өзінің барлау қызметінің берген нұсқауларына сүйеніп, өз әрекетін Израильмен үйлестірді. Өзінің әскери кемелерін Иран территориясына таяп әкелді де, аятолланың Тегерандағы резиденцияға келер уақытын күтіп отырды. Нақты ақпаратты алған соң ғана, төтенше шабуылды бастады.
Аятолла Әли Хаменей АҚШ‑пен басталған «келіссөздерге» сеніп, бейғамдық танытты десе болады. Ол АҚШ пен Израиль кенеттен атқылайды дегенге сенбеді, келіссөздер арқылы бір шешім табу мүмкін болар деген иллюзия жетегінде қалды...
Бірақ, қазіргі заманда өткен ғасырдан бері қалыптасқан Халықаралық заңдар мен Міндеттемелер аясында шешім қабылдау, соғысты мүмкіндігінше болдырмау, мәселелерді дипломатиялық жолдармен шешу сияқты ережелер бұзылды. Оның бұзылуы АҚШ‑тың да, Қытайдың да, Ресейдің де «империялық тәбетіне» сүйенген «сотқарлық саясатына» тікелей байланысты деуге болады. Оның көріністері Таяу Шығыстағы қақтығыстардан, АҚШ‑тың «диктаторларды жою» операцияларынан басталып, ақырында РФ‑ы қарулы күштерінің тәуелсіз Украина мемлекетіне баса‑көктеп кіру соғысымен жалғасты.
Осы кезде әлем халықтары да бұрынғы БҰҰ қабылдаған Халықаралық заңдардың уақыты өтіп, оның орнына «кім күшті болса, соныкі дұрыс» деген агрессиялық саясаттың белең ала бастағанын сезіп, дабыл қаға бастады.
Халықаралық саясатта «жалғандық» пайда болды. Агрессорлар өздерінің милитаристік қадамдарын ақтау үшін әлемдік деңгейде қауіп төндіруі мүмкін емес қайдағы бір болмайтын аргументтерді алға тарта бастады, мысалы, оған «орыс тілінің халі мүшкіл – оған украиндер қысым жасап жатыр» деген формуланы алға тартып, Украинамен соғысты бастаған РФ‑ның «арнайы әскери қимылын» да жатқызуға болады...
Міне, осыдан кейін «империялық мүддесі шектен шыққан» елдер тізгінді босатты. Енді, «күштілер» қалаған уақытында, еш қымсынбастан «өзге елдің президентін ұрлап әкету», не болмаса, «олардың көшбасшыларын отырған жерінде жою» сияқты аргументтерді ашықтан‑ашық пайдалануға және нақты іске асыруға көшті.
Әрине, мұның бәрі де әрқилы «тұздықпен дәмделетін» болды: бірі – «орыс әлемі» десе, екіншісі – «демократиялық құндылықтар» дейді. Бірақ, олардың агрессиялық әрекетін бір нүктеге тоғыстыратын идея – «Бізге қауіп төніп тұрды, біз осы соғысты бастауға мәжбүр болдық, басқа амалымыз қалмады» және т.т. сылтаулар еді...
Ешкім де «Қандай нақты қауіп төнген еді?» деген сұраққа жауап іздеген жоқ, жауап берген де жоқ. «Айттық – бітті! Біздікі дұрыс!» деген астамшылық принципті алға тартты. Әрине, күштінің аты күшті – көп елдер мұны үнсіз мойындады, көбі – қарсылықсыз қабылдады... Сөйтіп, әлем халықаралық қатынаста жаңа, бұрын соңды мұндай масштабта болмаған, ал, сипаты жағынан жабайы әрекеттердің уақыты келгенін ұға бастады..,
Бұл, коммуникация дамыған, технология өрлеген, кез келген мәселені техникалық және саяси тұрғыдан шешуге болатын, әрі, оның экономикалық тетіктерін іске қосу мүмкіндігі артқан заманда орын алып отырғаны – адамзаттың астам заманғы «хайуантектес инстинктерінің» қайта оянып, «жер астынан кенеттен атқылаған вулкан» сияқты көрініс бергенін баян етеді...
Иә, осының алдында ғана Иран халқы өз билігіне наразылығын танытып, жаппай көше шерулеріне шыққан болатын. Ол негізсіз емес еді: 2025‑жылдың аяғына таман Иранда риалдың бағасы күрт түсті. Азық‑түлік бағасы фантастикалық деңгейге шарықтады: әсіресе, күнделікті қорек көзі – азық‑түлік бағасы 60‑70% күрт артуы – ирандықтарды жаппай көшеге алып шықты.
Халықтың 80%‑ы инфляцияға наразы болды. Бұл Иран Ислам Республикасы билігін узурпациялаған билікке қарсы қозғалысқа ұласты. Осы кезде Иран билігі өмірге әкелген, қалыптастырған «Ислам революциясы сақшылары корпусы» деп аталатын күштік құрылым Ирандағы шариғат заңы мен оның көшбасшысы Аятолланы қатаң қорғайтынын білдіріп, халықты ата бастады. Мыңдаған адам бейкүнә қаза тапты, одан да көбі ұсталды, азапталды, жаншылды...
Бұл көрініс, әрине, 21‑ғасыр жабайылығы екені анық. Ол – ортағасырлық дәстүрге сүйенген, сананы жаулаған дінмен көмкерілген нағыз диктаторлық әрекет болды. Міне, Иран халқының осы толқуы өзін «әлем демократиясының сақшысы» санайтын АҚШ президенті Д.Трампқа өте тамаша, таптырмайтын сылтау болды. Ол сөзбұйдаға салмай‑ақ, тез арада іске кірісті: алдымен, «Біз Иран халқын диктатордан құтқарамыз. Ол үшін қандай да әрекетке баруға әзірміз» деп мәлімдеді. Іле‑шала соғысты да бастады ‑ Иран халқы көтерілісте өз билігінен жеңіліс тауып, «өз жарасын өзі жалап жатқанда», АҚШ одақтастарының көмегімен жойқын шабуылды бастап кетті...
Келесі парадокс осы жерден басталады:
Осының алдында ғана өз билігіне қарсы халық, енді, жаппай, өз билігі жағына шықты. Яғни, олар қаншама жылдар бойы, өздерінің санасын улаған діннен «демократия үшін» деп ажырай салмайтынын көрсетті... Парадокс осы!
Осы жерде, біз тақырыптан ауытқып, біздің қазақстандық діндар қауым тамсана айтатын «тұтас мұсылман әлемі», «біз алдымен мұсылманбыз» дейтін идеялардың әлдеқашан замана көшінен қалып қойғанын айқындап бергенін айту қажет дейміз... Өйткені, әлемдегі «жалпымұсылмандық» деген атау әлдеқашан әр елдің өз елі мен жеріне, мәдениетіне, салты мен дәстүріне сай бөлініп, бүгінде жалпы атауы «мұсылмандық» болса да, мақсат‑мүддесі тұрғыда «мемлекеттік» болып кеткенін көріп отырмыз.
Сол себепті де, өз мүддесі үшін Иран АҚШ‑қа әскери базасын орнатуға жол ашқан араб мұсылман елдерін атқылауды дінге байланыстырмай, өздерінің мемлекеттік мүддесіне орайластырды. Сөйтіп, осы соғыста ирандықтар дінді екінші қатарға қойды. Күш‑жігерін «Ұлттық мүдде» бағытына қарай бұрды...
Ендеше, бұдан нендей қорытынды туындайды?
Ол мынадай болса керек: «Әрбір тіуелсіз мемлекет өзінің Тәуелсіздігі жолында өз халқының мүддесін басты орынға шығаруы тиіс. Олар: оның мәдениеті, тілі, дәстүрі, салты, экономикасы, ғылым‑білімі, моралі, территориясы, заңдары мен Конституциясы!» деген!
Әлемде осындай жағдайлар орнап жатқанда, «жалпымұсылмандық» атымен жалған патриотизмды ұрандататын біздегі «ұстазсымақтарға» дереу тосқауыл қойып, біз дінде де, ділде де, шаруашылықта да бар харакетті өзіміздің Төл табиғатымызға бұруымыз керек екен.
Мұнда Қазақ халқының өз мүддесі бар: ол – аңсап жеткен Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау!
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ‑публицист
Abai.kz