Қарақұм құрылтайы
2026 жылдың 15-наурызына белгіленген жалпыхалықтық конституциялық референдум – ел дамуындағы айтулы саяси оқиға. Конституцияның жобасында мемлекеттің институтционалдық басты құрылымдарының бірі – Парламентті «Құрылтай» деп атау көзделген. Президент тарапынан ұсынылған бұл бастамақазақ мемлекеттілігінде институтционалдық құрылымдардың көне бастауы болғандығына ишара және оны қайта жандандыру мақсатында тұспалданғанысөзсіз. Осы орайда, ұзақ жылдар бойы құрылтай терминін қазақтың саяси-әлеуметтік тіршілігіне қатысты контексте қолдануға атсалысып жүрген жан ретінде (Құрылтай туралы бірер сөз... // https://abai.kz/post/210577) Қазақ хандығы тұсындағы кезекті бір құрылтайдың мән-маңызы жайында сөз жалғастырмақ ойымыз бар. Ойдың жалғасы – Қарақұм құрылтайы.
ХҮІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Жоңғар хандығы қатты күшейеді. Жігерлі, қайратты билеушісі Севан (қазақша – Сибан) Рабдан (1697-1727 жж.) Шығыс Түркістан, Жетісу өңірлерін жаулап алып, жоңғарлар Шығыс және Орталық Азиядағы (Түркістан) халықаралық қарым-қатынаста жетекші роль атқаратын беделге ие болады. Осы тұста, көрнекті тарихшы Златкин жазғандай, Сибан Рабдан және одан кейін қонтайшы болған Қалдан Серен тұсында Жоңғар хандығының билеушілері Шыңғыс хан тұсында болған көшпелі түркі-моңғол халықтарының империясын қайта жаңғырту мақсаттарына бір табан жақындайды.
Ал Шыңғыс ханның кіндігінен тура тарайтын билеушілер құрған Қазақ Ордасындағы жағдай керісінше қалыптасты. ХҮІІ ғасырдың соңғы ширегінде Ташкент маңындағы Күлтөбе құрылтайында ұлттық бірігейлікті нығайтып, Жоңғарлар хандығына қарсы күреске туыстас түркі халықтарының саяси одағын құрған Әз-Тәуке хан (Күлтөбе құрылтайы: Әз-Тәуке хан және жеті би// https://abai.kz/post/203187 ) ХҮІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығының бір орталыққа бағынған билігін қожыратып алады. Оның үстіне, тарихшылардың жазуынша, Тәуке хан жас кезіндегі жорықта болған жарақатының салдарынан сал болып қалады. Билеушісін тақ иесі ғана емес, «батыр, жауынгер» деп танитын қазақ жұртының алдында оның беделі күрт төмендей бастайды. Қазақ ордасы бірнеше шағын хандықтарға бөлініп кетеді. Кіші хандықтар өздері билеген жекелеген қала немесе ру-тайпалар мүддесіне сай саясат жүргізіп, «Жеті жарғыда» бекітілген тұтастық ыдырай бастайды.
1710-1711 жылдары Сибан Рабдан қазақ даласының оңтүстік өңірлеріне жорықтар жасайды. Ал батыстан Еділ қалмақтары, орыс казактары, башқұрттардың шабуылдары күшейеді. Халықтың жүрегіне үрей ұялап, ой-санасын үмітсіздік пен сарыуайым шырмап алады. «ХVIII ғасырдың алғашқы онжылдығы қазақ халқының өміріндегі аса ауыр кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан анталап, ауылдардышауып, мал-жанды тонап, тіпті, қазақтарды тұтас отбасыларымен тұтқынға айдап кетіп отырды», – деп жазады Ш. Уәлиханов.
Ел тағдырына ауыр сын түскен кезеңде Қазақ Ордасының саяси тарихынасурылып Әбілқайыр сұлтан көтеріледі. Қазақ хандығында Шыңғыс тұқымынан шыққандар сұлтан атанып, хан тағына үміткер ретінде танылатын. Бірақ таққа отыру үшін ол жұрт көңілінен шыққан қадыр-қасиетке ие болуы тиіс еді. «Егер ақсүйек хан тұқымы, – деп жазады А. Левшин, – ақылымен, байлығымен және тағы басқа қадір-қасиетімен маңайына тілеулестерін жинай алмаған болса, ешқашан халық жиынында басым дауыс ала алмайды».
Қазақ жұртына жаулық ойлаған көрші елдердің тарапынан талауға ұшырап, зорлық-зомбылық жанға батқан жатқан ауыр кезеңде Әбілқайыр «қалың жұртшылық көңілінен шыққан» қадыр-қасиетке ие болғаны анық. Оның бойындағы бұл қасиет – жаужүрек батырлық, қажымас жаугершілік еді.1736 жылы ханның ордасында болған Орынбор экспедициясының мүшесі, тегі ағылшындық неміс суретшісі Джон Кэстль Әбілқайырды өте қайраты кісі және қазақ арасында одан мықты жебе тартатын кісі жоқ деп сипаттайды. Оның хандық мөріне «Абулхаир-Мухаммед-Гази-бахадур-хан» деген батырлық атақтың таңбалануы жас сұлтанның хан тағына көтерілгенге дейін ерлік істермен даңқы шыққан батыр болғанын білдіреді. Батырлық атаққа Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хан сынды билеушілер де ие болған. Бұл – жауынгершілік заманның хан тағына ұмтылған Шыңғыс тұқымдарынан халық талап еткен сұраныстардың бірі болатын.
1710 жылы Әбілқайыр баһадүр-сұлтан Арал теңізінің маңындағы ордада –Қарақұмда құрылтай шақырып, қазақ би-батырларының басын біріктіріп, жауға қарсы күресті ұйымдастыруға бел байлайды. Құрылтай туралы нақты тарихи жазба жоқ. Бірақ елдің тарихи жадында сақталған аңыздық дерек біздің заманымызға жеткен. Ол кеше немесе табан астында «сопаң» етіп пайда болған «олпы-солпы» жалаң аңыз емес, сонау ХІХ ғасырдың бас кезінде, ұрпақтар керуені өткен тарихтан аса ұзап кетпеген, сондықтан халық жады көмескіленбеген тұста жазба тіркелген көне аңыз. Оны Кіші жүз ру-тайпаларының ақсақалдарының тебірене отырып айтқан сөзінен жазып алған кісі – 1803-1804 жылдары қазақ даласы арқылы Бұқара хандығына сауда-саттық мәселесімен сапарлап барған орыс офицері Я. П. Гавердовский.
Ор қаласынан шығып, Кіші жүз жайлаған өлке арқылы Аралға құлап, одан әрі Бұқара хандығына жол тартқан Я. Гавердовский 1803 және 1804 жылдары қазақ даласында жүргізілген күнделік жазбаларының бірінде мынадай мазмұндағы тарихи аңызды баяндайды: «...1710 жылы Қарақұмды жайлайтын бірнеше тайпалардың рубасы көсемдері елді жаудан қорғаудың жолын іздеу мақсатында құрылтайға жиналады. Құрылтайдың үстінде кейбір жанаяр жандар үрейге бой алдыртып, қияметтен құтылар жолды «иілген мойынды қылыш кеспейді» деген үмітпен қонтайшының мейірімінен іздеуді қолайлы көрсе, енді бірі қонысты тастай қашып, Еділден әрі өтіп кетуді ұсынды. Ал бәз біреулер сужүрек қояндай тым-тырақай қашып, кең даланың әр тарабына бытырап кетуді қалады. Сол кезде ел арасында ержүректігімен даңқы шыққан Бөкенбай батыр сөз алады. Ол қызылкеңірдек айтыстың үстінде орнынан тұрып кеудедегі жейдесін қақ айырып, қолындағы күн сәулесімен шағылысып жарқ-жұрқ еткен семсерін шеңберлеп отырған кеңеске қарай кезеп, ашу-ызаға булыққан дауыспен: «Жаудан кек қайтарайық! Тоналған жұртың, тұтқынға түскен бала-шағаның қайғы-қасіретін тарқан қорқау жан болғанша, ел еңсесін көтеретін ерге лайық іс атқарайық! Қан майданда қарумен қаза табайық! Қай кезде Дешті-Қыпшақтың жауынгерлері жаудан тайсалып қашып еді?! Мен жаудың қанына мына қос қолымды малығанда, иегімдегі сақал-шашым әлі ағармаған еді. Енді оған ақ түскенде, мен осы зұлым жауыздыққа қалай бей-жай қараймын? Белдеуде – ауыздығын шайнаған тұлпар, қолда – жалаңдаған қылыш, білекте – егеулі көк найза, қорамсақта – сусылдаған үшкір жебе бар кезде, неден қорқамыз! Аттан, аттан!», – деді.
Сол-ақ екен әр жерден шыққан «аттан, аттан» деген ұран әп-сәтте тұтастана кетіп даланы жаңғыртты. Құрылтайға қатысушылар Бөкенбайдың айтқанын бір ауыздан қолдап, жауға қарсы қасық қаны қалғанша күресуге салтанатты түрде ант берді. Батырдың жалынды сөздерінің әсерінен қазақтың кейбір ел ағалары ант-сертті бекіте түсу үшін денелерін жаралап, ортада жанып жатқан отқа қандарын тамызды. Ант беру біткен соң, намаз оқылды да, құрбандыққа ақбоз ат шалынды. Осы рәсімдер арқылы олар біріккен одақтың беріктігін, оған адалдығын паш етті. Құрылытай қорытындысына разы болған би-батырлар хан әулетінің тұқымы ретінде Әбілқайырды бас қолбасшы, Бөкенбайды әскердің сардары етіп сайлайды. Бұл одаққа Қаракесектер жайлайтын жерде өткендіктен «Қаракесектік одақ» деп те аталды. Құрылтайға Кіші жүздің Әлім атасының басым бөлігі, Байұлы мен Жетірудың бір бөлігі, Орта жүзден найман мен қыпшақ рулары қатысты. Осылайша, Қарақұм құрылтайында жауға қарсы күресуге ант беріп, бірін-бірі қолдауға келісіп алған қазақтар қалмақтарға шабуыл жасап, аз уақыт ішінде оларды Жем, Жайық бойынан қуып, Қарақұм мен Сарысудан әрі асырып тастады...».
Қарақұм құрылтайы Әбілқайырды бас қолбасшы деп танып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған қазақ қосындары Ұлытау маңындағы Бұланты, Қалмақ қырған (бұрынғы аты бөлек болуы мүмкін), Сарысу өзендерінің маңындағы майданда жеңіске жетеді (сурет 1).

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды.
Сурет 1. Түркістан әскери округінің картасы. 1901 ж.
Осылайша, шығыстағы Жоңғар хандығы мен батыстағы Еділ қалмақтарының (торғауыттардың) Сарыарқа даласы арқылы емін-еркін араласып, күш-қуат тоғыстыруына тосқауыл қояды. Сонымен қатар, қазақ даласының батыс өңірінде Едіге би билігінде күркірей көтеріліп, Орманбет битұсында бордай тозған Ноғай Ордасының қонысын торауылдап жүрген торғауыт қалмақтарына, Еділ-Жайықты жағалап келген орыс-казактарына, Орал тауынан екпіндей түскен естектерге тойтарыс береді. Қазақтардың жаздық жайылымы кеңейіп, Ырғыз, Торғай, Тобыл өзендеріне, Ұлытауға, Сарыарқағақарай көшуіне мүмкіндік ашылады.
Түйіндей келгенде, Я. Гавердовскийдің сапарнама күнделігіне тіркеген аңыздың тарихи деректік сипаты аса құнды деп санаймыз. Біріншіден, онда ХҮІІІ ғасырдың басындағы хандықтың саяси жағдайынан, қазақ ру-тайпа басшыларының түрлі ұстанымынан, батырлардың беделі мен қайрат-қажырынан, майдан бағытынан хабар беретін жалпы мәліметтер бар.
Екіншіден, аңызда Табын Бөкенбай қазақ жұртын «Дешті-Қыпшақ жауынгерлері» («воины равнин кипчакских») деп атайды. Демек, Жошы ұлысынан бері келе жатқан тарихи атау халықтың жадында бертінге дейін сақталып жеткен.
Үшіншіден, аңыз мазмұны Барақұлы Жәнібектің Өске әулетінен тарайтын Әбілқайыр сұлтанның Әлім, Байұлы және Жеті ру, Найман, Қыпшақ руларының көсемдері ру-тайпа көсемдері мен белгілі батырларының қатысуымен әскердің бас қолбасшысы болып сайлануы – қысылтаяң саяси жағдайға байланысты хан сайлау рәсімімен пара-пар құбылыс болғандығын танытады. Ханды бекіткен ресми жиын – Қарақұм құрылтайы, мерзімі – 1710 жыл.
Төртіншіден, жауға қарсы қазақ қолының бас сардары болған Бөкенбай батыр – Кіші жүздің Табын руынан шыққан Бөкенбай Қарабатырұлы. Ол Табын руының тарақты тармағынан, оның ішінде Жиенбет аталығынан тарайды. Тарақ таңбалы Бөкенбайдың Әбілқайыр ханның жанынан табылуы кездейсоқтық емес. Қазақтың шежірелік аңыздарында тарақ таңбалы тайпалар Шыңғысханнан тарайтын билеуші хан-сұлтандардың тірегі ретінде танылған. Бұл көрініс – Шыңғыс тұқымдарының қазақ ру-тайпаларын басқарудағы құрылымдық жүйесінің белгісі.
Қазақтың ру-тайпалар бірлестігі болып қалыптасқан Үш жүзден тұратын одақта тарақ таңбалы тайпалардың әкімшілік билікке қатысын бейнелейтін: «Ұлы жүзде Үйсін – аға баласы, Жалайыр – ноқтағасы, Орта жүзде Арғын – аға баласы, Тарақты – ноқтағасы, Кіші жүзде Әлім аға баласы, Табын (кейде Тама) – ноқтағасы» деген сөз бар. Мұнда «ноқтағасы» деп саналатын тайпалар тарақ таңбалы болып келеді. «Ноқтаға» дегенді бүгінгі сөзбен айтсақ, ханның билігі орындалуын қамтамасыз ететін өкілі – әкімшілік тұлға.
Жалпы, тарақ таңбасы – төре тұқымдарына да ортақ. Бірақ олардың кескіндемесінде айырма бар: төре таңбасындағы айыр тістер көкке бағытталса, тарақ таңбалары рулардың тістері төменге бағытталған. Бірі – «билеуші» , екіншісі – «бағынышты» дегенді білдірсе керек.
Табын Бөкенбай – өмірінің соңына дейін Әбілқайыр ханның ең сенімді серігі болған батыр. 1731 жылы Әбілқайыр хан жеке дара, рубасы көсемдерінің келісімінсіз Ресей протектораты болуға шешім қабылдағанда, Бөкенбай батыр ханның шешімін бірден қолдайды және ол іске өзіне тілеулес би-батырларды тартады.
Қазақ даласының батыс және орталық бөліктеріндегі қазақ-қалмақмайданындағы жеңістер Әбілқайырдың батырлық, билеушілік атақ-даңқын арттырады. Қазақ хандығының саяси элитасында ол қартайған Тәуке ханның орнына үлкен хан тағына отыратын бірден-бір үміткер болды. Бұл енді басқа әңгіменің сонары... Біздің мақсат – ел тарихында маңызды орын алған Қарақұм құрылтайы нақты қай жерде өткен еді деген сауалаға жауап іздеу.
Қарақұм – Арал теңізін шығыстан батысқа қарай қоршай орналасқан шөл-шөлейтті өңір. Ол шығысында Сарысуға тірелсе, батысында Борсық құмына ұласатын, ал солтүстігінде Ырғыз даласымен шектесіп, оңтүстігінде Сырдарияға тірелетін қоныс. Қазақ халқының ХХ ғасырдың 30-жылдардағы кеңестік отаршылдыққа қарсы қару алып күрескен ірі көтерілістің бірі осы Қарақұмда өтеді. Ол тарихта «Қарақұм көтерілісі» деп аталады. Азаттықты армандаған елдің аңсары «Қарақұм дегенше, қарағым-ай десейші» деген сағыныш сазына оралған сөз тіркесі арқылы күні кешеге дейін ел ішіндеайтылып келді.
Қазақ жұртының Арал теңізі мен Сырдария маңындағы қоныстары туралы ертедегі тарихи жазбалардың бірі – 1740 жылы Ор (Орынбор) қаласынан қазақ даласы арқылы Хиуаға сапар шеккен патшалық Ресейдің әскери қызметкерлері поручик Д.Гладышев пен прапорщик, геодезист Муравиннің күнделігі. Олар қазақ жұрты мен қатар Хиуаны билеп отырған Әбілқайыр ханның патша үкіметінен Сырдария бойында қала салып беру өтінішін орындау мақсатында келеді. Сапарнама нәтижесінде геодезист Муравин сапардың ланкартасын сипаттаған жазба жасайды. Соның негізінде және одан кейінгі жүргізілген экспедициялардың деректерін басшылыққа ала отырып ХІХ ғасырдың орта шенінде патша үкіметінің әскери қызметкерлері Ор қаласы мен Хиуа өлкесі аралығындағы трактаттың (күре жолдың) сызба картасын кестелейді (сурет 1).

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды.
Сурет 1. Ор қаласынан қазақ даласы арқылы Хиуаға шығатын күре жолдың сызбакартасынан үзінді.
Аталған картада Арал теңізінің солтүстігінде орналасқан Қарақұм қонысы деген белгі бар (сурет 2). Қазақтың жалпақ «Қарақұмындағы» кішкентай Қарақұм қонысы.

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды.
Сурет 2. Ескі картадағы Қарқаұм қонысы
Зерделі кісіге Әбілқайырдың құрылтай өткізген жер осы болар деген ой қылаң беретіні анық. Себебі құрылтай хан жайлаған қоныста, яғни хан ордасында өтетіні белгілі. Бұл – орталықтандырылған хандық биліктің басты белгілерінің бірі. Айтпақшы, поручик Гладышев пен геодезист Муравин Сыр бойындағы Әбілқайыр ханға 1740 жылдың қазан айында сапарлап жеткен кезде, ханның ордасы Қуаңдария маңындағы Адам ата өзенінің бойында болады. Ал Қарқұм қонысы мен Адам ата өзені арасы аса алыс емес (сурет 3).

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды.
Сурет 3. Адам ата өзені мен Қарақұм қонысы.
Демек, Әбіқайыр хан Арал теңізінің маңайын ертеден қоныс еткен. Сол қоныстардың бірінде, яғни Қарақұмда құрылтай шақырып, қазақ ру-тайпаларын жауға қарсы күресті ұйымдастырып, қазақ-қалмақ майданында айтулы жеңістерге жеткен. Қазіргі таңда бұл жерде «Қарақұм» деген шағын ауыл тіршілік құруда. Ауыл Арал қаласынан 100 шақырым қашықтықтаорналасқан. Соңғы жылдары қолданысқа берілген Жезқазған-Бейнеу теміржолы осы ауылдың үстінен өтеді.
Қорыта келгенде, Қазақ хандығының тарихында айрықша маңызы бар, халықтың рухын көтеруде, ерік-жігерін қайрауда ерекше мәні бар Қарақұм құрылтайы мен оны ұйымдастырған Әбілқайыр ханның, саяси жиынға қатысқан даңқты Табын Бөкенбай, Тама Есет, Шақшақ Жәнібек сынды батырлардың ел тұтастығын сақтауға қосқан үлесін салмақтай білу өзекті мәселе. Осы орайда, тарихи Қарақұм құрылтайын есте сақтау мақсатындаҚызылорда облысының Арал қаласында (Қарақұмға ең жақын үлкен елді мекен) арнайы белгі соғылса – сауап, абзал іс. Бұл ата-бабаларымыздың тарихи қызметіне бүгінгі азат елдің азаматтарының тағызымы және Арал сынды тарихи өлкенің танымдылығын арттыруға қосқан үлестің бірі болар еді деп пайымдаймыз.
Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы.
Abai.kz