Жаңа конституция - Жаңа Қазақстанның бағдары
2020 жылы айтылған бір ұсыныс бүгін халықаралық университетке жол ашты
Кейде бір идея алғаш айтылған кезде бірден қолдау таба бермейді. Бірақ уақыт өте келе оның ел дамуы үшін қаншалықты маңызды екені айқындала бастайды.
2020 жылдың көктемінде мен Астана қаласынан Петропавлға қоныс аударып, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне жұмысқа келдім. Сол кезде көпшілікке тосын көрінген бір ұсынысты ашық түрде көтерген едім.
Ол – Петропавлдағы Қозыбаев университетін халықаралық деңгейге көтеру керек деген бастама.
Бұл идея кездейсоқ туған жоқ. Ұзақ жылдар бойы университеттерде геобрендинг пәнінен дәріс беріп, аймақтардың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігі көбіне білім мен ғылымның сапасына тәуелді екенін жақсы түсіндім.
Сондықтан да 2020 жылы осы бастаманы жария түрде көтеріп, Қозыбаев университетіне халықаралық мәртебе беру мәселесін күн тәртібіне шығаруға тырыстым. Алғашында бұл ұсынысқа әртүрлі көзқарас болды. Кейбіреулер қолдады, ал кейбіреулер күмәнмен қарады.
Алайда уақыт өте келе бұл идея қоғамда қызу талқыланып, мемлекет деңгейінде мән-маңыз беріле бастады. Нәтижесінде Қозыбаев университетінің халықаралық деңгейге көтерілуі туралы бастама елдің жоғары билігінің назарын өзіне аудартып, нақты мемлекеттік шешімдер қабылдануына түрткі болды.
Бүгінгі күні Қозыбаев университеті АҚШ-тағы Аризона университетімен стратегиялық серіктестік орнатып, халықаралық білім мен ғылым кеңістігіне сенімді қадам жасап отыр.
Соның нәтижесінде университет QS World University Rankings 2026 әлемдік рейтингіне алғаш рет енді. Бұл – еліміздің солтүстігінде жоғары білім мен ғылымның жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанының айқын дәлелі.
Соңғы жылдары университеттің халықаралық байланыстары кеңейіп, Еуропа мен Азияның бірқатар жетекші университеттерімен ғылыми ынтымақтастық орнады.
Ғалым ретінде мен де осы халықаралық ғылыми байланыстардың қалыптасуына өз үлесімді қосқанымды үлкен мақтаныш деп санаймын.
Енді еліміз үшін тағы бір маңызды тарихи кезең келіп отыр.
2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өтеді.
Жаңа Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – мемлекет, қоғам және азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісім.
Оның негізгі мақсаты:
– адам құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде бекіту;
– мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру;
– саяси институттардың теңгерімді жұмысын қамтамасыз ету;
– ХХІ ғасырдың цифрлық қоғамының талаптарына сай басқару жүйесін қалыптастыру.
Сонымен бірге жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және инновация ел дамуының негізгі тіректерінің бірі ретінде ерекше атап көрсетіледі.
Бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алып, әділетті әрі ашық қоғамда өмір сүруіне бағытталған стратегиялық қадам.
Мен барлық отандастарымды 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысып, еліміздің жаңа Конституциясына дауыс беруге шақырамын.
Біздің таңдауымыз – еліміздің болашағы.
Конституция – мемлекеттің іргетасы, ал референдум – сол іргетасты бірге қалайтынымызды көрсететін тарихи мүмкіндік.
Мырзантай Қожабайұлы Жақып,
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры.
Abai.kz