Дүйсенбі, 23 Наурыз 2026
Жаңалықтар 85 0 пікір 23 Наурыз, 2026 сағат 14:12

Пирамидасы ісі: Вайнер Төребаев бостандыққа шықты

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

Қаржы пирамидасы ісі бойынша сотталған вайнер Төребаев бостандыққа шықты.

Ол жақындарымен қауышқан сәті түсірілген видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Төребаев жазбасына: «Өзгелерге махаббат сыйлай білу. Қарапайым нәрселерге қуану», — деп қысқаша қайырды.

Еске сала кетейік, 2022 жылы бірнеше танымал блогер — Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзімжан Саидбаев — Mudarabah Capital қаржы пирамидасы туралы қылмыстық істің ортасында қалған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, олар жобаны жарнамалап қана қоймай, оған тікелей тартылып, табыс тауып отырған.

Кейінірек «Ордаға» берген сұхбатында Төребаев қаржы пирамидасы деп танылған Mudarabah Capital компаниясына онда достары болғандықтан сенгенін айтқан еді. Вайнер өзінің де зардап шеккенін және бұл схемадан ешқандай пайда көрмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол ҚНРДА (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) 2020 жылдың өзінде Mudarabah төңірегіндегі тәуекелдер туралы ескерткенін алға тартты.

2022 жылдың сәуір айында вайнер қамауға алынды. 2023 жылдың маусымында сот оны және Шерниязовты бес жылға бас бостандығынан айырды.

2025 жылдың жазында алдымен Мейірхан Шерниязов босап шыққан еді. Енді, міне, Төребаев та бостандыққа шықты.

Abai.kz

0 пікір