Жұма, 17 Сәуір 2026
Ақмылтық 169 0 пікір 17 Сәуір, 2026 сағат 13:01

Өңірлердегі теңсіздік: Елдің болашағы – тек мегаполистерде емес!

Сурет: eurasia.travel сайтынан алынды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ел дамуының нақты бағыттарының жолы – өңірлік теңгерімді қамтамасыз ету болып келеді. Дегенмен, соңғы жылдары халықтың жаппай ірі қалаларға, әсіресе Астана мен Алматы қалаларына шоғырлануы күшейе түсті. Бұл құбылыс – тек урбанизацияның табиғи көрінісі ғана демейік, сонымен қатар өңірлердегі экономикалық мүмкіндіктердің жеткіліксіздігінен туындайтын әлеуметтік-экономикалық жағдай. Ендеше, ел ішіндегі ішкі көші-қонды теңгеріп, әр аймақтың әлеуетін қалай арттырамыз?

Яғни, жағдайдың тамырына үңілсек, халықтың ірі қалаларға ағылуының негізгі себептері – жұмыс орындарының тапшылығы, жалақы деңгейінің төмендігі, сапалы білім мен медициналық қызметтің қолжетімсіздігі. Астана мен Алматы – қаржы, білім, мәдениет және қызмет көрсету салалары шоғырланған орталықтар. Мұнда еңбек нарығы кең, инфрақұрылым дамыған, мүмкіндіктер айтарлықтай. Ал, шалғай өңірлерде керісінше – өндіріс орындары кем, жастарға арналған перспектива шектеулі.

Сондықтан, ең алдымен өңірлік экономиканы әртараптандыру қажет. Әр облыстың табиғи, географиялық және экономикалық ерекшеліктеріне сүйене отырып, нақты мамандану бағытын айқындау маңызды. Яғни, аграрлық әлеуеті жоғары аймақтарда ауыл шаруашылығын тек шикізат өндіру деңгейінде қалдырмай, терең өңдеу саласын дамыту керек. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қосылған құнды арттырады. Солтүстік өңірлерде астық өндірісімен қатар, ұн, макарон, мал азығы өндірісін дамыту тиімді болса, оңтүстікте жеміс-жидек пен көкөністі қайта өңдеу кәсіпорындарына басымдық істеу қажет.

Сонымен қатар, өнеркәсіптік саясатты күшейту – өңірлік дамудың негізгі тірегі. Кеңес дәуірінен қалған өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңа технологияларды енгізу арқылы шағын және орта өнеркәсіпті дамытуға болады. Әсіресе, моноқалаларда жаңа өндірістер ашу – көші-қонды тежеудің тиімді жолы. Егер адам туған жерінде тұрақты табыс таба алса, ол мегаполиске кетуге ұмтылмайды.

Тағы айтарымыз, шағын және орта бизнесті қолдау – өңір экономикасының «қан айналымы». Кәсіпкерлерге қолжетімді несие, салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау көрсету арқылы жергілікті бизнесті дамытуға болады. Әсіресе, ауылдық жерлерде кооперацияны дамыту маңызды. Бірнеше ұсақ шаруашылық бірігіп, ірі өндірістік құрылымға айналса, олардың бәсекеге қабілеттілігі артады.

Инфрақұрылымды дамыту – экономикалық өсудің негізі. Жол, интернет, электр энергиясы, су – бұлар инвестиция тартудың нақты шарттары. Егер өңірде сапалы жол мен жоғары жылдамдықты интернет болмаса, ешқандай инвестор келмейді. Сондықтан цифрлық инфрақұрылымды дамыту – тек байланыс сұрағы емес, бұл – экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі.

Білім мен кадр даярлау жүйесін өңірлік қажеттіліктерге бейімдеу қажет. Көп жағдайда жастар мамандықты еңбек нарығының сұранысына емес, беделіне қарап таңдайды. Соның салдарынан кейбір өңірлерде кадр тапшылығы туындап, ал кейбір салаларда артық мамандар қалыптасады. Сондықтан дуальды білім жүйесін енгізіп, колледждер мен жоғары оқу орындарын нақты өндіріс орындарымен тығыз байланыстыру қажет.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту – көші-қонды тежейтін маңызды фактор. Адам тек жұмысқа қарамай, өмір сапасы үшін де қоныс аударады. Егер өңірлерде сапалы медицина, заманауи мектептер, мәдениет және спорт нысандары жеткілікті болса, халықтың өз өңірінде қалуға ынтасы артады.

Мемлекеттік саясаттың үйлесімділігі қажет. Өңірлік даму бағдарламалары көбіне қағаз жүзінде қалып қойып жатады. Сондықтан нақты индикаторлар мен жауапкершілік жүйесін енгізу маңызды. Әр әкімдік өз өңірінің экономикалық даму стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттауы тиіс.

Инвестициялық климатты жақсарту – өңірлік дамудың басты шарттарының бірі. Шетелдік және отандық инвесторлар үшін өңірлер тартымды болуы тиіс. Ол үшін бюрократиялық кедергілерді кемітіп, «бір терезе» қағидатын толық іске асыру қажет. Әсіресе индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану керек.

Өңірлік бренд қалыптастыру маңызды. Әр аймақ өз өнімін, мәдениетін, туристік әлеуетін насихаттау арқылы экономикалық белсенділігін арттыра алады. Туризм – көптеген өңірлер үшін табыс көзіне айнала алатын сала. Табиғи және тарихи нысандарды тиімді пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға болады.

Қорытындылай келе, Астана мен Алматыға халықтың шамадан тыс шоғырлануы – тек урбанизацияның салдары емес, өңірлердегі теңсіздіктің көрінісі. Егер әр аймақта экономикалық мүмкіндік, әлеуметтік жағдай және өмір сапасы тең деңгейде болса, халық өз туған жерінде қалуды жөн көреді. Өңірлерді дамыту – бұл тек экономикалық сұраққа жатпайды, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі.

Елдің болашағы – тек мегаполистерде демейік, кең байтақ даланың әр түкпірінде. Сондықтан «күшті өңір – күшті мемлекет» қағидатын берік ұстану – уақыт талабы.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір