«Естен кетпес - есті әуен»
Астана қаласында Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Естен кетпес - есті әуен» атты есеп беру концерті өткізілді.
Бұл кеш жай ғана концерт емес, уақытпен үндескен, жүректі тербеген, көрерменді таңғалдырған бірегей музыкалық іс-шара болды.
Іс-шараның басты мақсаты – Ермек Серкебаевтың бай шығармашылық мұрасын жаңғырту, жас таланттарды қолдау және өнердегі ұрпақ сабақтастығын әсерлі түрде көрсету болды.
Концерт бағдарламасы ерекше форматта өтті. Кеш Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйімен ашылып, одан әрі ұлттық және әлемдік классикамен, сондай-ақ Серкебаев репертуарындағы шоқтығы биік туындылармен жалғасын тапты. Көрермен қауым «Тыңда», «Надо мной небо синее», «Море шумит» сынды жүрекке жақын әндерді жаңа қырынан тамашалады.
Кештің ең толқытар тұстарының бірі - Ермек Серкебаевтың өз дауысымен, симфониялық оркестрдің жанды сүйемелдеуімен ұсынылған ерекше музыкалық номер болды. Бұл архивтік мұра мен заманауи сахнаның тоғысқан сәті ретінде көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.
Сондай-ақ, кеш барысында маэстроның ұлы - Байғали Серкебаевтың арнайы бейнеқұттықтауы ұсынылды. Бұл - ұлы өнер иесіне деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болды.
Осындай тағылымы мол кеште өнер мен өмір сабақтастығын жалғап, әке жолын жалғастырған қазақ музыка өнерінің белгілі өкілі Байғали Ермекұлы Серкебаевқа сөз беріліп, ол LED экран арқылы жүрекжарды жылы лебізін жолдады. Сонымен қатар, Байғали Серкебаев пен Батырхан Шүкенов репертуарындағы «Джулия» шығармасы мектептің жас гитарашылар ансамблінің сүйемелдеуімен көрерменмен бірге орындалып, ерекше әсер қалдырды.
Ермек Серкебаевтың сүйікті әндерінің бірі - «Жайдарман» халық әні «Кербез сұлу» вокалдық ансамблінің орындауында шырқалды. Сондай-ақ, Борис Мокроусовтың «Море шумит» шығармасы маэстро репертуарынан «Жігіттер» хорының орындауында көрерменге жол тартты.
Мектебіміздің 0 және 1 сынып оқушыларынан жаңадан құралған «Атамұра» жетігеншілер тобы алғаш рет сахнаға шығып, «Кеңес күйін» орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал Ермек Серкебаев репертуарындағы «Япырай» әні «Япырай» педагогтер мен оқушылар ансамблінің орындауында ұсынылып, жеке партияда виолончельде Шамшет Аимбетов ерекше шеберлік танытты.
Антонио Вивальди музыкасына негізделген, Оксана Крут өңдеуіндегі «Поппури Вивальди» шығармасын фортепиано сыныбы педагогтерінен құралған квартет жоғары деңгейде орындады. Келесі кезекте ұстаздар ансамблінің сүйемелдеуімен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Тәлім» термесі шырқалып, оны жеке дауыста Нұрбала Октяброва әсерлі жеткізді.
Қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» шығармасын ұстаздар оркестрінің сүйемелдеуімен «Айналайын» балалар хоры орындап, кеш көркін одан әрі аша түсті.
Кештің құрметті қонақтары қатарында «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Астана қаласының Құрметті азаматы, білім беру ісінің құрметті қайраткері Бимендина Әсима Темкеқызы және кеңестік әрі қазақстандық скрипкашы, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің халық әртісі Айман Қожабекқызы Мусаходжаева болып, өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Бұл - мектеп ұжымы үшін үлкен мәртебе болды.
Аталған кештің негізгі бөлігінде мектептің оқушылары мен ұстаздары өнер көрсетіп, өз шеберліктерін жоғары деңгейде паш етті. Олар ұсынған әрбір музыкалық нөмір көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кеш ерекше әсер мен жарқын эмоцияға толы болды.
Сахнада «Айналайын» балалар хорының жаңа құрамы, «Жас толқын» ансамблі, «Атамұра», «Мұрагер» ұжымдары және басқа да дарынды жас өнерпаздар өнер көрсетті.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің «Ерлер хоры» және Жас көрермен театрының жас әртістері де қолдау білдіріп, өз өнерлерін ұсынды.
Концерттің шарықтау шегі финалдық шығарма болды. Күләш Ахметованың сөзіне жазылған Кентау Назарбектің «Сен – Қазақсың!» әні «Айналайын» балалар хорының жаңа құрамы және барлық педагогтердің бірлескен орындауында шырқалып, залға ерекше рух пен қуат сыйлады.
Аталған кеш ұлттық өнерге тағзым еткен, көрерменнің рухына серпін беріп, жүрекке жол тапқан ірі музыкалық оқиға ретінде есте қалды. Концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің зор ықыласына ие болды. Кеш соңында ата-аналар мен қонақтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, әлеуметтік желілерде ризашылықтарын жаудырып, жас өнерпаздарға ақ тілектерін арнады.
Abai.kz