Қуанышбек Қари: Иран уақытша бітімді тиімсіз деп санайды
Қазір Трамптың шақшадай басы шарадай болып жатыр: Иранмен соғысты бастауын бастап алды, одақтастарының көбі оны қолдамады, оған Трамп «Көрсетемін сендерге көресіні» деп кіжінумен болды, НАТО‑дан кетемін деп қорқытты, Ресей де «бейбіт келіссөзді» сөзбұйдаға салып, соғысты жалғастыруда, АҚШ демократтары да жағаға жармаса кетті – «импичмент» деп айқайлап жатыр...
Бұндайға шыдау екінің бірінің қолынан келе қоймас. Бірақ, ондайға көнетін Трамп па, айтарын айтып алып, артынша «Әәә, мен солай деп пе едім?» дей салатын...
Міне, енді Трамп Иранмен уақытша келісімге келдік деп жар салуда.
Сенеміз бе, сенбейміз бе?
Осы мәселенің анық‑қанығын білу үшін, еліміздегі ең мықты Ирантанушы Қуанышбек Қариға сұрақтарымызды жібердік. Жедел жауап келді. Оған алғысымызды айта отырып, оны сіздермен таныстыруды жөн көрдік:
Әбдірашит Бәкірұлы:
- Иран өркениетін күлін көкке ұшырамын деген Трампқа не болды? Аяқ астынан келіссөз туралы айтып, екі апталық бітім жариялады. Осы аралықта келіссөз қолға алынып, оның соңы немен аяқталуы мүмкін?
Қуанышбек Қари:
- Кез-келген соғыс келіссөзбен аяқталады. Тараптардың бірі жеңеді, екіншісі жеңіледі. Трамптың екі апталық бітім жайлы айтқанда АҚШ-тың жеңісі жайында меңзеп өткен. Иран да бұл бітімді өзінің жеңісіне балап отыр. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы беріп, Иран да соған сай жауап беріп бастағаннан бері соғыс-келіссөз, келіссөз-соғыс формуласы бірнеше мәрте айтылды, қозғалды. АҚШ Иран жағынан кез-келген тұлғамен келіссөзге кетәрі емес еді. Бірақ мәміленің дені келіссөз туралы келіссөзден әрі аспай, тығырыққа тіреле берді. Ал осы жолғы бітімге Пәкістан мен Қытайдың себеп болғаны айтылады. Және келіссөз жүргізетін екі жақтың өкілдері де бұрынғыдай емес: Иран жағынан мәжіліс төрағасы Мұхаммед Бақыр Қалибофф, АҚШ тарапынан вице-президент Джей Ди Вэнс қатыспақ.
Әбдірашит Бәкірұлы:
- Бұл соғысушы тараптардың тікелей келіссөз жүргізетінін білдіре ме?
Қуанышбек Қари:
- Әзірге келіссөздің тікелей, немесе жанама түрде болатыны айтылмайды. Мұның өзі бұған дейінгі келіссөздердің табиғатына қайшы. Соған қарағанда тараптар барынша ұстанымдарын жақындатуға тырысатын шығар.
Әбдірашит Бәкірұлы:
- Трамп бітім жайлы айтқанда, Иранның 10 баптан тұратын талабына меңзеу жасады. Бұл оның сол талаптарды қабылдағанын білдіре ме?
Қуанышбек Қари:
- Олай деуге келмес. Трамп бітім жайлы айтқанда, Иран талаптарының өзгергенін білдіргісі келген шығар. Бірақ бұл Вашингтонның Тегеран талаптарын қабылдағанын білдірмейді. Басты мәселе – Ормуз бұғазынан АҚШ-қа мұнай таситын танкерлер қозғалысын реттеу. Соған қатысты шарттарды талқылап, ортақ бір шешімге келу қақтығысқан тараптарға да, басқаларға да тиімді болмақ. Бұғаз екі апталық бітім кезінде ашық болады делінген. Бұл 40 күнге созылған дағдарыстан шығу жолын табуға деген тараптардың мүддесін білдіреді. Және соғыс басталғалы келіссөз туралы айтылғанда Израиль реакция білдірген емес, бұл жолғы бітімді Израиль де қолдайтынын аңдатыпты.
Әбдірашит Бәкірұлы:
- Бітім мәселесін бірінші болып АҚШ жариялады. Иран бұған қалай қарайды?
Қуанышбек Қари:
- Трамптың сөзіне қарағанда, ол өзіне айтылған ұсыныстармен келіскен. Иран жағынан бітім мәселесі екіұдай күйде бағалануда. Израиль соққысынан қаза тапқан аятолла Хаменеидің консерваторлық лагері бітімнің өзіне күдік, күманмен қарайды. Олар үшін уақытша бітім емес, түпкілікті шешім қажет. Иран консерваторлары бітімге бөлінген уақыт аралығында қарсыластары күш жинап, жаңа майдан бастайды деп есептейді. Келіссөз, мәміле болған күннің өзінде уақытша бітім Иран үшін тиімсіз деп есептейді.
Әбдірашит Бәкірұлы:
- Сонда қайтпек керек дейді олар?
Қуанышбек Қари:
- Иран консерваторлары дұшпанмен келісімді қуаттай бермейді. Ондай әрекет әдетте аятолланың келісімімен жүзеге асатын. Мәселен, Трамп Ақ үйге келгенге дейін, 2016 жылы батыспен ядролық бағдарлама туралы келісімге келгенде аятолла ақ батасын берген болатын.
Әбдірашит Бәкірұлы:
- Бұл жолы үлкен Хаменеиді кіші аятолла Хаменеи алмастырды емес пе?
Қуанышбек Қари:
- Алмастырғанымен, ол әлі күнге көп алдына шыққан жоқ. Батыс басылымдары оның әлі ес-түссіз жатқанын, Тегеран түбіндегі Құм қаласында емделіп жатқанын айтады. Оның атынан мәлімдемелер жарияланып жатқанымен, Мұжтаба Хаменеидің өзі одан бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан Иран билігінде жоғары биліктің мәселесі әлі шешілген жоқ. Иран революциясы сақшылар корпусы деген ғаламат әскери күш бар. Олар реформаторлар мен басқа саяси күштердің әрекетін мойындамайды. Сондықтан қызықтың көкесі әлі де алда сияқты.
Қуанышбек, сізге алғыс, көп нәрсе енді түсінікті болды.
Abai.kz