Сәрсенбі, 24 Маусым 2026
Аласапыран 241 0 пікір 24 Маусым, 2026 сағат 14:14

Киевтің талабы: Лукашенко билігіне қауіп төнді…

Сурет: sadaq.kz сайтынан алынды.

Ультиматумдарға жауап беруді әдетте жіберіп алмайтын Лукашенко Владимир Зеленскийдің талабына жауап ретінде үшінші тәулік қатарынан үнсіз отыр.

Алайда ресми Киев бұл мәселені күн тәртібінен алып тастаған жоқ. Украиналық БАҚ-қа берген кезекті сұхбатында Зеленский Беларусь аумағындағы ресейлік ретрансляторларды демонтаждау талабын тағы да еске салды. Украина тарапының мәліметінше, олар ресейлік дрондарды бағыттау үшін пайдаланылады.

"Лукашенко шиеленісті төмендетуді сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетуі керек. Жай ғана "кешірім сұраймын" деу жеткіліксіз. Кешірімін өзінде қалдырсын. Оның мұндай сөздері соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ әсерін жоғалтты", — деді Украина президенті.

Әзірге украин тарапының талаптарына жауап ретінде Беларусь эфиріне штаттық насихатшылар мен қорғаныс министрі Виктор Хренин шығарылды. Ол Беларусьтің әскери стратегиясы қақтығысқа араласпау және ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін мәлімдеді.

Осы жағдайда Лукашенконың өзі үнсіз қалуы айтарлықтай мәнді көрінеді. Бірнеше ай бұрын ғана ол Украина майданының жақын арада күйреуі туралы айтып, армия мен резервтердің жауынгерлік дайындығын тексеріп, зымыран ұшыруларды көрсетіп, үнемі қатаң мәлімдемелер жасап жүрген еді. Ал қазір халық арасында айтылатын сөзбен айтқанда, "ештеңе болмағандай кейіп танытып отыр".

Мұның себебі түсінікті. Ұзақ уақыттан бері алғаш рет Лукашенко өзіне үйреншікті "ұжымдық Батыспен" емес, сөздерін нақты әрекеттермен дәлелдеуге қабілетті соғысушы тараппен сырттай диалог жүргізіп отыр.

Сонымен бірге ол өз элитасының алдында әлсіз көрініп, беделінен айырылуға да жол бере алмайды.

Мұндай жағдайда Лукашенко өзі үшін тиімді шешімнің жоқ екенін жақсы түсінеді.

Логикаға сүйенсек, ретрансляторлар мен жанармай жеткізу мәселесінен кейін Киев Беларусь кәсіпорындарының Ресейдің әскери машинасын қамтамасыз етуі туралы мәселені де міндетті түрде көтереді.

Беларусьтің әскери-өнеркәсіптік кешені бірнеше жылдан бері Ресейдің қорғаныс өндірісі тізбегіне кіріктірілген. "Интеграл" кәсіпорны Ресей зымырандарында қолданылатын микроэлектроника шығарады. Беларусь зауыттары Ресейге оптика, байланыс құралдарының элементтерін, радиолокациялық жүйелерге арналған бөлшектерді және қару-жарақты жөндеуге қажетті компоненттерді жеткізеді. "Пеленг", "АГАТ", "2566-шы радиоэлектрондық қару-жарақты жөндеу зауыты" және басқа да бірқатар ұйымдар Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенімен ынтымақтастығы үшін Украина, Еуроодақ және АҚШ санкциялық тізімдеріне бірнеше рет енгізілген.

Бұдан бөлек, Украина Ресей агрессиясына қарсы шыққаны және Украинаны қолдағаны үшін сотталған беларусьтік саяси тұтқындар мәселесін қайта көтеруі мүмкін. Олардың қатарында "Беларуский Гаюн" ісінің фигуранттары, "теміржол партизандары", сондай-ақ Украина жағында соғысқан және Ресей түрмелеріне қамалған немесе тұтқынға түскен беларусьтер бар.

Киев іс жүзінде мынадай белгі беріп отыр: мәлімдемелер уақыты аяқталды, енді тек нақты әрекеттер бағаланатын болады.

Мәселе мынада: Лукашенко өз билігін сақтап қалу үшін Кремль сатқындық деп қабылдайтын қадамдарға бара ала ма? Егер бара алмаса, Украинаның соңғы мәлімдемелеріне қарағанда, Киев өз бетінше әрекет ету құқығын өзінде қалдырады.

Қуаныш Еділхантегі

Abai.kz

0 пікір