Сот Нұрбол Назарбаев кедей екеніне сенбеді...
Нұрбол Назарбаев сотты өзінің төлемге қабілетсіздігіне тағы да сендіре алмады.
Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырып, Қазақстанның бұрынғы президентінің жиеніне төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасын қолданудан бас тартты.
Бай ма, кедей ме?
Бұған дейін Назарбаевтың өзінің ауыр қаржылық жағдайын сот арқылы дәлелдеуге бірнеше рет тырысқаны, бірақ әр кез бас тарту алғаны хабарланған еді. Енді бұл ұстанымды апелляциялық инстанция соты да растады.
Формальды түрде Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды емес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасын қолдануды сұраған. Бұл механизм қарыздарды бес жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге және ресми банкроттықтың салдарынан — несие алуға қойылатын шектеулерден, қаржылық мониторингтен және заңда қарастырылған басқа да шаралардан жалтаруға мүмкіндік береді.
Ортада — шамамен 58 млрд теңге. Оның ішінде:
-
55,9 млрд теңге — Активтерді қайтару комитеті алдындағы борыш;
-
шамамен 352 млн теңге — өсімпұл (неустойка);
-
1,69 млрд теңге — мемлекеттік баж;
-
19,4 млн теңге — банкроттық алдында тұрған «Ақтөбе» өндірістік компаниясы» ЖШС алдындағы берешек.
Сот: кедейлігі туралы мәлімет жоқ
Төлемге қабілетсіздігі туралы өтінішке қарамастан, сот жеңілдетілген процедураны қолдануға жеткілікті негіз таппады. Қаулыда Назарбаевтың өзінің қаржылық ахуалы туралы толық мәлімет ұсынбағаны айтылған: коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табыстар, банктік салымдар, дивидендтер туралы, сондай-ақ шығыстар туралы деректер болмаған.
Алқа мұндай ақпаратсыз оның шынайы қаржылық жағдайын объективті бағалау және оның өз міндеттемелерін орындауға шынымен қауқарсыз екенін түсіну мүмкін емес екенін көрсетті.
Бұдан бөлек, сот өтініш берушіні төлемге қабілетсіз деп таныған қаржылық басқарушының қорытындысына да сын көзбен қарады. Алқаның пікірінше, құжат борышкердің мүліктік және отбасылық жағдайына жан-жақты талдау жасалмай құрастырылған.
«Бұл — шешімнің орындалуын созбалаңға салу әрекеті»
Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі қызметі бұдан да қатаң ұстаным білдірді. Ведомство өкілдері Назарбаевтың сотқа ұқсас талаппен қайта жүгінуін жағдайды реттеудің жаңа әрекеті ретінде бағалауға болмайтынын мәлімдеді. Прокуратураның пікірінше, борышкер заңда қарастырылған механизмдерді активтерді мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің орындалуын шегере тұру үшін ғана пайдаланып отыр. Сот дәл осы уәжді де ескерді.
Кедейлігін дәлелдеуге тырысқан бай адам
Бұл оқиға Нұрбол Назарбаевтың бизнес-құрылымдарымен бұған дейін байланысты болған активтер фонында өте контрастты көрінеді. Бұрын ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең дәулетті бизнесмендерінің қатарына кірген, ал сот талқылауының материалдарында оған немесе онымен байланысты компанияларға тиесілі коммерциялық жылжымайтын мүліктер, жер телімдері, өндірістік кәсіпорындар және басқа да активтер аталады.
Бүгінгі таңда Назарбаевтың шоттары бұғатталған, мүлкіне ауыртпалық салынған, ал өзіне Қазақстаннан тыс жерлерге шығуға тыйым салынған.
Апелляциялық алқа бірінші инстанция сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді және одан әрі кассациялық тәртіппен шағымдануға жатпайды.
Abai.kz