Сенбі, 29 Тамыз 2026
1304 0 пікір 21 Тамыз, 2026 сағат 19:55

Педагогикалық білім беру рөлінің жаңа пайымдауы

Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды.

Гүлзат Көбенова, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары аясында педагогикалық білім берудің сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бұл ұстаз мамандығының беделін түбегейлі арттыруға, кадрлар даярлау сапасын жақсартуға және тұрақты, заманауи оқыту жүйесін құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты.

Қазіргі әлемде білім сапасы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Жасанды интеллектінің дамуы, еңбек нарығының өзгеруі, демографиялық процестер және адами капитал үшін жаһандық бәсекелестік білім беру жүйесіне, әсіресе мұғалім даярлау сапасына жаңа талаптар қойып отыр.

Соңғы жылдары Қазақстанда педагог даярлау сапасын арттыру бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілді. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен педагогикалық кадрлар даярлайтын университеттер жаңа модельге көшу үшін қажетті институционалдық, академиялық және ғылыми негіз қалыптастырды.

Бүгінде Қазақстанда бакалавриат деңгейінде педагогикалық бағыттар бойынша 51 жоғары оқу орны лицензияға ие. Педагогикалық даярлық бойынша білім беру бағдарламаларының тізіліміне 1886 бағдарлама енгізілген. Оның ішінде 1709 бағдарлама, яғни 91%-ы халықаралық және ұлттық аккредиттеуден өткен, ал «Педагог» кәсіптік стандарты ескеріле отырып, 1856 бағдарлама немесе 98%-ы жаңартылған.

Бұл – маңызды институционалдық нәтиже.

Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары да кезең-кезеңімен күшейтілді. 2021 жылдан бастап шекті балл 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Сонымен қатар педагогикалық бағытта білім алатын студенттердің стипендиясы 26 186 теңгеден 84 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бұл шаралар педагог кәсібінің тартымдылығына да ықпал етті. 2026 жылы педагогикалық бағыттар бойынша мемлекеттік грант иегерлері қатарында 2145 «Алтын белгі» иегері болды, олардың саны 2025 жылы 2080, ал 2024 жылы 1797 болған еді.

Ең маңызды өзгерістердің бірі – мектеп өкілдерінің білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен сараптауға тікелей қатысуы. Мектеп директорлары, педагог-шеберлер мен педагог-зерттеушілер университеттердің академиялық комитеттерінің құрамына еніп, бағдарламалардың мазмұнына ықпал етеді. Бұл бағдарламаларды өңірдің және нақты мектептердің қажеттіліктеріне жақындатуға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды қадам – университеттік оқытуға тәжірибелі мектеп мұғалімдерін тарту.

2025-2026 оқу жылында педагогикалық бағдарламалардағы пәндер мен әдістемелік курстарды жүргізуге 1000-нан астам мектеп мұғалімі, әдіскер және практик-маман тартылған.

Бұл – педагог даярлаудың мазмұнын нақты мектеп тәжірибесімен ұштастыру бағытындағы маңызды өзгеріс.

Педагогикалық университеттердің жаңа рөлінің тағы бір маңызды көрсеткіші – ғылым.

Еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары қазіргі білім беру жүйесінің негізгі сын-қатерлеріне бағытталған: білім беруді цифрландыру және AI, STEM/STEAM, инклюзивті білім беру, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, функционалдық және цифрлық сауаттылық, кәсіби бағдар, құзыреттерді болжау, көптілді білім беру саласында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін нақты мектеп тәжірибесіне енгізуде.

Мысалы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әзірленген бастауыш сынып оқушыларының интеллектісін дамытуға бағытталған нейродидактикалық контент Алматы қаласындағы мектептерде апробациядан өтіп, №185 мектеп-гимназиясында «Нейрожаттығулар» элективті курсы енгізілген.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Мектеп–Университет–Өнім» серіктестігі негізінде пәнаралық STEM моделін іске асыру бойынша зерттеу нәтижелері «Қолданбалы STEM» курсы арқылы мектептің білім беру үдерісіне енгізілген.

Павлодар педагогикалық университеті базасында Академиялық және зерттеу артықшылығы орталығын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның міндеті – дарынды балаларды дамыту, педагог даярлау және заманауи білім беру технологияларын енгізуге бағытталған кешенді ғылыми-инновациялық жүйе қалыптастыру.

Қазақстандық педагогикалық білімнің халықаралық позициясы да күшейіп келеді. Абай атындағы ҚазҰПУ QS World University Rankings by Subject 2026 рейтингінде Education & Training бағыты бойынша әлемде 41-орынға және осы бағыт бойынша бес жыл қатарынан әлемнің ТОП-100 университеті қатарында келеді.

Бұл Қазақстанда педагогикалық білім берудің халықаралық бәсекеге қабілетті орталығы қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Демек, жүйеде таратуға және масштабтауға болатын сапалы тәжірибе жеткілікті.

Жасалған жұмысқа және жеткен нәтижелерге қарамастан, жаңа кезеңнің қажеттілігі объективті.

Бірінші кезекте педагогті қалыптастырудың барлық кезеңдерін бір кәсіби траекторияға біріктіру қажет: мектептегі кәсіптік бағдар – педагогикалық мамандыққа іріктеу университеттегі педагогикалық білім педагогикалық практика түлектердің кәсіби дайындығын бағалау – мектепке жұмысқа орналасу тәлімгерлік педагогтың кәсіби дамуы.

Келесі кезеңдегі негізгі өзгеріс педагогикалық жоғары оқудыңжауапкершілігін арттырады.

Осы мақсатта ҒЖБМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі биыл маусым айында Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын жаңа редакцияда қабылдады.

Мұнда педагогикалық университет өңірдің білім беру экожүйесінің белсенді қатысушысына, педагогикалық инновациялар, ғылым және адами капитал орталығына айналуы көзделген. Бұл бағыт қазірдің өзінде TEACHING, LEARNING және ANALYTICS блоктары арқылы қалыптасып келеді: оқыту әдістерін жаңарту, студенттің дербес оқуын дамыту, Data Literacy мен білім беру аналитикасын енгізу көзделген.

Педагогикалық практика бірінші курстан басталып, оқу барысында кезең-кезеңімен күрделенуі керек. Жаңа ТұжырымдамадаWork-Based Learning үлесін даярлықтың 40%-ына дейін жеткізу көзделеді. Мектеп практика базасы ғана емес, болашақ педагогті қалыптастырудың тең авторына айналуы тиіс.

Педагогикалық университеттердің келесі даму бағыты – жасанды интеллект пен білім беру аналитикасын педагог даярлаудың барлық деңгейіне енгізу.

Жасанды интеллект оқытуды жобалау, студенттің оқу прогресін талдау, дербес білім беру траекторияларын қалыптастыру және педагогикалық шешім қабылдау құралы болуы тиіс. Ұсынылған тұжырымдамада бұл бағыт AI-Driven Pedagogy ретінде белгіленген.

Бірақ технология мұғалімді алмастыру үшін емес, оның кәсіби мүмкіндігін күшейту үшін қажет. AI мұғалімді рутиналық жұмыстан босатып, оның уақытын балаға, тәлімгерлікке, қарым-қатынасқа, тәрбиеге, эмпатияға және сыни ойлауды дамытуға бағыттауға мүмкіндік беруі тиіс.

Ендігі міндет – қол жеткізген нәтижелерді бір жүйеге біріктіріп, педагогикалық білім беруді жаңа сапалық деңгейге шығару.

Бұл үшін педагогикалық білім беру жүйесі үш маңызды ауысуды жүзеге асыруы керек:

кадр даярлаудан – педагогтің кәсіби өмірлік циклін басқаруға;

процесті бақылаудан – нәтижені және ықпалды бағалауға;

жекелеген университет жауапкершілігінен – мемлекет, университет, өңір және мектептің ортақ жауапкершілігіне көшу.

Сонда педагогикалық университеттің жаңа рөлі толық қалыптасады. Ол тек мұғалім даярлайтын жоғары оқу орны емес, педагогикалық ғылым мен инновацияның орталығы, мектептің стратегиялық серіктесі, өңірдің адами капиталын дамытушы және елдің білім сапасына жауап беретін негізгі институттардың бірі.

Abai.kz

0 пікір