Сәрсенбі, 26 Тамыз 2026
Абай мұрасы 186 0 пікір 26 Тамыз, 2026 сағат 13:54

«Тасдиқ» трактаты: Пайдалы мен залалды айырмақ бөлімі

Сурет: abai.kz сайтынан алынды.

Басы: «Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты

Жалғасы: «Тасдиқ» трактаты – «Аланы танымақ» бөлімі

Жалғасы: Алланың ғадаләт сипаты

Жалғасы: «Тасдиқ» трактаты – «өзін танымақ» бөлімі

Жалғасы: «Тасдиқ» трактаты – «дүниені танымақ» бөлімі

«Тасдиқ» трактатын Абай: «Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ескерткіш қалдырайын» деп бастаса, бұл имандылық негіздері туралы ескерткішім деген сөзі (мінез, іс-әрекет – тек салдар, ал иман – түпкі себеп). Онан соң, Абай күллі ғылым-білімді классификациялап, оны мынадай төрт салаға бөледі:  «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана пайдалы менен залалдыны айырмақлық». Осы аталған төрт ғылым-білім саласын: «Бала үйренсе, білсе, ең болмаса шала, сонда оның аты адам болады» деп шегелеп айтқан. Көзі қарақты оқырман біледі, біз алдыңғы үш танымақты шама-шарқымыз жеткенше тәпсірлеп шықтық. Төмендегі мақсат – «пайдалы менен залалдыны айырмақлық» (жақсы менен жаманды айыру) деген соңғы төртінші бөлімді зерттеп-зерделеу.

Ғылымды классификациялау не үшін қажет?

Көне дәуірден ғұламалар ғылым-білімді классификациялауға ұмтылған.  Аристотель ғылым-білімді үш үлкен топқа жіктеген: теориялық, практикалық һәм шығармашылық деп. Бірінші топ – философия, математика және физика, екінші топ – этика (мораль) мен саясат, ал, үшінші топ – өнер, кәсіп және қолданбалы ғылымдар дейді. Әу баста философия – ой-сана шыңы, рухани ілім саналған. Сондықтан оны: «Философия – барлық ғылымның басы» деп ең үстіге қояды (Метафизика. М., Мысль, 1976, т. 1. 68-бет). Математика,  физика, астрономия да теориялық философия. Неге? Себебі, олар Жаратушы хикметін танудың құралы саналған.

«Шығыстың Аристотелі» атанған әл-Фараби бабамыз «Ғылымды классификациялау туралы сөз» атты еңбегінде ғылымды бес түрге жіктеген: 1) тіл туралы ғылым; 2) логика (арабша-мантық); 3) математика; 4) физика және метафизика; 5) азаматтық ғылымдар және заң ілімдері. Әрі қарай осы бес түрге кіретін ғылым тармақтары анықталған, яғни адамның ғылымын жан-жақты қамтуға талпынған. Келтірілген екі жүйені Абай жүйесімен салыстыра қарасақ, Абай ұсынған классификация адамның ғылымын жүйеге салудың озық үлгісі. Неге десеңіз, оның өзегі – «Болмыс бірлігі» идеясы. Басқаша айтқанда, қасиетті Құранға негізделген. Айта өтері, Абай терең зерделеген үш танымақ (Алла, адам, дүние) концепциясын – исламда «Әл-ахад уә әл-ужуд» («Болмыс бірлігі»), ал батыс әлемінде «Великая Триада» дейді. Сөйтіп, үш танымақ – ғақлия, яғни теориялық, ал жақсы менен жаманды айырмақлық – нақлия,  яғни практикалық философия. «Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат» демекші, бұлар да екі түрлі нәрсе.

Атақты неміс философы Кантқа (1724 -1804) да жүгінейік. Ол танымдық теорияға төңкеріс әкелген. Қайтіп? Оған дейін Еуропа ғалымдары «сана бар болғаны – бар заттардың айнадағыдай көрінісі (отражениесі)» санаған. Кант: «Жоқ олай емес,  субьект (рух, сана) – үстіңгі, ал обьект (бес сезіммен танылатын заттық әлем) – төменгі нәрсе» деп сана үстемдігін ғылыми негізде дәйектеп береді (Абай іліміне сәйкес, үндес). Кант таным туралы: «Таным процессі жай пайымдау, бейнелеу ғана емес, белсенді әрекет» дей келе, бұ жайлы ой-пайымын: «Танымның негізі – тәжірибе. Тәжірибе дегеніміз – іс-әрекеттердің жиынтығынан пайда болады» деп қорытады («Критика чистого разума» трактаты. Немісшеден аударған Н.Лосский. – Москва, 1994).

Міне, үш танымақ ілімінің соңын Абай неліктен түзу жол, істейтін істер қайсы деген тәжірибелік өріспен сабақтағаны осы айтылған жәйттермен өз түсінігін табады.

Сонымен, үш танымақ концепциясы – иманды болудың мәнісін, жолын түсіндіретін ғылымдық жүйе. Бірақ құрғақ білім, құр ауызбен иман түгел бола алмайды. Абай: «Сен өзің инанмақтығыңнан пайда аламын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алмақты білмек керек» десе, бұл тәжірибені, белсенді іс-әрекетті айтқаны деп қабылдасақ дұрыстық.

Ғылым-білімге жасалған шолудан даналық трактаттың соңғы пайдалы менен залалдыны айырмақлық (яғни қолданбалы пәлсапа) бөліміне өтейік.

Пайданы алмақтың мәнісі – ізгі іс-әрекеттер

Иманды өсірудің негізгі тәсілі – дұрыс, яғни рухани білім аясындағы іс-әрекеттер. Абай: « Әр ісің көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын» дейді. Міне, соңғы «Жақсы менен жаманды айырмақлық» бөлімінің идеялық  өзегі осыған саяды. Негізі, бұл бөлім –  өсиет, нақыл сипатта, яғни түсіну қиынға соқпайды. Сол себепті негізгі тезистерге шағын талдау, тексеріс жасауменен шектелмекпіз.

«Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан, – дейді Абай. – Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында[1] болмақ. Кімге достығың болса, достық достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қастанбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ».

Үзіндідегі «адамның қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек» және «достық достық шақырады» деген маңызды идея. Соңғы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде бұл идеясын кемеңгер «адамзаттың бәрін сүй» деп кең мағынада, дамыта айтады. Достықтың дұшпаны – залымдық, өзгеге қастық ойлау. Өзін артық көрсетпек мақсаты да адамның адамдығын бұзатын, дұшпандық шақыратын мін, теріс мінез екені шүбәсіз.

Нақлияны Абай өрбіте түседі: «Һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан.  Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы  көңілге талап  салады. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп  білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз  біліп  болмайды. Білімсіздік хайуандық  болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық,  кедейлік – бәрі осыдан  шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан  бөлінеді, бір жыртқыш хайуан  қисабына қосылады».

Шіркін, осы айтылған өсиеттер қоғамдық санамызда орнықса қазақ халқы керемет ұлтқа айналары еді-ау. Күллі адам баласын қор қылатын  үш нәрсе бар, олар: надандық, еріншектік, залымдық дейді Абай. Олардан құтылудың емі қайсы? Бұл сауалға ұстаздың жауабы: «Бұлардың емі – Халлақына махаббат, халық, ғаламға шапқат. Қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын  байқарлық білімі, ғылымы  болсын... Ол білім, ғылымы Құдайға мұқтәди[2] болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни Құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады. Сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина[3] қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және Құдай тағала әрнені жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес.  Бәлки, бұларсыз тағат[4] тағат та емес».

Көріп отырмыз, үш мінге де қарсы «антивирус» – Аллаға махаббат,  жаратқандарына рахым қылу, жақсылық жасау екен. Оның үшін адамның алды-артын байқарлық білімі, ғылымы  болсын... Ол білім, ғылымы Құдайға мұқтәди[5] болсын. Тегінде: «Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын» деген даналық өсиет. Бұл жерде ғалами ғылым – илаһи (рухани) ғылым. Дүние ойран болмауға  адамның ғылымы соның шек-шеңберінен шықпасын! Ғылым қуаты, қыруар қаржы да қару-жараққа құйылып, экологиялық апат тақаған қазіргі заманда бұл өсиеттің мәні, маңызы айтпасақ та түсінікті.

Сонымен, пайданы алмақтың мәнісі – «ғаламға шапқат, көпке пайда боларлық» ізгі істер. Кәмәлат жолы осы. Хақ жолы әділетті немесе «толық адам» жолы дегенде Абай, сірә да, осы жолды көрсеткен деген ойдамын.

Енді Абай мұсылмандық бес парызға ойысады. Оның шын мәнін ашып, ғылым-біліммен ұштастыруға. Неге? Себебі, исламда форма қалып, ішкі мәні жоғалуға шақ қалды. Бұл ниет бүлінді деген сөз. «Белгілі, Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф[6] қылмады, – дейді ақылшы ұстаз. – Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар. Біздің ғауам[7] былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһат ләзім[8]. Сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд[9] етіп, ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлламнің[10] хадис шарифі «иннама-л-ағмал, бин-ниет»[11] деген».

Көріп отырмыз,  ислами құндылықтарды ой алыбы Абай рационалды (ақыл) негізде түсіндірген. Төменде ғибадатқа қатысты сөздері – жаңашыл, жәдитшіл ұстанымының айқын дәлелі. Адам болмысы: жан, ақыл және тән. Демек, таным да үш қабатты: үстіңгісі – болмысты жүрекпенен, ортаңғысы – ой-ақылменен, төменгісі – тәнменен (бес сезім арқылы) қабылдау, танып-білу. Құлшылық (намаз, ораза) тән ғана емес, ақыл-ой арқылы атқарылса, сыртқы және ішкі ғибадат үйлеспекші. Мұны Абай былайша ұқтырған:

«Енді ниет еттіңіз – таһарат[12] алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа. Бұл тағаттардағы ниетіңіз заһириында[13] қалып, сыр ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиниыңыз[14] таза болмағы, әуелі – иман болуынан, бұл заһири ғибадатыңыз иманды болған соң ғана парыз болған. Сіздің заһириыңыздағы ғибадат – батиниыңыздағы иманның көлеңкесі һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен[15] нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың[16] ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген. Менің хаупім бар, олар хас[17] осы ғибадат екен, Құдайдың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол (тағат) – ғибадат  күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?».

Сөйтіп, иман өсуіне керегі – пәк ниет, көңілді Хаққа бұру, ақыл-ойды бағыштау («Тәфаккару фиғла Иллаһи» хадисін Абай үш мәрте келтірген). Ақыл-ойды бағыштау мәнісін Абай намазды мысалға ала отырып, тиянақтап түсіндіріп береді: «Ей, ишараттан[18] хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттың бір үлкені – намаз, ол намаздан әуелі таһарат алмақ, онан соң намазға шұруғ[19] қылмақ, ол таһараттың алды истинжа[20] еді. Мұны берік ойлап тұр. Аяғы екі аяққа мәсіхпенен[21] бітуші еді, бұлар һәммасы, болмаса көбі, ишарат еді. Истинжада к...іңізді жуасыз, сіздің к...іңіздің ешкімге керегі жоқ еді. Онымен сезімді тазалыққа иіргендігіңді, кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының[22] соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды[23] да пәк етемін, бұл пәктіктің үстінде Аллаға дұға айтамын  деп  әзірленесіз. ...Онан соң қиямда[24] тұрып қол байламақ – құл қожа алдында тұрмақ – бұқара патша алдында тұрғаннан артық Алланың қадирлігіне[25] өзінің ғажиздығына[26] ықрарының[27] беріктігін  көрсеткен  ишараты. Қыблаға қарамақ – әрине, Құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зияратын[28] парыз еткен орынға жүзін қаратып, «сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен» деген ишараты. Онан соң қира әт[29], яғни сураһи фатиха[30] оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар. Рұқуғ[31] бас ұрмақ – алдында Құдай хазірге ұқсас, ол да – ишарат».

Бақсақ, намаз – ишарат пен сырға толы. Ол рәсім емес, рәсімге айналса, онда адам мен Алла арасында байланыс үзілуі мүмкін. Намазға керегі – шын ниет. Мәселе сонда, күнделікті күллі іс-әрекеттер де Алла разылығы үшін атқарылуға тиісті. Бойдағы мінді азайту мен ой-өрісті өсірудің, Абайша айтсақ, инанмақтығыңнан пайда алудың шарты, міне, осы арада.

Құрметті оқырман, міне, «Тасдиқ» трактаты соңына жеттік. Абай араб-парсы терминдерін әсте жиі қолданған, сондай-ақ: «Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар» деп бастап, соңын: «Жә, бұл сөзден  не  ғибрәтлендік?!» деген сырлы сауалмен тәмамдаған. Бұлар да трактат берісі мұсылман әлемі, әрі бүкіл адамзат нәсіліне арналғанының белгісі есепті. Данышпанға өз еңбегінің құндылығы, оның мәңгілік ескерткіш екендігі аян болғаны хақ.

Қорытынды: Шүбәсіз, қазақтың Абайы – әлем ойының алыбы. Оған, әсіресе,  «Тасдиқ» трактаты айқын дәлел. Ешкімнің тісі батпаған күрделі еңбектің түңлігін түріп, тәпсірлесем, терең талдасам деген көптен көкейімді тескен шаруам, Құдая тәубе, міне, іске асты. Қайталанбас трактат жасырған ғаламдық сыр бес мақалаға жүк болды. Оларды жариялаған abai.kz. порталы редакциясына айтар алғысым шексіз! Қате, артық кеткен, кем соққан тұстары үшін кешірім өтінемін. Хакімнің киелі мұрасы, ерте ме, кеш пе, жер-жаһанға таралмақ, мәңгілікке жол тартпақ, лайықты бағасын да алмақ. Оған сеніміміз кәміл. Трактатқа төл атауын қайтару керек. Ең маңыздысы – оны іргетас деп қабылдап, үстіне Абай әлемінің сәулетті, зәулім сарайын тұрғызу. Осынау ғылыми жұмысқа ат салысып, үлес қосуға асығайық, абайтанушы әріптестер!

Асан Омаров,  абайтанушы.

[1] Мақам (арабша) – орын, көңіл, ықылас.

[3] Бина (арабша) – негіз, тірек.

[4] Тағат (арабша) – Құдайға денемен құлшылық қылу.

[5] Мұқтәди (арабша) – үйлесімді, бағынышты.

[6] Тәклиф (арабша) – бұйыру, қыл, істе деу.

[7] Ғауам (арабша) – көпшілік халық.

[8] Ижтиһат ләзім (арабша) – талап ету керек, көңілмен еңбек ету керек.

[9] Қасд (арабша) – ниет, арнау, бағыштау.

[10] Салаллаһу ғалайһи уәссәллам (арабша) – Алланың сәлемі мен рахметі болсын.

[11] Иннама-л-ағмал, бин-ниет (арабша) – іс істеу үшін алдымен ниет керек.

[12] Таһарат (арабша) – тазалық, намаз алдындағы жуыну.

[13] Заһири (арабша) – сыртқы, сырттай.

[14] Батини (арабша) – ішкі сарай, дүниенің көрінбейтін жағы.

[15] Тағат (арабша) – тәнменен қылған құлшылық, бұл жерде намаз оқу деген мағынада.

[16] Ғибадат – сезіммен, жан-тәніңмен Құдайға табыну, құлшылық қылу.

[17] Хас (арабша) – бұл жерде нағыз, лайықты деген мағынада.

[18] Ишарат (арабша) – нұсқау, сілтеу, көрсету.

[19] Шұруғ (арабша) – бастау, кірісу.

[20] Истинжа (арабша) – жуыну, тазалану, дәрет алу.

[21] Мәсіх (арабша) – дәрет алғаннан кейін мәсінің үстінен сулы қолмен сипау.

[22] Саф (арабша) – таза, шынайы.

[23] Ағзалар (арабша) – дене мүшелері.

[24] Қиям (арабша) – намаз оқығанда түрегеп тұру.

[25] Қадир (арабша) – құдіретті, күшті, қадірлі.

[26] Ғажиз (арабша) – әлсіздік, дәрменсіздік.

[27] Ықрар – мойынсұну, түсіну.

[28] Зиярат – тағзым ететін орын, бұл жерде Мекке, Мәдина деген мағынада.

[29] Қира әт (арабша) – оқу.

[30] Сураһи фатиха (арабша) – фатиха сүресі.

[31] Рұқуғ (арабша) – намаз оқығанда тізеге қол қойып еңкею, тізе бүгу.

Abai.kz

0 пікір