Дүйсенбі, 31 Тамыз 2026
Ой түрткі 206 0 пікір 31 Тамыз, 2026 сағат 13:13

Күту...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Кеше бір досым телефон соқты... Анау-мынау әңгіме..

– Мына интернеттегі депутаттар жайлы неге жазбайсың? – деді.

– Не хочу..

– Неге?

– Они скучные..

– Онда не жазасың?

– Кез келген... Хочешь, күту туралы жазамын..

– Ол сонда не болады?

– Білмеймін. 

Күту...

Күту... Тосу... Адам өмірінде жиі кездесетін сәт. Ең бір азапты да ғажап кезең. Күту.. Ол уақыттың өлшемі емес, ол жаныңның,  жүрегіңнің, ойыңның,  миыңның, көзіңнің, көңіліңнің елеңдеуі, күтуі, дегбірсізденуі, тосуы... Бұл сәт, осы кезең – пенденің ең бір адами сәтке, биіктікке, шыңға, заңғарға, көк жүзіне көтерілуі, қалықтауы, ұшуы, өсуі. Қандай ғажап шақ?!

Күту – бұл тек Адами қасиет. Қазір Жасанды интеллект заманы келді. Алайда онда сүю, ұялу, күту болмайды. Сондықтан ол – Жасанды...

Күту жайлы жақсы өлеңдер жетерлік. Дей тұрғанмен, мына екі жолға көңіл аударсаңыз:

..Жаңбыр жауса тырсылынан оянам,
Іздеп келіп есік қаққан Сен бе деп..

Иә, иә... Бұл газеттен түспейтін Маралтай емес... Бұл – Ұлықбек Есдәулетов!

Қандай образ, қандай сурет?.. Қолшатырын алуды да ұмытқан арудың су-су болып бетінен, мұрнынан, маңдайынан, қасынан, шашынан тамған жауын... Күздің салқын желі мен жаңбырына қарамай алып-ұшқан талдырмаштың саған деген махаббатын, назын, өзім деген еркелеген, өктемсіген әдемі қылығынан, артық айтқан сөзінен, албырт сәтін, сол үшін сен шалт еткенде үнсіз қалып, сәл ойланып, сен өкпелеп кеткенде, қайта оралмас, енді келмес жандай болып қайырылмай кеткенде, артыңнан келген, іздеген арудың өзі емес пе?

Сәл-сәл дірілдеген, әлде үрей, әлде күзгі салқын ба бүлдірген еріні қызарып, екі беті бал-бұл жанған дәл осы кезде есіктің қағылуы – қандай симфония?.. Әлемдегі тыныштықты ұрлаған дыбыс... Дүрс... дүрс... Тұра сенің... Жо-жоқ, мына арудың жүрегінің дүрсілі дерсің... Дүрс... дүрс... Жаңбырдың тырсылы емес... Ұлықбектің оянғаны, ұялғаны... Өйткені ақын ұйықтамас... Ол ояу... Оның жаны да, жүрегі де, санасы да ояу... Ақын музасын күтерде ояу болады дүр...

Болмаса Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселімдегі» Әселдің сөзін қарасаңыз: «Сені күтумен болған күндерімде есеп жоқ...» Өкініш пен шарасыздық... Күту... Жақыныңның... Жалғызыңның саған келмеуі.. Сенің тосуың... Іздеуің... Сарғаюың...

Қазақ поэзиясындағы шоң ақындардың бірі Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген ғажап өлеңі бар. Ана да, бала да, жар да бір адамды - соғыстан келер солдатты күтеді... Сарыала сағыныш... Бұл Сырағамыздың соғыс жайлы жазған реквиемы... Соғыс – жеңіс емес... Ол – марш емес... Ол – қасірет... Ұлы Мәуленов осы үлкен трагедияны күтумен суреттеген...

Жалтаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып Ана жүр..

Бұл – Ана сағынышы... Күтуі... Аңсауы... Әлемдегі ең ұлы махаббат – бұл Ана махаббаты... Бұдан артық ештеңе болған емес... Болмайды да... Сырағаның сөз басында тіпті, дала да көз жасын сүртіп тұрғаны... Беу деңіз... Дала да көз жасына ерік берген... Бұл – Айтматовтың Толғанайы ғана емес, барша қазақ-қырғыз аналарының бейнесі... Алтынбек Қоразбаевтың екі ұлын күте-күте өмірден өткен Қара кемпірі ғана емес... Бұл – Ұлы Ананың махаббаты...

Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.

Міне, күту... Үнсіз ғана тосу... Сағына, сарғая жолға қарау... Елеңдеу... Нағыз қазақ аруының бейнесі... Іштегі өртеңген сезімін де, махаббатын да көрсетуге именген келіншек... Самайына түскен ақ шашын орамалының астына тыққан қазақ әйелі... Бұл ағарған шаш күтуден болар... Шаршаса да шалдықпаған... Қиналса да құламаған... Жыласа да көз жасын баласына көрсетпеген... Күтудің құмынан құрышқа айналған Арудың бейнесі осы шығар...

Баяғыда әкем қайтыс болған соң, мен папамды талайға дейін күтумен болдым... Әсіресе, айнаның алдындағы ұстарасы, сабыны, шкафтағы көйлегі, бәрі-бәрі баяғыдай көрінетін... Папам сыртқа шығып кетіп, қайта келердей болатын... Бұл да – күту... Тосу... Іздеу.. Иісін сағыну...

«Қыз Жібек» фильміндегі Қыз Жібектің Төлегенді тосуы, күтуі керемет көрсетілген... Ару Жібек үстінде қызғылт камзол, басында қызыл бөрік, киіз үйдің сыртында елеңдеген... Елегізген Төлегенін күткен... Тіпті, Айша бибіге зиярат еткен... Алға басқан аяғы кейін кетіп сүрінген...

Күту – арудың ісі... Ары бар сұлудың адымы... Күту – тек Онымен тілдесу емес... Ол – өзіңмен сөйлесу... Сырласу... Бұл сәт – пенденің Ұлы адамға ұласқан сәті... Жаныңның ғарышқа ұшқан кезі... Жымыңдаған көп жұлдызға сенің де келіп қосылғаның...

Генрих Ибсеннің «Пер Гюнт» драмасындағы Сольвейгтің сағынышы...Бұл тіпті ерен... Өмір бойы махаббатын күтуі... Қандай шедевр!

Адам өмір бойы біреуді іздеуі мүмкін. Ал кейде оның бақыты — бір адамның Сені күткенінде... Тосуында... Іздеуінде... Көшеден емес, көңілінен іздеуінде... Иә, солай... Бұрыннан солай... Тек біз осы жайлы ойлаған жоқпыз...

...Сонау бала кезде сенің туфлиіңнің өкшесі дүк-дүк етіп класқа кіруіңді күту... Елегізу... Тосу... Болмаса сонау көшеден ақ көйлегің ағараңдап көрінгенде... Күту... Нағыз бақыт екенін... Енді ғана ұққанымды... Білгенімді... Түсінгенімді... Кімге айтарымды білмесем қайтем?!

Съемкадан шаршап келіп, Күту жайлы жазғаным мен қазғаным...

Талғат Теменов

Abai.kz

0 пікір