Жұма, 11 Қыркүйек 2026
Білгенге маржан 296 0 пікір 11 Қыркүйек, 2026 сағат 13:58

КСРО билігі ұлы ғалымды қалай өлтірді?

Сурет: poisknews.ru сайтынан алынды.

Өткен ғасырдың 20-жылдарының соңында генетика мемлекеттік маңызы бар стратегиялық салаға айналды. Мемлекет тарапынан бұл жас әрі әлі толық зерттеле қоймаған ғылымға үлкен үміт артылды: селекцияны дамыту арқылы бүкіл елді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүктелді. Ал қарсыластары керісінше, бұл ғылымды «ауыл шаруашылығының дамуына әдейі кедергі келтіріп отыр» деп айыптады.

Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) тұңғыш президенті Николай Вавилов саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дарынды ғалымның айқын бейнесіне әрі өзі ашқан жаңалықтардың құрбанына айналды. Академиктің өлім жазасы кейіннен 20 жылдық түрме мерзіміне ауыстырылғанымен, ол аман қала алмады. Елді аштықтан алып шығамын деген адамға қандай айып тағылды?

Ғылымға келген жол

Болашақ ғалым ірі өндірістік компания иесі — ауқатты саудагердің отбасында дүниеге келген. Үйде Николай мен оның інісі Сергейдің (кейіннен КСРО Ғылым академиясының президенті болған белгілі физик) жеке химиялық зертханасы болды. Айтпақшы, сәтсіз жасалған эксперименттердің бірінде Николай көзін жарақаттап алып, осының арқасында кейін әскери қызметтен босатылған еді. Әкесінің географиялық карталар, атластар, энциклопедиялар мен гербарийлерге толы бай кітапханасы баланың өмірлік жолын таңдауына үлкен әсер етті.

Вавилов Императорлық коммерциялық училищеде білім алғаннан кейін биолог болуды шешіп, Мәскеу ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне түседі. Онда әлемдік деңгейдегі профессорлар, соның ішінде Вавиловтың сүйікті ұстазы, ауылшаруашылық химиясы кафедрасының меңгерушісі Дмитрий Прянишников сабақ берді. Кейіннен Прянишников Вавиловты Ғылым академиясына мүшелікке ұсына отырып: «Николай Иванович – данышпан, біз мұны өзіміздің замандасымыз болғандықтан ғана толық түсіне алмай жүрміз», — деп жазған еді.

1917 жылы Вавилов генетика, селекция және жеке егіншілік кафедрасын басқарды. Оның сол жылдары жинақтаған ғылыми тәжірибесін генетиктер күні бүгінге дейін қолданып келеді.

Төңкеріс жылдарында да ғалым шетелдерге жиі шығып, инновациялық генетикалық зертханаларды аралады, өсімдік шаруашылығы саласындағы әлемдік үздік ғалымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп, зерттеулер жүргізді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Персиядағы орыс әскерлерінің арасында белгісіз ауру тарағанда, Вавилов кеңесші ретінде шақырылды. Ол жергілікті ұнның құрамындағы саңырауқұлақтан болатын улану себебін дәл анықтап, мыңдаған сарбаздың өмірін аман алып қалды.

Саратов университетінің профессоры атанған ол Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де ғылыми жұмысын қарқынды жалғастырды. Генетик елуден астам елді аралап, ондаған экспедиция ұйымдастырды және өсімдік тұқымдарының баға жетпес әлемдік коллекциясын жинақтады. Оның ашқан жаңалықтары мен әдістерін бүгінгі селекционерлер жабайы өсімдіктердің генін табу және жаңа сорттарды шығару үшін әлі де пайдаланады.

Лысенкомен текетірес және «агрономиялық авантюра»

1934 жылы Вавиловқа шетелге шығуға тыйым салынды. Кеңес билігі генетиктен озық селекциялық әдістер арқылы елдегі аштық мәселесін дереу шешіп, егістік алқаптарының өнімділігін рекордтық мерзімде арттыруды талап етті.

Осы тұста Вавиловтың басты қарсыласы — Трофим Лысенко сахнаға шықты. Кезінде оны ғылым әлеміне байқап, жолын ашқандардың бірі Вавиловтың өзі болатын. Екі ғалымның арасында «яровизация» (тұқымды себер алдында салқындату арқылы өнімділікті арттыру) әдісі төңірегінде үлкен пікірталас туды.

Николай Вавилов бұл әдісті өндіріске енгізбес бұрын мұқият зерттеп, ұзақ жылдар бойы эксперименттік сынақтан өткізу қажеттігін дәлелдеді. Ал Трофим Лысенко керісінше, яровизацияны өнімділікті тез арада арттырудың әмбебап әдісі ретінде ұсынып, тез нәтижеге уәде берді. Елдегі азық-түлік тапшылығын тез арада шешуге асыққан Сталин Лысенконың бұл идеясын қолдады.

Дегенмен, жаппай жүргізілген яровизация эксперименті сәтсіздікке ұшырады: егіннің басым бөлігі үсіп, өнімділік одан бетер төмендеп кетті. Соған қарамастан, Сталин Лысенкоға деген сенімін жоғалтпады. Себебі Лысенко билікке жағымды сөз айтып, төзімді сорттарды шығару үшін «тағы бірнеше жыл қажет» деп уақыт созды. Вавилов болса, қарсыласы сияқты ел басшылығына бос уәде беріп, өтірік айтудан бас тартты.

Нәтижесінде, генетиканы «буржуазиялық жалған ғылым» деп жариялап, Селекция институтын басқарған Лысенконың ықпалы артты. 1935 жылы колхозшылардың съезінде Лысенко: «Кулак-диверсанттар тек колхоздарда емес, академиктердің арасында да отыр», — деп мәлімдеді. Бұл ғылым өкілдерін таптық жау ретінде көрсетудің басы еді.

1936 жылдан бастап Лысенко Вавилов пен оның шәкірттерін ашық айыптай бастады. Оның пікірінше, генетиктер жоғары өнімді сорттардың шығуына әдейі кедергі жасаған. Лысенко сонымен қатар тұқым қуалаушылықты түсіндіретін Мендель заңдылықтарын толығымен жоққа шығарды.

Ол Вавиловты «вейсманшыл-морганист» деп айыптады. Сол кезеңде мұндай саяси таңба басылған адамның өзін қорғауы мүмкін емес еді. Вавилов пен оның әріптестері ғылыми пікірталас жүргізуге тырысқанымен, қарсыластары оларға тек саяси саботаж деген айып тақты. Бірнеше жыл бойы баспасөзде Вавиловты «буржуазияшыл ғалым» ретінде қаралау науқаны жүрді.

Тұтқындау, сот және соңғы күндері

1940 жылдың тамызында Николай Вавилов контрреволюциялық әрекет жасады, яғни саботаж, отанға опасыздық, диверсия, «жаушыл теорияларды» насихаттау және «Британия барлау қызметіне жұмыс істеу» деген айыптармен тұтқынға алынды.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, 1941 жылдың 9 шілдесінде өткен әскери трибуналдың соты бірнеше минутқа ғана созылып, ұлы ғалым өлім жазасына кесілді.

Алайда, үкімді орындау кейінге қалдырылып, кейіннен 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. 1941 жылдың күзінде неміс әскерлері Мәскеуге жақындағанда, түрмедегі тұтқындар елдің ішкі өңірлеріне эвакуацияланды.

Вавилов Саратов түрмесіне жіберіліп, онда бір жарым жылдай отырды. Түрмедегі жағдай өте ауыр еді. Ғалым дизентерия мен өкпе қабынуымен (пневмония) ауырды. Сталинград шайқасы қызып жатқан кезеңде тұтқындардың тағдырына ешкім көңіл бөлмеді. Вавиловты серуенге шығару тоқтатылып, аштықтан аман алып қалатын сырттан берілетін сәлемдемелерді алуға тыйым салынды.

Салдарынан, әлемді тамақтандырудың ғылыми негізін қалаған ұлы генетик, өсімдік селекционері Николай Вавилов ауыр аштықтан денесі ісіп, түрме ауруханасына түсті.

Ғалым 1943 жылы 26 қаңтарда Саратов түрмесінде аштықтан көз жұмды. Өлімінің ресми себебі ретінде «жүрек қызметінің тоқтауы» көрсетілді. Оның сүйегі аты-жөні жазылмаған бауырластар зиратына жерленді.

Сталин қайтыс болғаннан кейін, 1955 жылы КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы Вавиловқа қатысты істі қайта қарап, оның ойдан шығарылғанын және жалған екенін мойындады. Ұлы ғалым Николай Вавилов толықтай ақталды.

Керімсал Жұбатқанов,

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1088
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2637
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 761
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 728