Сейсенбі, 15 Қыркүйек 2026
Жөн-ақ 274 0 пікір 15 Қыркүйек, 2026 сағат 13:33

Қазақстанға екінші Екібастұз керек пе, әлде?..

Сурет: world-grain.com сайтынан алынды.

Әлде бұдан да ауқымды индустриялық-аграрлық кластер ме?

Елдің инвестициялық саясатындағы жаңа кезең сыртқы капиталды жай ғана тартудан сапалы экономикалық өсу нүктелерін өзіміз қалыптастыруға көшуді талап етеді.

Үкімет алдында негізгі капиталға салынатын инвестициялар үлесін ЖІӨ-нің 24%-ына жеткізу және кемінде 150 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тарту міндеті тұр. Алайда мәселе қаражат көлемінде емес, оның қай салаға бағытталатынында болып отыр. Шикізат экспорты мен технологиялық тәуелділікті сақтап қалатын ескі модель өз дәуірін өтеді. Осы орайда экономиканың құрылымын түбегейлі өзгерте алатын кең ауқымды зәкірлік жобалардың бірі – Торғай индустрия-аграрлық белдеуін құру бастамасы ерекше өзектілікке ие болып табылады.

Шикізат моделінен терең өңдеуге өту

Қазақстанның инвестициялық басқару жүйесі үш деңгейлі вертикальға көшірілгенімен, институционалдық архитектураның өзі жеткіліксіз болып қалуда. Инвесторларды іздеумен қатар, халықаралық ірі капиталдың назарын аудара алатын ауқымды мегажобаларды ұсына білу маңызды екендігі де дау тудырмайды. Энергетика, атом өнеркәсібі, мұнай-газ химиясы, көлік және логистика, металлургия мен сындарлы пайдалы қазбалар экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін басым бағыттар ретінде айқындалған еді.

Осы бағыттардың түйіскен тұсында өндірістік-технологиялық, энергетикалық және ауыл шаруашылығы міндеттерін кешенді түрде шешетін бірегей аймақ – Торғай қоңыр көмір бассейні көзге түседі.

Торғай бассейні: Энергетика мен жаңа технологиялар түйіскен жер

Жалпы қоры 61,9 миллиард тоннаны құрайтын Торғай қоңыр көмір алабы (оның ішінде ашық әдіспен өндіруге болатын 7,1 миллиард тоннасы бар) елдегі әлеуеті аса жоғары, бірақ әзірге әлсіз игерілген ресурс көзі болып табылады. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қарағанды бассейнінің қоры 42 миллиард тонна, ал Екібастұздікі 9,7 миллиард тоннаға бағаланады.

Бұл аймақтың ерекшелігі тек көмір көлемімен шектелмейді:

-Көмірді газдандыру (CCGT технологиясы): Қытай тәжірибесі көрсетіп отырғандай, көмір қабаттарынан синтетикалық газ өндіру технологиясы (CCGT) экооррта мен энергетикалық қауіпсіздікке оң әсерін тигізеді. 2030 жылға қарай Қытай бұл көрсеткішті жыл сайын 28 миллиард текше метрге жеткізуді жоспарлап отыр.

-Сирек және сирек жер элементтері: Қоңыр көмір құрамында титан (тонына 15–17 кг), германий (0,5–10 кг), сондай-ақ литий сияқты маңызды компоненттердің жоғары шоғырлануы анықталған. 1000 МВт қуат беретін станция үшін титан мен германийді өндіру әлеуеті жылына 400 тоннадан асады.

Инфраструктуралық тежеуші фактор және оны шешу жолдары

Торғайды игеруге бұрын неге қолымыз жетпеді? Басты кедергі – су ресурстарының тапшылығы болып саналды. Торғай өзенінің жылдық ағыны (шамамен 200 миллион текше метр, оның 90%-ы көктемге тиесілі) ірі энергетикалық кешенді сумен қамти алмайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Екібастұз ГРЭС-тері жылына 90–100 миллион текше метр су тұтынады.

Бұл мәселені шешудің тарихи әрі инженерлік жолы бұрыннан бар. Белгілі ғалым Ш. Шөкин ұсынған Есіл өзенінен Торғайға дейін ұзындығы 40 шақырымдық арна тартып, Есіл контррегуляторының (Бұзулық су қоймасы) сыйымдылығын 1,5 миллиард текше метрге жеткізу жобасы бұл түйінді тарқата алады. Мұндай гидротехникалық жүйе энергетикалық кешенді сумен қамтып қана қоймай, 1,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқабын суаруға жол ашады.

Торғай индустрия-аграрлық белдеуі: Жаңа буындағы кластер

Екібастұз өткен ғасырда елдің энергетикалық тірегі болса, жаңа Торғай ескі модельді көшірмей, заманауи экологиялық және технологиялық талаптарға сай көп салалы өнеркәсіптік-аграрлық кластер ретінде қалыптасуға тиіс. Бұл жоба мынадай өзара байланысты тізбектерді қамтиды:

1.Қоңыр көмірді ашық әдіспен өндіру және электр энергиясын өндіру (1000 МВт ЖЭС).

2.Көмірді газдандыру арқылы синтетикалық газ алу және көміртекті ұстау (CCUS) технологиялары.

3.Титан, германий, литий және басқа да критиматериалдарды кешенді түрде өндіру.

4.Бұзулық су қоймасын кеңейту арқылы ирригациялық жүйені дамыту және заманауи агроөнеркәсіптік кешенді құру.

5.Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен қарқынды дамып келе жатқан Астана агломерациясын бірыңғай энергетикалық және логистикалық жүйемен қамту.

Сөз түйіні: Жалпы құны 15 миллиард доллардан асатын бұл кешенді инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру үшін алдымен Құсмұрын, Егінсай және Орловка кен орындарының геологиясы мен технологиялық тиімділігіне жан-жақты зерттеу жүргізу қажет.

Инвесторларға тек салықтық жеңілдіктерді ұсыну жеткіліксіз – мемлекет дайын экономикалық экосистеманы (ресурстар, энергия, су, логистика, технология және қайтару моделі) ұсына алуы тиіс. Торғай жобасы тек бір өңірдің мәселесі емес, бұл жаңа Инвестициялық саясат тұжырымдамасының шынайы тиімділігін көрсететін басты сынақ. Егер мемлекет әлсіз игерілген аймақты жоғары технологиялық индустриялық-аграрлық кластерге айналдыра алса, бұл Қазақстанның өз экономикалық өсу нүктелерін дербес қалыптастыра алатынының жарқын көрінісі болмақ.

Фархад Қуанғанов,

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі, Сәтбаев университеті Мәталлургия және кен байыту институты Директорлар кеңесінің төрағасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1225
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2753
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 879
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 833