Әлемде соғыс. БҰҰ жоғалған сенімді қайтара ала ма?
БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңы – әлемдік саясат пен тәртіпті талқылайтын басты саяси диалог алаңы екені әмбеге аян. Қырүйектің алғашқы онкүндігінде жұмысын бастаған Бас Ассамблея,а әлемнің түкпір-түкпірінен мемлекет басшылары ағылып барып, алқа-қотан жиын өткізу дәстүрі де әлі сақталған.
81-ші сессиядағы алқа-мінбер жұмысы бүгіннен басталады. Бір апта бойы БҰҰ мінберінен әлем лидерлері әлемге қарата өз үндеулері айтып, ұлттарды ұйыстыруға арналған ұсыныстарын ашық жолдайды.
БҰҰ-НЫҢ КИЕЛІ МИССИЯСЫ
Биылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының бас тақырыбы – «Сенімді қалпына келтіру, өзгерістерді басқару: Баршаның игілігі үшін жұмыс істейтін Біріккен Ұлттар Ұйымы» деп аталыпты.
Расында, бұл тақырып тап қазір өте-мөте өзекті. Өйткені, дүние дүрлігіп, әлем астаң-кестең болып жатқан қазіргідей қақтығыстар кезеңінде әлемді тәртіпке шақыруы тиіс бірден-бір баламасыз ұйым өзінің қауқарсыздығын көрсетті. Жаһанға жылдам жайылып жатқан мемлекеттер арасындағы соғыста – БҰҰ бірлі-жарым қарар қабылдап, айыптау актілерін шығарумен шектелді. Нақты іс те, батыл ұсыныс та болған жоқ. Сәйкесінше, БҰҰ міндетін үшінші елдер өз мойнына алып, жауласушы тараптарға арағайындық жасауға тырысты. Украина-Ресей соғысында арашаға жарамады. Израиль-Иран, Иран-АҚШ соғысында ауыз ашып, алаң ұсына алмады. Таяу Шығыстағы қақтығыстарда, Тынық мұхиты төңірегіндегі эскалацияларда, Африка құрлығындағы қарулы қақтығыстарда БҰҰ өзінің шарасыздығын көрсетті.
Ал бастауы сонау 1945 жылдан басталатын БҰҰ – әлемді тәртіпке шақырып қана қоймай, сол тәртіптің сақталуын қадағалайтын, мемлекеттерді даумен емес, диалогпен байланыстыратын әлемде теңі жоқ бірден-бір халықаралық ұйым емес пе еді? Анығы – БҰҰ –ның киелі миссиясы да осы еді.
Бас Ассамиблеясы бір басқа, Қауіпсіздік Кеңесі және бар. Халықаралық Соты тағы күш. Секретариаты мен өзге де құрылымдары БҰҰ-ға зор мүмкіндіктер беретін құқыққа, құзыретке ие еді. Бейбітшілк пен қауіпсіздік, адам құқығы мен халықаралық құқық, гуманитарлық миссиялар мен тұрақты бейбітшілік басқа алаңдарда емес, тап осы БҰҰ алаңында шешімін табуы тиіс-тін.
Өкінішке орай, халықаралық құқық тәртібі – «күш аты диірмен тартады» дейтін агрессивті тәртіпке ұласып кеткенде, БҰҰ-ның шешімгерлігіне жоғарыда айтылған сенім де сейіле бастағаны жасырын емес.
Мұны БҰҰ-ның басшы-қосшылары да мойындайды. Мойындаған соң да, биылғы тақырыпты «сенімді қалпына келтіру» деп қойыпты.
Шындығында – БҰҰ-ға ауқымды реформалар керек. Мұны әлем көшбасшылары айтудай-ақ айтып келеді. Қараңыз:

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.
ҚАЗАҚСТАН: БҰҰ –ҒА БАЛАМА ЖОҚ. БІРАҚ ОНЫ РЕФОРМАЛАУ КЕРЕК!
Қазақстанның БҰҰ-ға қатысты ұстанымы осындай. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше кезек айтты. Жария түрде. Мақала да жазды. Сондағы айтқаны:
2025 жылдың мамырында: «Біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те, оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға бейімделуі қажет. Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. 80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды», - деді.
Ал арада көп өтпей, 2025 жылдың қыркүйегінде, БҰҰ-ның мерейтойлық жиынында: «Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз орны бола беруі тиіс деп санайды. БҰҰ-ны, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді», - деді.

Сурет: trtrussian.com сайтынан алынды.
ТҮРКИЯ: ӘЛЕМ БЕСЕУДЕН ҮЛКЕН!
Түркия президенті Ердоған «Bloomberg» басылымына арналған мақаласында БҰҰ-ға ауқымды реформа жүргізуді ұсынды. Ол Қауіпсіздік Кеңесіндегі вето құқығынан бас тартуды, тұрақты мүшелік институтын жоюды және Бас Ассамблеяның өкілеттіктерін күшейтуді шақырды.
Оның айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесіндегі артықшылыққа ие мүшелердің санын жай ғана көбейту өкілеттіктердің шектеулі мемлекеттер тобының қолында шоғырлану мәселесін шешпейді. Түрік лидері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін жасақтау принципін өзгертуді де жақтады. Ол онда тұрақты мүшелер болмауы тиіс екенін, ал елдер Бас Ассамблея арқылы белгілі бір мерзімге және ротациялық негізде сайлануы керектігін атап өтті.
«Осы тұрғыда біздің «Әлем бесеуден үлкен» деген үндеуіміз — жауапкершілікті кеңірек түсіну. Реформа жүргізу қажеттілігін енді нақты жол картасына айналдыру өте маңызды», - деді Ердоған.

Сурет: rbc.ua сайтынан алынды.
Президент дипломатиялық мүмкіндіктері, экономикалық ресурстары және әртүрлі тараптармен байланыс орнату қабілеті бар елдер бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуда белсендірек рөл атқаруы тиіс екенін баса айтты.
Айта кетейік, БҰҰ-ның дәрменсіздігін қатал сынаған жалғыз Тоқаев пен Ердоған емес. АҚШ президенті Дональд Трамп та БҰҰ-ны реформалау керектігін бірнеше мәрте айтқан...
Ал бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірталас мінберінен Бразилия, АҚШ, Түркия және Франция президенттері, Иордания королі және Катар әмірі сөз сөйлейді.
Қазақстан президенті Тоқаев биыл Бас Ассамблеядан сөйлемейді. Қазақстан делегациясын ҚР СІМ бастығы Мұхтар Тілеуберді бастап бармақ...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz