Сенбі, 3 Қазан 2026
Жаңалықтар 372 0 пікір 1 Қазан, 2026 сағат 17:30

Сот істі толық және объективті қарау үшін әділ шешім қабылдады

Коллаж: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот тергеуі қайта басталды...

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 23 жастағы жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуанның қайғылы қазасына байланысты козғалған қылмыстық іс бойынша сот тергеуі қайта жанданды.

Сот процесі өз мәресіне таяп, айыпталушы Сәуле Жұбаниязова соңғы сөзін айтуы тиіс еді. Алайда отырыс барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхат түсірді.

Бұл шешімге қайғылы жағдай орын алған тұрғын үйдің құрылыс салушысы (застройщик) үстінен жүргізіліп жатқан істегі жаңа мән-жайлар себеп болып отыр. Өткен аптада құрылыс салушы компанияға қатысты тергеу амалдарының қайта жанданғаны белгілі болған еді. Қорғаушының пайымдауынша, ол іс бойынша шығарылатын шешім Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істің барысына тікелей ықпал етуі мүмкін.

«Тергеу судьясының шағымды қарау нәтижесі қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайын және әрекеті немесе әрекетсіздігі бұл қылмыстық іс шеңберінде бағалануға тиіс тұлғалардың толық шеңберін анықтау үшін тікелей маңызды болып табылады», — деп атап өтті адвокат Нұрсұлтан Орынбеков.

Осыған орай, жәбірленуші тарап соттан тергеу сотының қаулысын алдырып, сот тергеуін қайта бастауды сұрады. Айыпталушының адвокаты Алтынбек Тәңкібаев та бұл өтінішхатты толықтай қолдады.

Сот алдағы отырыстарда істің жаңа мән-жайларын ескере отырып, процесті әрі қарай жалғастыратын болады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 523
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 779