Алматыда жоғалған Корея азаматы іздестіріліп жатыр
Алматы тауларында жоғалған Оңтүстік Корея азаматын іздеу жұмыстарының жүріп жатқанына дерлік бір апта болды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
«Құтқарушылар Корея Республикасының азаматын іздеу шеңберінде таулы аймақты тексеруді жалғастыруда. Жұмыстар рельефтің күрделілігі, аумақтың ауқымдылығы және биіктіктің кенет ауытқуы жағдайында жүргізіліп жатыр. Өтуі қиын учаскелерге, тау баурайларына, сай-салаларға және жүріп-тұру күрделі басқа да орындарға ерекше назар аударылуда», — деп хабарлайды Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ күштері мен құралдары, 88-ге жуық ерікті, 10 техника, 3 кинологиялық есеп және 7 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.
«Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жұмылдырылған күштер мен құралдар таулы учаскелерді кезең-кезеңімен тексеріп жатыр. Іздестіру-құтқару операциясының барысы ТЖМ-нің тұрақты бақылауында», — деп толықтырды министрліктегілер.
Еске сала кетейік, 1953 жылы туған Оңтүстік Корея азаматының жоғалғаны туралы ақпарат құтқарушыларға 29 қыркүйекте түскен болатын.
Abai.kz