Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3516 0 пікір 6 Қараша, 2009 сағат 07:22

ТІЛ БОДАНДЫҚ ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕ

"ҚАЗАҚ ТІЛІ" КЕРЕК ДЕСЕҢІЗДЕР, ТЕК ҚАЗАҚҚА ҒАНА ЕМЕС, ҚАЗАҚСТАНДЫ МЕКЕНДЕП ОТЫРҒАН БҮКІЛ ЖҰРТҚА КЕРЕК. ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРМАСА, ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ ТҰРМЫСЫ ҚАЛАЙ ОҢАЛСЫН"

Асылы ОСМАН,

қоғам қайраткері.

ТІЛ  БОДАНДЫҚ ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІК  КЕЗЕҢІНДЕ

Тәуелсіздікке дейін - ана тіліміздің жағдайы аянышты еді. М.Шаханов ағамыз айтса-айтқандай жұрт қатарлы «көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ» болатын: тегін медициналық көмек пен тегін жоғары білім алу құқығы, сонымен қатар қызметке тұруда «бай» баласы» мен «жарлы» баласының тең құқығы шын мәнінде болғанын ешкім жоққа шығармас. Халық жұмыссыздықты білмеген, еңбекақыны уақытылы алып тұрған-ды. Еңбек қауіпсіздігі қорғалып, кезекті демалыста жұрт ұшақпен қыдыруға қалтасы көтеретін...

"ҚАЗАҚ ТІЛІ" КЕРЕК ДЕСЕҢІЗДЕР, ТЕК ҚАЗАҚҚА ҒАНА ЕМЕС, ҚАЗАҚСТАНДЫ МЕКЕНДЕП ОТЫРҒАН БҮКІЛ ЖҰРТҚА КЕРЕК. ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРМАСА, ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ ТҰРМЫСЫ ҚАЛАЙ ОҢАЛСЫН"

Асылы ОСМАН,

қоғам қайраткері.

ТІЛ  БОДАНДЫҚ ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІК  КЕЗЕҢІНДЕ

Тәуелсіздікке дейін - ана тіліміздің жағдайы аянышты еді. М.Шаханов ағамыз айтса-айтқандай жұрт қатарлы «көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ» болатын: тегін медициналық көмек пен тегін жоғары білім алу құқығы, сонымен қатар қызметке тұруда «бай» баласы» мен «жарлы» баласының тең құқығы шын мәнінде болғанын ешкім жоққа шығармас. Халық жұмыссыздықты білмеген, еңбекақыны уақытылы алып тұрған-ды. Еңбек қауіпсіздігі қорғалып, кезекті демалыста жұрт ұшақпен қыдыруға қалтасы көтеретін...

Тілімізді түлету үшін біз осындай игіліктерден бас тартқан халықпыз. Сол социализм уақытында облыс орталықтарында қазақ тіліндегі білім беретін бір мектеп-интернат қана болатын. Тіпті, бір миллион халқы бар Алматының 22 пайыз қазағына (шындығында одан едәуір көп еді), қазақ тілді бір ғана мектеп болған. Демек, екі жүз жиырма мың қазаққа - бір мектеп?! Кеңес үкіметі (Коммунистік партия) Мәскеуді қорғап жер жастанған, Ленинград үшін жанын қиған қазақ жауынгерлерінің туған-туыстарына осылай «құрмет» жасағаны (?), тіпті егер өзге ұлт өкілінің көзінше қазақша сөйлесуге тыйым салғаны (?) әркімнің жанына бататын. Жер аударылған ұлттарға, тың көтерушілерге партия идеологтары «Сендер Қазақстанға келдіңдер, қазақша үйреніңдер, орысша біліңдер! Қазақтың жерінде өмір сүргесін олардың тілін, мәдениетін сыйлаңдар!» - демеді. Қазақ мектептері әр жерде жабылып жатты. Сөйте тұра қазаққа жасалған қиянатты көрген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін өздігінен үйреніп алды, онысынан қорлық көрмеді. Ал көпшілігі жұмысбастылықпен, өзге де себептермен қазақ тілін үйрене алмады. Жағдай солай болды - ол үшін кінә артуға болмайды. Бұл, әрине, өзге әңгіменің арқауы. Азаттық әдебиет, мәдениет, тарих бойынша қордаланған түйткілдерді шешу үшін қажет болды, негізгісі әрі бастысы - тілімізді  түлетуден бастау еді.

Тәуелсіздікке қол жеткізгенде тіл мәселесі енді шешіледі-ау деген үмітімізбен болған еді. Күдік күннен күнге басым болып барады. Ақпараттық жүйе мен техниканың дамуы еселеп қарыштаған заманда тіл мәселесін ұзын арқан кең тұсауға салу - келешекке жасалып жатқан қиянат. Ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз, алайда атқарылған істердің көпшілігі қазақы қалыппен «жақсысын асырып, жаманын жасыру» ережесіне құрылған шаралар демеске амал жоқ. Бұндай жұмыстардың дені көз бояушылық екенін қалың жұрт көріп те жүр. Сондықтан тіл жыры таусылар емес.

Тіпті, Премьер-министрдің өзі «бұдан былай Үкімет жиындарын қазақ тілінде жүргіземін, соңғы санақ бойынша қазақтың саны 67 пайыз құрады» деген еді. Бөркімізді аспанға атып, көзімізге жас алғанбыз... әрине қуаныштан. Жиырма жыл күттірген Сөз еді! «Ата-анам ана тілде сөйле дейді, өздері туған тілде сөйлемейді» дегендей, «арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқы дөңгелегі сонда жүреді». Ал, біздер - қарапайым халық, Үкімет басшысының Сөзіне сенген едік...

Орыс тілі - Ресейдің мемлекеттік тілі, ресейдің кез келген азаматы білуге міндетті (адам құқына қол сұғу емес), құқықтары бұзылмас үшін білмегендерді оқытады, үйретеді. Орыс тілін білмесең жұмысқа орналаса алмайсың, тіпті көрші-көлеммен араласа алмайсың. Ресей - көп ұлттардың, көп халықтардың мекені (федерациялы мемлекет). Құрамындағы Башқұртстан, Татарстан, Мариел, Саха т.б. елдерінің азаматтары өз ұлттық республикалары болса-дағы бұған түсіністікпен қарайды. (ұлттық республикаларда жалпыресейлік мемлекеттік тіл мен республикалық мемлекеттік тіл қатар қолданылады). Әрине, бұл - нағыз мемлекетшілдік саясат, Отанына деген махаббаты әр азаматтың кеудесін кереді. Ресейде тұрған кісі - орыс тілін, Естон мемлекетінде тұрған жан естон тілін, Алманияда өмір сүрген азамат - неміс тілін білмесе нанын тауып жей алмайды, сондай-ақ Қазақстанда әр азаматқа қазақ тілін үйренуі үшін осындай талап қойып, тіл үйренуіне жағдай жасалғаны жөн. Осыны неге айтпаймыз, заңдастырмаймыз, жұртқа түсіндірмейміз? Тіпті, өзге ұлтты азаматтардың құқықтары бұзылып жататындығы - қазақ тілін білмегендіктен болатынын жоғарыдағылар білмей ме? Қазақтың дана ақыны Абай: «...Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына (теңдікке) кіреді...» деп айтпап па еді. Қазақ халқы тарихтың қай кезеңінде де өзінің ұлтық жақсы қасиеттерімен көзге түсті. Ержүрек, қонақжай, адал, тура... дастарқанында бауырсақ пен шайдан өзге дәм болмай қалса-дағы «Аллаға шүкір! Аш емеспіз» деп, барға қанағат етіп, риза болатын, біреудің ала жібін аттауды қылмыстай көретін қазақ ділін тілімен қатар насихаттау - ұлтаралық түсіністіктікті тереңдету үшін маңызды.

Қазақ тілі бұндай жағдайға өзінің нашарлығынан тап болған жоқ, уақыт сондай болды. Кеңес одағы, компартия әлеуметтік шараларды: материалдық көмек, жұмысқа орналасу, оқуға түсу т.б. өтініштерін орысша қабылдады. Мемлекет мүддесін осылай ойлау жөн, әрине. Әр мекеменің хатшысы құжат жүргізу тілі жөнінен «ұстаз қызметін» атқаратын, орысша өтінішті жазуға көмектесетін. Телефон, теміржол анықтамалары, жедел жәрдем, милиция т.б. тек орыс тіліндегі қонырауларды қабылдайды. Сөйтіп, орыс тілінің бүкіл Кеңес одағы жеріндегі рөлі ортақ тіл ретінде артты. Ал қазақ тілін осындай дәрежеге жеткізу үшін осылай жасау қолымыздан келмеді, енді қайттік?

Мен білетін үш жол бар.

1. Мемлекеттік тілді Ресей, Франция, Түркия, Украина, Алмания, Жапония тәрізді шешу қажет. Ол елдерде мемлекеттік тілді білу қажеттілік яғни міндетті болса, әрі адам құқын бұзу болып саналмаса, Қазақстанда неліктен адам құқын бұзу болып табылады? Біз олардың демократиялық мемлекет ретіндегі даму тәжірибесін үлгі етуіміз керек емес пе? Осыны Қазақстан азаматтарына түсіндіріп, сол мемлекеттер тәрізді тиісті Заңдарды қабылдау қажет. Бұл - билік тарапынан іске асатын жол. Қазақ тілін жалпыға бірдей оқытуды талап ету арқылы Қазақстан азаматтарының ортақ тілі өз міндетіне кіріседі, тіл білу-білмеуінен адам құқының бұзылмауына жағдай жасалынады.

2. Бүкіл иісі қазақ азаматтардың «қазақшаға бет бұру» ережесіне сүйенуі. «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» - деп Елбасымыз айтқандай, әр қазақ әрқашан хабарласса да, сұрақ қойса да, хат жазса да, өтініш-арыз жазса да мемлекеттік тілді қолданса - қазақ тіліне деген қажеттіліктің арта түсері сөзсіз. «Тіл туралы» Заңның 11-бабында: «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беріледі» делінген, осы қағиданы әркім пайдаланса, тіл үйренуге деген қажеттілікті әр кеңсе, әр қызметкер сезінетін болады. Өзім осы ережеге көштім, нәтижесіз емес. Бұл жерде қазақ тілі әрі мемлекеттік тіл, әрі өтініштің (хаттың) «тілі». Міндетті түрде қазақша жауап береді. Сол үшін де:

-жүрген-тұрған жерлерінде тек ана тілінде сөйлеп/телефон шалып, өтініш-арыз, хаттарын мемлекеттік тілде жазуы, әрі жауабын қазақ тілінде беруін талап ету;

-мекемелерге, кәсіпорындарға барғанда бланкілердің қазақ тіліндегі нұсқасын талап ету, бермесе немесе жоқ, таусылып қалды десе Тілдерді дамыту басқармасына, әкімге, мемлекеттік қызмет агенттігіне шағымдану;

-кәсіпорын, мекемелердің жұртты хабарландыруын мемлекеттік тілдегі үлгісін талап ету, хатқалталарын қазақ тілде толтырса -мемлекеттік тілге деген құрметі де көрініп тұратындығын айтып, бірінші басшысына хат жолдау;

-стенділердегі, төтенше жағдайдағы көшіру жоспарындағы, өзге де ақпараттардың қазақ тіліндегі үлгісі болмаған жағдайда ұйымның бірінші басшысынан жазбаша талап ету;

-балаларды тек мемлекеттік тілдегі балабақшаларға, мектептерге беріп, үйлерінде қазақ тілінде сөйлеуіне назар аудару (мемлекеттік тілдің аяғынан тұрып кетуіне өзіндік үлес қосатын қадамдар);

Тіл мәселесінде жалтақтау мен «ұсақ-түйекке» жол берілмеуі шарт. Тәуелсіз ел мұраты - тілін еркін пайдалану құқын алуы.

3. Қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Онда мынадай талаптар қамтылуы тиіс:

- ұйымдардың (мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдар, бірлестіктер т.б.) қызметшілері мемлекеттік тілде емтихан тапсыруға міндеттелуін көздеу, нәтижесі бойынша жұмыс берушілер әр бөлімнің мемлекеттік тілде іс жүргізе алмайтын әрбір екі қызметкері үшін бір аудармашы ұстап, оның еңбекақысын бөлім бастығы мен орынбасарының орташа жалақысы мөлшерінде болуын қарастыру; бұл - мекеменің бірінші басшысының қазақ тіліне деген көзқарасын өзгертетін қадам. Қаражатын үнемдеу үшін қызметкерлерін оқытады, үйренуін талап етеді, қазақ тілін білетін азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Жұмыс істейтіндер яғни ата-аналар, студенттер, мектеп оқушылары бұдан қорытынды жасайды.

«Тіл туралы» Заңның қабылданғанына жиырма жыл болса-дағы қазақ тілінің жыры таусылмай келеді. Тіл мәселесі шешілмеген сайын күрделене түсетіндігін ұмытпайық. «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл - қазақ тілі» (С.Малов) бүгінгі таңда қамқорлыққа зәру. Осындай қазынадан айырылып қалу қаупі жоқ емес. Тілімізді  тәуелсіздігіміздің үдесінен шығаратын шешім қабылдайтын уақыт жетті.

 

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ,

Павлодар қаласы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052