Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3310 0 пікір 6 Қараша, 2009 сағат 07:29

Шахталы шаһардағы тіл ұйымы

«Қазақ тілі» қоғамын құру ісіне  «Мен қазақпын!» деп, бел буған аазаматтарың санасына сәуле берген, намысына найза, қайратына қалқан болған 1986 жылғы әйгілі де, қайғылы Желтоқсан оқиғасы -  деп білемін. Осы оқиғадан соң республикада тіл мәселесін ретке келтіру көзделіп, 1989 жылы Қазақ ССР-нің "Тіл туралы" Заңы қабылданды.  70 жылдан астам уақыт тілі күрмеуге салынған  қазақтардың қамығулы көңілі серпіліп, жер-жерде "Қазақ тілі" қоғамы ұйымдарын құра бастады. Осының өзі  әрбір ұлтжанды азаматқа  тәуелсіздіктің бастауы, нышаны, ишараты секілді көрінді. Рас, «Қазақ  республикасында "Қазақ тілі" қоғамын құру  дұрыс па?» - деген сауал қойып, қоғам болашағына дүдамал келтірушілер де бой көрсетті. Дегенмен қазақ ұлтжандыларының, негізінен қазақ зиялыларының бастауымен, компартияның амалсыз қоштауымен қоғам әуелі республикада құрылды да, іле облыстарда  шаңырақ көтере бастады.

"Қазақ тілі" қоғамының Екібастұз қалалық ұйымы 1989 жылдың қыркүйек айында құрылды. "Екібастұз қалалық халық депутатары Советі атқару комитетінің 1989 жылғы 10 қыркүйектегі шешімімен "Қазақ тілі қоғамы тіркелді, жарғысы бекітілді,  қоғам төрағасы  Жақсыбаев Серік Имантайұлы. Атқару комитетінің төрағасы Қ.М. Әбілтаев, хатшысы Е.Ф. Марченко" деген құжаттық жазба қоғамның қалалық ұйымының құрылуынан дерек береді.

«Қазақ тілі» қоғамын құру ісіне  «Мен қазақпын!» деп, бел буған аазаматтарың санасына сәуле берген, намысына найза, қайратына қалқан болған 1986 жылғы әйгілі де, қайғылы Желтоқсан оқиғасы -  деп білемін. Осы оқиғадан соң республикада тіл мәселесін ретке келтіру көзделіп, 1989 жылы Қазақ ССР-нің "Тіл туралы" Заңы қабылданды.  70 жылдан астам уақыт тілі күрмеуге салынған  қазақтардың қамығулы көңілі серпіліп, жер-жерде "Қазақ тілі" қоғамы ұйымдарын құра бастады. Осының өзі  әрбір ұлтжанды азаматқа  тәуелсіздіктің бастауы, нышаны, ишараты секілді көрінді. Рас, «Қазақ  республикасында "Қазақ тілі" қоғамын құру  дұрыс па?» - деген сауал қойып, қоғам болашағына дүдамал келтірушілер де бой көрсетті. Дегенмен қазақ ұлтжандыларының, негізінен қазақ зиялыларының бастауымен, компартияның амалсыз қоштауымен қоғам әуелі республикада құрылды да, іле облыстарда  шаңырақ көтере бастады.

"Қазақ тілі" қоғамының Екібастұз қалалық ұйымы 1989 жылдың қыркүйек айында құрылды. "Екібастұз қалалық халық депутатары Советі атқару комитетінің 1989 жылғы 10 қыркүйектегі шешімімен "Қазақ тілі қоғамы тіркелді, жарғысы бекітілді,  қоғам төрағасы  Жақсыбаев Серік Имантайұлы. Атқару комитетінің төрағасы Қ.М. Әбілтаев, хатшысы Е.Ф. Марченко" деген құжаттық жазба қоғамның қалалық ұйымының құрылуынан дерек береді.

Алғашқы жылдары екібастұздықтар қоғамдық ұйымның сөзі өтімді, есепшотындағы қаржы мөлшері қомақты болуын көздеп, төрағалыққа лауазымды қызметтегі адамдарды (қоғамдық негізде) сайлады. Олар: қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасарлары Манарбек Дәулетбақов пен Серік Ахметов еді. 1992 жылдан бастап, қоғам алды-артын аңдаған кезде, төрағалыққа Нұрғазинов Шаймұрат Серікбайұлы сайланды. Басқарма мүшелігіне Серік Жақсыбаев, Көбен Төлепбергенов, Халел Хамметов, Зейнолла Махметов, Жианша Ерғазин,  Сәкен Келдібаев, Совет Келдібаев, Бәтжамал Болпақова, Мәдина Боранова, Жеңіс Мейірманова, Ләззат Шушаева, Жамал Зиянурова, Қалимаш Тұяқова, Нағима Қуанышева, Гүлшара Дәуітова, Құттыбай Шәймерденов, Амангелді Сүлейменов, Октябрят  (Тұрсын) Ағжанов, Қозғанбай Ахметов сынды білікті, білімді азаматтар қабылданды.  1993 жылдан 2004 жылға дейін Екібастұз қалалық "Қазақ тілі" қоғамын басқару  осы жолдардың авторы Жұмағали Қоғабаевқа жүктелді.

Қалалық қоғамның сол кездегі тыныс-тіршілігі  баспасөз беттерінен көрініс тапты. 1992 жылдың 17 шілде күнгі "Угольный Экибастуз" газетінің №29 санында осы жолдар авторы Ж. Қоғабайдың "Қазақ тілінің қадірі қашан артады?" деген мақаласында "1992 жылы маусым айының 26 жұлдызында Екібастұз "Қазақ тілі" қоғамының қалалық конференциясы энергетиктердің Мәдениет сарайында өтті. Шақырылған 300 делегаттың 216 қатысты. Жарыссөзге қалалық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы Ләззат Шушаева, медицина бірлестігінде құрылған бастауыш қоғамның төрағасы Мейрамбек Рахымбеков, 9-шы құрылыс дистанциясының аға инженері Мэлс Ахметқалиев, Солнечный поселкесінің қоғам төрағасы  Саратан Баялиевтер шықты" - деген мәлімет біраз жағдайды аңғартып тұрғандай.

Екібастұз қалалық "Отарқа" газетінің 1992 жылдың 22 ақпанындағы №18 санында сол кездегі төраға Серік Ахметовтің "Жігімізді ашпай, жұмыла жұмыс істейік" деген мақаласында ..."басқарма мүшелерінің жеті бағытта істеген жұмыстарына тоқталайық" - деп, атқарылған жұмыс ауқымын, басқарма мүшелерінің атын атайды, ұлттық салт-дәстүрді, өнерді насихаттайтын "Гүлдерай", "Қамажай" атты ансамбльдердің құрылғанын атап өтеді.

Басқарма мүшелері әр апта сайын бас қосып, айлық, жылдық іс-шаралар жоспарының орындалу барысын  талдайтын. Тіпті сол кездегі көкейтесті басты мәселе балабақша, қазақ мектептерін ашуды  айтпағанда, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, кәсіпорындарда бастауыш ұйымдар құру, қазақ кадрлары туралы мәселе көтеріліп, шешу жолдары қарастырылатын.

1-Екібастұз аймақтық электр станциясында (ГРЭС-1) ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған, "Қызыл Ту" орденінің иегері, Екібастұз бен Ақсу қалалары энергетикасының негізін қалаған энергетик, тәлімгер-шебер Ағжанов Тұрсын (Октябрят)  Әмірғалиұлы қалалық ұйымның басқарма мүшелігіне еніп, қоғам ісіне белсене кірісті. Ортамызда «Өкең» атанған Октябрят ағамыз  ГРЭС-1 кәсіпорнында "Қазақ тілі" қоғамының бастауыш ұйымын құрды. Бу босату қазандығы мастерінің сол кезде ешкімнен жасқанбай осы істі жүзеге асыруы ерлікке жетеқабыл әрекет секілді еді.

Өкең жұмыстан шыққан соң басқалар сияқты үйіне бармай, оқу жасындағы балалары бар отбасылардың үйлеріне кіріп, ата-аналарды балаларын қазақ мектебіне беруге  үгіттейтін, сөйтіп қоғамның тапсырмасын орындауға келгенде өз басының жағдайын ұмытып кететін.

Жаңа үлгідегі қазақ мектептерінің санын көбейту мәселесі туғанда осы О. Ағжановтың белсенділік көрсеткенін қазіргі кезде біреулер білсе, біреулер білмейді.  Өкең (Октябрят) өндірістегі кадр тапшылығына да алаңдап,  мамандарды сырттан шақырмай, кәсіптік-техникалық училищелерде өз балаларымызды дайындау қажеттілігі жөнінде ұсыныс жасаған еді. Әр істің жүзеге асатын уақыты болады ғой, Өкеңнің ұсынысы сол кезде болмаса да, қазір жүзеге асуда, бұрынғы жабылған кәсіптік-техникалық училищелер қайта ашылып, жергілікті жастардан мамандар даярлап шығаруда.

Өкең-Тұрсын ағамыз мейлінше кішіпейіл бола тұра, намысына тисең оқыс қылық та танытатын, зайыбының мінезі де сондай екен.

-Әй, Жұмағали, біздің үйдегі мына сенің апаң бір дөйдің желкесін үзіп жібере жаздаған... -деп, жас кезіндегі бір оқиғаны  баяндап берген.

...Түкпірдегі бір ауылға Алматыдан әртістер өнер көрсетуге келіпті. Сонда ел ішіндегі бір тентек шатақ шығарып, өнерпаздарға бөгет жасайды. Оның ісіне күйінген әртістердің бірі: - «Әй, ағайындар, орталарыңда мына тентекті тиятын еркек кіндікті біреу жоқ па?!» - деп, жұртшылықтың намысына тие сауал қойыпты. Әншейінде «қой аузынан шөп алмайтын» момын мінезді болып жүретін Өкең  сол сәтте-ақ әлгі тентекке жетіп барып, жағасына жармасады ғой! Анау қарап тұрсын ба, алыс-жұлыс басталады да кетеді! Алыстан келген әртістердің өнерін тамашалауға келген жұртшылық енді ауыл ішіндегі екеудің төбелесін ықтиярсыз «тамашалайды».

Өкеңнен әлдеқайда ірі әрі әлді неме оны ұрып тастайды  деп ойлады ма, әлде төбелесті тоқтатпақшы болды ма, кім білсін, бір сәтте Өкеңнің әйелі жұлқысып жүрген екеуінің жанына келеді де, әлгі жігіттің қарақұсынан жұдырығымен бір ұрып, етпетінен түсіріпті...

Сөйткен Өкең жиналысымыздың бірінде лауазымды қызмет істейтін бір азаматтың  тілге деген теріс пікірін ұнатпай қалып:

- Мен сіз секілді жігіттерді бригадир қылып та жұмысқа алмас едім, - деп, қаттырақ сөйлегені бар.

1991 жылы, сәуір айында, атаман Ермак ескерткішінің құлатылуына байланысты Ермак (қазіргі Ақсу) қаласында өткізілген митингіге  Екібастұздан барып қатысқан елу адамның ішінде сол кезде алпысты алқымдаған Өкең жүрді. Елу азаматтың алтауы осы Тұрсын (Октябрят) ағамыздың қол-аяғы балғадай жұмыскерлері  болатын. Біразы кезінде еркін күрестен спорт шебарлігіне кандидат атағын алған менімен белдескен спортшы жолдастарым, біразы күрестің қыр-сырына өзім баулыған шәкірттерім еді. Бұл күндері «Ә, мен ол кезде өйтіп едім, бүйтіп едім!» - деп, батырсынып сөйлейтіндердің көбі әлгі митингіге де, өзге іс-шараларға да араласпауды жөн көріп үйлерінде бұғып қалғандар.

Жариялық қоғамдық өмірімізге енген кезеңде  Екібастұз қаласында тіл, діл, дінді  көтеруге бел буып, сөзімен де, ісімен де атсалысқан азаматтардың бірі - Төлепбергенов Көбен Әбілдәұлы.

Сөзге  ділмәр Көбен аға өткен ғасырдың  50-70 жылдары Екібастұз қаласында абыройлы еңбек еткен, ел басқарған азаматтардың жақсы істерін, тапқыр сөздерін әңгімелегенде майын тамыза айтатын. Осыдан 20 жыл бұрын қазақтың біртуар ұлтжанды перзенттері, қоғам қайраткерлері  Жұмабек Тәшенов, Михаил Есеналиевтің ерлігі мен ерен істері жөнінде Көбен аға тарқата айтқанда, сенер-сенбесімізді білмей отырып қалатынбыз. Бір ғажабы, өзі әңгіме өзегіне айналдырған адамның қай жылы, қай айда, қандай қызметке тұрғанын, одан қандай қызметке ауысқанын дәл айтып отыратын.

- Екібастұз қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Сорокин халыққа жағымды  адам болатын. Сол кісіге ірі көмір тресі бастығының шіреніп сөйлеуі, тәкаппарлығы ұнамай қалса керек,  үлкен жиын үстінде оған: Бәленбай Пәленбаевич, бірінші басшының жұмысы үстіне таза костюм киіп, мойнына әдемі галстук байлағанымен ерекшеленбейді, қатардағы жұмысшылардың қамын ойлап, кішіпейіл болуымен дараланады, - деп, айтып салыпты. Нағыз азамат, нағыз басшы осы Сорокин сияқтылар ғой " - деп, ризашылығын білдіретін.

Қалалық  "Қазақ тілі" қоғамының  басқармасы  мәжілісінде даулы мәселе туындай қалса, төрелік айтатын осы Көбен ағамыз еді. Қала басшылығына  барып тірелетін мәселеге келгенде кейбір ағалар ертоқым салғанда қайқаңдай бастайтын жауыр аттай бұлғақ мінез көрсеткенде, «Осы мәселені қала басшысына өзім жеткіземін!, - деп, жауапкершілікті өз мойнына артатын. Мұндай істе тәжірибесі де бар болатын.

- Жұмағали, сен жұртшылыққа танымал адамсың, журналистігің және бар, сондықтан билік сені ұдайы назарында ұстайды. Сыни пікіріңді жұрттан озып айтпа, жұмысыңа кедергі болады, ондай сөзіңді бір басшы көтереді, екіншісі көңіліне алады, - деп, кейбір ісіме  ескерту жасап отыратын. Көбен аға қазақ тіліндегі алғашқы қалалық "Отарқа" газетінің алқа мүшесі болды, әрі  қазақ газеттерінің насихатшысы да болды.

1990 жылы "Азат" қозғалысының Екібастұз қалалық ұйымын құру туралы үлкен жиын өткізгенімде, біреулер «осы қозғалыстың қажеті шамалы сияқты» деген ойларын айта бастаған.  Сол сәтте "Азат" қозғалысының қоғамдық өміріміздегі мән-маңызын, мақсатын, саяси идеясын, оған әсіре ұлтшылдар емес, зиялы ұлтжанды азаматтар жетекшілік ететінін, қозғалыстың  бұрынғы "Алаш" партиясымен сабақтастығын айтып, жиналғандарды сендірген де осы  Көбен аға еді. «Қазақ тілі» қоғамымен қатар «Азат» қозғалысы да егемендігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты.

Екібастұз қаласында Сәбит Дөнентаев, Естай Беркімбаев, Бөгенбай батыр, Мұхтар Әуезов есімдерінің көше атауларына айналуына, көшелердің бірі «Желтоқсан» аталуына тағы басқа көшелерге қазақша ат қойылуына қалалық "Қазақ тілі" қоғамы мен "Азат" қозғалысы мүшелері себепші болды. Бұл мәселе көтерілгенде Октябрят (Тұрсын) Ағжанов, Көбен Төлепбергенов, Зейнолла Махметов, Серік Жақсыбаев сынды зиялы  азаматтар атой салып, алдыңғы қатарда жүрді. Сол кезде қоғамдық іске атүсті ғана қараған кейбір жерлестеріміз «Әлгі көшелердің  қазақша аттарын мен өзім қойғызып едім!» - деп, кеудесін соға сөйлеп, барлық жетістікті бір өзіне телігісі келетіні, әрине, өкінішті.

Асқан тіл жанашырларының бірі, қалалық мәслихаттың депутаты    Амангелді Сүлейменов ағамыз Екібастұз  энергияны қадағалау бөлімінің бастығы бола жүре,  қаладағы ең ірі кәсіпорындардың бірі "Екібастұзэнерго"  өндірістік бірлестігінде "Қазақ тілі" қоғамының бастауыш ұйымын құрды.    Әбекең 1991-1992 жылдары түрлі ұлт өкілдері мәдени бірлестіктерін бір жерге орналастыруды көздеп,  "Достық" үйін ашу туралы қала әкімдігіне ұсыныс жасады. Бұл Үй бертін ашылды. Ал саябақ ашу жөніндегі ұсынысы қанағаттандырылып,  қазіргі "Өнер" мәдениет орталығының жанынан парктың негізі салынды, 1992 жылы ағаштар отырғызылды. Дегенмен осы кезде «әлгі көркем саябақтың  авторы мен едім», - деп Амангелді Сүлейменовтың еңбегін өзіне телігісі келетіндер де бой көрсетуі мүмкін-ау...

Сол секілді тіл жанашыры Түсіпхан Қасымжанов ағамыз жаратылысы ерекше, кесек әрі күрделі тұлға  еді. Ақындығы да  бар болатын. Сондықтан шығар, күлбілтелемей турасын айтатын. Түсіпхан аға "Экибастұзкөмір" өндірістік бірлестігінің жанынан "Ақжол" атты бастауыш ұйым құрып, қазіргі "Атамұра" ұлттық мәдеиет орталығының негізін қалады.

Түсекең осы "Атамұраның" басы-қасында болды, басқарды,  қаржы көзін "Экибастұзкөмір" өндірістік бірлестігінен таба білді. Бұл оп-оңай шаруа емес еді, тек Түсіпхан сияқты бұрын қалалық партия ұйымының бірінші хатшысы болған әрі білікті экономист ретінде танылған  беделді тұлғаның ғана қолынан келер іс. Түсекеңнің туа біткен табиғи талантының арқасында дүниеге келген "Атамұраның" қаланың әдеби, мәдени өміріндегі орны ерекше.  Сол кездің өзінде  маңызды, салмақты іс-шаралардың көбі, тіпті той-домалақ та  "Атамұрада өтетін.

1991 жылы, қазан айында Тәуелсіздік Декларациясы жария етіліп, егемен ел атанғанымызбен, Екібастұз қаласында екі жылға жуық уақыт бойы Тәуелсіздік күні салтанатты түрде аталып өтілмеді. Бірақ   "Қазақ тілі" қоғамы мен  "Азат" қозғалысы әкімшіліктің келісімін алып, Тәуелсіздік күніне арналған мәдени іс-шараларды өткізуде белсенділік көрсетті. Осындай жұмыстардың басы-қасында тағы да Тұрсын (Октябрят) Ағжанов, Аманкелді Сүлейменов, Шамғон Мусин ағаларымызбен  бірге, Кенжебек Әбсәләмов, Аманкелді Қуатов, Саламат Төлеуов сияқты қатарластарымыз жүрді.   Осы  ағалардың қатарынан табылып, риясыз жұмыс атқарғаным үшін, «Қазақ тілі» қоғамы Екібастұз қалалық ұйымы Басқармасының төрағасы болып табаны күректей 11 жыл бойы халқыма қызмет еткенім үшін  бір жаратушы Аллаға ризашылық қыламын.

Міне, осындай ұлтжанды, зиялы, зерделі азаматтар мұғалімдермен бірлесіп Екібастұз қаласындағы жалғыз № 2 қазақ мектебін жабылу қатерінен сақтап қалды және  №№22, 26 қазақ мектептерінің, қазақ тіліндегі "Отарқа" газетінің, мәдени орталықтардың ашылуына себепші болды.   Сонымен қатар, Екібастұз қаласы мен оның жанындағы елдімекендердегі байырғы тұрғындардың ұлттық санасын оятуда, жастарды  патриотизмге тәрбиелеуде баға жетпес іс-шаралар ұйымдастыра білді. Жарғыға сай, өздеріне берілген құқыққа сәйкес заң аясында жоспармен жүйелі жұмыс атқарды. Егер осыдан 20 жыл бұрын Екібастұз қаласында қазақ  тілінде балабақша, мектеп, газет ашу жөнінде "Қазақ тілі" қоғамы тарапынан өткір мәселе көтерілмесе, бүгінгі жетістігіміз болар ма еді...

Әуелде «Қазақ тілі» қоғамы Екібастұз қалалық ұйымының  Басқармасы мүшесі, одан соң Басқарма төрағасы, әрі журналист ретінде осы жолдар авторы да БАҚ арқылы тіл мәселесін көтеруде белсенділік көрсетті десем, артық айтқаным емес. Мәселен, 1989 жылы қалалық орыстілді "Заветы Илиьича" газетіне (9 қыркүйек, №108) "В своем доме не хозяева" атты мектеп ашу мәселесін көтеріп орысша мақала жаздым. 1991 жылы 19 сәуірде  "Социалистік Қазақстан" газетіне "Екібастұзда қазақ мектебі қашан салынады?", 1996 жылы  5 наурызда "Егемен Қазақстан" газетіне "Қазақша толтыруға қарсылар бар", 2003 жылы 7 тамызда "Ана тілі" газетіне  "Екібастұздағы ерекше тіл", 1998 жылы "Сарыарқа самалы" газетіне "Сынақ алаңына айналған мектеп", биылғы 2009 жылы қалалық "Отарқа" газетіне "Ағаттық  па, астамшылық па", "Ертіс дидары" газетінде (№4, 25 мамыр) "Ішкі тәртіп заңнан әлеуетті ме?" атты сын мақалар жазыппын.

Бұрын қазақ тіліне орай  "Тіл - қатынас құралы" деуші едік, енді "Мемлекеттік тіл - бүкіл ұлт-ұлысты ұйыстырушы тіл" - деп сөз саптаймыз. Қазақтың ана тілі, азат тілі, дана тілі, баба тілі туралы айтарымызды айттық, жазарымызды жаздық десек те, ұлттық арымыздың, жанымыздың, ар-намысымыздың, елдігіміздің, ерлігіміздің тілі - Ана тілдің тағдыр-талайы жөнінде, бәрібір,  қайта толғанамыз. Қазақ тілінің "қолданылып, енгізіліп, дамытылып" жатқаны туралы айтылғанда, бір ерлік пен бір кемдік қатар тұратын сияқты болып көрінеді маған. Сол ерлік пен кемдік қазақ тілінің - мемлекеттік тіл, орыс тілінің -ресми тіл болуы деп білемін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде" деген ұлағатты сөзі бәрімізге үлкен ой салуы керек. «Әр қазақ  туған тілін үйретуді өз отбасынан бастауы керек» - деп қанша айтсақ та, сол тілді үйренуге  қызықтыратын, ынтықтыратын, қажет болса, мәжбүрлейтін тетіктерді мемлекет тарапынан қарастыру және заңдастыру қолға алынған жоқ. Демек,  тілден, ділден, түрден айрылып қалу қатері біржола сейілген жоқ.

Бастапқыда «оқулығымыз, әдістемелеріміз жеткіліксіз екен, мұғалімдердің білімі шамалы екен» деп, тіл мәселесін ұзын арқан, кең тұсауға салдық. Қазір сапалы оқу құралдарымыз да, білікті тіл мамандары да жеткілікті, соның нәтижесінде бір адым алға жылжыдық.  Бірақ, сонда да мемлекеттік тіл аударма тіл деңгейінде қалып отыр. Бұдан әрі не істеу керек?  Меніңше, «Тіл туралы» заңға мәнді өзгеріс енгізу керек. Заң өзгерсе, қоғамдағы адам психологиясы да, қоғамдық ой-сана да өзгеріске түседі, бейімделеді, пейіл білдіреді.

Жұмағали Қоғабайұлы,

ақын, журналист

Екібастұз қалалық "Ақсақалдар әділ қазылығы"

қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051