Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3402 0 пікір 6 Қараша, 2009 сағат 08:46

Екібастұздың рухты азаматы

Ертістің Кереку өңірінің байырғы халқы Қазақстанның өзге аймақтарына қарағанда кеңестік отарлау саясатының зардабын көбірек тартқаны тарихи шындық. Патша заманында ағылшын алпауыттары көмір өндірген, сталиндік жаппай қуғын-сүргін жылдарында саяси тұтқындармен  қатар қандықол қылмыскерлер де «СтепЛагта» мерзімді жазасын өтеген, Тың игеру мен комсомолдық екпінді құрылыс қарқынды жүргізілген кезеңде бүкіл Кеңес Одағынан ұлты, әлеуметтік тегі әркелкі мыңдаған адам келіп, қоныстанып қалған Екібастұзда ұлтаралық ахуал да, қоғамдық тәртіп те күрделі еді.  Н.С. Хрущевтің КСРО қоғамында коммунизм орнату жөніндегі қиялы жүзеге аспаса да,  өзге ұлттардың рухын әлсіретуді көздеген ойы орындала бастаған 1980 жылдары Екібастұз қаласында  ат төбеліндей ғана жігіттер тобы ұлттық мұрат-мүддеге қол созған  болатын. Сол жанкешті жігіттердің қақ ортасында жүрген  ақын, журналист, спортшы Жұмағали Қоғабаймен күні бүгінге дейін қоғамдық істерде үзеңгі қағыстырып келеміз.
Сексенінші жылдардың соңына таман қалалық радио хабарын тарату редакциясының редакторы болып істеген Жұмағали қазақ тілінің, ұлттық мәдениеттің мүшкіл жағдайы жөнінде проблемалық хабарлар дайындады, мақалалар жазды, жарияланымдары Социалистік Қазақстан - Егемен Қазақстан, Ана тілі, Қазақ әдебиеті, Орталық  Қазақстан газеттерінде жарияланды. 

Журналист Жұмағали Қоғабайдың өз әріптестерінен бір ерекшелігі орыс тілінде де еркін жаза алатыны. Екібастұзда қазақ мектебін ашу туралы  В своем доме не хозяева атты сын материалы сонау 1989 жылы қалалық Заветы Илиьича газетіне (9 қыркүйек, №108) жарияланды, академик Қаныш Сәтбаевтың отбасы жөніндегі Славная семья атты деректі суреттемесі  В памяти народа атты кітапқа енді.  
Ермак (қазіргі Ақсу) қаласындағы атаман Ермактың алып ескерткіш мүсіні туралы:
«Ежелден туыс болған екі ұлттың,
Достығын бөліп тұрған қара тас бұл» - деп,
өлең жазды.
Олжас Сүлейменовтың 1989 жылғы, 26 ақпанындағы Семей ядролық сынақ полигоны жөніндегі ашық мәлімдемесіне орай ядролық сынақтарды тоқтату туралы талапхатқа бейбітшіл адамдарға қол қойдыру ісін Павлодарда мен бастасам, Екібастұз қаласында осы Жұмағали Қоғабай қолға алды. 1989 жылдың 22 қазанында, Алматыда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына біздің облыстан Ермек Өтебаев, Жеңіс Марданов, Ханафия Асқаровпен бірге Жұмағали екеуміз де делегат болып қатыстық. Бұрын ұлттық мұрат-мүдде жолында жеке-жеке әрекет еткен біздер сол кезден бастап «Невада-Семей», «Азат» қозғалыстары, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымдарының іргетасын қаласып, бірталай іс-шараларды ұйымшылдықпен жүзеге асырдық.
Бұқар жырау, Олжабай, Жасыбай, Малайсары, Гауһар батырлар тәрізді жаугершілік заманында елдігіміз үшін күрескен қаһармандардың табаны тиген өңірде қоғамдық ұйымдарға біріккен қыздар мен жігіттердің табандылық көрсетуінің  арқасында біршама күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылды.  Компартияның нұсқауымен жұмыс істеген комсомол ұйымдары қолға алмаған ұлттық мәселелер еді бұл, сондықтан шешілуі қайраттылықты да қажет ететін.   
Жұмекеңнің:
«Жамағат, жаман балаң бақ сынады,
Амандықты Аллаға тапсырады.
Ана тілдің ақысын сұраушымын,
Ендеше заман неге жатсынады?!»
- деген жыр жолдары құрсауда қалған қазақ тілін еркіндікке алып шығу ұлтшыл күрескерлер мен тіл жанашырлары үшін оңайға соқпағанын аңғартады.   
1991 жылы, сәуір айында «Азат» қозғалысының ықпалымен атаман Ермак ескерткішінің алынуына орай Ермак (Ақсу) қаласында өткізілген митингіге Жұмекең Екібастұз қаласынан екі автобус толы жігіттерді бастап барды. Еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат, Шығыс жекпе-жегін меңгерген Жұмағали Қоғабайдың өзі секілді олардың көпшілігі Сен тұра тұр, мен атайын! дейтін ұлтшыл, намысшыл спортшылар еді. 
Ол кезде мен де радиожурналист едім, митингіден дайындаған  40 минуттық репортажды облыстық радиодан берген соң, Жұмекең оны бізден алып Екібастұз қалалық радиосынан бірнеше рет қайталап берді.
Жұмағали Қоғабай алғашқыда Қазақ тілі қоғамы Екібастұз қалалық ұйымының басқарма мүшесі болды, 1994-2004 жылдары үзіліссіз 10 жыл бойы қалалық ұйым басқармасы төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарды. 1997-2002 жылдары  Азат азаматтық қозғалысы Екібастұз қалалық ұйымының тең төрағасы, бұдан соң Алаш партиясы қалалық ұйымының төрағасы болып істеді.  Қазір «Богатырь» ЖШС-інде мемлекеттік құжат редакторы болып қызмет атқаруда. Кәсіпорында тіл өрісін кеңейтумен қатар қазақ баспасөзіне жазылу ісін ұйымдастыруда белсенділік танытады, соның нәтижесінде жұмысшылар «Ана тілі» газетінің 84 данасын, «Егемен Қазақстанның» 30 данасын жаздыртып, оқуда.
Ақын Жұмағалидың  Екібастұздан ескен леп, Дүмпуі көп дүние (Увиденное мною удивительный мир қазақ, орыс тілдерінде), Жаңбырлы күн атты жыр жинақтарында қоғамның тыныс-тіршілігін бейнелейтін  азаматтық лирикалары көп те, жеке күйініші мен сүйінішін суреттейтін өлеңдері аз.
Оның үстіне, Жұмағали Қоғабайұлының амандық-саулығын тілеушілердің қатары қалың да, жеке басының жағдайына назар аударушылар сирек. Екібастұз қаласында ұлттық мәселелер шешілмей жатса, «Әй, осы Жұмағали қайда қарап отыр?!» - деп,  оған кінарат артып сөйлейтіндер арамыздан табылады. Жұмекең қоғамдық жұмысты ақысыз-пұлсыз, тегін істеп жүрсе де, ұлттық мұрат-мүдде жолындағы ерлікке жетеқабыл істері үшін тіпті бір парақ мақтау қағазын алмаса да сөйтеді олар. Бүкіл қала үшін Жұмағали жалғыз жауап беруі керек секілді...
Бірақ азамат ақын мұндай сөздерге налымайды, керісінше, көпшіліктің өзіне үлкен жауапкершілік артқанын түйсініп, қайраттана түсінеді.
«Күйбең-күйбең күнде жұмыс бітпеген,
Арқадағы жеңіл-ауыр жүкпенен
Бірде өрлеп, бірде тоқтап жүргенде,
Кездестірем қуанышты күтпеген», - деп,
қуанышты күндермен қауышатынына сенеді.
Әрине, ұлт тағдырын өз тағдырына балаған азаматтар үшін ұлт қуанышынан артық қандай қуаныш болсын! Солай десем де, ақын, журналист, ұлтшыл күрескер Жұмағали Қоғабайдың  алдымыздағы қараша айының 1-і күнгі  60 жылдық мерейлі жасқа толуы оның өзі мен отбасы үшін ғана емес, үзенгілес жолдастары үшін де қуанышты оқиға екені рас!
Ертістің Кереку өңірінде, Екібастұз қаласында жарты ғұмырын ұлттық мұрат-мүдде жолына арнап, ұлы Тәуелсіздігіміздің  нығаюына үлес қосқан рухты азаматқа мерейтой күні айтылар ақ тілектер көп, ылайым, солардың барлығы қабыл болсын!

Арман ҚАНИ,
«Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының
«Ертіс дидары» газеті редакторы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052