Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3451 0 пікір 7 Қараша, 2009 сағат 09:17

Ана тіліміздің академигі

Биыл ана тілі абыздарының бірі, Ойылдан шыққан ғұлама қызымыз -  Рәбиға Сәтіғалиқызы Құттықожина-Сыздық 85 жасқа толып отыр. Ол - Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Рәбиға апамыз 1924 жылы Ойылда Сәтіғали Құтқожинның отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали - Алаштың ардақты азаматы. Ақтөбе облыстық өлкетану музейінде кезінде Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі болғандығын айғақтайтын дерек бар. Мұражайдың аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі Рысты Досованың қолындағы мұрағатта Батыс Алашорда үкіметінің (төрағасы Халел Досмұхамедов) мүшелері туралы тізімде былай деп жазылған: «Кутгутшин Сатыгали, г.Уил, Министр почта-тел:». Әрине, Сәтіғали атамызды Кеңес өкіметі тыныш қалдырмаған. 1937 жылы «халық жауы» деген сылтаумен ұстап кетеді. Әкесінің атылғаны және ақталғаны туралы дерек Рәбиғаның қолына 1994 жылы ғана тиген. Рәбиға Ақтөбедегі «Түйетөбе зиратына» келіп, әкесіне тағзым етіп қайтады.

Биыл ана тілі абыздарының бірі, Ойылдан шыққан ғұлама қызымыз -  Рәбиға Сәтіғалиқызы Құттықожина-Сыздық 85 жасқа толып отыр. Ол - Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Рәбиға апамыз 1924 жылы Ойылда Сәтіғали Құтқожинның отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәтіғали - Алаштың ардақты азаматы. Ақтөбе облыстық өлкетану музейінде кезінде Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі болғандығын айғақтайтын дерек бар. Мұражайдың аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі Рысты Досованың қолындағы мұрағатта Батыс Алашорда үкіметінің (төрағасы Халел Досмұхамедов) мүшелері туралы тізімде былай деп жазылған: «Кутгутшин Сатыгали, г.Уил, Министр почта-тел:». Әрине, Сәтіғали атамызды Кеңес өкіметі тыныш қалдырмаған. 1937 жылы «халық жауы» деген сылтаумен ұстап кетеді. Әкесінің атылғаны және ақталғаны туралы дерек Рәбиғаның қолына 1994 жылы ғана тиген. Рәбиға Ақтөбедегі «Түйетөбе зиратына» келіп, әкесіне тағзым етіп қайтады.

Мектепке дер кезінде бара алмаған (көкжөтел ауруынан) Рәбиғаның үйде хат танып, 1935 жылы бірден 4-сыныптан бастап оқып кетуі - Алланың берген зеректігінің арқасы. 1939 жылы 7-сыныпты бітіргесін Темірдегі педагогикалық училищеге түсіп,  1942 жылы үздік бітіреді және сонда қазақ тілінен мұғалім болып сабақ бере бастайды.

Сол ауыр соғыс жылдары 1944 жылы мен де 7-сыныпты бітіріп, училищенің бірінші курсына түсіп оқи бастадым. Қазақ тілі мен әдебиетінен бізге Рәбиға апай дәріс оқыды. Оның мәпелеп сөйлеген әрбір сөзі, көкірегімізге науадай құйылып жататын. Сол кездің өзінде-ақ, Рәбиғаның тіл ғылымына аса икемділігі байқалатын. Менің есімде апайдың мына сөздері қалыпты: «Қазақ тілі - жалғамалы тіл, ал орыс тілі - қопармалы тіл. Мысалы, қол-рука деген сөзді алсақ, қол-ға, қол-мен т.с.с. жалғау-жұрнақ қоссақ та, түбір сөз «қол» өзгермейді, орысша - «рука» - рукой, в руке, руками и.тд - қопарылып кетеді».

1945 жылы Рәбиға апа Ақтөбе мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін мерзімінен бұрын бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, 1947 жылы үздік бітіріп шығады.

1948 жылы Рәбиға апай Мақаш Сыздықовпен көңіл қосады. Ақ жарқын азамат, халықаралық қатынастар саласындағы тұңғыш қазақ ғалымы, сүйікті жарының ғұмыры тым қысқа болды. 1961 жылы Қазақстанның халық әртісі Шахан Мусинмен кездеседі. Әйгілі актер 1999 жылы Рәбиға Сәтіғалиқызына деген разылығын айтып жатып, көз жұмыпты.

Апайымыздың тағдыры ауыр болғанмен, ғылымдағы ерен еңбегінің, қайсарлығының арқасында ғылыми ортадан лайықты бағасын алды. 1957 жылдан бері Қазақстан Ғылым Академиясында табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ол «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертацияны 1959 жылы қорғаса, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» атты докторлық жұмысын жемісті аяқтады.

Марапат атаулыны түгелдей иемденіп, 85-ке келсе де, қазақ тіл ғылымының жоқ-жітігін түгендеу жолында Рәбиға Сыздық әлі де еңбек етіп келеді. Оған бір ғана дәлел - «Ана тілі» газетінде жиі жарияланып тұратын ғылыми мақалалары. Мысалы, «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы 25 желтоқсандағы №52 санында жарияланған «Қазақ тілі - өміршең тіл. Оның бір белгісі - сөздік қазынасының байлығы» атты мақаласын алайық.

Қазіргі  таңда қазақ тілі жайлы айтыс-тартыстың қызып тұрған кезі. Кейбіреулер  «Қазақ тілі бітті, құрыды» деп байбаламға салып та жатыр. Ал ғалым Рәбиға Сыздық осы мақаласында мына тұжырымды алға тартады:

«Қазіргі таңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесінде әлеуметтік қызмет өрісінің кеңеймей отырғаны, оған Қазақстанның көп этностық құрамы, орыс тілінің ресми тіл деп заңдастырылып, қазақ тілімен қолданыс құқығы тең болып отырғаны, қазақ халқының едәуір пайызы ана тілінен ажырап қалғаны т.т. осы сияқты факторлар себеп болып келеді...

Тағы да «Қазақ тілі байлығының көп қырының бірі - сөз қазынасы, яғни лексикалық қазынасының өте бай екендігі бүгінгі қазақ ұлттық әдеби тілінің қазақ халқының функционалдық стильдер бойынша барлық сұранысын өтей алатын әлеуеті күшті тіл екендігін танытады. Біздің түйініміз - қазақ ұлты бар жерде ана тіліміз өлшемді де, қайта өркен жая береді».

1944 жылы Темірдегі педучилищеге оқуға түскенімде училищенің жатақханасы Октябрь көшесінің №7 ғимаратында болса, Құтқожиндер отбасы көршілес №9 үйде тұратын. Ол үйде сол жылы Ойылда 7-сынып бітіріп, училищеге оқуға түскен, маған өмір бойы айнымас дос болып кеткен Әбдікәрім Шөжебаев жатты. Себебі Құтқожин мен Шөжебаевтар отбастары Ойылдан құда-жегжат болған. Әбдікәрімнің туған апасы Зубарзат (Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыды) Рәбиға апайдың ағасы Хамит ағаның қалыңдығы екен. Мен Әбдікәрімге еріп анда-санда сол үйге баратынмын. Сонда Ғалия әжейдің қолынан бір-екі тілім таба нан жеп, сүт қосқан кәдімгі күрең шай ішкенім есімде, ол ашқұрсақ оқушыға біраз нәпақа болатын.

Хамит Құтқожин (1922 жылы туған) 1940 жылы Темір педучилищесін бітіріп, Ақтөбе мұғалімдер институында оқып жүргенде, 1941 жылы әскерге алынды. Оң қолын соғысқа беріп келді. Ал 1943 жылдан Темір аудандық оқу бөлімінің меңгеруші қызметін көп жылдар бойы жемісті атқарды. Соңынан Алматыға шақырылып жоғарылатады. Әуелі Оқу министрлігінде бөлім меңгерушісі, кейін Қазақ КСР Кеңесі Министрлігінде ғылым және оқу бөлімін басқарып, үкімет мүшесі болған, елімізге белгілі азамат.

Рәбиға апайдың сіңлісі Роза (1927 жылы туған) 1945 жылы педучилищені бітіріп, Алматыдағы Қазақ қыздар институына түсті, оны ойдағыдай тамамдады және ұлағатты ұстаз болды.

Осы арада айта кететін жайт - Алматыдағы Мемлекеттік қыздар институтын 1944 жылы ұйымдастырып, оның бірінші директоры болған біздің жерлесіміз, қоғам қайраткері, ғалым Құрманғали Оспанов еді. 1944 жылы Ақтөбе облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметінен Қазақстан Орталық Партия комитеті арнайы шақырып алып, Қ.Оспановқа осы қиын да құрметті істі тапсырған, оны Құрманғали аға тамаша орындады.

Қазір қарап отырсаң, осы киелі білім ордасынан қаншама қазақ қыздары жоғары білім алып, өмірге қанат қақты десеңізші...

Рәбиға апа жөнінде қаншама мадақ айтылса да артық емес. Оның ғылым докторларын, ғылым кандидаттарын даярлауда төккен тері, қазақ тілін өз тұғырына қондыру жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Рәбиға Сыздықтың мерейтойы - қазақ тілі ғылымының мерейлі мерекесі.

P.S. Алаштың азаматы, Рәбиғаның әкесі Сәтіғали Құтқожиннің Ойылда тұрғаны белгілі. Сәтіғали  атамыздың атын есте қалдыру мақсатында Ойыл аудандық әкімшілігі мен мәслихаты Құтқожиндер тұрған үйді тауып, қабырғасына мемориалдық тақта орнатса, құба-құп болар еді.

Орынбасар СӘДУАҚАСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Алаш орданың министрі

Ақтөбе облыстық партия архивінің 13-қоры, IV тізбесіндегі 176-істе облыстық партия комитеті мен НКВД басқармасы және аудандық партия комитеттері арасындағы құпия жазбаша хабарламалар негізінде дайындалған құжаттар сақталған. Бастапқыда істің сексен беттен тұрғаны хатталған, дегенмен толықтай сақталмай, біздің қолымызға тек істі болған алашордашылар тізімі ғана түсті.

Осы тізімде оныншы болып Сәтіғали Құтқожин тіркелген. Тұсында «г.Уил, Министр почта-тел.» деген жазу бар.

1919 жылы Алашорда үкіметі оған Ойыл мен Қызылқоға арасында байланыс торабын тартуды жүктеген. Алайда түрлі себептермен ол бұл шаруаны толық аяқтай алмаған.

Алашордашылар арасында ескерілмей келген есімдерді анықтап, ұрпақтары арқылы олар туралы деректер жинауды мақсат еткен біз Сәтіғали Құтқожиннің төрт перзентінің бірі, атақты ғалым Рәбиға Сыздықоваға хабарласқан едік. Рәбиға апамыз жолдаған хаттың қысқартылған нұсқасын оқырмандар назарына ұсынамыз:

ӘКЕМ ЖАЙЛЫ БІЛЕТІНІМ

Әкем Сәтқали (Сәтіғали) Құтқожин қазақ даласының батыс өлкесіндегі Тайпақ деген ауданның 4-аулында орта дәулетті шаруа адам Құтқожаның алты ұлының екіншісі болып дүниеге келген.

...Әкем туралы айтылар сөз көп болуға тиіс еді. Бірақ әкемнен он үш жасымда көз жазып қалдым. Бұған дейін әкеміздің әңгімесін көп ести алған да жоқпыз: ол кісі күн ұзақ жұмыста болатын. Демалыс күн, демалыс уақыты дегендерді де білмеді-ау деймін. Әйтеуір балаларымен бір жерлерге барғанын, не отырып әңгіме айтқанын, не демалуға курорт дегендерге барып жатқанын білмей, көрмей өстік.

Бір білетінім, бала кезден есімде сақталғаны - бір жерден екінші жерге көше беретініміз, көбінесе ат арбаның үстіне жасалған күркеде анамыз бен балалар отыратынбыз. Көшіп жүретін себебіміз, 1920-30 жылдарда Ақтөбе облысында қай жерде жаңа аудан құрылса, әкемізді сонда аудандық байланыс бөлімін (пошта-телеграф, тіпті телефон, радиоға қатысты жұмыстар атқаратын) басқаруға жіберіп жүрген, Ақтөбе қаласының өзінде де осы салада жұмыс істеген (сірә, 1920 жылдардың соңы болу керек).

Сөйтіп, балалары туған, өзі де ұзағырақ қызмет еткен Ойыл қалашығынан Ақтөбеге, одан Табын (қазіргі Байғанин) ауданына, одан Арал ауданына, одан Темір ауданына көшіп жүргеніміз есімде. 1933 жылдан бастап Темір қаласында тұрдық. Әкеміз аудандық байланыс бөлімін басқарды. Әкеміз туралы әңгіме анамыз Жеміс Қалуқызының аузынан бала кезден естігендерім бойынша жазылып отыр. Анамыз ешбір қоғамдық қызметке араласпаған, балаларын тәрбиелеп отырған жай ғана ошақ иесі, отанасы болатын.

Әңгімені жақсы айтатын, осы әңгімелерге сүйенсем, әкеміз, сірә, 1915-1916 жылдар мен 1917-1920 жылдары жерлесі Халел Досмұхамедовпен (олар бір мектепте - «Қызыл үйде» бірге, әкеміз үш-төрт класс одан төмен) оқыған. Өйткені Халелден әкеміз үш-төрт жас кіші болған. Дәрігер Иса Қашқынбаевпен, заңгер Жанша (Жаһанша) Досмұхамедовпен, төре әулетінен Шынтас Қаратаевпен сыйлас, жолдас болып бірге жүріп-тұрған. Олар әкеміздің үйінде жиі болып, әңгімелесіп, Шынтастың әнін тыңдап (ол өте жақсы дауыспен ән салады екен) жүреді екен. Жерлесі, кейін Алашорда үкіметінде жауапты қызмет атқарған күйеу баласы (немере қарындасы Жұмазия Өтеуованың жолдасы) Рахметолла Қаржаубаевпен де араласқан.

Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің бұл аталған көрнекті, жетекші қайраткерлерімен бірнеше жыл бірге жүріп-тұрғандықтан, олармен пікірлес, идеялас болмауы мүмкін емес, өйткені әкеміз де оқыған, елде, саясатта не болып жатқанынан хабардар, сол кездегі қазақ зиялыларының көпшілігі сияқты, озық ойлы, демократшыл пиғылды адамдардың бірі болған сияқты. Бірақ Алаш партиясының мүшесі болды ма, Алашорда үкіметіне қатысы болды ма деген сауалдарға жауап бере алмаймын. Өйткені бұл жөнінде анамыз еш нәрсе айтпайтын. Себебі біздер ес білген кезде, отызыншы жылдардан кейін «алашордашылар» - қорқынышты сөзге айналды ғой. Оның үстіне анамыз, жоғарыда айттым, саясатқа, әлеуметтік әңгімелерге қатысы жоқ, тіпті нақты түсінігі жоқ, үй шаруасындағы әйел болатын, сондықтан бұл жөнінде әңгімелей алмауы әбден мүмкін. Сондай-ақ анамыз айтқан әңгімелерде баяндалған оқиғалардың нақты өткен жылдары, әкеміз жұмыс істеген мекемелердің аттары айтылмайтын.

Ал көбірек естігеніміз: әкеміз Сәтқалидың (апамыз дәл осылай атайтын) Қарабаудағы орыс-қазақ училищесінде оқығаны; оны бітірген соң көп жылдар туған үйінен жырақ жерлерде, Текеде (Орал қаласында), Қаратөбеде, тіпті Астрахань жақта жұмыс істеп, содан кейін барып анамызға үйленген сияқты. Бұл, сірә, XX ғасырдың 10-жылдарының басы болар. Әкеміздің Орынбордағы мұғалімдер мектебінде оқығанын анамыздың аузынан емес, Ақтөбе прокуратурасы берген құжаттан білдім. Бірақ мұғалімдік қызметте көп болмаған тәрізді. Ол Морзе әліппесін жақсы игерген алғашқы қазақтардың бірі болғандықтан, қызметті пошта, телеграф саласында істеуден бастаған. 1937 жылы әкеміз алдымен жұмысынан босатылды, отбасымен тұрған қазынаның үйінен қуылды. Қаланың ең шетіндегі қолдан салған жер үйге көштік. Бұдан есімде қалғаны - киім салатын шифонеріміз жер үйдің есігіне сыймай, далада тұрғаны.

Әкеміз ұсталған күнгі картина көз алдымда: 1937 жылғы тамыздың 8-і не 9-ы болуы керек. Анамыз сіңлім Роза екеумізді дүкенге, нанға жіберді. Нан алып үйге жақындай бергенде, жанымыздан бір ат жеккен арба - үстінде әкеміз, екі жағында екі адам отыр - өтіп кетті.

Үйге кірсек, үй тас-талқан. Киім-кешек, қағаз - бәрі шашылып жатыр (тінту жүргізілген екен). Анамыз жылап, есік жақта тұр. Бөлменің ортасында қабағы түюлі, 16-ға толмаған Хамит тұр. Бала болсақ та, түсіндік. Анамызды құшақтап, бірге жыладық. Кейін білсек, сол 1937 жылы 23 қарашада «үштіктің» шешімімен Ақтөбе қаласының түрмесінде атылған екен. Жоғарыда аталған құжатта сүйегі Ақтөбе қаласының маңындағы «Пригородный» деп аталған совхоздың екінші бөліміндегі шұңқырларға тасталған депті.

Бұл күнде ол жерде 1930-1950 жылдарда репрессияға ұшыраған құрбандарға    белгі тас қойылған. Әкемізге «Темір ауданындағы контрреволюциялық-ұлтшыл, террорист-көтерілісші, шпиондық-диверсанттық ұйымның жетекшісі» деп айып тағылыпты. Әрине, бұл айыптың қисынсыздығы, сорақылығы айдан анық. Әкеміз Темір ауданына келіп жұмыс істеген үш-төрт жылдың (1934-1937) ішінде мұндай ұйым болып па екен, болды деген күннің өзінде ол қалай жетекші болып шыға келді? Демек, басты себеп басқада жатса керек - 1917-1920-жылдарда Алаш партиясының, Алашорданың батыс үкіметінің лидерлерімен бірге жүріп-тұрғаны, бұл үкіметтің орталығы деп жарияланған Ойыл қалашығында жұмыс істегені, коммунист партиясына кірмегендігі, аса сауатты, беделді, іскер қызметкер болғандығы болса керек.

Ал «халық жауының» ұрпағы атанып, қара күйе жағылғаннан кейін, балаң кезден бастап көріп келген құқай - өз алдына бөлек әңгіме.

Заманымыздың әділетсіздігі бізді ерте есейтті, намысқор етіп жетілтті, «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп кемеңгер Абай айтқандай, ешкімге көз сүзбей, жалтаңдамай, еңбек етіп, айналаның қадір-құрметіне ие болып өстік-ау деймін. Қысқасы, мен де «намысты қолдан бермей», еңбек жолында, ғылым әлемінде аз-көп нәрсеге қол жеткіздім, ғалымға сай атақ-дәрежелерге ие болдым. Бұған, сірә, табиғат берген талап пен таланттан гөрі, намыс, әкемнің атын ақтау үшін күрес себепкер болған болар.

Дайындаған Балнияз ӘЖНИЯЗОВ.

«Ақтөбе» газеті, 5 Қараша 2009 жыл.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051