«Орыстілді қазақ» атты ұлттың пайда болуы мүмкін емес!
2025 жылдың 19 маусымында «Дат» газетінде белгілі журналист, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекенің «Орыс тілді қазақтар – жаңа ұлт» атты мақаласы жарияланған болатын. Мүмкін, кезінде бұл мақала талқыланған да болар, талай‑талай пікірлер айтылған шығар... Бірақ, бұл мәселе «айтылды – болды» дейтін қатардан емес, қазақ қоғамының тәніне жабысқан нышан сияқты – ұлттық санада үнемі көрініс беретін тақырып. Сондықтан, әлеуметтік желілерде Әмірхан Меңдекенің осы мақаласы қайтадан қызу талқылана бастады. Оның да себебі бар...
Енді, Әмірханның мақаласындағы «орыс тілді ұлт» және «олардың өз мемлекеті» мәселесіне де өз ойымызды білдіруді жөн көрдік.
Әмірхан былай дейді: «Демек, «орыстілді қазақтар» дегеніміз – мүлде жаңа қауымдастық, қазақ ұлтының ұзақ жылдар бойы бодандық пен отарлықта болуының кесір-керінен пайда болған жаңа ұлт, жаңа халық. «Үйдің ішінен үй тігілді, ұлттың ішінен ұлт пайда болды» дегеніміз де осы…».
Енді, осындағы «ұлт ішінен ұлт пайда болды» деген пікірге тоқталайық:
Ұлт – белгілі бір тарихи кезеңдерде пайда болатын құбылыс. Оның пайда болуын классикалық оқулықтар былай суреттейді: 1. Өз экономикалық тұтастығы, яғни, өз бетінше экономикалық қарым‑қатынастар жүйесіне енуі; 2. Өзінің территориялық бірлігі, яғни, өз мемлекеттік құрылымы болуы; 3. Өзіне ғана тән мәдени тұтастығы, тарихы; 4. Өзінің тілі. Міне, осы төрт белгі этнос дамуымен сай келгенде ғана ол Ұлттық бірлікті түзей алады.
Олай болса, «қазақстандық орыстілді ұлтта» осы белгілер бар ма?
Біріншіден, еліміздегі орыстілді қазақтар Қазақстан Республикасы мемлекеттілігі арқылы әлемдік экономикалық қатынасқа қазақтілді қазақтармен бірге еніп отыр.
Екіншіден, орыстілді қазақтардың өз алдына шоғырлана орналасқан анклавы, не болмаса, басқадай территориялық бірлігі жоқ. Олар бүкіл ел бойына шашырай орналасқан, әрі, олардың шоғырланған жері ірі қалалар. Ал, қалаларда онымен бір мезетте қазақтілді қазақтар өммір сүріп жатыр.
Үшіншіден, орыстілді қазақ қауымның өз тарихы жоқ, өзіне ғана тән мәдениеті жоқ. Олардың мәдениеті әрі кеткенде Орыс халқының мәдениетінің көшірмесі. Ал, тарихы – қазақ халқының тарихы. Бары осы. Яғни, олар саны көп болса да, өздерін ұлт деп жариялай алмайды.
Төртіншіден, олардың тілі – Ресей мемлекеттік тілі. Яғни, тіл жағынан олар әр уақытта Ресей мемлекеті арқылы танылады, идентификацияланады. Бірақ, Ресейдің өзінде «орыс‑ қазақ», «орыс‑бурят», «орыс‑қалмақ» не басқадай «ұлттар» айтылмайды. Ресей федеративті мемлекет болғандықтан, оларды «шағын ұлттар» деп, әрқайсысын өз атымен атайды: қазақ – қазақ, бурят –бурят және т.т. Тілдері орыс тілі болса да, әр ұлт өз атында қала береді...
Осы жағдайда Қазақстанда «орыстілді қазақ ұлты» пайда болады деуге еш негіз жоқ. Бұл – классика.
Иә, мойындау керек, бізде билік ресурсында орыстлділердің үлесі жоғары. Бірақ, олар тек орыстілділердің мүддесіне қызмет етіп жатыр дей алмаймыз. Олай болса, оларды заң жүзінде «Мемлекет мүддесіне қарсы әрекет жасаушылар» деп жауапқа да таруға болар еді. Себебі, Қазақстанның мүддесі мен оның халқының мүддесі Конституциялық заңда бекітілген. Ендеше, орыстілділер, қаласа да‑қаламаса да, билікке келген соң Ұлттық мүддеге бағынышты болып қала береді. Ал, Ұлттық мүдде дегеніміз, алдымен Мемлекет мүддесі және Қазақстан халқының мүддесі.
Ал, Қазақ ұлты мемлекеттегі барлық ұлтты өзіне тартушы, өзіне сіңіруші әрі мемлекеттік жауапкершілікті мойнына жүктеуші болып қала береді. Тарихи әділетілік те, тарихи жағдай мен қазіргі әлемдік мемлекеттік құрылымдар сипаты осыған тірелген.
Сондықтан, еліміздегі тіл мәселесі үздіксіз қазақ ұлтының пайдасына шешілетін болады. Мысалы:
* Қазақстанда тілді қалыптастырушы мектептердің үлесі қазақтілділерде екі есе жоғары. Ол қарқын жылдан жылға арту үстінде. Міне, осы алып толқын болашақтағы қазақ тілінің өміршеңдігінің кепілі болып табылады. Олар қазір «күш жинау» үстінде. Сонымен қатар, оларды болашақта қазақ тілінің толыққанды мемлеттік тілге айналуын осы бастан жүзеге асырушылар десек болады.
* Қазір ауылдың дамуына триллиондап қаржы бөлінуде. Әрине, ол «азық-түлік қауіпсіздігі» үшін жасалуда. Алайда бұл инвестиция - қазақтілді қазаққа құйылатын инвестиция. Міне, осы факторлар «орыстілділердің» бірігіп, өз алдына ұлт болуына, ұлт болып өз алдына «мемлекет құруына» еш мүмкіндік бермейді деп ашық айта аламыз.
* Орыстілділер арасы біртұтас емес. Орыстілді бола отырып, қазақтілді ортаға қызмет етсем дейтіндер кемінде 50% деуге болады. Орыстілді қазақтардың локалды территориялық аймағы жоқ. Мемлекет ішінде шашырап кеткен. Сондықтан, өз алдына бөлек мемлекеттік құрылымға жетуге саяси-территориялық негізі қаланбаған.
* Бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстарында орыс халқының үлесі басым. Бірақ, ол өңір «орыстілді қазақтарға» саяси тұғыр тігетін аймақ бола алмайды. Ол жерде де олар «қазақ» атымен қала береді. «Тіл» деп оларды бөлек ұлт санайтын орта жоқ. Ал, «Ресеймен бірігу» идеясы біздің орыстілді қазақтардың өзінің стратегиялық мүддесіне сай емес.
* Сонымен қатар, көптеген ресурсқа бай өлкелер қазақтілділерің қолында.
* Демографиялық үстемдік те қазақтілділерде.
* Енді, жаңа заманда ЖИ дамуы қазақ тілін өркениетке жақындата түсті. Бұл қазақ тілі мен ағылшын тілі, өзге тілдер арасында тікелей контакт орнатуға мүмкіндік беруде. Яғни, енді қазақ тілінен кері аудару кез келген мемлекетте қиын мәселе болмай қалды. Бұл – қазақ тілінің еркіндігін ұлғайта түсті, қауқарын артыруда. Содан болар, қазіргі қазақ тілділер еркін түрде ағылшынға бейімдедуде, олардағы билингвизм енді «қазақ-ағылшын» болуы әбден мүмкін.
* Иә, мегаполистер әлі де орыстілді болып қала береді. Бірақ олардың экономикалық және интеллектуалдық потенциалы қазақтілділерге қызмет етеді.
* Халықаралық қарым-қатынаста да қазақ тілі қарқын ала бастады – ол көз алымызда өтіп жатқан құбылыс.
Әрине, мен Әмірхан Меңдекені қазақтың зиялысы ретінде қатты құрметтеймін. Оның ұлт тұтастығы тілден басталады деген жанайқайын толық қабылдаймын. Бірақ, біз де‑факто жағдайды саралай келе, оның дамуы тенденциясын да саралауға тиістіміз. Ал, ол бізге былай деп ой түйіндейді:
Қазақстанда тілдік тұрғыдан екіге бөлінген мемлекеттер мен өз алдына бөлек қалыптасқан «орыстілді қазақ» атты ұлттың пайда болуы мүмкін емес. Ал, қазіргі «тіл күресі» үздіксіз қазақ тілінің басымдыққа жетуімен жалғасады. Ол, өз кезегінді Қазақ ұлтының өрлеу сатысына ұштасады...
Тарихтың объективті логикасы осыған меңзеп тұр...
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz