Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4225 0 пікір 1 Желтоқсан, 2009 сағат 07:15

Ырысбек Дәбей. Қараторғайдай шырылдаған қайран қазақы сарын

Әуен- әуелде жаратылған Жаратушының шексіз мұғжизасының бірі. Жеті нота адамзат санасы терең қатпарына жасырған психикалық тербелістерді (күйініш-сүйінішті, қайғы-мұңды, қуаныш-шаттықты) бейнелеп, ән болып шалқып, күй болып төгіледі. Осы құдірет - сөзге сыймайды, көзге көрінбейді, яғни адамзатқа ортақ музыка тіліне айналады. Әуен - адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Адам өмірге келген күннен бастап саздың сана-сезімге, ой-өріске әсер ететінін, бесік жырынан басталатын алғашқы тәрбиеден-ақ байқауға болады. Бірақ біздің айтпағымыз, құрлықтар мен мемлекеттерді бөлген шекара атаулы бөгет болудан қалған жаһандану кезеңіндегі өмірге келіп жатқан болмыс-бітімнен жұрдай «Сайтани әуендердің» халық санасына жасап жатқан кереғар әсері хақында.

Әуен- әуелде жаратылған Жаратушының шексіз мұғжизасының бірі. Жеті нота адамзат санасы терең қатпарына жасырған психикалық тербелістерді (күйініш-сүйінішті, қайғы-мұңды, қуаныш-шаттықты) бейнелеп, ән болып шалқып, күй болып төгіледі. Осы құдірет - сөзге сыймайды, көзге көрінбейді, яғни адамзатқа ортақ музыка тіліне айналады. Әуен - адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Адам өмірге келген күннен бастап саздың сана-сезімге, ой-өріске әсер ететінін, бесік жырынан басталатын алғашқы тәрбиеден-ақ байқауға болады. Бірақ біздің айтпағымыз, құрлықтар мен мемлекеттерді бөлген шекара атаулы бөгет болудан қалған жаһандану кезеңіндегі өмірге келіп жатқан болмыс-бітімнен жұрдай «Сайтани әуендердің» халық санасына жасап жатқан кереғар әсері хақында.
Әуен - халықтың рухани-эстетикалық, мәдени құндылықтарының асыл арнасы. Халықтың ән-күй өнері - ұлттың дүниетанымы мен сана-сезіміне тікелей қатысты. Бүгінгі бізге жеткен аңыз-әңгімелерден туған ән-күйлер мысалы, Сырдарияға кілем жайып, қобыздың сиқырлы әуенімен ажалды алдаусыратқан Қорқыт жайындағы әфсаналар, қазақ даласын қаһарымен қаймықтырған қатыгез қағанның «қулығына құрық бойламайтын» сұрқиялығын «Ақсақ құланмен» айпарадай ашып, шұрқ-шұрқ қайнап тұрған қорғасынды домбыра шанағымен тосып алған Кетбұға жайындағы аңыздар болсын, ұлт тарихының ән-күй өнерімен біте қайнасып жатқандығынан дерек береді. Халық өмірінен бастау алған «Бозторғай», «Аңшының зары», «Жалғыз жігіттің зары» т.б эпостық күйлерді және тарихи оқиғаларға, жоңғар шапқыншылығына байланысты «Елім-ай», «Жеті арал жерім-ай», «Ағажай Алтай» секілді жүздеген әндерді мысал ретінде көлденең тартуға болады. Ал кейінгі 18-19-ғасырда қазақ даласында жалғасын тапқан сал-серілік дәстүр, әнші-күйшілер (Құрманғазы, Тәттімбет, Сегіз сері, Ақан сері, Біржан сал т.б) қазақ өнерінің арнасын кеңейтіп, бағын асырды. Әсіресе 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басы ұлттық рухтың, ұлттық өнердің кемеліне келген кезеңі болды. Абай мен Шәкәрім әндеріндегі өзгешелік пен сыршылдық, ізгілік пен иірімділік өз алдына бір төбе. Себебі «Желсіз түнде жарық ай» мен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» (бұл екі ән ғана деген сөз емес, барлық әндерін атауға болады) әндерінің қазақ сахарасында қалықтауы рухтың түлеген шағы яғни көшпенділердің рухани-эстетикалық талғамдарына сәйкес ұлттық мәдениетіміздің жаңа белеске көтерілген кезеңі. Осы дәстүрлі мәдениеттің жалғасы, қазақ музыка өнерін жаңа биіктерге көтерген: А.Жұбанов, С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев, Ғ.Жұбанова, Б.Байқадамов, Ө.Байділдәев, Л.Хамиди, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, А.Еспаевтар қазақ әуендерін жаңа қырынан жаңғыртып, қазақы сарынның ғылыми негізін қалыптастырды. Қазақы сарын дегеніміздің өзі - қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлері мұсылманшылыққа сай, адамгершілік қағидаларын бойына сіңірген, ізгілікті дәріптейтін ежелгі қазақы болмысқа ие деген сөз. Пайғамбарымыздың хадистерінде де сиқырлы сазға қатысты көп жайлар айтылған. Әуен - егер адам баласының уақытын босқа өткізуге, түрлі ізгі амалдар жасауға кедергі жасаса, нәпсіні қоздырып, ойына харам нәрселерді салып, жаман пиғылдарға жетелейтін болса, даңғаза дауыстар мидағы клеткаларды өлтіріп, адам мінезін ұшқалақтыққа тәрбиелесе, нақұрыс идеялар тудырса, онда - харам делінген. Ал ерлікке, отаншылдыққа, ізгілікке баулитын әуендерді тыңдауға пайғамбарымыз рұхсат еткен. Әбунасыр әл-Фараби әуендерді тыңдау-тыңдамау туралы ұстаздарынан кеңес сұрағанда, бір ұстазы тыңдамауға, бір ұстазы тыңдауға кеңес берген. Тағы бір ұстазы Әбу Мәлік алдыңғы екі ұстазының жауабын қорытындылай келіп: «Екеуі де дұрыс айтады. Жамандық та, жақсылық та адамның өз бойындағы қасиетке сүйенеді. Азғындық пен ізгілік ежелден егіз емес пе? Ән-күйдің әуеніне еріп, басқа өнер-білімнен қол үзсең, сонымен өміріңді ғапыл өткізсең, өкініш емей немене. Әсем әуен алпыс екі тамырды бірдей қозғайтын керемет, құдіретті нәрсе. Оның сені билеп әкетуі ғажап емес. Алғашқы айтушы сені содан сақтандырды. Құдіретті өнерді керекті жерінде өлшеумен ұстап, тізгінді ақыл-ойға беріп ізгілік іске қоссақ, онан келер пайда тағы көп. Көкірек кеңіп, көңіл оятар, қиял қоздырып, қайрат берер тағы сол...Ғылымның ата тегі әр ненің өлшемін білуде емес пе. Сен ән-күй үйренсең, онан менің қаупім жоқ. Құдіретті күйдің сиқырлы үнін тежеп отыруға сенің ақыл-қабілетің мол жетеді», - деп кеңес берген. Ұлы ғұламаның өзін сиқырлы саздың алдында осылай сақтандырған екен. Мұны айтып отырғанымыз қазіргі халықтың интеллектуалдық деңгейіне әсерін тигізіп отырған есер эстраданы төрімізден орын беріп, төбемізге шығардық. Бейшара халімізге жанымыз ауырмайтын, тоғышар қоғамда өмір сүріп жатқанымызды, тым құрыса, сезінер түйсікті, улы әуендерге улатып, ештеңені ескермейтін, құр әуенге бұлғақтаған салғырт санаға тежеу салмадық. Қазір ғасырлар бойы қалыптасып, бізге жеткен халықтың дәстүрлі ән-күйлері жеке институттың, жеке топтың, жеке адамның ғана зерттеу, орындау обьектісіне айналды да, эстрада халықтық сипат алды. Ендігі буынның түп-тамырынан ажырап, рухсыз, масаң халге түсуіне айрықша әсерін тигізіп отырған жайттың бірегейі осы. Өйткені біз өзіміздің ұлттық менталитетке сай ұлттық әуеннен күн өткен сайын ажырап барамыз. Бұған шетелдік даңғаза әуендер мен жалаңаш әншілердің және өзіміздің «заманға ілескен жұлдыздарымыздың» сәулесін жалпақ жұртқа шашқанын ескеріп, эфирден 24 сағат қақсайтын «ХитТВ» секілді арналардың ықпалы орасан. Бұл жерде шетелдік әуендер дегенде менталитетімізге жат деп барлығынан бас тарту емес, кешегі ұлы сазгерлер Л.В.Бетховен, И.С.Бах, И.Гайдн, В.А.Моцарт, Ф.Шопен, Р.Шуман секілді классиктер шығармашылығындағыдай ізгілікке, адамгершілікке шақыратын, жан дүниеңнің нәзік пернелерін дөп басатын тұстарына талғаммен қарау деген сөз. Адамзаттың ұлы ойшылы Аристотель де адамның жан-жақты мәдени және рухани дамуына мән беріп, өнер, соның ішінде әуен, адамды тәрбиелеудің негізгі құралы деп таныған. Гитлердің «даңғаза әуендермен мәңгүрттендіру» жоспары да музыканың қиратқыш әсерін терең сезінгеннен туса керек.
Қазір біз мүгедек сананың «жұлдыз құрттарын» дәріптеуден, жарнамалаудан еш аянып жатқан жоқпыз. Теледидар, интернет, радио, газет- журнал дейсің бе, солардың меншігіне өткен. Онсыз да қазіргі заман тудырған «мәдениеттер қақтығысында» құрдымға кетіп бара жатқан қазақ өнері тал қармап, ауыр жағдайға душар болды. Ал ол ұлттық сана-сезімге әсер етті. «Сарыарқаны» тыңдап өскен ұрпақ пен әуейі әуендер арасынан өрбіп келе жатқан буынның отаншыл, ұлтшыл және де басқа рухани қасиеттерін еш салыстыруға келмейді. Адамның ішкі дүниесіне ағыла құйылып, көз алдыңа кең-байтақ жер мен ондағы әсемдікті тартатын қоңыр әндер мен күйлер санадан сәл саяз тартса, ас батпайтын ата-бабамыздың ізгі қасиетінде үлкен мән жатса керек. Өйткені, эстетикалық ақсау - тұтас ұрпақтың бүлінуін тудыратын жайт. Бұл өзі әлемдік сипат алған рухани тоқыраудың адамзат қоғамында салтанат құрған кезеңі. Кеше Абай мен Шәкәрімді тудырған, алаштың астанасы болған қарт Семейде Майкл Джексонды еске алу шарасы өтті. «Қалада таңсәріге дейін Майкл Джексонның әндері жаңғырып тұрды» деп жазды БАҚ. Міне парадокс! Бұл арада Поп-музыкасының короліне емес, шараға жиналған және ұйымдастырған жұртқа аузың ашылып аңтарыласың. Біздің Майклды әспеттеуіміздің астары - миллиондаған адамның құрметіне бөленген корольге деген қызығушылықтан туған жай ғана әуестік. Әйпесе, «...ғайып болған тайпалардың билері мен күйлеріне толы менің жүрегім», - деп шырқаған әншінің түп тамырына байланған ерекше қасиетін терең түсініп, терең сезінгеннен емес. Тіл тағдыры қыл үстінде тұрған сол облыстарда, сол Семейде «Мемлекеттік тілдің тағдырына алаңдаушылық білдірген жұрт таңсәріге дейін бейбіт шеру өткізді, Абай әндері таңсәріге дейін үзілмей жалғасты немесе полигонның зардабын күні бүгінге дейін тартып отырған жұрт Ресейден өтем-ақы талап еткен шеру таң атқанша саябырсымады» десе, еш сөкеттігі болмас еді. Пайғамбарымыз рұхсат бермеген «уақытын босқа өткізген, нақұрыс идеялар тудырған» деген заманға біздің тап болып отырғанымыз осыдан-ақ байқалар. Жұрттың әлеуметтік, қоғамдық қордаланған мәселелермен жұмысы жоқ, интеллектуалдық деңгейі әлсірегені бұл. Қай ауылға барсаңыз гу-гу әңгіменің өзегі осы «жұлдыздар» төңірегінде, солардың жеке басына қатысты бос сөздердің ұясына айналған. Сіз сол «халық қалаулыларымен» жолыңыз түсіп жолыққаныңыз немесе дәмдес болғаныңыз туралы білер болса, Қыдырды кездестірген жалғыз жандай қадырыңыз артып, мәртебеңіз өседі. Күнделікті эфирдің сол «мәртебелі қонақтары да» «өнер адамы болған соң» деп басталатын мылжың сөзімен халықтың ақылманына айналғалы қашан. Жас ұрпақты өнер арқылы, көркемдік білім мен шығармашылық ой-өрісін, рухани мәдениеттің «сұлулық қағидаларына» сәйкес дамыту, ұлттық педагогика негізінде - халықтың тағылымдық өнерін насихаттау деген секілді идеялар, эстрада жұлдыздарының аспани ғұмыры басталғаннан бері құрдымға кеткен тәрізді. «Қазақстан» ұлттық арнасында жүріліп жатқан «Екі жұлдыз» атты думанды шоудың эфирден неше сағат бойы көрсетіліп жатқандығы - халықтың эстетикалық талғамы күйреуге бет алғанын және күйретуге рұхсат етілгендігінің айқын белгісі. Сонда бұл қай өнер, өзегінен безген қай өнер жұлдызы деген заңды сауал туындайды. Бірақ оған жауап берер жанды таппайсыз.
Ұлт мәдениетінің ұлы жоқтаушылары, кешегі алаш азаматтары эстетикалық тәрбие - ұлттық әуен, ән-күй өнеріне бей-жай қарамаған. Шетел сахнасында тұңғыш рет ән салған Әміре Қашаубаевтың Париж сахнасында қазақ әнінің жұлдызын жарқыратуына тікелей Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен. Мәскеуде үй қамақта отырып-ақ Әлихан Әміреге репертуарындағы әндердің дұрыс айтылуы мен сахналық мәдениеттің маңыздылығы жөніндегі терең толғаныстарын ағынан жарылып, шын жанашырлық танытқан. Алтын қордағы Әміренің алтын дауысы, Бөкейхановтың еңбегінің арқасында үн таспаға жазылып, бүгінге жетіп отыр. Міне, ұлттық әуен дүбәраланбаған, қазақы сөздің қаймағы бұзылмаған шақта ұлт көсемдерінің ұлттық өнерге деген жанашырлығы. Қазіргі композиторсымақтардың жазып жүрген әндері (олардан классикалык музыка немесе эпостық күй дәметпей-ақ қойыңыз) не ұлттық саздың, не сөздің мәйегінен жұрдай дүбәра бірдеңелер. «Әй дейтін ажаның, қой дейтін қожаның» жоқтығы ұлт өнерін бар мен жоқтың өлара кезеңіне жеткізді. Мәселен, «Бәйтерек» деп аталатын топтың «Жан сәулем» әнінің сөзі мынадай:  
Сен нәзік жүрегімді өзің жылыттың,
Мен жан жүрегімді әнмен жұбаттым,
Жан сәулем.
Сен нәзік жүрегіңді өзің жылатпа,
Арман әні.
Бұл әннің сөзі ме, әлде хал үстінде жатқан адамның сандырағы ма? Сол сияқты «АлДАВАЙ» тобының мына әні де көптеген жастың «бағын» ашқан, солардың тілімен айтқанда «Хит өлеңі»:
Мені алдадың, амалым қанша, бірақ та сен
Енді қайтіп ешбір жанды өкпелетпе
Неге алдадың, жаным, сүйемін деп,
Сүйемін деп, отқа күйемін деп,
Ойлап едім..., қателестім,
Махаббатымыз біздің мәңгілік деп.
Махаббатымыз созылмады біздің көпке,
Сен ысырып тастадың мені шетке.
Неге қарамадың сен,
Неге жараладың сен,
Көзім жасқа толы,
Жүрегім мұңға толы,
Неге, жаным, неге, неге?
Қазіргі жастар арасындағы кең таралған, сұранысқа ие дүниелердің дені осындай қоқыр-соқырдан тұратын, татымсыз, ұлттық бояуын жоғалтқан, жеңіл-желпі эстрада. «Құлақтан кіріп, бойды алар» өнердің талғамы таразыға тартылар баяғысынан алшақтап, осы бір рухани азып-тозуды тудырып отыр.
Кейде Мағжан Жұмабаевтың Ақан сері туралы жазылған очеркін оқып отырып, «Қараторғай» әнінің қалай туғаны туралы трагедиялық сюжетке айрықша аңсарың кетеді. Балапанынан бағып-қағып өсірген қыран бүркіті, көз алдында қанат-құйрығы жұлмаланып қартайып, тіпті жерге қонуға дәрмені болмай, серінің үстінен айналып ұшқанда, «қараторғай» болып жүрегінен сорғалайтын сол бір әуенге Мағжанның айрықша тоқталуы - дала аристократиясының, қазан төңкерісінен кейінгі қазақтың тарихи санасына селкеу түсер алдындағы жазылмас жараны анық сезінгеннен шығар деген ойға қаласың. 70 жыл құртып жоюға, құлдануға қадам жасаған Кеңес заманының халықтың эстетикалық тәрбиесіне айрықша «көңіл бөлгенін», тәуелсіздіктен кейінгі рухани құлдыраудан бөліп қарауға болмайды. Түбегейлі құртты деген сөз емес, өшіп бара жатқан ақпараттық-генетикалық байланыс Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев секілді тұлғаларды тудырды. Бәрібір құдайсыз қоғамнан мертіккен сана тәуелсіздіктен кейін жаһандану деп аталатын алапат өрттің қызыл жалынына шарпылып, Қараторғай - қазақы сарын бағзы бейнесін таба алмай, адасып жүр.

Қараторғай,
Ұштың зорға-ай.
Бейшара, шырылдайсың
Жерге қонбай.

 

"Жалын" журналының 2009 жылғы №11 санында жарияланған.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300