Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2563 0 пікір 17 Желтоқсан, 2009 сағат 18:43

БIР ОТБАСЫНАН СОТТАЛҒАН екi желтоқсаншыны бiлемiз бе?

 

Бүгiнгi күнi «Желтоқсан батырлары» сөз бола қалса, алдымен қасiреттi көтерiлiстiң атаусыз мәртебесi, сосын өздерiн «жапа шеккендер» етiп көрсетiп жүрген «жасанды» желтоқсандықтар еске түседi. Неге?

Әрине, оның әртүрлi себептерi бар. Соның iшiнде тапсырыспен құрылған ұйымдар мен олардың «қой терiсiн жамылған» жетекшiлерiн билiк өз саясатының ығына қарай пайдаланатыны - қазақ үшiн жантық қасiретке айналды. Желтоқсан атын өздерiне ұпай етiп, әкiм-қараға қызмет еткен немесе қоғамдық ұйым құрып, ұпай түгендегендер аз емес. 1986 жылы ұлттық сезiмнiң жетегiмен басын бәйгеге тiгiп, шейiт кеткен боздақтардың атын жамылып, «ерлiктiң» құнын дауламақ болғандардың даң­ғаза әңгiмесi - көзi тiрi нағыз желтоқсандықтардың өз араларында да айтылып жүрген әңгiме.

Билiк үшiн желтоқсан ақиқаты - көзге шыққан сүйелдей. Өйткенi бүгiнгi өкiмет басында отырғандардың денi - Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде де осы билiктiң қызығына әбден қанғандар. Олар - қазақ тарихы алдында болашақ масқараға бататындар.

 

Бүгiнгi күнi «Желтоқсан батырлары» сөз бола қалса, алдымен қасiреттi көтерiлiстiң атаусыз мәртебесi, сосын өздерiн «жапа шеккендер» етiп көрсетiп жүрген «жасанды» желтоқсандықтар еске түседi. Неге?

Әрине, оның әртүрлi себептерi бар. Соның iшiнде тапсырыспен құрылған ұйымдар мен олардың «қой терiсiн жамылған» жетекшiлерiн билiк өз саясатының ығына қарай пайдаланатыны - қазақ үшiн жантық қасiретке айналды. Желтоқсан атын өздерiне ұпай етiп, әкiм-қараға қызмет еткен немесе қоғамдық ұйым құрып, ұпай түгендегендер аз емес. 1986 жылы ұлттық сезiмнiң жетегiмен басын бәйгеге тiгiп, шейiт кеткен боздақтардың атын жамылып, «ерлiктiң» құнын дауламақ болғандардың даң­ғаза әңгiмесi - көзi тiрi нағыз желтоқсандықтардың өз араларында да айтылып жүрген әңгiме.

Билiк үшiн желтоқсан ақиқаты - көзге шыққан сүйелдей. Өйткенi бүгiнгi өкiмет басында отырғандардың денi - Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде де осы билiктiң қызығына әбден қанғандар. Олар - қазақ тарихы алдында болашақ масқараға бататындар.

Бiрақ желтоқсанның ызғарында алаңға шығып, ұлттың намысын жыртуға қатысқан, кейiн сол үшiн ешкiмнен еш­қандай ақы мен мәртебе сұрамаған азаматтар да бар. Солардың бiрi - әпкелi-iнiлi Гүл­нәр мен Қасым Әбiлқай­ыров­тар. Содан бергi 23 жыл iшiнде әпкелi-iнiлi желтоқсандықтар газетке шығып, теледидардан сөйлеп көрмептi. Сөйте тұра, олар қанды алаңдағы майданның ортасында жүрiп, кейiн­нен темiр торда жазасын өтеп келгендерiн де көп сөз ете бермейдi.

Бiз осы бiр қарапайым қазақтармен тiлдесуге асықтық. Алдымен Әбiлқайыров Қасыммен хабарластық. Қасым мырза әпкесi Гүлнәрмен кездестiру үшiн, Алматының шетiндегi Қаскелең ауданына қарайтын Жандосов ауылына алып келдi. Жол бойғы әңгiме желтоқсан жа­йында өрбiдi. Бұл ауылда Әбiл­қайыровтардың қара­шаңырағы бар екен. Алдымен сонда түстiк. Қасым мырза: «Сiздi мұнда әкелген себебiм - екi желтоқсандықты өмiрге әкелiп, тәрбиелеген анамызбен тiлдестiру, қолынан дәм татыру едi», - деп, жылы жымиды.

Бiздi есiк көзiнен 11 баланың анасы Жiбек апа қарсы алды. 70 жасқа келдi дегенi болмаса, тынысы тың, қыр арқасы тiк қарт ананың жүзi де шуақты екен. Әжейдiң айтуынша, Қасым ол кездегi Архитектуралық институттың 2-шi курс студентi екен. Әпкесi Гүлнәр бұрынғы КазГУ-дiң 4-курсында оқып жүрiптi. Қасым 17 желтоқсан күнi курс­тастарымен бiрге алаңға барып, сол күнi түнге қарай жазалаушылардың қолына түсiптi. «Мен өзiмнiң «ауыр қылмыс» жасағанымды тергеу кезiнде ғана бiлдiм, - дейдi Қасым. - Айыптаушы прокурордың маған таққан кiнәсi - шепте тұрған милицияға бес рет тас лақтырыппын. Оның үшеуi «нысанаға» дәл тиген көрiнедi».

Ал тергеу кезiнде «жәбiр көрген» милиция қызметкерi өтiрiк куәлiк берiптi. Шекесiне тас тиген милиция қызметкерi мен күрек тiсiн Қасымның «оғы» жұлып кеткен «жәбiрленушi» қызметкер: «Қасым тасты оң қолымен лақтырды», - дептi. Ал Қасым болса тумысынан солақай екенiн дәлелдей алмай, бес жылға сотталып кете барды. Кесiмдi жазаның бiр жыл сегiз айын Маңғышлақта өтеп жүрген кезiнде, қалған «айыбын» Сiбiрде өтеуге бұйрық шығыпты. Сөйтiп, өрiмдей студент Қасым Әбiлқайыров Қазақстан түрмесiне сыймай, Сiбiрге жер аударылыпты. Түрме «жаңартуына» себеп ретiнде ол былай дейдi: «Маңғышлақтың түрмесiнде «желтоқсандықтар» көбейiп кеткеннен кейiн, бiзден қорыққан кеңес жазалаушылары бәрiмiздi жан-жаққа таратты, бiразымызды Сiбiрге, ендi бiразымызды Колымаға айдап әкеттi. Бiрақ Сiбiрде үш ай отырған соң, желтоқсанға байланысты жеңiлдiктер жасалып, бостандыққа шықтым».

Ал Қасымның әпкесi Гүлнәрдiң жазасы қысқа мерзiмде өтелген көрiнедi. Оны анасы Жiбек апа былай түсiндiрдi: «Гүлнәрға тағыл­ған айып - «үгiт қағазын» тараттың деген желеу болды. Бiрақ қыз бала деп жеңiлдiк бердi ме, екi жылға бас бостандығынан айырылса да, түрмеде үш ай ғана отырды. Қызымның мерзiмiнен бұрын бостандыққа шығуына адвокат Ақынова деген мың болғыр (атын ұмытып қалыппын) көп көмектестi».

Әңгiме арасында жоғарыда өзiмiз сөз еткен желтоқсан ұйымдары жөнiнде бiлмек үшiн Қасым мырзадан: «Сiз қайсы ұйымға мүшесiз?» - деп сұрадым.

«Әрине, желтоқсандықтар атын жамылған қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктер көп қой. Әрқайсысының ұстанымы әртүрлi. Мен, әпкем Гүлнәр екеумiз де «Желтоқсан қоғамдық бiрлестiгi» деген ұйымдамыз», - дедi Қасым.

- Қазiр нақты мәлiметке сүйенсек, Қазақстан бойынша желтоқсан оқиғасына қатысты оннан астам ұйым бар екен. Бiрақ бәрiнiң басы неге қосылмай жүр деген сұраққа:

- Бұрын осы көп желтоқсан ұйымдарының басы бiреу болатын. Кейiн ғой, «Желтоқсан ақиқаты», «Желтоқсан қозғалысы», «Желтоқсан қарлығаштары» болып бөлiнiп кеткенi. Әрине, 1986 жылы от пен суға бiрге түскен ынтымағымыз бүгiнде жоқ. Мұнда сая­саттың салқын әсерi бар екенi - даусыз. Өйткенi желтоқсандықтар атымен саясат­қа араласып, абырой жинап жүргендердi айтпағанда, жер­гiлiктi билiктiң ықпалымен ыдырату әрекетiн жасап жүргендерi де бар. Билiктегiлердiң бiреуiмiздi ала, бiреуiмiздi құла көруi басымызды бiрiктiрмеудiң, қазақи рухты топтастырмаудың бiр тәсiлi шығар, кiм бiлсiн? Дегенмен билiктiң ығына жығылып жүретiн бiрен-саран желтоқсан­дықтарды немесе олардың ұйымдарын жазғырамыз деп, көпке топырақ шашпау керек. Мәселен, мақсаты, бағыты түзу, қазақтық тақырыпқа қызмет етiп жүрген тәп-тәуiр ұйымдар мен бiрлестiктер бар ғой. Олар ұлт үшiн, ел үшiн талай игiлiктi шаруалар атқарып жатыр. Жалпы, желтоқ­сандықтардың бас қосып, ынтымақты болуы билiкке жақпайды. Сондықтан билiк бiздi ыдыратып жiбердi. Жеке-жеке отау болып атқар­ған шаруа не оңсын?!

- Бүгiнгi билiктiң Желтоқсан көтерiлiсiне көңiл бөлуi және сiздерге құрмет көрсетiп, материалдық көмек көрсетуiне көңiлiңiз тола ма? - дедiм мен қытығы қатты әңгiменiң бiр пұшпағын суырт­пақтап.

«Бұл - ұзақ және жанға бататын әңгiме, - дейдi Қасым. - Баршаға мәлiм, Желтоқсан көтерiлiсiне саяси баға берiлiп, ол тарихи тұрғыда көтерiлiс ретiнде мойын­дал­ған жоқ. Сондықтан оған мемлекеттiк тұрғыда көңiл бөлу мәселесi ақсап жатыр. Ал жеке желтоқсандық тұлғаларға келер болсақ, оның да жетiсiп тұрғаны шамалы. Атын атап, түсiн түстемей-ақ қояйын, билiк желтоқсан­дықтардың тiрiсi емес, өлiсiн де бөлiп, бiрiне батыр атағын берсе, екiншiсiн мүлде атаусыз қалдырып қойды. Бұл аруақ алдындағы - күнә, тiрiлер алдындағы - әдiлетсiздiк.

Мысалы, ұмытпасам, 1993-94 жылдары болу керек, үкiмет желтоқсандықтарға үй бердi. Сондағысы - бес пәтер. Оған таласқан адамның саны 80-90 шамасында. Мiне, бұл желтоқсандықтарды қорлау емес пе? Бiрақ кейiннен қайта-қайта хат жазып, өзiмiздi өртеймiз деген соң ғана 1996 жылы барлық желтоқсандықтарды үймен қамтамасыз еттi. Қателеспесем, сол кезде бiздiң мұңымызбен санасқан Заманбек Нұрқадiлов пен Иманғали Тасмағамбетов болатын.

Үкiмет о баста желтоқсан боздақтарына арнап қаржы да бөлген. Бiрақ оны да ала-құла қылды. Алғаш­қылар 2-ден 7 миллион теңгеге дейiн ақша алған болатын. Бiзге келгенде қазынасының қақпағы жабылып қалды ма, бәрiмiзге бiрдей 1,5 миллионнан бөлiп тастады. Кейiн естiсек, ол заңды жасаған кiсi Қайрат Келiм­бетов екен.

Желтоқсандықтарға көмек көрсету күн сайын азайып барады. Алғашқы кездерi дәрiгерлiк тексеруден өткiзiп тұратын едi. Қазiр оның бiрi де жоқ. Түрмеден жабысқан аурулары бар талай желтоқсан жiгiттерiнiң емделе алмай жүргенiн жақсы бiлемiн. Мысалы, осы Жандосов ауылының өзiнен Молдаш деген азамат болған. Қазiр жоқ. Бiраз жылдың алдында қайтыс болып кеттi...».

«Сiз, әпкеңiз Гүлнәр екеуiңiз өздерiңiздi баспасөзде жарияламай, 23 жылдан берi бұғып келiпсiздер. Бұл сонда күнi бүгiнге дейiн тапжылмай отырған билiктен қорқудың салдары ма?» - деймiн мен тағы бiр ойдың ұшығын суыртпақтап.

Қорқатын несi бар! Өзiне жарнама жасап, «батыр желтоқсандық» атанып жүрген талайларды бiлемiн. Әуелi көтерiлiстiң маңын көрмеген жалған қатысушыларды да естiгем. Бiрақ өзiмде ондай мiнез жоқ. «Мен - Желтоқсан көтерiлiсiне қатысып едiм...» - деп кеуде керудi жөн көрмедiм. Не үшiн, кiмге мақтануым керек? Өз елiме, қазағыма жасағанымды бұл­даймын ба?» - дейдi Қасым.

Осы арада әңгiмеге Жiбек апа араласты: «Балаларды түрмеге алып кеткеннен кейiн, алты ай бойы үйiмiздi сақшылар күзетiп жүрдi. Таңертең де, кеште де үйдi айналып сарала киiмдiлер жүрiп алды. Бiр күнi жаным күйiп кеткенде бәрiн бидайдай қуырдым: «Алатын балаларды алып кеттiңдер, ендi шал-кемпiрден не керек, жоқ әлде бiздi де қамайсыңдар ма?!» - дедiм, ашуланып. Содан кейiн торушылар қарасын батырды.

Балаларды түрмеге алып кеткеннен кейiн, бiраз жыл осы ауылдағы басқа ұлт өкiлдерiнен қылмыскер­лердiң ата-анасы деген түртпектi көп көрдiк. Бәрiне шыдадық. Осы үкiметтен екi бiрдей желтоқсан өренiнiң анасы едiңiз деген жылы сөз де, таратылып жатқан жәрдемақы да көрмедiм. Бiрақ оларға қол жайып отырған жа­йым жоқ...».

Қасым Әбiлқайыров Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты қозғалған барлық қылмыстық iстердi, түрмеде отырып шыққан азаматтарға қатысты жағдайды қайтадан қарап, көтерiлiсшiлерге саяси мәртебе берiлуге тиiс екенiн айтады. «Мәселен, маған ал­ғаш рет Қылмыстық кодекстiң 60 және 65-бабы бойынша «ұлт­араздықты қоздырушы» және «көпшiлiкпен бiрге бұзақылық жасаған» деген айып тағылды. Бiрақ күлкiлiсi сол - кейiннен осы екi баптағы айыптаулар дәлел-деректiң жоқтығы себептi алынып тасталды. Оның орнына 173-бап бойынша «заң қызметкерiне қол жұмсады» деген айыппен жазалады. Сонда алғашқы екi бап алынып тасталған соң, «желтоқсан көтерiлiсшiсi» деген әңгiме жайына қалды. Дегенмен кейiн iстi қайтадан қопарып, қайтадан Желтоқсан көтерiлiсi бойынша соттады. Есесiне «жазамды» жеңiл­детiп, бұрынғы бес жылдан екi жылға түсiрдi. Мұны адвокатым болған Бурабаев деген азаматтың еңбегi деп бағалаймын. Ал ондай жәрдемшiсi жоқ азаматтар күнi бүгiнге дейiн «қылмыскер» болып жүр».

«Желтоқсан көтерiлiсiне бүгiнгi күннiң деңгейiнен қарасаңыз қандай ой түйер едiңiз?» деген сауалыма Қасым бiраз ойланып қалды. «Қазақтың рухы түсiп бара жатқан сияқты... Ел мен жердiң байлығы өз қазағыңа бұйырмаған заманда, елдiң еңсесi биiктеп кетедi деп кiм айта алсын...» - деп, Қасым терең күрсiндi.

Иә, кешегi елiн кеңестiк өктемдiктен қорғаған батырлар жерiнде машкевичтер мен кимдер, мұнай алпауыттары мен келiмсек қожайын бол­ғанда, Қасымдарға кiм қарайлас болар екен?...

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 11 (36) от 15 декабря 2009 г.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377