Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3479 0 пікір 1 Наурыз, 2010 сағат 07:10

Динара Мыңжасарқызы. Орыстар көше ме?

Әрбiр мемлекет өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Ресей үкiметiнiң осы мақсат аясында қабылдаған "Отандастар" мемлекеттiк бағдарламасына биыл үшiншi жыл. Әу баста дақпырты мен насихаты басым болған бағдарлама ресейлiк отандастардың елге оралуына ықпал жасады ма? Күнi бүгiнге дейiн жергiлiктi билiк пен ақпарат құралдары аталған бағдарлама жөнiнде халықты жағымды көрсеткiштермен алдауқаратып келсе де, нақты мәлiметтердiң керiсiнше өрбитiнi қалай?

Газетiмiзде жарияланған "Отандастар" операциясының сәтсiздiгi" атты мақалада бағдарламаның бiр жыл болмай жатып сәтсiздiкке ұшырағаны ашық сыналып едi. Одан берi екi жыл өтсе де, жергiлiктi билiк жалпақ жұртқа белгiлi жайтты әсiрелеп келгенiн қалай түсiнуге болады? Тiптi, Ресейдiң кез келген ақпарат көзi мен ғаламтор сайтын ашсаңыз, "Ресейге қандастар көптеп оралып жатыр" деген жалынды мәлiметтен көз сүрiнедi. Ал, шын мәнiнде, жағдай қуантарлықтай емес көрiнедi.

Әрбiр мемлекет өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Ресей үкiметiнiң осы мақсат аясында қабылдаған "Отандастар" мемлекеттiк бағдарламасына биыл үшiншi жыл. Әу баста дақпырты мен насихаты басым болған бағдарлама ресейлiк отандастардың елге оралуына ықпал жасады ма? Күнi бүгiнге дейiн жергiлiктi билiк пен ақпарат құралдары аталған бағдарлама жөнiнде халықты жағымды көрсеткiштермен алдауқаратып келсе де, нақты мәлiметтердiң керiсiнше өрбитiнi қалай?

Газетiмiзде жарияланған "Отандастар" операциясының сәтсiздiгi" атты мақалада бағдарламаның бiр жыл болмай жатып сәтсiздiкке ұшырағаны ашық сыналып едi. Одан берi екi жыл өтсе де, жергiлiктi билiк жалпақ жұртқа белгiлi жайтты әсiрелеп келгенiн қалай түсiнуге болады? Тiптi, Ресейдiң кез келген ақпарат көзi мен ғаламтор сайтын ашсаңыз, "Ресейге қандастар көптеп оралып жатыр" деген жалынды мәлiметтен көз сүрiнедi. Ал, шын мәнiнде, жағдай қуантарлықтай емес көрiнедi.
Кезiнде билiктi басқарып тұрған В.Путиннiң: "Ресей бұрынғыдай ұлы держава болып қалуы үшiн, кемiнде 50 млн. отандасты қабылдауы қажет" деп мәлiмдегенi есте. Ал "Отандастар" бағдарламасы барысында миллиондаған қандастың келуiне мүмкiндiк жасау керек" деген ол үш жылдың iшiнде 300 мың адамның елге оралуына сенiм бiлдiрген-дi. Атап айтқанда, 2007 жылы 50 мың, 2008 жылы 100 мың және 2009 жылы 150 мың отбасының келуiне үлкен үмiт артты. Алайда, бүгiнгi көрсеткiш Ресейге бар-жоғы 17 мың орыстың (отбасы мүшелерiн қосқанда) көшіп барғанын растап отыр. Турасын айтқанда, әр жыл сайын 100 мыңдаған отандастарды қабылдауға бел шеше кiрiскен ресейлiк атқамiнерлердiң бас жоспарының күл-талқаны шыққаны осыдан аңғарылатын сияқты.

Алайда, "Отандастар ұйымдары форумы" атқару комитетiнiң төрағасы Лидия Графова көзге терiскендей қадалған мәселенi жоққа шығарғысы келедi. Лидия ханым "Аргументы недели" басылымы тiлшiсiнiң: "Отандастар" бағдарламасының тоқтап қалуына себеп, бәлкiм, келуге ниет бiлдiргендердiң қатары сиреп кеткендiктен шығар..." деген сұрағына: "Бұл шындық емес. Өзiм ТМД мемлекеттерiнде жиi боламын. Сонда талай отбасының шабаданын жиып-терiп отырғанына куә болдым. Өйткенi, олардың балалары, немерелерi тұрған жерiнде орыс тiлiнде сапалы бiлiм ала алмайды. Әсiресе, орыс тiлiне қысым жасалып жатқан Қазақстандағы орыстар "келiңдер" десең, қазiр ұшайын деп отыр..." деп жауап берiптi. Ал, "Оларды қоныстандырып, жастарына жұмыс тауып беретiн жағдай жасамасақ, несiне шақырамыз?" деген сауалды, "Ресейде орыстар азайып барады. Бiз қазiрдiң өзiнде демографиялық апатқа ұрындық. Жыл сайын еңбекке қабiлеттi жастағы адамдардың саны бiр миллионға қысқарып жатыр. Бүгiнде барлық сарапшылар "Көшi-қонды жоғалтсақ, Ресейдi де уысымыздан шығарып аламыз" деген пiкiрдi бекер айтып отырған жоқ" деп тойтарған Лидия Графова "Отандастар" бағдарламасын Кеңес одағы құлаған кезде-ақ қабылдап, жүзеге асыру керектiгiн айтады. Әрине, маманның жанайқайы түсiнiктi. Бiрақ бiздiң бiлуiмiзше, қазақстандық орыстардың Ресейге асығып отырғаны шамалы. Неге дейсiз ғой? Жақында бiр орыс ұлтының азаматымен аталған бағдарлама төңiрегiнде шүйiркелесе кетiп едiм, ол өзiнiң Ресейдiң Калуга облысына барып, қайтадан "май шелпек" Қазақстанына оралғанын қуана жеткiздi. "Бiздi ол жақта екiншi сұрыптағы адам қатарына жатқызады екен. Оның үстiне дайын тұрған жұмыс та жоқ. Қолымды бiр сiлтедiм де, отанымдай болып кеткен Қазақстаныма қайта келдiм", - деген-дi ағынан жарылы ол. Расында да, әлеуметтiк жағдайы жергiлiктi қазақтардан көш iлгерi орыстардың Ресейге жақын арада көше қоймасы айтпаса да белгiлi.

Бұл пiкiрдi Қазақстандағы "Орыс қауымдастығының" басшысы Юрий Бунаков та қуаттайды. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өткен ресейлiк отандастардың III Бүкiләлемдiк конгресiне қатысқан Юрий Бунаков ресейлiк аймақтардың отандастарды қабылдауға еш дайын еместiгiн ашына айтты. "Дағдарыс сылтау болды ма екен, отандастар мәселесi кейінге ысырылып қалған. Шақыруын шақырғанмен, оларды жайғастыратын мекенi, қолына тиетiн құжаттары алдын ала қамдастырылмаған. Мәселен, Израильде репатрианттарға барлық жағдай жасалған. Көмек ретiнде қаржылай ақша берумен қатар, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етедi. Тiптi, әлеуметтiк шарт бойынша балаларды балабақша, мектепке орналастыру жөнiнде кешендi көмек ұсынылады", - дейдi ол. Сондықтан да "Орыс қауымдастығы" төрағасының Қазақстаннан кететiн ойы жоқ. Бұл тұрғыда ол: "Мен не үшiн кетемiн? Жұмыс жоқ, баспана жоқ. Ол жақта мұндай жағдайға қол жеткiзбеген жергiлiктi орыстар маған қандай қарым-қатынаста болады? Әрине, жаман. Себебi, олардың тауып отырған бiр үзiм нанын тартып алуға барып отырған жоқпын ба? Сол себептен де, ешқайда бармаймын. Алматыда өмiр-бақи тұрып, жұмыс iстеп келемiн. Мұнда жәй жүрмей, орыс тiлiнiң дамуына өзiндiк үлес қосып жатырмын. Қазақстанда достарым, оның iшiнде қазақтiлдi жолдастарым да көп" деп едi бiздiң сұрағымызға берген жауабында.
Соған қарағанда, елiмiздегi орыстар Ресейдiң құшақ жая шақыруын әзiрге қабылдамайтын сияқты. 


«Түркістан»
газеті. 25.02.2010. №8 (814)
Түпнұсқадағы тақырып  «"Отандастар" бағдарламасының күйрегенi ме?». Мақала ықшамдалып басылды

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340