Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2600 0 пікір 7 Наурыз, 2010 сағат 05:57

Алаш ардагерлерінің арманын арқалаған азамат еді

Болатхан ағамен бірге болған сол бір күндер, сол бір кездер әлі есімде...

Бұл кісі жөнінде ең алғаш рет белгілі жазушы Смағұл Елубайдан естіген едім. Смекеңмен Прагадағы «Азаттық» радиосында бірге қызмет істеген уақытымыз. Жұмыс арасында ол кісі екеуіміз қазақтың небір мықтылары мен нар қасқаларын сөз етеміз. Бір жолы Смекең Болатхан аға туралы сөз қозғай отырып, Мәскеу билігі кезінде оның Мұрат Әуезовпен бірлесіп Мәскеу қаласында қазақ жастарының «Жас тұлпар» деген ұйымын құрғанын,  Кеңестік Қазақстандағы қазақтан шыққан алғашқы дипломаттардың бірі бола тұра ұлт мүддесі үшін күрескен нағыз күрескер азамат болғанын майын тамыза мақтап, таныстырды. Сол сәттен бастап Болатхан ағамен қалай кездессем, қалай жүздесіп, әңгімелессем екен деп аңсарым ауғаны шындық.

Қазақстанның Мысыр еліндегі төтенше әрі өкілетті елшісі қызметіндегі Болатхан Тайжанның (суретте) Кайрдегі жұмыс телефонын тауып алып, 1998 жылғы көктем айында Прагадан хабарластым.

Шетелде туып өскен қазақтың бірі екенімді айтқанымда, Бөкең бірден: «Сенің туып өскен елің Моңғолияның  Мысырдағы елшісі Қадыр Сайран деген қазақ азаматы осында, сен оны танисың ба?», - деп өзіме сұрақ қойды.

Болатхан ағамен бірге болған сол бір күндер, сол бір кездер әлі есімде...

Бұл кісі жөнінде ең алғаш рет белгілі жазушы Смағұл Елубайдан естіген едім. Смекеңмен Прагадағы «Азаттық» радиосында бірге қызмет істеген уақытымыз. Жұмыс арасында ол кісі екеуіміз қазақтың небір мықтылары мен нар қасқаларын сөз етеміз. Бір жолы Смекең Болатхан аға туралы сөз қозғай отырып, Мәскеу билігі кезінде оның Мұрат Әуезовпен бірлесіп Мәскеу қаласында қазақ жастарының «Жас тұлпар» деген ұйымын құрғанын,  Кеңестік Қазақстандағы қазақтан шыққан алғашқы дипломаттардың бірі бола тұра ұлт мүддесі үшін күрескен нағыз күрескер азамат болғанын майын тамыза мақтап, таныстырды. Сол сәттен бастап Болатхан ағамен қалай кездессем, қалай жүздесіп, әңгімелессем екен деп аңсарым ауғаны шындық.

Қазақстанның Мысыр еліндегі төтенше әрі өкілетті елшісі қызметіндегі Болатхан Тайжанның (суретте) Кайрдегі жұмыс телефонын тауып алып, 1998 жылғы көктем айында Прагадан хабарластым.

Шетелде туып өскен қазақтың бірі екенімді айтқанымда, Бөкең бірден: «Сенің туып өскен елің Моңғолияның  Мысырдағы елшісі Қадыр Сайран деген қазақ азаматы осында, сен оны танисың ба?», - деп өзіме сұрақ қойды.

Мен елші Қ.Сайран және оның әйелі Ғибадетпен орта мектептегі сыныпта бірге оқығанымды, телефон нөмірін солардан алғанымды жасырмай айттым және «Азаттық» радиосына халықаралық саяси тақырыптарға байланысты ара тұра болса да пікір білдіріп тұруын сұрадым.

Бөкең дипломатиялық жұмысына қарамастан  «Азаттыққа» тек халықаралық саяси тақырыптар ғана емес, сондай-ақ, қазақ ұлтының жағдайы, тілі, діні тағы басқадай ұлттық мәселелер төңірегінде үнемі болмаса да кейде пікір білдіріп туруға уәде берді. Бөкеңдей адамды тауып алғанымызға бізде қуанып жүрдік. Алайда көп ұзамай, Болатхан ағаның дипломатиялық қызметі басқа елге, Малайзияға елші болып ауысуына байланысты бір-екі жылдай арадағы байланысымыз үзіліп қалды.

«Азаттық» радиосының Прагадағы орталығында 7 жылдай қызмет істеп, 2002 жылдың көктемінде осы халықаралық радионың Қазақстан бойынша тілшісі болып елге жаңадан оралған кезім. Алматыға келісімен бірден Мұрат Әуезов ағаны іздеп тауып алдым. Ол кісі «Сорос-Қазақстан» қорын басқаратын. Мұрат ағадан Қазақстан қоғамында болып жатқан демократиялық өзгерістер жайында көлемді сұхбат алып, соны эфирге дайындап жүрген күндердің бірінде, ол Алматыдағы бюромызға телефон шалып, Болатхан Тайжан ағаның елге оралғандығын, сол кісімен де бір жақсы сұхбат өткізсеңдер қайтеді деген тілегі барлығын жеткізді және ол кісінің телефон нөмірін берді.

Телефонмен сөйлескен күннің ертеңінде бюроға Болатхан аға келді. Радио жұмысының қызып тұрғанына қарамастан ара-тұра әзіл айтқанды жақсы көретін Болатхан ағамен ескі таныстардай сырласып, 3 сағатқа жуық әңгімелескен едік. Әңгіме арасында өзіне Сыртқы істер министрлігінің басшылары тарапынан «елге қайт» деген шақыру бойынша келгенін жеткізді. «Қанша арабтанушы дипломат маман болсам да Таяу Шығыс елдерінде Елшілік қызметте ұзақ жылдары отырдым, бұл денсаулығыма біраз әсер еткендей, сондықтан  басшылардан Еуропа елдерінің біріне жіберуін өтініш еткен жайым бар, бәлкім солай қарай жібергелі отыр ма, ол жағы да әзірге белгісіз», - дегенді  айтты. Көп ұзамай Болатхан аға «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Аманкелді Ермегияевке кеңесшісі қызметіне барды.

Осыдан бастап Болатхан ағамен жақынырақ сөйлесіп, ол кісінің ағалық ақыл кеңесін тыңдай жүріп, кейде шын достарша араласып, қазақ қоғамындағы күрмеуі келмей жатқан сан түрлі мәселелер бойынша еркін пікірлесетін болдық. Бөкең ағамызды «Азаттық» радиасының хабарларына бұрынғыдан да көбірек тарта бастадық. Ұлт мәселесі болсын, экономика тақырыбында болсын, халықаралық саяси тақырыпта болсын қазақша еркін сөйлей алатын және осыған байланысты ой пікірін ешкімнен жасқанбай ашық айта алатын ондай адамды тауып алу сол жылдары оңай іс емес еді. Шетелде талай жылдары елшілік қызметте жүріп, көп нәрсені көріп, көпті ойына түйген, сол арқылы өзіндік жеке пікірін қалыптастыра білген Болатхан аға біз үшін таптырмас адам болды және өзі де кәсіби дипломат, шыңдалған саясаткер ретінде осындай биіктен, үлкен талаптан көріне алды.

Бірде Болатхан ағадан Президенттің «Отан» партиясында кеңесшілік қызмет істейсіз, кейде билікпен қатар оның қызметін де сынайсыз, бұл бола ма деген сұрағыма «оны мен айтпасам басқа біреу айтуы керек, әзірше ондай адамды көрмей тұрмын»,- деуші еді марқұм әзілдеп. Бөкең, соңғы жылдары елдегі оппозициялық бағыттағы саяси партиялардың жетекшілерімен және ұлтшыл-патриотшыл бағыттағы қозғалыс, ұйымдардың басшыларымен тығыз қарым-қатынаста болды. Кейде олардың да жұмыстарына көңілі толмайтындығын ашық айтушы еді.

«Азаттық» радиосының тілшілері Болатхан ағаның пікірлерін күн сайынғы хабарларына қосуды жиілетті. Біз ағаны қайда жүрсе де қол телефоны арқылы тауып алатынбыз. Бірде Бөкеңе қатысты «Азаттық» радиосы қазақ қызметінің сол кездегі басшылары маған ауызша ескерту жасап: «Қазақстанда Болатхан Тайжан мен Дос Көшімнен басқа «Азаттық» радиосына жөнді пікір айтатын адам жоқ па? Хабарларыңызға ол кісілердің пікірін қосуды осыдан былай азайтыңыз» - деген ескертуді бірнеше рет айтты. Бірақта мен өз тарапымнан Бөкеңнің пікірлерін қосуды тоқтатпадым.

«Азаттық» радиосы Қазақстандағы демократияның дамуы, сөз бостандығы және адам құқығының қорғалуы, нарық экономикасы жағдайы мәселелерін көтеріп, сол жөнінде хабарлауды басты мақсаты еткен болса, онда осы мәселелер төңірегінде Бөкеңдай адамның пікірлер імен оның ойларының қажет екендігін радио басшылары да, радио тыңдаушы қауым да жақсы білетін.

Бірде Бөкең керек болып, іздесем ол кісі:

-      Малайзияда жүрмін, неғыласыңдар ақшаларың көп кетіп қалады, елге барған соң жақсылап айтып берейін, - деді.

- Ақшаны төлейтін мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің басшылары Сіздей кісіден қай жерде жүрсе де сұхбат алыңдар деп тапсырма беріпті, - демесім бар ма, оған Бөкең аға балаша қуанып қалды да алыс елден дереу сұхбат берді. Бірде тағы да Бөкеңді іздеп таппаған соң, Айсұлу жеңгеймен хабарластым. Сөйтсем Бөкең Лондонда өтетін бір халықаралық конференцияға қатысу үшін солай ұшып кеткенін айтып, ағаңды сол жақтан іздейсің деді. Мен де Айсұлу жеңгеме әзілдеп:

- Ағамыз соңғы кезде көп шапқылап кетті, сөйтіп жалғыз өзін жібере бересіз бе десем Айсұлу жеңгем:

-Бөкең секілді халқы үшін туған ер азаматтың үйде отырғаны жараспайды, оның ел ішінде, ел сыртында көбірек жүргені жарасады, -деп айтқаны асыл жарының Бөкеңе берген нағыз бағасы еді. Сол күндері Лондонда басталған «Қазақстандағы шетел инвестициясының бүгінгі жағдайы және алдағы болашағы» атты  халықаралық конференция қонағы Б.Тайжан ағаны қол телефоны арқылы іздей бастадым. Біраз уақыт үнсіз болған телефонға жан бітіп, ар жақтан ақырын дауыспен Бөкеңнің «бұл кім» демесі бар ма? Мен конференцияға қатысты біраз сұрақтарым бар еді деймін. Бөкең сәл ойланып тұрып, Алматыда қәзір сағат қанша деді? Мен ойымда ешнәрсе жоқ сағат таңертеңгі 10-нан баяғыда асып кеткенін айттым. Бөкең болса Лондон халқының әлі тәтті ұйқы құшағында екенін, шамасы 2-3 сағаттан кейін қайта хабарлассаң қайтеді деген өтінішін сыпайы түрде білдірді.

Жұмыс қарбаласымен жүріп Алматы мен Лондон арасында 6 сағаттың айырмашылығы барын ұмытыппын. Қазақстан экономикасы және елдегі инвестициялық хал-ахуалға қатысты Батыстың  экономистері мен білікті сарапшылары қатысқан Лондон конференциясы жайындағы ақпараты мол, жедел хабарыма радио басшылығы жақсы баға берді. Шынымды айтсам, бұл хабардың жақсы шығуына Лондонда жүрген Бөкеңнің үлкен үлесі болғанын айтуым керек.

Кейбір өздерін «саясаткерміз» дейтіндер мен биліктегі шенеуніктер «Азаттық» деген атты естігенде шошып, қалайда бір пікір айтудан жалтарып, қашқақтап жүрген сол жылдары «Азаттыққа» тайсалмай кез келген уақытта, қандай да тақырып болсын еркін пікір берушілер қатарында осы Бөкең ағамыз болды.

Бөкең ағамен бірнеше рет шетелге - Қырғызстан, Моңғолия және Қытай елдеріне бірге сапарлас болғаным бар. 2002 жылы күзде Қырғызстанда Орта Азия халықтарының мәдени қайраткерлерінің «Ыстық-көл форумы» өткенде, соған бірге барып қатыстық. Бөкең форум қонақтары арасында қазақ тілінен басқа шетелдің үш тілінде: орыс, ағылшын және араб тілдерінде еркін сөйлейтіндігімен және Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениеті мәселесінде көп білетін сарапшы ретінде танылды. Қайтып 2003 жылы көктемде М.Әуезов басқаратын «Сорос-Қазақстан» қоры мен «Отан» партиясы бірлесіп Моңғолиядағы қандастармызға арнап, сонда өтіп жатқан халықаралық кітап жәрмеңкесіне тарту ретінде «Алатаудан Алтайға дейін» деген атпен 5 мыңға жуық қазақ тіліндегі әдеби кітаптар мен қазақ әнінің алтын қорынан алынған неше жүздеген дыбыс-кескін таспалары бар көшпенді кітапхана керуенін жеткізген кезде Моңғолияға бірге бардық.

Сол жолы Болатхан ағаның өтініші бойынша Бай-Өлкеден Ұланбатырға бірге ұшып, Ұланбатырдан арықарай машинамен Архангай, Өвөрхангай аймақтары жеріне барып, сондағы бір кезде Моңғол империясының астанасы болған Қарақорым қаласының орнына және сол жерден алыс емес (45 км) жердегі Түрік қағанатының көсем басшылары Күлтегін, Білге ханнның тас жазулы ескерткіштері басына барып зиярат етіп қайтқан едік. Сол жолы Болатхан аға Шыңғыс хан империясының астанасы болған қала орнынан бір дорба топырақты Алматыға алып келген еді. Топырақты не қыласыз деп сұрағанымда, «Алматыда тұратын ұлты моңғол-буряд, өзі қатты науқас бір жазушы досым бар соның өтініші бойынша әкеле жатырмын» -деді. Кейін естісем тірі кезінде Моңғолияға баруға талай рет қамданса да бір жолы болмаған сол досы, бір кездері ата бабасы жортқан неше мың шақырым жерден  Алматыға топырақ алып келген Бөкеңе қатты риза болып, о дүниеге аттаныпты. Міне, досқа деген достың қызметі осындай болса керек.

Соңғы жолы 2006 жылы қыста Болатхан ағамен бірге Қытайдың Құлжа, Үрімші қалаларына бірге бардық. Бізді арнайы шақырған Іле Педагогикалық Университетінің оқытушы, профессорлары мен студенттері алдында Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы тақырыбында дәріс оқыдық, Үрімшіде Орталық Азия зерттеу орталығының сарапшы мамандарымен бірлескен дөңгелек үстөл жиынын өткіздік. Сол жолы Болатхан ағаға  Іле Педагогика Университететінің құрметті профессоры деген атақ дипломымен қоса берілген болатын.

Бөкең аға шетелде жүрген қазақтар жайына аса маңыз беріп, олар түгелдей атажұртқа келулері керек дегенді үнемі айтатын. Мысырда елші болып тұрған кезінде, Иорданияда тұратын оншақты үй қазақтарға қалай көмек жәрдем керсеткені, Моңғолиядағы қазақтарға рухани қолдау көмектің қажет екендігін дер кезінде түсініп, «Отан» партиясы басшылығына бұл мәселені жеткілікті түсіндіргені үшін Бай-Өлкеге көшпенді кітапхананы апарғандығы жөнінде Бөкеңнің өзінің қатысуымен «Азаттық» радиосының «Шетел қазақтары» бағдарламасынан арнайы хабарлар берілді. Сондай-ақ, Қытайдағы қазақтардың атажұртқа келуі мәселесінде көптеген қиындықтар орын алып отырғандығын, оны шешу жолдарын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне әдейі таныстырғанын қазақ баспасөзі беттерінде және радио, телеарналардан талай рет айтты.

Бөкең бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда Алаш көсемдері арман еткен қазақ мәселесінің толық шешіліп, шетелде тарыдай шашырап жүрген исі қазақтың бір шаңырақ астына жиналып, ұлт мүддесінің көсегесі көгергенін көрсем дейтін.  Тағдырдың ісіне амал қанша, ұлт патриоты, саясаткер Болатхан Тайжан бүгінде арамызда жоқ. Марқұмның жатқан жері жаннатта болсын!

Досан БАЙМОЛДА,

ғылым докторы, саясаттанушы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379