Дүкен МӘСIМХАНҰЛЫ: ҚАЙРАН АЗАТТЫҚ КҮЛ БОЛЫП БАРАДЫ...
Данышпан Абай: «Қайнайды қаның, ашиды жаның...» - деп, өз қазағына өзi бекер налымаған. Ауыр да болса, ақиқаты сол - қоғамның қыңыр сипатына көбiнесе қазақтың өзi кiнәлi. Қазақтың намысын жанып, қайратына егеу болған мұндай ащы пiкiрлер бұған дейiн аз айтылған жоқ. Бiрақ бұл жолғы «DАТ, тақсырдың» кейiпкерi - филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсiмханұлының iш қыжылы тым қатты. Назар аударыңыз.
Тәуелсiздiк - қасiрет!
- Дүкен мырза, мына қоғамда сiздi не мазалап жүр? Елдегi жағдайдың ақиқатын ашық айта аласыз ба?
- Өлген намысты тiрiлтуге, құм болған жiгердi тасқайрақ қылуға, егер тек менiң сөзiм себептiгiн тигiзе алса, айтайын. Абай атам сонау ХIХ ғасырда-ақ:
Жарлы емеспiн, зарлымын,
Оны да ойла, толғанып.
Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып, -
Данышпан Абай: «Қайнайды қаның, ашиды жаның...» - деп, өз қазағына өзi бекер налымаған. Ауыр да болса, ақиқаты сол - қоғамның қыңыр сипатына көбiнесе қазақтың өзi кiнәлi. Қазақтың намысын жанып, қайратына егеу болған мұндай ащы пiкiрлер бұған дейiн аз айтылған жоқ. Бiрақ бұл жолғы «DАТ, тақсырдың» кейiпкерi - филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсiмханұлының iш қыжылы тым қатты. Назар аударыңыз.
Тәуелсiздiк - қасiрет!
- Дүкен мырза, мына қоғамда сiздi не мазалап жүр? Елдегi жағдайдың ақиқатын ашық айта аласыз ба?
- Өлген намысты тiрiлтуге, құм болған жiгердi тасқайрақ қылуға, егер тек менiң сөзiм себептiгiн тигiзе алса, айтайын. Абай атам сонау ХIХ ғасырда-ақ:
Жарлы емеспiн, зарлымын,
Оны да ойла, толғанып.
Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып, -
деп кетiптi. Сол айтқандай, басымызға қонған бақ құсы - азаттықты қолымыздан шығарып алмасақ жарар едi деген зар-мұңнан, қасiреттен бiр өлiп, бұл намыссыз қазақты «жұртым деуден арланып», ұяттан екi өлiп отырған жайым бар. Демек, менi мазалап жүрген, «мазалап» деудiң өзi дұрыс емес, жанымды жегi құрттай жеп, қанымды қайнатып, жүрегiме шаншу боп қадалып жүрген жағдай көп. Бiреу емес, екеу емес, жүздеп-мыңдап саналады. Ел iшiнде ұлына, қызына, келiнiне, күйеу баласына, ағайын-туысқа, құда-жұратқа ренжiген, көңiлi толмаған кейуана көкiрегi қарс айырылып: «Қа-а-а-айсы бiрiн айтайын!» - деп отырмаушы ме едi. Сол айтқандай, елдегi бiрер жағдай «әттең-ай!» дегiзсе де, басқа жағымыз «шүкiр» дерлiк деңгейде болса, арман бар ма?! Аңсап-шөлдеп, өлiп-талып жеткен қайран азаттық! Қар жаумай, қазан ұрмай, көз алдымызда қожырап, iрiп-шiрiп, үгiтiлiп, күл болып барады.
- Апыр-ай, Дүке, расында ашынып жүр екенсiз... Азаттығымыз күл болатындай не қасiрет туды басымызға?
- Мен сiзге ол қасiреттi тiзiп берейiн. Ата Заңымызда «мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi» деп жазулы тұр. Ал бiрақ шындық - мүлде керiсiнше. Өз конституциямыз, өз тiлiмiз өз елiмiзде iлiкке алынбайды. Бұл мәселе тәуелсiздiк алған күннен бастап айтудай айтылып, жазудай жазылып келе жатыр, соның өзiнде күн өткен сайын iлгерi жылжудың орнына, керi кетiп бара жатырмыз. Қасiрет пе? Қасiрет! Ұлтымыздың тұтастығының алтын дiңгегi - ақ, адал дiнiмiз қожырады. Қазақ дiни тұтастығынан айырылды. Қасiрет пе? Қасiрет!
Айдың-күннiң аманында талапайға түсiп, ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетiп жатқан ырысымыз бен байлығымыз - анау. Есесiне елдiң, жердiң иесi, қанша ғасыр қан кешiп, жан алып, жан берiп, осы жердi қорғаған қазақ қайыршы күйге түстi. Оған дәлел - қалт-құлт етiп, «шықпа, жаным, шықпа» деп зорға отырған ауылдарымыз. Оған дәлел - өз жерiнде, азат елiнде өзгенiң құл-құтаны болып, жанын әзер асырап жүрген қазақ жұмысшылары. Қасiрет пе? Қасiрет!
Өз елiнде өгейдiң күнiн кешiп отырған мәдениетiмiз бен өнерiмiз. Нанбасаңыз, айтайын, бүгiнде ешкiмге керексiз, ең бейшара, ең қауқарсыз, ең қадiрсiз, тобанаяқ тобыр - қазақтың ақын-жазушылары! Олар Кеңес Одағы кезiнде де бұндай сорлы күйге түспеген. Ал бiздегi ең жетiм өнер, ең қадiрсiз өнер, ең сайқымазақ өнер, өз елiнде өлiп-өшiп бара жатқан өнер - қазақтың дәстүрлi әнi мен күйi. Қасiрет пе? Қасiрет! Оны тыңдағың келсе өз елiңдегi телеарнадан тек түнгi сағат екi-үштен кейiн тамашалай аласың! Бұдан артық қандай қорлық керек?! Қазақтың әнi мен күйiн кезiндегi отаршыл-әмiршiл жүйе де бүйтiп қорлай алған жоқ! Өз елiндегi ең құнсыз, қортық, қотыр, қорғансыз, бейшара, сорлы, сүмелек, қауқарсыз - ол қазақ! Қазақты Қазақстандағы ұйғыр өлтiрiп, сүйегiн қорлап кетедi. Шешен келiп шауып кетедi. Орыс одыраңдайды, кәрiс кердеңдейдi. Оны айтасың, тiмтеңдеп кеше келген қытай, үндi, ағылшын... дегендер де бүгiн қазаққа осқырына қарайды. Қазақстанда қазақтан басқаның жүрiсi талтаң-талтаң, одыраң-одыраң. Осының бәрiне төзiп, сүмiрейiп қана, қатқан нанын қажап, қара суын ұрттап, әйтеуiр, құл-пенде болып күн кешiп отырған халықтың бойында зәредей намыс бар дегенге кiмдi сендiре аласың?!
Ал «үмiтсiз - шайтан» деп, ертеңге деген үмiтпен күн кешейiн десең, бүгiнгi жас ұрпақтың сана-сезiмi мүлде сын көтермейдi. Өйткенi оларды бiз тәрбиелеп жатқан жоқпыз. Жас ұрпақты күндiз-түнi өзгелер тәрбиелеп жатыр. Олардың бойынан зәредей де ұлтшылдық, отаншылдық таппайсың. Оларға бәрiбiр. «Бәрiбiр» деген сананы жастарымыздың бойына, қанына Батыстың рухани-мәдени, дiни экспансиясы орнықтырып болды.
Әрине, көпке топырақ шашуға болмас, жастардың iшiнде де ұлтын, елiн сүйетiндер бар шығар. Бiрақ ондайлар, өкiнiшке қарай, өте аз! Балабақшалар, мектептер, университеттер шама-шарқынша бiлiм берiп жатқан шығар, бiрақ отаншылдық, кiсiлiк, имандылық тәрбиесi - жоқтың қасы.
Барының өзi баяғы компартияның, комсомолдың, пионердiң жиындары сияқты жасанды, сұйық, жансыз. Ал денсаулық сақтау, құқық қорғау, мемлекеттiк қызмет саласын жемқорлық меңдеп алған. Тұтас елдегi қай салада, қандай шаруаң болмасын, пара бермей, тым болмағанда жоғарыдан бiр «көкең» араласпай бiтпейдi...
Көктей шолып, қысқа қайырып айтқан осы жағдайлардың бәрiн көтерiп жүрген жүйкеге, осының бәрiне шыдас берiп жүрген жүрекке, қане, ендi таңғалмай көр! Мүмкiн, намысы кемдеу жүрек пен жүйкеге онша салмақ түсе қоймайтын шығар немесе намыссыз, сорлы халыққа осындай өмiр, осындай қоғам мүнәсiп те шығар, кiм бiлсiн?!
Бiздегi зиялы кәстөмiмен ғана ерекшеленедi
- Сiз айтқандай, қоғамның көлеңкелi тұстарын, үкiмет саясатының, ел билiгiнiң ақ-қарасын айтыңызшы деп, аға буын зиялыларды iздесек, санаулы 4-5 адамнан басқа ешкiмдi таба алмаймыз. Бәрiнiң айтатыны - бала-шаға, қызметiнiң қамы немесе келе жатқан мерейтойы сияқты себептер. Жалпы, сiз қалай ойлайсыз, зиялылықтың қағидасы қалай болуы керек?
- Ең әуелi зиялы деген кiм? Осыны бiз әлi анықтай алмай жүрмiз. Қазiр «зиялы» десек, жоғары оқу орнын бiтiрген, қалтасында бiр ме, екi ме, тiптi үш дипломы бар, костюм-шалбар киiп, галстук таққан, қолтығында папкасы бар, шашы-қасы реттi, бiр әйелi, бiр-екi баласы бар әлеуметтiк топ көз алдымызға келедi. Зиялының анықтамасы, өлшемi осы ма? Жоқ. Бiз зиялы дегендi латынның «интеллигент» сөзiнiң аудармасы ретiнде қолданып, солай қабылдап кеттiк. Ал интеллигент «оқыған, сауатты» деген ұғымды бiлдiредi. Ал бiздiң қазақ тiлiндегi «зиялы» сөзiнiң ауқымы одан әлдеқайда кең. Мәселен, бiр замандарда қазақ ауылдарында зиялы шалдар болған, олардың дипломын былай қойып, кейбiреуiнiң сауаты да болмаған. Демек, қазақтың түсiнiгiндегi «зиялы» деген ұғым саналы, сұңғыла, аңғарлы, иманды, ұятты, кiсiлiктi, көргендi, елшiл, көпшiл, әдiлетшiл, шыншыл деген қасиеттердiң бәрiн қамтып жататын.
Ал бүгiнгi бiз айтып жүрген зиялының бойынан осы қасиеттер тұтастай табыла ма? Өкiнiшке қарай, жоқ. Бiр кезде әлдекiмдер: «Зиялы қауым - зиянды қауым», - деп айтып қалып жүрдi ғой. Бұлайша көпке топырақ шашқан дұрыс болмас, дегенмен, кiм айтса да, ашынғаннан, бүгiнгi «зиялының» қылығына күйiп кеткеннен айтқан шығар. Ал өзге елдерге қарап отырсақ, елдегi зиялы қауыммен есептеспейтiн билiк жоқ. Ол дегенiңiз билiктiң елшiлдiгi мен зиялының тегеурiнiн көрсетедi. Мәселен, жаңылмасам, 1996 жылы болу керек, Алматыда өтетiн Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиналысына Ресей президентi Борис Ельцин, ҚХР төрағасы Цзянь Цземинь келедi деп күтiлдi. Кешiкпей, белгiлi себеппен Елцинь емес, Игорь Черномырдин келетiн болыпты. Осы хабарды естiген қытай зиялылары шулап, Цзянь Цземинге: «Ресей президентi бармаған жиналысқа ҚХР төрағасы неге барады?» - деп хат жазды. Сонан соң Цзянь Цземин зиялылар өкiлдерiн қабылдап: «Мен ШЫҰ жиналысынан тыс, ресми Алматымен шекара келiсiмiне қол қоюға барамын», - деп түсiнiктеме бердi.
Көрдiңiз бе, елдiң зиялылары өз елiндегi билiкке қалай ықпалды? Ал бiзде ше? Өзгенi қойып, елшiл, ұлтшыл, мемлекетшiл болуға тиiс ақын-жазушылардың өзiнiң басы бiрiкпейдi. Егер Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерi - 700-ден астам қаламгер о баста-ақ елдiк, ұлттық мүддеге қатысты бар мәселеде бiрауызды болып, билiкке белсендi түрде ықпал етiп отырған болса, елде дәл қазiргiдей сорақылық орын алмаған болар едi.
Қазiр шырылдап Мұхтар Шаханов, Ғаббас Қабышев, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин (оның өзi шетел асып кеттi), Смағұл Елубай, Эрнест Төрехан, Софы Сматай, Темiрхан Медетбек, Әмiрхан Меңдеке, немiс болса да, қазақ үшiн күйiп-пiсiп Гер-ағаң (Г.Белгер) жүр. Тағы кiм бар? Осы саусақпен санайтын шағын зиялы топ шыр-шыр етедi... Олардың тiрлiгi «жалғыздың үнi, жаяудың шаңы» секiлдi. Қалған жұрт «қай жеңгенiң менiкi» деп үйiнде жатыр. Сонда не, бұлардың бала-шағасы, қызметi, тiршiлiгi, мерейтойы жоқ па? Оларға атақ-сыйлық, орден-медаль, жаңа пәтер, жайлы қызмет керек емес пе? Өздерiне болмаса да, балаларына биiк мансап, жұмсақ кресло керек емес пе? Жай пенде боп ойласаң, бәрi керек.
Бiрақ елдiң болашағы, мемлекеттiң тағдыры қыл үстiнде тұрғанда, өз елiнде өз халқың сорлап отырғанда, қалай ғана, егер ол шынымен де саналы адам болса, өзiн бақытты сезiнедi? Қалай ғана тыныш ұйықтайды? Оның үстiне, қоғамдағы дерт-дербездi көрсету, елде орын алып отырған келеңсiздiктердi айту, билiктiң шалыс басқан тұсын ескерту дегеннiң не жамандығы бар? Бiле бiлсе, билiкке көмек, ұлтқа пайда. Мiн айтқанның бәрiн - дұшпан, кемшiлiк айтқанның бәрiн - жау көру, түптеп келгенде, билiктiң өзiне зиян.
- Аға буын зиялылардағы осы бойкүйездiк кешегi кеңестiк дәуiрден қалған құлдық сананың сарқыншағы сияқты. Дегенмен қазiр тәуелсiз елде тұрып жатырмыз ғой, ұлт зиялылары неден, кiмнен жасқанады?
- Аға буын зиялылар құлдық санадан арыла қойған жоқ. Әрине, өзiмдi ақтамаймын, мен де сол буынның өкiлiмiн. Ал жаңабуын зиялыға ұлтшылдық, отаншылдық тәрбие бере алған жоқпыз. Демек, аға буын зиялыларың неден қорқып, неге жалтақтайтынын айттым. Ал жаңа, жас буын «оқығандарға» бәрiбiр. Өйткенi олардың көбi бодандық дегеннiң не екенiн, азаттықтың қадiрiн, тәуелсiздiктiң құнын бiлмейдi.
- Сiз елге тәуелсiздiкпен бiрге оралдыңыз. Содан берi де бiраз жыл өттi. Қазақстанның iшкi-сыртқы, қоғамдық-саяси, әлеуметтiк жағдайларын көзбен көрiп, көңiлмен тоқып келесiз... Сiздiң ойыңызша, осы жылдарда тәуелсiздiк бiзге не бердi?
- Тәуелсiздiктен кейiн жеткен жетiстiгiмiз деп ауыз толтырып айтар мақтанышымыз - көршiлермен ел шекарасын бекiттiк. Астанамызды елдiң орталық өңiрiне көшiрдiк. Шетте жүрген бiраз қандас бауырлар елге оралды. Егер бүгiнгi билiк ел iшiнде орныққан сорақылықтарды (мен атап кеткен) жойса, саясаттың басым бағыттарын ұлттың болашағына, мемлекет мүддесiне қарай бұрса, Нұрсұлтан Назарбаевтың есiмi тұңғыш президент ретiнде жаңағы мен санамалап өткен үш ұлы еңбегiмен-ақ тарихқа алтын әрiппен жазылып қалар едi.
Бiрақ, өкiнiшке қарай, өңмеңдеп келiп, өзгелер ойына келгенiн iстеп жатса, шекара сызығымызды бекiтiп алғанымызды қайтейiн! Жаңа астана жаңаша бағыт ұстанбаса, ұлт мүддесi баяғысынша далада қалса, астананы көшiргенiңдi қайтейiн! Қара қазақ баласы өз елiнде өгейлiк көрiп жатса, ол өгейлерге шеттегi қазақты қосып қаңғыртып қойғаныңды қайтейiн!
Жалпы, 1991 жылы 16 желтоқсан күнi Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялады. Ертеңiне 17 желтоқсаннан бастап, Қазақстанға кетудiң қамына кiрiстiм. Ол кезде Қытайда паспорт жасату, шетелге шығу - қияметтiң қыл көпiрiмен өткенмен бiрдей болатын. Содан не керек, бiр жыл бойы шапқылап жүрiп, 1993 жылы наурыз айында от боп жанып, лапылдап, жүрегiмдi аузыма тiстеп, Отаныма - Қазақстаныма, астанам - Алматыма жеттiм. Келсем, бәрi баяғыша, бәрi сап-салқын. Бәрi жым-жырт. Елеуреген жұрт, азаттыққа мастанған, тәуелсiздiкке мақтанған ешкiм көрiнбейдi. Таңғалдым. «Азаттық алғанымыз шын ба, өтiрiк пе?» - деп күмәндана бастадым. Жиналыстар баяғыша орысша. Көшедегi КСРО көсемдерiнiң ескерткiштерi, көшелердiң аттары - сол қалпы.
Содан не керек, азды-көптi зиялы қауымның, ұлтжанды шенеунiктердiң әсер-ықпалымен мимырттап болса да, ептеп алға жылжу болды. Ол кезде, бiр тәуiрi, жердiң асты-үстiндегi байлықтың егесi мемлекет болатын. Жұрт аш болса да ертеңге деген үмiтпен күн кешiп жатты. Бiрақ қазақ халқының сан ғасырлық арманы да, аңсап-шөлдегенi де, тәуелсiздiк алған алғашқы жылдардың өзiндегi елеңдеген ертеңi де, күткен үмiт де бұндай азаттық емес едi! Тiптi менiң iздеп келгенiм де мұндай Қазақстан, мұндай азаттық емес болатын.
- Тәуелсiздiктiң дәл бүгiнгi қадiр-қасиетiн қалай бағалайсыз? Жалпы, бiз шынайы тәуелсiз елмiз бе?
- Тәуелсiздiк - тек жылы, тәттi, әдемi сөз ғана емес, ұлт басына қонған бақ! Шетi-шегi, өлшемi, бағасы жоқ байлық! Қарап отырсаңыз, жер бетiндегi (тарихта немесе бүгiн) төгiлiп жатқан қанның, ағып жатқан көз жастың денi осы азаттыққа тiкелей қатысты. Егер азаттық, тәуелсiздiк ұлт үшiн соншалық қадiрлi, қастерлi, қажеттi болмаса, жұрттың сол жолда қан төгiп, құрбан берiп несi бар?!
Қазақ тарихындағы Кенесары, Махамбет, Исатай, Сырым, Саурық, Тазабек, Есет, Ұзақ, Жәмеңкелердiң отаршылдыққа қарсы соғыстары, Алаш арыстарының ұлт-азаттыққа деген ұмтылысы, күресi; кешегi Желтоқсан көтерiлiсiндегi жастардың төгiлген қаны, аққан көз жасы... бәрi, бәрi де азаттық үшiн айқас, тәуелсiздiк үшiн күрес болатын. Менiңше, бiз тәуелсiздiктiң құнын, қадiрiн онша бағалай алмай жүрсек, оған себеп - азаттық бiзге ешқандай күрессiз, қантөгiссiз, құрбандықсыз келдi. Тiптi бiздiң жұрттың iшiнде азаттықтың ауламызға «өз аяғымен кiрiп келгенiне» қуанғандарынан гөрi, КСРО-ның құлап қалғанына налығандар көбiрек болды.
Мiне, осы «көпшiлiк» қауым жиырма жыл бойы өз ұрпағына артта қалған «коммунизм» туралы «жоқтау жырын» ғана айтумен болды. Ал билiк жалпы ел тұрғындарына отарсыздану, жас ұрпаққа отаншылдық тәрбие бере алмады. Осыдан барып ойласаң, бүгiнгi тәуелсiздiктiң, азаттықтың, Отанның құнының, қадiр-қасиетiнiң неге арзандап кеткен себебiн оп-оңай түсiнесiң. Нанбасаңыз, қазiр ауылды жерге барып, көнекөз қарияларға Кеңес Одағына, Сталинге, Брежневке шүбә келтiретiн әңгiме айтып көрiңiзшi, сiздi таяқтарын ала қумаса, маған келiңiз. Осыдан кейiн бiздiң қазаққа тәуелсiздiктiң қадiр-қасиетi, азаттықтың құны туралы сөз қозғаудың қандай мән-маңызы бар деп ойлайсың...
Сабасына қарай пiспегi
- Қазақтың бойындағы сiз санамалаған кемшiлiктердi ұлы Абай да айтып кеткен едi. Кемеңгер бар кiнәнi қазақтың өзiнен көрген болатын...
- Қазақта «Сабасына қарай пiспегi, сақалына қарай iскегi» деген мақал бар. Халық та, оның билеушiсi де солай. «Алма ағашынан алысқа түспейдi», - дейдi, тағы да сол қазекем. Мақал «саба, пiспек, сақал, iскек, алма, ағаш» туралы болып отырғанымен, бар құбылыс солай. Халқы билеушiсiне, билеушiсi халқына әмәнда сай, сәйкес болады. Әрине, «сай болайын» деп болмайды, тарихи, әлеуметтiк, этникалық, генетикалық, сана-сезiмдiк, психологиялық, зерделiк, бiрауыз сөзбен айтқанда, тарихи қалыптасқан ұлттық менталитет қай кезде болса да, қазақ баласының бойында сақталады.
Оппозициялық партиялардың, тәуелсiз басылымдардың сөзiне нансақ, «тек Назарбаев билiктен кетсе, қазақтың бар мәселесi шешiлiп, керемет ел болар едiк» дегенге саяды. Жоқ, мен бұл пiкiрмен келiспеймiн! Ертең Назарбаевтан кейiн билiкке Базарбаев келуi мүмкiн, бiрақ ел жағдайында, саяси жүйемiзде үлкен өзгерiс, айтулы бетбұрыс бола қоймайды.
Себебi, бiр елдiң халқын кеседегi су десек, одан бiр қасық суды iлiп алып дәмiн көр, екi, үш, төрт, бес, он, жүз, мың... қасық алып көр, бәрiбiр - сол су. Сондықтан ол судың құрамын өзгерту, тазарту, сапаландыру керек. Бiр кесе судың сапасын өзгерту, әрине, оп-оңай һәм бiр сәттiк шаруа. Ал халықтың қан құрамын, рухани сапасын өзгерту - ғасырлардың әңгiмесi. Ол үшiн неше буын ұрпақ ауысу керек. Ұлттық менталитет өзгеру керек. Өйткенi қазақ халқы өз тарихында ешқашан өзiн-өзi билеп көрген емес. ХV-XVIII ғасырларда бiздi хан-төрелер (Шыңғыс хан ұрпақтары) биледi, XVIII ғасырдан ХХ ғасырға дейiн орыс биледi. Қара қазақ жаралғалы тек бодан, құл, құтан болып 5 ғасыр ғұмыр кешiп келдi. Бұндай елден, бiз сияқты халықтан бүгiн-ертең Дэнь Сяопиндi, Ататүрiктi, тағы басқа бiреудi iздеу әбестiк болар едi. Оған уақыт керек.
Сол күнге жеткенге дейiн, iлдалдалап азаттықты аман сақтап тұрса, соның өзi - қазаққа үлкен олжа. «Азаттықты аман сақтап тұрса» дегендi жайдан-жай айтып отырған жоқпын, жалпы, тәуелсiздiк алғалы берi жиырма жылдай уақыт болды ғой, осы уақытта қазақтың билiгi болсын, зиялысы болсын, қарапайым халқы болсын, жастары болсын, азат ел болуға дайын емес екендiгiн байқатты. Бүгiнгi бiздiң елдiң жалпы саяси-әлеуметтiк, мәдени-рухани жағдайы - соның салдары, жемiсi. Егер ел боламыз десек, бiрiншi кезекте ұлттық болмысты жаңғыртуға күш салуымыз керек.
- Ол үшiн не iстеу керек?
- Билiк бас болып, зиялы қауым жетекшi болып, тұтас ұлттың бойындағы кiнәратпен күресу керек. Ұлттық сана-сезiмдi, ұлттық мiнездi, ұлттық түсiнiктi, бiрауыз сөзбен айтқанда, қазақ деген ұлттың менталитетiн, болмысын түбiрiнен өзгертпейiнше, басқа тiрлiктiң бәрi «жартасқа бардым, күнде айғай салдымның» кебi болмақ. Ол үшiн тұтас зиялы қауым, әсiресе ақындар мен жазушылар қолдарына қаламын алып, туған халқының ой-санасы туралы толғансын. Меншiк нысанына қарамастан, барлық БАҚ журналистерi Ресей журналистерiне жалаң елiктеп, «Таңғалмаңыз!», «Кеш қалмаңыз!» деген секiлдi ерiккеннiң ермегiне ел ақшасын шығындамай, тұтас ұлтты ойландыратын, оятатын сөз айтсын.
Яғни бүгiнгi күнi қазаққа М.Мағауиннiң «Ұлтсыздану ұраны», Т.Шапайдың «Қазақтың жаны» сияқты, бiр кездегi М.Қабанбайдың көсемсөздерi секiлдi дүниелер керек. Яғни қазақтың ақын-жазушылары бiр мезгiл өлеңiн, әңгiмесiн, романын қоя тұрсын да, көсемсөзге көшсiн. Сөйтiп, қазақ халқының менталитетiндегi бүгiнге, тiптi ертеңге керек қасиет не? Жоқ нәрсе немесе жетпей тұрған нәрсе не? Сондай-ақ ұлт бойында қандай кертартпа, кесiр-кесапат мiнездер, қылықтар бар? Соның бәрiнiң қоясын ақтарсын. Қазақты сiлкiсiн. Жойылу қаупi төнiп тұрған немесе еш кiмге керек емес тiлде жазған өлеңiң, романың кiмге дәрi?! Егер шын елiм, қазағым деген қаламгер болса, осының бәрiн жазсын, мектептерге барсын, радио-телевизордан сөйлесiн.
«Ұра берсең, құдай да өледi». Бұл тiрлiк ерте ме, кеш пе, өз жемiсiн бередi. Қысқасы, тәуелсiз елдiң болашағы, азаттықтың тағдыры үшiн, бiрiншi кезекте атқарылар шаруа - осы. Жоғарыда айттым ғой, Назарбаевтың орнына Базарбаевтың келуiмен ештеңе шешiлмейдi. Сондықтан қазақ зиялысы жаппай ұлттың рухани сапасын көтерумен, менталитетiне бетбұрыс жасаумен айналыссын. Егер ұлт менталитетi өзгермесе, мың мәрте президент ауыстыр, түк шықпайды. Бұған көршi қырғыздардың жағдайы - жақсы дәлел.
- Бүгiнгi жастардың тәрбиесi, әдеп-ибасының көңiлiңiзге толмайтыны сөз ләмiңiзден байқалады...
- Дәл қазiр қазақ қоғамында үш түрлi әлеуметтiк топ бар. Бiрiншiсi - тәуелсiздiкке қуанған, соның болашағын, амандығын тiлеп, сол жолда азды-көптi еңбек етiп жүргендер;
екiншiсi - тәуелсiздiк алғанда аса қуана қоймаған, бүгiнде «маған бәрiбiр» деген түсiнiкпен жүргендер;
үшiншiсi - тәуелсiздiктен кейiн өсiп-өнген жастар. Алдыңғы екi топ туралы жоғары әңгiме арасында айтып өттiм. Ал жастар туралы айтатын болсақ, әрине, ойы озық, санасы азат, елiм деп еңiреп өсiп келе жатқан жастар бар.
Өкiнiшке қарай, оның саны өте аз. Жүзден емес, мыңнан бiр әрең-әрең кезiгедi. Ал бiздiң көптеген жас буынның бойынан ұлттық сана-сезiмдi, отансүйгiштiктi, елге деген жанқиярлық махаббатты байқау қиын. Көбiсiнiң жетсем деп алдына қойған мұрат-мақсаты - иегiнiң асты, мұрнының ұшы. Жақсы жұмыс, мол ақша, шетелге кету т.с.с.
Бұған кiм кiнәлi? Бұған жиырма жыл бойы тәлiм-тәрбие бере адмаған өзiмiз кiнәлiмiз. Олар бодандықты көрген жоқ. Бiрақ бiздiң оларға туған халқының бодан кездегi көрген қорлық-зорлығын айтып, бiреуге отар болғанның, құл-құтан болғанның қалай болатынын санасына сiңiруiмiз керек едi. Оны жасадық па? Жасаған жоқпыз. Айтатынымыз - жоғалып кеткен Жоңғар. Сол соғыстағы Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек т.б. батырлардың ерлiгi. Жарайды, ол да керек. Бiрақ неге бiз патшалы Ресейден, Кеңес Одағынан көрген қорлық-зорлықты айтпаймыз? Кенесарының өмiрiнен, Махамбеттiң ерлiгiнен, Алаш арыстарының өмiрiнен, ХХ ғасырдағы 16 жыл туралы, 20 жылдарындағы ұжымдастыру шындығы, 32 жылғы ашаршылық жайында, 37 жылғы қырғын туралы шыңғырған шындықты айтып, бiр кино түсiре алдық па? Жоқ!
Ұлы Мұхаңның (Әуезов) «Қилы заманын» экранға шығара аламыз ба? Шығара алмаймыз. Осыдан кейiн барып, жастарымызды елiңдi сүймедiң, жерiңдi сүймедiң, тәуелсiздiктiң қадiрiн бiлмедiң деп қалай кiнәлаймыз?! Осының бәрiне тек, тек қана билiк емес, манағы мен айтқан қазақ ұлтының бойындағы керенау мiнез, жауапсыз қылық, жасқаншақ психология, ұлт мүддесiн ешқашан өз мүддесiнен жоғары қоя алмайтын тоғышарлық, бишаралық себеп болып отыр.
Жалпы, қай кезде, қай елде болса да, бiлiм мен тәрбие адам үшiн құстың екi қанаты секiлдi. Бiз балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында бүлдiршiндерге, жас ұрпаққа тәрбие берiп жатқан жоқпыз. Балабақшада балаларға киiз үйдiң моделiн көрсетумен, мектептерде «қыз сынын» өткiзумен, жоғары оқу орындарында «Жас отан» деп жар салумен жас ұрпақтың бойына, сана-сезiмiне отаншылдық, ұлтжандылық, елдiк сүйiспеншiлiк сiңiре аламыз ба? Күнi бүгiнге дейiн жас ұрпақтың тәрбиесiмен қазақ елiнде ешкiм айналысып жатқан жоқ. Себебi, балабақшадағы, мектептегi, жоғары оқу орнындағы тәрбиенiң сиқы - анау. Бұған да жалаң билiк емес, қазақтың осы салада жүрген ұстаздары да кiнәлi.
Мәселен, Өзбекстанда тағдыр тәлкегiмен балалар үйiне түскен, ұлты басқа тастанды баланы өзбек етiп шығару үшiн, ондағы тәрбиешiлер ешкiмнiң нұсқауынсыз-ақ жанын салады. Атын өзбекше қояды, тiлiн өзбекше шығарады. Қысқасы, қаны басқа бiреуден «жә» деген өзбек жасап шығарады. Бiзде ше?
Мектепке барған «тарыдай» қазақ баласы «таудай» орыс болып шығады. Ендi өзiңiз ойлаңызшы, менiң: «Қазақ халқының менталитетiнде мәселе бар», - деген пiкiрiме келiсесiз бе?! Демек, «сасыған етке борсыған май», «сақалына қарай iскегi», «ондай қазанға бұндай шөмiш» деген - осы.
Орысша бiлмеген соң, Өгеймiн
- Оппозицияға деген көзқарасыңыз қалай? Кейбiр азаматтар: «Қазақстанда нағыз оппозиция жоқ, барлары - билiктiң «өнiмi», - деп жүр. Сiз не айтасыз?
- Билiктiң өнiмi бола ма, басқа бола ма, Қазақстанда оппозиция бар. Бiрақ олар да қазақ қоғамын меңдеген дерттiң диагнозын дөп баса алып жүрген жоқ. Яғни олар бар кiнәнi тек билiктен ғана iздейдi. Ұлттың өн бойындағы мәселемен, ұлттың рухани хал-күйiн жаңғыртумен айналыспайды. Сайлау кезiнде ғана аса белсендi жұмыс iстеген сыңай танытады. Жай кезде тiптi қарапайым халық оларды ұмытып кетедi. Сосын бiреуiмен бiреуi қосылып, бөлiнiп, кейде ырың-жырыңға да орын берiп жатады. Оның өзi көбiнде қарапайым халықтың сенiмiн әлсiретiп, күдiгiн көбейтедi.
- Дүкен мырза, өзiңiз ақынсыз, Астанадағы әдебиет пен өнердiң, мәдениеттiң халi жайында не айтасыз?
- Астанада әдеби орта жоқ деуге болады. Санаулы ғана ақын-жазушы бар. Олардың денi - мемлекеттiк қызметте. Қалғандарының өз тiрлiгi өздерiнде. Сонымен өте сирек өтетiн ақын-жазушылардың мерейтойлары, шығармашылық кештерi, кiтаптарының тұсаукесерi т.б. сияқты шаралардың тұсында болмаса, Алматыдағыдай қайнап жатқан әдеби, мәдени өмiр жоқ.
Ал бiр уақ газет алып оқиыншы десең, қазақ тiлiндегi басылымдарды итпен iздеп зорға табасың. Астанадағы ұлттық кiтапханаға директор болып жазушы Рахымжан Отарбаев келгелi берi «Мағжан оқулары», «Әуезов оқулары», «Айтматовты еске алу кешi», одан басқа да бiраз ақын-жазушымен кездесу өткiзiлдi. Осы кiтапхана соңғы кездерi Астанадағы рухани орталыққа айналып келедi. Бiрақ жай күндерi Қазақстандағы қай қалаға (ауыл емес!) барсаң да, өзiмдi Қазақ елiнде жүргендей сезiне алмаймын. Әйтеуiр, төменшiктеп, жаутаң-жаутаң етем де жүрем. Өйткенi орысша бiлмеймiн. Орысша бiлмеген соң, басымды көтерiп, кеудемдi керiп жүре алмаймын... Бiздiң жағдай - осы!
- Әңгiмеңiзге рақмет!
Әңгiмелескен - Жұқамыр ШӨКЕ,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 10 (47) от 10 марта 2010 г.