Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3967 0 пікір 15 Наурыз, 2010 сағат 20:16

Тұғыры биік тура би

Қара қылды қақ жаратын, елінің ығын табатын,

көпті ұйытатын әділ биді арқа тұт.

Қарасай батыр


«Сіздер бәрін көрдіңіздер,

Сіздер бәрін бердіңіздер,

Сіздер бәріне сендіңіздер,

Сіздер алпысқа келдіңіздер!» - деп ақиық ақын Мұқағали ағынан ақтарылған екен. Мұқаңның лирикалық кейіпкері іспетті көргені көп, түйгені мол, жылдардан алғаны да жетерлік, уақытқа бергені де қисапсыз  Адайбек Шоңқұлұлы деген  ағамыз алпыстың асқарына шығыпты.

Зымырап зулап өтіп жатқан уақыт. Әдекеңмен араласып, ағалы-інідей сыйласқанымызға да  жиырма жылға жуық уақыт болыпты. Кеңес Одағының ыдырай бастаған кезі. «Алматы-Ташкент» әуе жолында таныстық. Мамандығы заңгер, көптеген жыл көршілес өзбек елінде прокуратура саласында қызмет істеп, Қарақалпақ автономиялық республикасы Жоғары сотының судьясы дәрежесіне дейін көтеріліпті. Қырықтың қырқасына жаңа шыққан қырқылжың қырма сақал. Дулат ақын айтқандай, «жігерім болса жетемде, еліме барып ұл болам, жігерсіз болсам жетесіз, қойын жайып құл болам» деп жер тебініп, құлшынып тұр. Ойы - Ата жұртында  биік таудың басы болмаса да, бауырындағы тасы болу.

Қара қылды қақ жаратын, елінің ығын табатын,

көпті ұйытатын әділ биді арқа тұт.

Қарасай батыр


«Сіздер бәрін көрдіңіздер,

Сіздер бәрін бердіңіздер,

Сіздер бәріне сендіңіздер,

Сіздер алпысқа келдіңіздер!» - деп ақиық ақын Мұқағали ағынан ақтарылған екен. Мұқаңның лирикалық кейіпкері іспетті көргені көп, түйгені мол, жылдардан алғаны да жетерлік, уақытқа бергені де қисапсыз  Адайбек Шоңқұлұлы деген  ағамыз алпыстың асқарына шығыпты.

Зымырап зулап өтіп жатқан уақыт. Әдекеңмен араласып, ағалы-інідей сыйласқанымызға да  жиырма жылға жуық уақыт болыпты. Кеңес Одағының ыдырай бастаған кезі. «Алматы-Ташкент» әуе жолында таныстық. Мамандығы заңгер, көптеген жыл көршілес өзбек елінде прокуратура саласында қызмет істеп, Қарақалпақ автономиялық республикасы Жоғары сотының судьясы дәрежесіне дейін көтеріліпті. Қырықтың қырқасына жаңа шыққан қырқылжың қырма сақал. Дулат ақын айтқандай, «жігерім болса жетемде, еліме барып ұл болам, жігерсіз болсам жетесіз, қойын жайып құл болам» деп жер тебініп, құлшынып тұр. Ойы - Ата жұртында  биік таудың басы болмаса да, бауырындағы тасы болу.

Алға қойған мақсаты орындалып, бағы жанып, Әдекең Алматы облыстық прокуратурасына қызметке орналасып, екеуміз бір кеңседе қызмет істедік. Біз ғазиз ағамен алғашқы күннен-ақ тонның ішкі бауындай араластық та кеттік. Қарым-қатынысымызда «бес жас - бел құрдас, он жас - ол да құрдас» деген қазақи қағиданы ұстанып алдық.

Бірде Әдекеңнен төрт-бес жас кішілігі бар қызметтес інісінің ол кісіге «сен» деп сөйлегенін көріп, ол азаматқа «бұл кісінің жасы үлкен емес пе?..» дегенімде, Әдекең күлімсіреп, өзіне тән қиыннан қиыстыра білетін тапқырлығымен: «Ауыл итінің құйрығы қайқы келеді ғой» деді сыпайы ғана.

 

Әдекең туралы әңгіме бастасақ өлеңнен, ұтымды уәжден, жарасымды әзілден айналып өте алмаймыз.

Бірде  әріптестер әрнені әжік-гүжік сөз етіп тұрғанымызда Ысқақов Оңғар деген азамат сөз арасында тергеу бөлімі прокурорының қызметінде жеті жыл  отырғанын айтып еді. Әзір жауап, сөйлер сөзге мұқтажы жоқ Әдекең сол жерде суырып алып:

«Сыбыс шықса тыңдаймыз құлақ түріп,

Өскеніңді тілейміз жылап тұрып.

Бір орында жеті жыл отырыпсың,

Апырмай, бұл не деген тұрақтылық!» демесі бар ма. Келесі күні Оңғар ағамыз республика прокуратурасына ауысып кетті.

 

Көп ұзамай, жыл-жыл жарым уақыттан соң, мерейі артып,   Әдекең Алматы облыстық әділет басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне ауысты. Бірде маған телефон соғып, Ұйғыр ауданына іссапарымен бара жатқанын айтып, Қалиакперов Талап деген әріптес ағама не сәлемім бар екенін сұрады. Тоқсаныншы жылдардың басындағы дүкен сөрелері қаңырап қалған кез. «Не сәлем айтушы едім, бір қой беріп жіберсін» дедім. Әдекең барса, Тәкең ауылда жоқ екен, хатшы қызынан қағаз, қалам сұрап алып,

«Ассалаумағалейкүм, Талап аға!

Талай бірге жүріп ек тамашада.

Дүкеннің көк етіне көндіге алмай,

Жас етті аңсап жүр ғой бала - шаға.

Бір қой беріп жіберші мүмкін болса,

Дұғай - дұғай сәлеммен інің Иса!» - деп, сол жерде қолма - қол өлең жазып тастап кетіпті.

Әдекеңнің бойындағы тағы бір үлкен қасиеті, ол әнге әуестігі, күйге құмарлығы. Өнер десе ішкен асын жерге қояды. Бірде Атырауға маған телефон соғып, аман-саулық, елдің жаңалығын сұрасқаннан кейін, Ілья Жақанов ағамыздың мерей тойы өтіп жатқанын естіп, біраз уақыттан соң қайта телефон соғып сол сәтте шығарған өлеңін оқыды.

Ілеке, жүрсің әр кез жортуылда,

Аруақтар жүр ғой қолдап қолтығыңда.

Қандай ғажап, келесің бар қазақты

Тербетіп «Еділ - Жайық» толқынында.

Талған жан әуеніңнен есін жинап,

Ақ шағала Каспийдің төсінде ойнап.

Әр ауылға келесің ақ ниетпен,

Жайдары «Жайлаукөлдің кешін» сыйлап.

..................................................................................................

 

Батыр деген барақ ит,

Екі долы қатынның бірі табады.

Би деген бір бұлақ

Қатынның ілуде бірі табады.

Төле би

 

Әдекең   абыройлы   қамқоршыл  әке  бола   білген   жан.  Түтін түтеткендеріне 37 болған Бану жеңгеміз екеуі   екі  ұл,  үш қыз  тәрбиелеп,  барлығын   құтты  орындарына   қондырды.  Әке   жолын   қуғандары  да   бар,   Жанары   судья,   Асқары   қаржы  полициясының  майоры.   Адайбек  ағаның  ұрпағының   қай-қайсысы  болмасын, әділеттің   ақ   жолын   қуған   абзал   жандар.   Әдекең  мен   Бану   жеңгеміздің   бар   бақыты   осы   шығар. Өзінің   кіндік   қаны   тамған  сонау   Қарақалпақ  елінің  тағы  бір   тас  түлегі  белгілі  қазақ  ақыны  Төлеген  Айбергенов    былай  деуші  еді: -

«Қажет  жерінде  қатыгездік пен  қаталдық  керек  десекте,

Адамның заңғар  ұлылығын  сағынышың мен  есепте».

Сіздің де  асқаралы  алпысыңызды   осындай   сағынышпен   қарсы  алдық, аға...

Дулат Бабатайұлының

«Би мен бектің сәні жоқ,

Елін қорғай алмаса,

Тура жолға салмаса,

Ыстығына күймесе,

Суығына тоңбаса»- деген сөздері бүгінгінің Әдекең сияқты азаматтарына арналып айтылғандай. Кемел шағын, өнегелі өмірін  сот жұмысына арнап, оның «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген  Әдекең қараған талай күрделі істер заңды шешімдерін тапты. Ол істердің басым көпшілігі ауыр жағдайларда қасақана кісі өлтіру сияқты өлім жазасы көзделген аса ауыр және күрделі қылмыстар еді.

Тоқсаныншы жылдардың басында  «рэкет» деген ұры-қарының ұйымдасқан тобы жұртқа ылаң салды. Ел іші азан-қазан, у да шу. «Тартып әкетті», «ұрып әкетті», «жұлып әкетті», «өлтіріп кетіпті», «атып кетіпті», «асып кетіпті». Бұл әлгі «жау жағадан алғанда бөрі етектен аладының» кері болды. Экономикалық эксперименттерден қараша халық есеңгіреп қалған шақ. Қоғамның өзі қай бағытты бетке аларын білмей сарсылып тұр. Қысқасы әлгі құтырынған топқа құрық салу мүмкін болмай бара жатқан. Сол кезде қолға түскен үлкен бір топ жетекшісінің ісін қарау Алматы қалалық сотының судьясы Адайбек Бейімбетовке тапсырылған еді. Бұл жерде қалалық сот басшылығы судьяның тәжірибесін, білімділігін, салмақты да сабырлы,  салихалы мінезін ескергені сөзсіз.

Закон ісі көтермейтін кейбір төтенше әрекеттердің табиғатынан әлеуметтік теңсіздіктің нышанын аңғару қиын емес. Бұқара халықтың  буырқанған мінез танытатыны да осы әлеуметтік мәселелерден туындайды. Сондай істі қарау - заң қызметкері үшін азаппен тең.

Бұдан үш жылдай уақыт бұрын қоғамда резонанс туғызған өте ауыр қылмыстық істі ұзақ уақыт қараған кезінде Әдекеңнің қиналғанын да, шаршағанын да көзіммен көрдім. Судья жұмысының  ең ауырлығы да, ең қиындығы да істі мұқият қарап,

дұрыс шешім қабылдауында. Ал заңға сүйене отырып қабылданған шешім -  адамдардың тағдыры. Осы сындардан Әдекең сүрінбей өтіп келеді. Ендеше, Алматы қалалық сотының судьясы Адайбек Бейімбетов ағамыз туралы әңгімемізді ақын Кәкімбек Салықовтың мына бір өлең жолдарымен түйіндесек болады екен:

«Алпыс деген ер жігітке дым емес,

Беу, құрбылар! Жөнді сөзге қылма егес.

Алпысымнан көрініп тұр талтүсім,

Бүгінгі алпыс - ол баяғы жиырма бес».

Алпыста алқынбай алған асуларыңыз биіктей берсін, аға.

 

Иса Момбаев

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415