Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2855 0 пікір 20 Наурыз, 2010 сағат 06:23

Ерлан ӘБДІРҰЛЫ. Қазақтың құны – 500 мың теңге

Аса мәртебелі биліктеріңізден күдер үзе беріңіздер. Оларға туған жұртының құны тышқақ лақ, қотыр ешкіден де кем. Кейінгі бір жетіде елдегі болып жатқан сұмдық оқиғалар соны аңғартады.

Аса мәртебелі биліктеріңізден күдер үзе беріңіздер. Оларға туған жұртының құны тышқақ лақ, қотыр ешкіден де кем. Кейінгі бір жетіде елдегі болып жатқан сұмдық оқиғалар соны аңғартады.

Мәсімовтің министрлер кабинеті Қызылағаштағы қырғынға 700 млн. теңге бөлуді ұйғарды. Қаза болған әрбір жан үшін 500 мың теңге көлемінде отбасына көмек көрсетіледі. Ал бәрі бетімен кеткен біздің елде бөлінген қаражаттың діттеген жеріне дін аман жеткенін қадағалау - қараңғыда қара құмырсқаның ізін іздегендей қиын шаруа. Апаттың алдын алмақ түгілі, ел-жұрт көктемгі салым қайнаған тіршілікке кіріскенде, қыстың аяғында демалысқа шыққан облыс әкімі Серік Үмбетов мырза онсыз да аз сол қаржыны аман-есен қара жамылған шаңырақтарға жеткізе алса, қуаныңыз. 700 млн.-ды азырқануымыздың  себебі де жоқ емес. Мерейтойын тойлатпауды қадағалап отырған Елбасымыздың биылғы жолдауын ел арасында насихаттауға 1 млрд. теңге бөлінді деген ақпарат БАҚ-та кейінгі аптада жарық көре бастады. Біреу ұйықтап, біреу мұрнын шұқып отыратын ондай жиындарға сонша ақшаны сарп еткенше, күні кеше тұрып жатқан жатақханаларынан күштеп қуылған шымкенттік отыз отбасыға күрке болса да баспана салып беруге болар еді. Басы аман, бауыры бүтін демесеңіз, көшеде босып қалған олардың халі де қызылағаштықтардай аянышты-ақ. Жекеменшікке өтіп кеткен жатақхананың ендігі қожайыны кім екені әзірге белгісіз. Ал жылаған бала мен шырылдаған ананың жанайқайын әкім Асқар Мырзахметов естіді ме, естімеді ме, ол да анық емес. Белгілісі - «Қазақстан-2030» стратегиялық жобасының алғашқы он жылдығы толайым табыстармен аяқталғаны зор мақтанышпен насихатталып жатқанда, жүз қаралы адам көшеде қаңғып қалды. Тағы сонша адамға қалалық сот дәл сондай «үкім» шығаруы мүмкін. Яғни, тағы бір жатақхана жеке бастың иелігіне өтуі кәдік. 

Жолдау демекші, биылғы жолдауында президент Нұрсұлтан Назарбаев әрбір қазақстандықтың орташа жасын 72 жасқа дейін көтеру керектігін айтты. Конституцияның беташарында да адам өмірі мен құқықтары біздің басты байлығымыз екені айтылатыны бар. Бірақ біздің атқа мінгенін мәңгілік көретін жергілікі шенеуніктер президенттің сөзін де, Ата заңның талабын да құлаққа қыстыруды қажетсіз шаруа көретін сияқты - Алматы-Семей тас жолының бойында жүздеген адам он күн бойы  «омалып» қарға көміліп отырды. БАҚ таратқан мәліметке сенсек, 60 шақты жүк көлігі жол бойында тұрып қалған. Жол тазалауды - аязда жатқан ағайынның денсаулығын ойлауды майтабанын сорып ұйықтайтын аю іспеттес месқарын шенеуніктер ойлап та жатқан жоқ секілді...

 

«Ми» деген тікұшақ та қазақты қырып бітетін болды. Өткен аптада Шығыс Қазақстанда құлаған «Ми-8»-дің кесірінен 8 адам бақилық болды. Қырып бітетін болды дейтін де жөніміз бар. 2001 жылдың қаңтарында,  қорғаныс министрі болып тұрған кезде Сәт Тоқпақбае мырза мінген тікұшақ сәтсіздікке ұшырап, соның салдарынан бір офицер қаза болып, бас штабтың ондаған офицері жараланған болатын. Сол 2001 жылы Леңгір қаласында «Ми-8 МТ» тікұшағы құлап, бір адам қаза болғаны да есте. Ал 2008 жылы наурызда Қызылорда облысында Мұхтар Құл-Мұхаммед мінген «Ми» апатқа ұшырап, бортта болған 18 адамның бесеуі көз жұмды.

2009 жылдың 17 маусымында болса, Үшарал қаласында «Ми-24» әскери ұшағы ұшу алаңына жалп етті. Құдай сақтап, ол жолы ешкім зардап шекпеген-тұғын. Былтыр ғана - қыркүйектің 8-інде дәл кешегі Шығыс Қазақстандағыдай қарғыс атқан «Ми-8» Оңтүстік Қазақстанның Өгем шатқалында апатқа ұшырағынын біз түгілі биліктегілер де ұмыта қоймаған болуы керек. Ол апат он адамның өмірін жалмаған еді. Ендігісі - мынау. Сол жолы да басшылар кешегі Кәрім Қажымқанұлы сияқты «тез арада жаңа техника алу керек» дегенге саятын құрғақ уәдемен құлағымызды сарсытып құтылған еді. Айтпақшы, Шығыс Қазақстанның әкімдігі қаза болғандардың отбасына бір миллион теңге көлемінде көмек көрсетті. Қызылағашта болса, әр өлген қазаққа 500 мың теңгеден бөлінген. Құдды, қазақтың құны 500 мың мен 1 млн. теңгенің арасында бағаланатын сияқты. О, тоба!

Қысқасы, аса мәртебелі билігіңізден күдер үзе беріңіз. Қалай, кімнің кінәсінен өлсеңіз де, жарты миллион ұстатып жүре береді. Екі қойыңыз бір тиын. Бітті. Саналарына сәуле кіре ме, жоқ па, бір Құдайға ғана аян. Анығы - қазір бізде билік бір жақ, халық бір жақ. Билік - халыққа разы. Қазақтан маңырақ тобыр жасап алғанына сенімді сияқты. Халық - билікке наразы. Олардың қатары кейінгі аптада бірнеше еселенді. Наразы жұрттың енді қанша шыдары да Аллаға мәлім. Ал шыдамның шегі қандай болатынын посткеңестік елдердің біразы дәлелдеп қойды.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345