Адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың есебі
ҚАЗАҚСТАН
Шамамен 15,6 миллион халқы бар Қазақстан Республикасында Президент Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы үстемдік ететін парламенттік жүйе қалыптасқан. Конституция билікті президенттің қолына шоғырландырған; президент аймақтық жəне жергілікті билік органдарын бақылайды, заң шығару және сот билігіне елеулі ықпал етеді. Өзгерістер мен толықтырулар конституцияға президенттің рұқсатымен енгізіледі. Ресми қорытындыларға сәйкес, «Нұр Отан» партиясы 2007 жылғы Мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) сайлауында 88 пайыз дауыс жинап, ондағы барлық орынды жеңіп алды. Жергілікті жəне халықаралық бақылаушылар өткен сайлау барысында дауыс беру үдерісінде кейбір оң өзгерістер болғанын атап өткенімен, сайлаудың бірқатар халықаралық стандарттарға сай келмейтінін, нақтырақ айтқанда, заң шеңберінде жұмыс істеу және дауысты әділ есептеу мен жіктеу тұрғысынан кенже қалғанын сынға алды. Азаматтық билік органдары қауіпсіздік күштерінің үстінен пəрменді бақылау жүргізді.
ҚАЗАҚСТАН
Шамамен 15,6 миллион халқы бар Қазақстан Республикасында Президент Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы үстемдік ететін парламенттік жүйе қалыптасқан. Конституция билікті президенттің қолына шоғырландырған; президент аймақтық жəне жергілікті билік органдарын бақылайды, заң шығару және сот билігіне елеулі ықпал етеді. Өзгерістер мен толықтырулар конституцияға президенттің рұқсатымен енгізіледі. Ресми қорытындыларға сәйкес, «Нұр Отан» партиясы 2007 жылғы Мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) сайлауында 88 пайыз дауыс жинап, ондағы барлық орынды жеңіп алды. Жергілікті жəне халықаралық бақылаушылар өткен сайлау барысында дауыс беру үдерісінде кейбір оң өзгерістер болғанын атап өткенімен, сайлаудың бірқатар халықаралық стандарттарға сай келмейтінін, нақтырақ айтқанда, заң шеңберінде жұмыс істеу және дауысты әділ есептеу мен жіктеу тұрғысынан кенже қалғанын сынға алды. Азаматтық билік органдары қауіпсіздік күштерінің үстінен пəрменді бақылау жүргізді.
Адам құқықтарына қатысты мынадай мəселелер орын алды: азаматтардың өз үкіметін өзгерту құқықтарын қатаң шектеу; əскердегі кісі өліміне əкеп соққан əлімжеттік; қамауға алынғандар мен түрмеге жабылғандарды қорлау; түрмелердегі денсаулыққа қауіпті жағдай; заңсыз тұтқындау жəне қамауға алу, тəуелсіз сот жүйесінің жоқтығы; сөз, баспасөз, жиналу және ұйымдарға бірігу бостандығын шектеу; əсіресе құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде кеңінен тараған сыбайлас жемқорлық; саяси партияларды тіркеу талаптарының тыйым салу сипатында болуы; үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына шек қою; əйелдерді кемсіту жəне оларға зорлық-зомбылық көрсету, адам саудасы жəне қоғамдық кемсітушілік.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН САҚТАУ
1 БӨЛІМ
Адамның қадір-қасиетін қорғау, оның ішінде мыналарға қарсы бостандықтар:
a. Абайсызда немесе заңсыз түрде өзгенің өмірін қию
Үкіметтің немесе қандай да бір үкіметтік органның абайсызда немесе заңсыз кісі өлтіргені туралы хабарламалар болған жоқ.
Қамау орындары мен өзге құрылымдарда адамдарды қорлау жиі орын алды.
4 тамызда апелляциялық сот 2008 жылдың тамызында Каспий теңізі шекара сақшыларының балықшылар қайығына оқ атып, екі азаматты өлтіргені жөніндегі іс бойынша капитан Руслан Шұршеновке қарсы шығарылған үкімнің күшін жойды. Апелляциялық сот Шұршеновтің әрекетінде қылмыстық негіз болған жоқ деп тапты. 2 маусымда әскери сот Шұршеновті бейбіт адамдарды заңсыз өлтіргені үшін алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Шекара басшылығының айтуынша, сақшылар қайықтағылардың атқан оғына жауап ретінде қару қолданған. Жергілікті қауым мен ақпарат құралдары оқ атудың қажеттігі болмағанын айтты.
Әскердегі əлімжеттік соңы кісі өлтіру, өз-өзіне қол жұмсау жəне ауыр жарақаттануға əкеп соқтырды. Үкіметтің мәліметі бойынша, 2009 жылы арты өліммен бітпеген 93 əлімжеттік оқиғасы тіркелген, ал 2008 жылы осындай 115 әлімжеттік болған еді. Үкімет жыл бойына әлімжеттік салдарынан орын алған кісі өлімдеріне байланысты статистиканы жариялаған жоқ. Әскердегі өз-өзіне қол жұмсау жайттарының саны былтырғыға қарағанда айтарлықтай өзерген жоқ. Өкімет 16 суицид оқиғасы болғанын хабарлады; 2008 жылы мұндвй 15 жағдай тіркелген болатын.
8 мамырда Алматы қалалық әскери соты Жамбыл облысындағы «Гвардейский» бөлімшесінің екі жауынгерін әскерге жаңа шақырылған 19 жасар Елеусізовке әлімжеттік көрсетіп, оны 2008 жылдың желтоқсанында өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін бес жарым және алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ақтау қалалық әскери бөлімшесіне жаңадан шақырылған жауынгер Мұхамбетқалиев басқа жауынгердің соққысынан қаза болды. Мұхамбетқалиевтің өліміне байланысты Ақтау қалалық әскери соты дәл сол бөлімшеге жаңадан шақырылған жауынгер Несіпбаевты алты жылға абақтыға жабуға шешім шығарды.
ə. Жоғалып кету
6 сәуірде полиция журналист Оралғайша Жабақтайқызының 2007 жылы жоғалып кетуіне қатысы бар деген күдіктіні қамауға алғанын жариялады. Ішкі істер министрлігі (ІІМ) 2007 жылы оның жоғалып кетуі Алматы облысының билік органдарындағы сыбайлас жемқорлық, этносаралық қақтығыстар жəне қылмыстық іс-əрекеттер туралы жазған сериялық мақалаларының қатысы жоқ деген қорытындыға келген. Жылдың аяғына дейін бұл іс туралы қосымша ақпарат болған жоқ.
б. Азаптау жəне басқа қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-əрекет пен жаза түрлері
Заң бұндай əрекеттерге тыйым салғанымен, полиция мен түрме қызметкерлерінің кейбір кезде қамауға алынғандарды қылмысты мойындату үшін соққыға жығып, қорлаған кездері болды. Адам құқықтарын қорғау белсенділері азаптаудың заңдағы анықтамасы тым шашыраңқы және оның БҰҰ стандарттарына сәйкес келмейтінін, ал сол әрекет үшін кесілетін жаза тым жұмсақ екенін айтады. Бас прокуратура мен адам құқықтары омбудсмені құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлерінің тергеу барысында азаптау жəне басқа заңсыз əдістерді қолданатынын мойындады. Адам құқықтарын қорғаушылар мен халықаралық заңдылықтың сақталуын бақылаушылар тергеу амалдары жəне прокурорлық шаралар айыпталушының қылмысын дәлелдеуге қажетті басқа айғақтар жинауға емес, айыпталушыға қылмысты жасағанын мойындатуға ғана бағытталып жататынын хабарлады. . Жалпы алғанда сот айыпталушылардың азап немесе қысым көргендіктен қылмысты мойындауға мəжбүр болғандарын айтқан сөздеріне құлақ асқан жоқ.
Мамыр айындағы Қазақстанға сапары барысында БҰҰ-ның азаптау жəне басқа қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-əрекет пен жаза түрлері жөніндегі арнайы бақылаушысы Манфред Новак бірнеше түрме мен қамау орнын тексерді. Оның бастапқы пайымы бойынша азаптау елде кең тарамаған, бірақ қалыптасқан жазасыздық жағдайы полицияға қылмысты мойындату мақсатында шектен шығатын қатты соққыға жығу және қылқындыру секілді әдістерді пайдалануға мүмкіншілік береді. Полиция азаптау туралы шағымдарды тергеуді өте сирек жүргізді. Новактың айтуынша, ол адам құқықтарын бақылаушылар зорлық-зомбылық жиі орын алады деп көрсеткен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне (ҰҚК) қарасты екі қамау орнына барған. Новактың БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесте жасалатын қорытынды баяндамасы жылдың аяғына дейін жарияланбады.
Астана қалалық соты 14 тамызда «Жамағат әл-Фараби» атты экстремистік діни топтың жұмысына қатысқандары үшін Қуат Жоболаев пен Жасұлан Сүлейменовке қарсы қылмыстық іс қозғады. Қорғаушыларының айтуынша олар ҰҚК тарапынан жасалған қатты қысымның нәтижесінде кінәларын мойындаған. Қазақстанның өзге де азаматтарымен бірге олар осы жылы Ресейдің Ингушетия Республикасында тұтқындалған болатын. Прокурорлардың айтуынша, полиция олардың пәтерінен экстремистік әдебиет пен қару-жарақ тапқан.
Омбудсмен мекемесі жыл ішінде 1090 азаматтан шағым түскенін мәлімдеді.
Қарағандылық полиция қызметкерлері 24 наурызда кісі өлтірді деген күдікпен 22 жастағы Николай Багаутдиновты тұтқынға алды. Ақпарат құралдарының хабарларында полиция офицерлері Багаутдиновты қатты соққыға жығып, кінәсін мойындауға мәжбүрлеген делінген. Кейіннен полиция оны заңды асыраушысының қамқорлығына жіберді, ол келтірілген жарақаттар жайлы дәрігерлерден құжат жинап, болған оқиғаны баспасөз арқылы көпшілікке жария етті. Халықтың наразылығанан соң бес полиция қызметкері сол ісі үшін әкімшілік сөгіс алды. Багаутдиновтың қорғаушысы осы оқиғаға байланысты тергеудің басталуына қол жеткізді, бірақ Багаутдиновтың айып тағудан бас тартуына байланысты ол іс тоқтатылды.
Елдегі үкіметтік емес ұйымдардың бірі - Адам құқықтары жөніндегі бюроның мәліметі бойынша Степногорскідегі сотқа дейінгі қамау орнының түрме сақшылары 20 наурызда екі тұтқынды ішкі тәртіпті бұзып, көтеріліс жасауға тырысты деген айыппен қатты соққыға жыққан. Тұтқындардың біреуі беті мен қабырға сүйектері сынып, ауруханаға түскен. Адам құқықтары жөніндегі бюро омбудсменнің және Бас прокуратураның атына осы оқиғаны мұқият тексеруді талап етіп шағым түсірді. Бірақ Бас прокуратура бұл істе офицерлер ешқандай заңбұзушылыққа бармаған деген тұжырым жасады.
Сәуірдің 22-сінде ҰҚК қызметкерлері Атырауда үш балықшыны қаскерлікпен айналысты деп айыптап, және өздерінің айтуынша тұтқында болған кезінде оларды соққыға жыққан. ҰҚК балықшылардың тұтқыннан босатылғанын айтса, балықшылардың өздері ақпарат құралдарына қамаудан қашып шыққандарын айтты. Олардың үшеуі де ішкі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген, ал балықшылардың біреуінің миы шайқалған. ҰҚК қызметкерлері ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтып, «қаскерлік істеді» деген айып тағып, балықшыларға қарсы қылмысты іс қозғады. Бұл іс жыл аяғына дейін шешімін тапқан жоқ.
Бас прокуратура 2008 жылы болған 146 қылмыспен салыстырғанда осы жылы əскердегі əлімжеттік пен билікті асыра пайдаланушылыққа байланысты 167 қылмыс орын алғанын мəлімдеді.
Үкімет əскердегі əлімжеттік істерін тергеп, сондай қорлыққа қатысы бар жауынгерлердің үстінен іс қозғап, бір жылда 34 істі сотқа жіберді. Қорғаныс министрлігі арнайы тексерулер жүргізіп, аға офицерлерден өз бөлімдеріндегі жағдай туралы жүйелі есеп талап етті.
Түрмелер мен қамау орындарындағы жағдай
Түрмелердегі жағдай ауыр күйінде қалды, ал түрме жайлары халықаралық денсаулық стандарттарына сай болмады. Дəрігерлік көмектің жетіспеушілігі әлі де мəселе күйінде қалып отыр. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметі бойынша, қамаудағылардың жартысына жуығы, əсіресе ВИЧ/СПИД, туберкулез жəне өзге жұқпалы аурулардан емделу үшін дəрігерлік көмекті қажет етіп отыр. Полиция абақтыларында, сотқа дейінгі қамау орындарында жəне түрмелерде жəбір көрсету жайттары орын алды. Қазақстан үкіметі түрмеде жазасын өтеушілерді қорлауға итермелейтін жүйелі əрекеттерді жоюға қадам жасады: қамау орындарының үстінен бақылау жүргізетін жергілікті комиссиялардың жұмысын жалғастырды, олардың түрмелерге кіре алуын одан əрі жеңілдетті, түрме қызметкерлеріне арналған тренингтер, ІІМ-нің полиция қызметкерлеріне арналған семинарлар өткізді. Билік органдары жылдың аяғына дейін жеті түрме қызметкеріне зорлық көрсетті деген айып тақты, сыбайлас жемқорлыққа байланысты 30 тергеу ісін бастап, нəтижесінде 23 адамға айып тақты.
Үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық бақылаушылар түрмелер мен қамау орындарындағы жағдайдың бір жыл ішінде жақсармағанын мәлімдеді. Бақылаушылар қамауға алынғандар мен бас бостандығынан айырылғандардың жәбір көретінін, ал әкімшілік қызметкерлеріне арналған кәсіби біліктілікті арттыру курстарының жоқтығын алға тартты. 2008 жылдың ақпан айында Конституциялық Кеңес тұтқындардың наразылық көрсетуі мен денелерін кескілеу әрекеттерін қылмыстық іс қатарына жатқызатын 2007 жылы сәуірдегі заңнамаға енгізілген өзгерістердің күшін жойды.
Үкімет өткен жыл ішінде қамалған 43 адамның тергеу изоляторларында қайтыс болғанын және 59 адамның өз өмірлерін өздері қиғанын хабарлады. Олардың алтауы сотқа дейінгі қамау орындарында, ал 49 тұтқын түрмеде, және төртеуі полиция абақтысында өз-өздеріне қол жұмсаған.
Түрмелерді бақылаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың арқасында жиналған соңғы статистикалық мәліметке сәйкес елде 50 843 адам түрмеде отырса, және 8 298 адам сотқа дейінгі тергеу орындарында қамауда отыр. Тұтқындардың 47 265-і ер, 3 129-ы әйел, ал 449-ы - кәмелетке толмағандар. Ерлер мен әйелдер және кәмелетке толмағандар бөлек ұсталады. Ал тергеу орындарындағылар түрмедегілерден бөлек ұсталады. Саяси тұтқындар басқа қылмыскерлерден бөлек ұсталды деген мәлімет болған жоқ.
Түрмелердегі ауыр жағдай мен қорлыққа наразылық білдірген тұтқындардың өз денелерін өздері кескілеу оқиғалары жалғасын тапты; жыл барысында 86 тұтқынның қатысуымен болған осындай 28 оқиға орын алды. Бұлардың басым көпшілігі - тұтқындардың топтасып, өз денелерін өздері бірге кескілеген жайттар.
Сәуірдің 13-і мен 16-сында Солтүстік Қазақстандағы EС-164 түрмесінің 30-ға жуық тұтқыны түрмедегі ауыр жағдайға және әкімшілік тарапынан көрсетілетін зорлыққа наразылық білдіріп, өз денелерін өздері кескіледі. Бірнеше тұтқын Петропавл қаласының ауруханаларына жатқызылды, бірақ түрме басшылары оларға орын алған окиғаны талқыламау жөнінде бұйрық беріпті деген ақпарат бар. 15 сәуірде түрме басшылары қамалғандар тұтқындардың бірінің жұбайы жемқорлықпен айналысты деп айыпталып, түрмеге жабылғанына наразылық білдірген деген мәлімдеме таратты. Қаржы полициясы 16 сәуірде бұл шараны ұйымдасқан қылмыстық топ ұйымдастырды деп айтыптады. 1 маусымда полицейлер қамаудан босап шыққан тұтқынды ұстап, соққыға жыққан. Кейіннен ол мұны өзінің түрмедегі оқиға туралы ашық пікір айтқаны үшін кек алу шарасы деп атады.
Аса қатаң тәртіптегі Долинка түрмесінің бес тұтқыны 13 мамырда түрмедегі адам төзгісіз жағдайға және әкімшілік тарапынан көрсетілетін зорлыққа наразылық білдіріп, өз денелерін өздері кескіледі. Олардың жарақаттары түрме ішінде емделді.
Азаматтық қоғам белсенділері Әділет және Ішкі істер министрліктерінің қоғамдық қадағалау кеңестерімен, сонымен бірге адам құқықтары омбудсменінің азаптауға қарсы жұмыс тобымен бірге түрмелер мен қамау орындарындағы жағдайды бақылауға күш салды. Дей тұрғанмен, көптеген бақылаушылар бұл кеңестердің тəуелсіз еместігін немесе анық белгіленген құзіреті не болмаса билігі жоқтығын айтып, сынға алды.
в. Заңсыз тұтқындау немесе қамауда ұстау
Заң заңсыз тұтқындау немесе қамауда ұстауға тыйым салады, бірақ бұл салада мəселелер шешілмеген күйінде қалды.
Полиция мен қауіпсіздік органдарының рөлі
ІІМ негізінен ішкі қауіпсіздікке, оның ішінде қылмыстық және əкімшілік заң бұзушылықты тергеу жəне олардың алдын алуға, қоғамдық тəртіп пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты ұлттық полиция күштерін басқарады. Экономикалық қылмыс жəне сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі (Қаржы полициясы) əкімшілік жəне қылмыстық тергеу жүргізуге құзіретті. ҰҚК шекара қауіпсіздігі мен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікке қарсы күресу, заңсыз немесе тіркелмеген экстремистік жəне əскери ұйымдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, кəсіподақтар сияқты топтарды тергеу жəне олардың жолын кесуде құқық қорғаушының рөлін атқарады. Ақпан айында үкімет Президентке тікелей қарайтын «Сырбар» атты сыртқы барлау қызметін құрды. ҰҚК мен Қаржы полициясы тікелей президентке есеп береді.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің жариялаған сауалнама нәтижесіне сай, халықтың 35 пайызы үкіметтің өздерін азаматтық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруден, əсіресе полиция мен сот тарапынан нұқсан келтіруден қорғай алатынына сенбейді. Халық полиция жұмысының пəрменділігін төмен, ал құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп бағалайды. Басшылар жыл барысында 61 полиция қызметкерін сыбайлас жемқорлығы үшін жұмыстан шығарды.
Осы жыл ішінде ІІМ сенім телефоны желісін ашып, оған полицияның сыбайлас жемқорлығы мен билікті асыра пайдаланғаны туралы 173 шағым түсті. Министрлердің көбі, оның ішінде премьер-министр де бар, жеке блогтарын ашып азаматтарға шағымдану мүкіндігін берді.
Құқық қорғау шараларын үйлестіретін кеңеске Бас прокурор төрағалық етеді. Оның құрамына өзге құқық қорғау органдарының басшылары кіреді. Басқа міндеттерімен қоса бұл кеңес құқық қорғау органдарының үстінен түскен шағымдарды тексереді.
ІІМ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жергілікті деңгейде полиция қызметкерлеріне арнап адам құқықтары туралы семинар-тренингтер өткізді. Үкімет халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса отырып, тергеу машықтарын жетілдіру жолдарын үйрету арқылы қорлауды азайтуды көздейтін саны шектеулі семинар-тренингтер өткізді.
Тұтқындау жəне қамауға алу
2008 жылы тамызда үкімет тұтқындауға рұқсат беру құзіретін прокурордан алып, сот билігі тармағына тапсыратын заң қабылдады. Прокурорлардың қолында тінту жəне тəркілеу секілді тергеу əрекеттеріне рұқсат ету құзыреті бұрыннан бар. Заң бойынша, полицияға қамауға алынған адамды айып таққанға дейін 72 сағат ұстауға рұқсат етілген. Адам құқықтарының орындалуын бақылаушылар бұл мерзімнің тым ұзақ екенін сынап, билік органдары бұл мерзімді қысым көрсету жəне қылмысты мойындатқызу мақсатына пайдаланатынын айтты. Қамауға алынғандарды кепілдікке уақытша босату жүйесі болғанымен, ол кеңінен қолданылмады. Көптеген азаматтар сот басталғанға дейін тергеу изоляторларында қала берді.
Қамауға алынған, тұтқындалған немесе қылмыс жасады деген айып тағылған адамдар қамауға алынған, тұтқындалған немесе айып тағылған сəттен бастап адвокаттың көмегін алуға құқылы. Дей тұрғанмен, заң полицияны қамауға алынған адамға адвокаттың көмегін алуға қақысы бар екенін ескертуді міндеттемейді, іс жүзінде полиция оны ескертпейді. Адам құқықтарының орындалуын бақылаушылар полиция қызметкерлерінің қамауға алынған азаматтарды адвокатпен кездеспеуге көндіріп, адвокат келгенге дейін бастапқы жауап алу арқылы дəлелдемелер жинап, кейбір жағдайларда дəлелдемелер жинау үшін сыбайлас жемқор адвокаттарды пайдаланғандарын айтты. Заң бойынша, күдікті немесе айыпталушы жасы кəмелетке жетпеген, ақыл-есі кем немесе мүгедек болса, я оған ауыр қылмыс жасады деген айып тағылмақшы болса, үкімет оны адвокатпен қамтамасыз етуге тиісті. Іс жүзінде қоғамдық қорғаушылардың айыпкерлерге көмектесуге дайындығы нашар және бұл істегі тәжірибелері аз болды.
Кейбір айыпкерлерге өз қорғаушыларын таңдауға жол берілмеді, себебі оларға қарсы қозғалған істер мемлекеттік құпияға қатысты деп танылды, ал заңға сәйкес ондай істерге тек арнайы рұқсаты бар заңгерлер қатыса алады. «Алма-Ата Инфо» газетінің шығарушысы және редакторы Рамазан Есіргепов құпия құжаттарды жариялады деп сот арқылы айыпталған кезде мемлекеттің рұқсат берген тізімінен қорғаушы алмай, өзін өзі қорғауға шешім қабылдады. Қаржыны жымқырды деп айыпталған мемлекеттік «Қазатомпром» уран өңдеу компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке қарсы қозғалған істе ҰҚК Жәкішевтің өз адвокатымен кездесуіне кедергі жасады, себебі заңгердің тиісті рұқсаты болған жоқ. Сондықтан Жәкішев рұқсат алған адвокаттар тізімінен өзіне қорғаушы таңдауға мәжбүр болды, тек содан соң ғана онымен кездесуге рұқсат алды.
Прокурорлардың мәлімдеуінше азаматтарды заңсыз тұтқындау күрделі мәселе болып қалып отыр. 2008 жылдың тоғыз айының ішінде билік органдары сотқа дейінгі қамау мекемелерінде заңсыз отырған 17 адамды босатты, және 675 адам полиция абақтыларынан заңсыз тұтқыннан босатылды. Үкімет жыл бойындағы статистиканы жарияламағанымен, ақпарат құралдары кем дегенде 207 заңсыз тұтқындау оқиғасын жария етті.
Билік өкілдері ара-тұра өкіметке қарсы шыққандар мен оларды сынағандарды, кейде рұқсатсыз жиын өткізді деген секілді шағын заңбұзушылықтары үшін қамауға алып отырды. Дегенмен, саяси астары бар ұзақ мерзімдік тұтқындаулар жайында шағым түскен жоқ.
г. Істі əділ де ашық сотта қараудан бас тарту
Заң тəуелсіз сот жүйесімен тиісті дəрежеде қамтамасыз етпейді. Атқарушы билік сот тəуелсіздігін шектеп отыр. Прокурорлар жалған сот төресі рөлін атқарды, оларға сот шешімдерін уақытша тоқтату өкілдігі берілді.
Сыбайлас жемқорлық сот үдерісінің əрбір сатысы мен деңгейінде көрініс тапты. Судьялар ең көп жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлердің қатарында болғанымен, заңгерлер мен адам құқықтарын бақылаушылардың айтуынша, судьялар, прокурорлар жəне басқа шенеуніктер қылмыстық істердің көпшілігіне үкім шығарғанда оны əлдекімнің пайдасына шешу үшін адамдарды пара беруге итермелейді.
Сот жүйесі үш буыннан: аудандық, облыстық (аймақтық) жəне Жоғарғы соттан тұрады. Аудандық соттар барлық дерлік қылмыстық істерді қарайтын алғашқы инстанция болып табылады. Аймақтық соттар ауыр қылмыстық істерді жəне жергілікті соты жоқ ауылдық жерлердегі істерді қарайды. Аудандық соттың шешімі туралы шағымды аймақтық сотқа жіберуге болады, ал аймақтық соттық кесіміне Жоғарғы сотта дау айтуға болады. Бұлармен қоса əскери соттар бар. Олар әскери қызметкерлерге қатысы бар деп танылған азаматтық тұлғалардың қылмыстық істерін қарау құзіретіне ие. Әскери соттар мен азаматтық соттар бір қылмыстық кодексті қолданады.
Конституциялық Кеңес сайлау жəне референдум мəселелерін реттейді, Конституцияға түсініктеме береді, Парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сəйкестігін анықтайды. Азаматтардың тікелей Конституциялық Кеңеске шағымдануға қақысы жоқ.
Президент тағайындайтын Жоғарғы сот кеңесі Президентке Жоғарғы сот судьялығына кандидаттарды ұсынады, ал Президент өз кезегінде оларды Сенатқа мақұлдауға жібереді. Кеңес төменгі деңгейдегі барлық соттарға судьялыққа үміткерлерді Президентке ұсынады, ал Президент оларды тікелей өзі тағайындайды. Судьялар өмір бойына қызметке тағайындалады. Парламент Президенттің ұсынысы негізінде Жоғарғы сот судьяларын қызметтерінен босата алады, ал Президент төменгі деңгейдегі соттардың судьяларын орындарынан ала алады.
Істің сотта қаралу тəртібі
Айыпталушыларға кiнəсiздiк презумпциясы берілген және олардың өздеріне қарсы айғақ бермеуге қақысы бар. Мемлекеттік құпия жария болатын немесе азаматтың жеке өмірін не болмаса отбасын қорғау мақсатынан басқа жағдайларда соттар ашық түрде өткізілді. Дегенмен, журналистер мен бақылаушылардың ашық сот отырыстарына жіберілмегендері жайлы мəлімдемелер болды.
2006 жылы қабылданған заңнамалық актілерге сəйкес, ауыр қылмыстық істердің алқа билер сотында қаралуы жыл барысында одан əрі жалғасты. Бақылаушылар алқа билерін таңдау əрқилы мəнерде жүргізілгенін, сотқа қатысушылардың жаңа жүйені білмегенін жəне алқа билерімен бірге кеңесетін судьяның істе үстемдік етуге бейім болғанын атап айтты. Дегенмен бақылаушылардың айтуынша ақталу шешімдердің саны өсті. Жыл ішінде алқа билер қатысқан 47 сот мәжілісі болып, 69 айыпталушының ісі қаралды; алқа билері 32 адамға айыптау үкімін шығарып, 14 адамды ақтады. Айыпталушылырдың 16 ісін қарастырған екі сот шешімі апелляцияға жіберіліп, жыл аяғына дейін шешілген жоқ.
Қылмыстық істердегі айыпталушылар адвокат қызметіне ақы төлей алмаса, үкімет тарапынан қамтамасыз етілетін адвокат жалдауға және заңдық кеңес алуға қақылы. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сəйкес, егер айыпталушы жасы кəмелетке жетпеген, ақыл-есі кем немесе мүгедек болса, сот үдерісі жүргізілетін тілде сөйлемесе, не болмаса оған 10 не одан да көп жылға түрмеге жабылу қаупі төнсе, оның адвокаты болуы тиіс. Іс жүзінде, адвокаттар қылмыстық істердің тек жартысына ғана қатысқан деген ақпар бар, оның бір себебі, . үкіметтің адвокаттарға ақы төлеуге жеткілікті қоры болмаған. Заң, сондай-ақ, айыпталушыларға өз ісін қарайтын сотқа қатысуға, сотта сөз сөйлеуге жəне өзін қорғайтын куəгер шақыруға құқық береді.
Алматы облыстық соты 20 қазанда төменгі деңгейдегі соттың 3 қыркүйекте шығарған белгілі адам құқықтарын қорғаушы Евгений Жовтисті жол апаты салдарынан адам өлтіргені үшін төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін күшінде қалдырды.Бұл үкім 26 маусымда Жовтистің өз көлігімен жаяу жүргіншіні қағып өлтіргеніне байланысты шығарылды. Алматы облыстық сотының 10 желтоқсанда өткен алқа мәжілісінде сот Жовтис қорғаушыларының талабын орындамай, апелляциялық соттың шешімін қайта қараудан бас тартты. Жыл соңына дейін Жовтистің өз ісін қайта қарауды талап етіп шағымданатын-шағымданбайтыны жайлы анық ақпарат болмады. Жергілікті және халықаралық адам құқықтарын қорғаушылар мен бақылаушылар сот жүйесінде көптеген кемшілік болғанын қатты сынға алды. Кейбір бақылаушылар үкіметті көп сынайтын Жовтиске қатысты шығарылған қатаң үкімнің саяси астары бар деген пікір айтты.
Саяси тұтқындар мен қамауға алынғандар
Жергілікті және халықаралық адам құқықтарын қорғаушы үкіметтік емес ұйымдардың айтуынша, Евгений Жовтистің түрмеге жабылуы елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету қарсаңында үкіметке сын айтушы ең белсенді адамның үнін өшіруге бағытталған деп санайды.
Азаматтық сот амалдары және сот қорғауы
Экономикалық және азаматтық сот судьялары азаматтық істерді қарағанда қылмыстық істер сотының құрылымын көбіне қаз-қалпында қайталайды.
Заң мен конституцияға сəйкес, азаматтық дау-дамай сотта шешіледі. Іс жүзінде бақылаушылар азаматтық сотты жемқор жəне сенімсіз деп санайды. Бақылаушылар азаматтық істегі тараптардың əсіресе сот əкімшісіне белгілі бір сомада ақша төлеуге келіспеген кезде сот шешімін жүзеге асыруда көп қиындық көргенін айтты.
ғ. Жеке өмірге, жанұяға, үйге немесе хат-хабарға заңсыз қол сұғу
Конституция мен заң мұндай əрекеттерге тыйым салады, дей тұрғанмен, үкімет кейбір кездері бұл құқықтарды бұзып отырды.
Заң прокуратураға азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге кең мүмкіндік береді. ҰҚК, ІІМ, Қаржы полициясы жəне басқа органдар Бас прокуратураның келісімімен жеке хат-хабар жəне қаржы құжаттарының құпиялығын, сонымен қатар, жекеменшік үйге қол сұғылмау құқығын бұза алады. Сот прокуратураның шешімін даулайтын істерді қарауы мүмкін, бірақ ол қол сұғуды тоқтатуға шұғыл бұйрық бере алмайды. Парламент 3 маусымда Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгертулер енгізіп, полицияға рұқсат ордерінсіз-ақ телефонмен болған əңгімені тыңдауға және оны таспаға жазып алуға мүмкіндік беретін жағдайлардың тізімін ұзартты жəне бұрынғыдай өте шұғыл әрі өте жоғары маңыздағы істермен қоса маңыздылығы орта деңгейдегі істерде де жеке өмірге қол сұғу мүмкіндігі берілді.
Үкіметтің қарсыластары мен олардың отбасы мүшелері өздерінің жүріс-тұрыстары мен телефон шалыстарын үкіметтегілердің анда-санда бақылап отырғанын хабарлаумен болды.
Фото:http://www.vokrugsveta.ru
Жалғасы..