Мен таныған Обама
Алғысөз орнына
Жеңісімен ғана емес, батылдығымен де дүниені дүр сілкіндірген Барак Обаманың өмірімен байланысты мәліметтер мен оған қатысты менің пікірім «кәмелеттік жасқа» кеше ғана келген жас қазақ мемлекетінің халқы үшін қызық шығар деп ойладым. Бәлкім, үлгі алатын тұстары да бар деген оймен осы кітапты жаза бастадым. Онсыз да қым-қуыт тірлікке матаулы заманда «Обама үлгі бола ала ма?» деген ой желісінде жазылған осы кітапты қолына алып, оқуға ынта білдірген оқырманға алғысым зор. Таңдамалы туындылардың ішінен аты тартымды көрінген менің кітабымды қолға алғандағы үмітіңіз ақталар деген ішкі арманым бар.
Менің оқырманым амбициясы күшті, жанып тұрған іні-қарындасым да, біраз белесті бағындырып үлгерген қатарласым да, бала тәрбиесіне ерекше мән берер орта жастағы ағам немесе әпкем де, маған үлгі болар майталман жазушы-қаламгер де, талайды таразылап көрген кемеңгер ақсақал да болуы мүмкін. Бірақ, бізді біріктіретін бір нәрсе бар. Ол - қазақ ұлтының ұлылығын түсіне білу және түсіндіре білу. Ал менің мақсатым - бүкіл әлемге әйгілі АҚШ президенті Барак Обама туралы, оның Американың азаматы, беделді саясаткер, үлгілі жар, әрі әке ретіндегі рөлін сипаттау арқылы Американың үлгі-өнеге болар қызықты сырларын ашу. Бұл дүние қандас бауырларым мұхиттың арғы жағындағы ел туралы оқып-білсе, таныса деген оймен жазылды.
Алғысөз орнына
Жеңісімен ғана емес, батылдығымен де дүниені дүр сілкіндірген Барак Обаманың өмірімен байланысты мәліметтер мен оған қатысты менің пікірім «кәмелеттік жасқа» кеше ғана келген жас қазақ мемлекетінің халқы үшін қызық шығар деп ойладым. Бәлкім, үлгі алатын тұстары да бар деген оймен осы кітапты жаза бастадым. Онсыз да қым-қуыт тірлікке матаулы заманда «Обама үлгі бола ала ма?» деген ой желісінде жазылған осы кітапты қолына алып, оқуға ынта білдірген оқырманға алғысым зор. Таңдамалы туындылардың ішінен аты тартымды көрінген менің кітабымды қолға алғандағы үмітіңіз ақталар деген ішкі арманым бар.
Менің оқырманым амбициясы күшті, жанып тұрған іні-қарындасым да, біраз белесті бағындырып үлгерген қатарласым да, бала тәрбиесіне ерекше мән берер орта жастағы ағам немесе әпкем де, маған үлгі болар майталман жазушы-қаламгер де, талайды таразылап көрген кемеңгер ақсақал да болуы мүмкін. Бірақ, бізді біріктіретін бір нәрсе бар. Ол - қазақ ұлтының ұлылығын түсіне білу және түсіндіре білу. Ал менің мақсатым - бүкіл әлемге әйгілі АҚШ президенті Барак Обама туралы, оның Американың азаматы, беделді саясаткер, үлгілі жар, әрі әке ретіндегі рөлін сипаттау арқылы Американың үлгі-өнеге болар қызықты сырларын ашу. Бұл дүние қандас бауырларым мұхиттың арғы жағындағы ел туралы оқып-білсе, таныса деген оймен жазылды.
Алпауыт мемлекеттің билік тізгінін иелену екінің біріне бұйыра салатын бақ емес. Олай болса, Барак Обаманың осы шыңға шығуына қандай қасиеттері септігін тигізді екен, нендей оқиғалар себепкер болды екен, кімдер ықпал етті екен? Мен осы құпияның сырын ашуды мақсат тұттым. Ең бастысы, АҚШ-тағы жағдайлардың куәгері ретінде көрген-білгенімді, өзім хабардар жайтты төл тілімізде жеткізуді азаматтық парызым деп санадым. Дүниенің о шеті мен бұ шетінде жатқан екі мемлекеттегі құбылыстарды жан-жақты білу жеткіліксіз. Деректі материалдарды негізге ала отырып барынша шеберлікпен, шендестіре, теңдестіре талдауға тырыстым. Ал егер тәжірибесіздіктен кеткен қателік болса, кем-кетігі кездесіп жатса, оқырман қауым түсіністік танытар деген үміттемін.
Өз басым Обаманың тәжірибесі, өмір жолы саяси ұстанымдарыңызға, адами қасиеттеріңіз бен өзге де ерекшеліктеріңізге қарамастан, оқып үйренуге тұрарлық әңгіме деп есептеймін. Обаманың «Иә, қолымыздан келеді» деген бір қарағанда қарапайым көрінетін сөздерді шешуші қадам жасауға итермелейтін қуатты ұранға айналдыра білу өнері расымен де сүйсіндірмей қоймайды. Бойындағы ерекше қасиеттер оның біртуар азамат екенін аңғартады. Дегенмен, пендеге тән өзіндік кемшіліктері де баршылық.
Барак Хусейн Обама және оның халқы туралы елімізде кең тарала қоймаған мәліметтер мен соның негізіндегі өз ой-пікірімді бірнеше тарауға бөліп тастадым. Бірден ашып айтатын бір нәрсе, мақсатым - американдықтарға орынсыз еліктеу немесе олардың дәстүр-ғұрпын дәріптеу емес. Керісінше, жақсысын жаратып, өнімді үлгісін үйрену.
ЖЕҢІСТІҢ КІЛТІ
Америка Құрама Штаттарының президенті Барак Хусейн Обама мен оның жеңіске жетуінің себептерін талдаушылардың пікірі сан түрлі. Президент сайлауының нәтижесі белгілі болғаннан кейін де «біздің алып-қосарымыз шамалы» деген ыңғайда немқұрайдылық танытқан талай-талай американдыққа үміт ұялатып, сенімін оятқан Обаманың жеңісі кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Олардың арасында мен де бармын.
Сайлауалды науқан менің Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігіндегі қызметімнің алғаш күндерімен сай келді. БҰҰ-дағы ең жас дипломат ретінде қызметке кірісіп кеткен едім. Өзім сыртқы саясатқа бұрыннан қызығатынмын. Ал АҚШ-қа аяқ баса салысымен бұл елдің ерекшеліктерін, осында штаб-пәтері орналасқан беделді халықаралық ұйым - Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін терең зерттей бастадым. Әрине, АҚШ-ты ғана емес, әлемді дүр сілкіндірген Обама туралы әңгіме бөлек.
Барак Обаманы алғаш рет 2009 жылғы тамыздың соңғы күндерінің бірінде көрдім. Нью-Йорк полиция департаментінің өкілдері Блю Хилл мейрамханасынан кешкі асын ішкен Обамалар отбасын Таймс Скуэрде (Times Square) орналасқан Биласко театрына (Belasco Theater) апаратын Алтыншы авенюді (даңғылды) жауып қойған еді. Кешкі сегізге таман досым екеуміз көшенің екі жағына лық толған халықтың қатарында тұрдық. Қысқа мерзімді парад түрінде өткен бұл шарада жүргіншілердің бірі АҚШ президентінің картежін металл қоршаудың арғы жағынан қол бұлғап, құрметпен қарсы алып жатса, енді біреулері асығыс-үсігіс суретке түсірумен болды. Бұл Обаманың өз жары Мишельге Бродвей шоуының біріне апарамын деп берген уәдесін орындаған сәті екені естеріңізде болар.
Араға бір ай салып Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының кезекті 64-сессиясының ресми отырысы өтті. Сол жолы АҚШ көшбасшысын екінші мәрте жақыннан көрдім. БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері алып та алпауыт елдің басшысы болғаннан кейін бе, әлде Обаманың абыройлы азамат екенін білгеннен бе, ерекше құрметпен қол алысуға асығып жатты. Жұрттың бәрінің қоғадай жапырылуына Обаманың ұтқыр ойға толы сенімді сөздері де әсер еткені сөзсіз.
«Мен, сіздер сияқты өз елімнің, халқымның мүддесі үшін әрекет етуге міндеттімін және сол мүддені қорғағаным үшін кешірім сұрамаймын», - деп бастады сөзін Обама мырза. «Менің пікірімше, 2009 жылы адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға болды: ортақ мүдде үшін ұлттар мен ұлыстар бірлік көрсете алды. Жүрегіміздің түкпіріндегі діни ұстанымымыз жаңа байланыс орнатуы да, бірімізден бірімізді алшақтатуы да мүмкін, бүгінгі күннің озық технологиялары біздің жолымызды ашуы да мүмкін, көлеңкелеуі де мүмкін. Біз қолданған энергия планетамызды сақтап қалуы мүмкін немесе жойып жіберуі мүмкін», - деді сосын.
Тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мун мырза Барак Обаманың АҚШ президенті болып сайлануын ғаламдық сын-талаптарға төтеп беріп, баянды болашаққа қадам жасауға жетелейтін жағымды өзгерістердің басы деп санайды.
2009 жылдың 9 қазанында Барак Обама адамдар арасындағы халықаралық дипломатия мен ынтымақтастықты күшейтуге айрықша атсалысқаны үшін Нобель сыйлығын иеленді. Сол жерде сөйлеген сөзінде Обама: «Жай ғана президент болу жеткіліксіз. Ұлы президент болуға тырысу қажет», - деді. Бұл - Обаманың өзіне-өзі қоятын көп талабының бірі ғана.
Обама аудиторияның тамырын тап баса алатын қасиетке ие. Бұл сөзімізге оның студенттердің алдында айтқан әңгімесі дәлел. «Америка - асқақ армандар мен үлкен үміттер әлемі. Бұл революция және азаматтық соғыс, депрессия, дүниежүзілік соғыс, азаматтық және әлеуметтік құқықтар үшін күрес кезеңдерінде де сақталған үміттер. Біз осы армандарымыздың арқасында бастан кешкен әрбір сыннан анағұрлым біртұтас, анағұрлым абыройлы болып шыға білдік», - деді президент студенттерге.
Америка Құрама Штаттарының бүгінгі алпауыт дәрежеге жету үшін талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өткені белгілі. Сол секілді Барак Обаманың бүгінгі жеңісі де оңайдан келген олжа емес. Оның бойында көшбасшылық қасиет бар. Ол көпшілікпен жұмыс істей алады және, жоғарыда айтқанымыздай, аудиторияның тамырын тап басады. Ал президенттік таққа отыруына себепкер болған ең басты қасиетіне келсек, Обама елдің жағдайын және саяси сәтті сауатты түсіне білді. Бұрынғы ел басқару әдістері ескіріп, басқару қағидалары құрдымға кеткен уақытта билік тізгінін ұстау қолға қанжар ұстағанмен тең. Басқаша айтсақ, бұл - құндылықтарды қайта зерттеу кезеңі. Осы өтпелі кезеңде әрі радикалды, әрі консерватор Обама ұлы жеңістерге қол жеткізеді деген сенімім бар.
БАЛА БАРАК
1961 жылы жаңа қосылған жас жұбайлар ұлды болады. Дүниеге келген баланың атын Барак қояды. Бірақ, көп ұзамай отағасы Обама отбасын тастап, Гарвардтың заң мектебіне оқуға кетеді. Оқуын бітірген соң Африкаға тартады. Барак әкесін он жасқа толғанда бірақ көреді. Арақтың кесірінен үлкен Обама Кенияның үкімет үйіндегі аға экономист лауазымынан айырылып, қызметтен қуылады. Бірнеше рет жол апатына ұшырайды. Ақырында 1982 жылы 46 жасында қаза табады.
Ал Барактың анасы Анна ажырасқаннан кейін, Индонезиядан келген шетелдік студент Лоло Соетороға күйеуге шығады. Екінші күйеуінің американдық визасының уақыты біткеннен кейін отбасымен Джакартаға көшуге мәжбүр болады. Сол жерде Обаманың жалғыз қарындасы Мая дүниеге келеді.
Алпысыншы жылдары, Джакартада тұрғанда анасы Анна ағылшын тілінен сабақ береді. Ал Барри, яғни Барак шетелдік балаларға арналған американдық мектептің орнына, елден ерекше жергілікті орта мектепке барады. Индонезияның мемлекеттік тілін меңгерумен қатар, таңертеңгі уақытта анасынан ағылшын тілінен дәріс алады. Күн өткен сайын ол бөгде мәдениетті бойына әбден сіңіреді. Кейіннен мемуарларында жазғандай, экзотикалық тағамдар, соның ішінде ит және жылан еттерін жеуге әдеттенеді. Бала Барак азанның дауысын естіп өседі. Дамушы елдегі ауру жайлаған елдімекендер мен кедейшілік көріністерін өз көзімен көреді. Анасы қайда барса да Баракты қасынан бір елі тастамай, ертіп жүреді. Бұл жас баланың үлкен кісілердің әнгімесіне араласуына жол ашады. Ал келе-келе бала Барак қажет кезінде ой қосып, пікір білдіретін болады. Индонезияда бала тәрбиесі американдық бала тәрбиелеу тәртібінен әлдеқайда өзгеше. Қалай болғанда да, анасы Аннаның бала Барактың тәрбиесіне ерекше мән беріп, өмірге ерте дайындағаны байқалады.
Жетпісінші жылдардың басында Анна мен Лолоның қарым-қатынасы нашарлап кеткендіктен, Анна Барриді әжесінің қолына - Гаваиге жібереді. Ал көп ұзамай Анна мен Лоло ажырасып тынады. Тәй-тәй басқан Маяны жетектеген Анна ұлының артынан барады. Бұл кезде нағашы атасы мен апасы беделді мектептердің бірі - Пунахоу басшылығымен келісіп, немересін 5-сыныпқа орналастырады. Обама Пунахоу академиясының грантымен оқып жатады. Ал бұл академия Гаваидегі беткеұстар оқу орындарының бірі еді. Солтүстік-шығыс жақтың немесе Еуропаның үздік университеттері секілді Пунахоу академиясының да мақсаты - нақты әрі кең ауқымды білім берумен қатар, міндеттемені мойындарына жүктеу арқылы олардың алған білім үшін қарыздар екенін, яғни қалайда қайтару парыз екенін жеткізу екен.
Бірнеше жыл бойы Анна екі баласымен Хонолулудағы кішігірім пәтерде тұрады. Анасы ұзақ мерзімді сапарлармен Африка мен Азияны аралап, халықаралық даму агенттіктері үшін баяндама дайындаумен жүргенінде Обама ата-әжесі Маделин мен Стэнли Дунхамның қолында тұрып жатады. Нағашыларының үйі теңіз жағасында орналасқан екен. Ара-арасында Обама әкесінің қасынан табылмағанына ренжиді, жалпы әкесін жиі ойлайды. Кейде оған анасын кінәлағандай да болады. Өзін жетімсірегендей сезінеді. Әйтсе де, Обама әлі күнге дейін анасының мейіріміне бөленген сәттерін есіне алып, алғысын білдіретіні байқалады.
Пунахоуда оқыған аз уақыт ішінде Барак Обама американдық элита өкілдерінің біраз дәстүр-ғұрыптарының қыр-сырын түсініп, терең меңгереді. Бұл арадағы көрген-білгені Колумбия университеті мен Гарвард Заң институтында оқыған кезінде қатарластарымен дұрыс түсінісіп, өз деңгейінде араласуға мүмкіндік береді.
Кейін Обама «Әкемнің армандары» атты кітап жазады. Онда ол өзінің кім екенін ойлап, қатты басы қатқанын жасырмайды. Мектептегі жаттықтырушысы да «ниггер» сөзін жиі қолданған екен. Ол аз болса, сүйікті әжесінің өзі де кейде нәсілге, этносқа байланысты түрлі стереотиптерді бетіне басып тастап, жиенін қатты ыңғайсыздандыратын болған. Барак Обама бұл туралы кейін нәсілдік тақырыпта биік мінбелерден сөйлеген сөзінде де еске алады.
«Әкемнің армандары» («Dreams from My Father») атты кітабын оқысаңыз, Обаманың жасөспірім кезіндегі ішкі дүниесінде ұялаған ойлар мен айтылмаған балалық сезімдер туралы білер едіңіз. Өзінің дүниеге келу тарихының күрделілігімен күрескені, өзін-өзі танып-білу, анықтаумен мазасызданған уақыттарда бірде ызаланып, бірде намыстанып, бірде мақтан етіп дегендей, шатасып жүргені байқалады. Бірақ, Гарвард Заң мектебіне келгенге дейін бұл ызалық сезім сабасына түсіп, ақылы кіреді. «Менің ертеңімді анықтайтын бүгінгі шешіміме кешегі күнім қандай болса да кедергі бола алмайды» деген тұжырымға келеді. Уақыт өте келе осы қағидасы күшейіп, Обаманың үміт оты лаулап жанып, армандары оны биік шыңдарға жетелей жөнеледі. Әсілі, бала мектепте, далада немесе басқа жерде көрген-түйгеніне қатысты өзінше қорытынды жасайды. Жас та болса, өзінше шешім қабылдайды. Осындай сәттерде баланың қасынан табылып, оның әңгімесіне назар аударып, ішкі сырын айтуына мүмкіншілік туғызудың маңызы зор сияқты. Кез келген жағдайда, дұрыс болса да, бұрыс болса да, баланы мұқият тыңдап, түсінуге тырысу керек деп ойлаймын. Баламен өткізген әрбір сәттің құны әрі мәні зор. Әрбір әйел заты өзінің ана ретіндегі парызын орындаса, әрбір еркек әке ретіндегі рөлін терең сезінгені жөн. Сонда ғана саналы ұрпақ қалыптасып, қоғамның жағымды сипаты ашыла түседі. Жазған естеліктеріне қарағанда, Обама әкелік махаббатқа зәру болған жан. Ашып айтпаса да, ол ұдайы әкесін жоқтаумен немесе іздеумен болған.
1979 жылы 2 маусымда Обама мектепті бітіріп жатқанда жоғарғы оқу орнының сол кездегі президенті Родерик МакФи дауыстап тұрып, сонау ХХ ғасыр басында жазылған ескі сөзді оқыды:
«Жиі әрі көп күлу;
Білімді адамдардың құрметіне және бүлдіршіндердің махаббатына бөлену,
Адал сыншылардың жоғары бағасын алу, жалған достардың сатқындығына шыдау;
Сұлулықты бағалау, басқалардың артықшылығын көре білу;
Әркім өзіне бұйырған әлеуметтік жағдай шеңберінде барынша жақсы өмір сүру;
Сен өмір сүргендіктен, кем дегенде бір өмір жеңіл тыныс алғанын білу.
Міне, жетістік деген осы!»
Мектептен кейін Обама Лос-Анжелестегі Батыстық бағыттағы колледжде (Occidental College) оқиды. Кейін Колумбия университетіне ауысып, оны 1983 жылы саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бакалавр дәрежесінде бітіріп шығады.
Колумбияда оқыған кезде Обаманың саясатқа жақындығы байқалады. Апартеидке қарсы студенттер тобына кіріп, белсенділік таныта бастайды. Колумбиядан кейін өзінің арманындағы костюмді киіп, өз бетімен ақша тауып, мәртебеге ие болу біраз қиындық туғызады.
Осы жерде американдықтардың ақшақұмарлығы мен мәртебеге қызығушылығы бірден байқалады. Мүмкін бұл да дұрыс шығар, бірақ, американдықтарда «тәжірибе жинайын, ғылым қуып басқа салаларда қызмет етейін» деген ойдан гөрі, тезірек ақша тауып, жағдайды жақсартып алу мақсаты басым тұрады. Бұл қасиет біздің жастарда да бар. Әрине, жетістікке жетуге жетелейтін армандар болары хақ. Бірақ, өз мүмкіндіктеріңді айқындап алмай, ең алдымен, қай салада қалай жұмыс істей алатыныңды сынап көрмей, басшы болуға тырысу үйренетін әрі үлгі алатын нәрсе емес деп ойлаймын.
Американдық жастардың бұл әдет-дағдылары да отбасында алған тәрбиеге байланысты болса керек. Олардың бала тәрбиелеу үрдісі өзіндік сипатқа ие. Көзін ашқаннан баласына 17-18-ге толғанда бөлек шығатынын, бірге тұрған жағдайда пәтердің шығындарын бөліп төлейтінін ескертіп қояды. Сонда мектеп бітіруге жақындаған сайын американдық баланың жауапкершілігі артып, өз бетімен өмір сүруге дайындала бастайды.
Бұл дұрыс емес те шығар. Бірақ, бір қарасаңыз, баланы жас кезінен орнымен еркелете отырып, тіршілік тауқыметінен хабардар етіп отырудың маңызы зор тәрізді. Ата-ананың мейіріміне бөленіп өскен бала қатігездікке, орынсыз әрекеттерге жол бермейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Барак бала кезінде «Барри» атанған. Қандай мағына береді десеңіз, өзінің айтуына қарағанда, араб және суахили тілінен аударғанда «Алланың нұры жауған» деген мағынаны білдіретін көрінеді. Балалық шақ - бақытты күндер, жастық шақ - жанып тұрған шақтар. Ал Обаманың жастық шағы туралы әңгімелесетін жан - туған қарындасы Мая.
ЖАСТЫҚ ШАҚ: ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚАТЕЛІКТЕР МЕН КӨҢІЛГЕ ТҮЙГЕН ЖАЙТТАР
Чикагоға көшкен кезінде Барак Обама колледжді бір жыл бұрын ғана бітірген жас жігіт еді. Чикагода оның не танысы, не туысы болмаған. Қаражат жағынан да қатты қиналса керек. Бірақ, сондағы шіркеу басшылары оған қоғамдық ұйымдастырушы қызметін ұсынған. Кезінде өндірістік орталық болған Чикаго бір кездері қызмет көрсетуге негізделген экономикасы бар қалаға да айналған. Кейіннен онда үлкен өрт болып, екі су қоймасынан басқа ғимараттар тегіс қирап қалған.
1985 жылы Чикагоның атышулы Оңтүстік бөлігіндегі қоғамдық ұйымдастырушы Геральд Кельман жас жігітті жұмысқа алмақ болады. Алдын ала кездесіп, әңгіме-дүкен құрған уақытта өзі оқуды жаңа бітірген үміткер «жаңа нәрсе үйретесіз бе?» деп, Кельманның өзіне қатал талап қойған көрінеді. «Мені қалай үйретесіз? Мен нақты не үйренем? Қандай пайдасы тиеді?» деп әбден састырса керек. Бұл, әрине, Кельманға ұнағаны сөзсіз.
Осылайша, 2000 долларға ескі көлік сатып алған Обама 3 жыл бойы қоғамдық жұмыспен айналысады. Жанын салып жұмыс істейді. Қарапайым халықтың ұйымдастырушысы болып, шіркеуге жиылатын жұрттың басын біріктіру ісіне қызу араласып кетеді. Жағдайы нашар адамдардың мүддесін қорғай жүріп, заңдық жүйені жетілдіріп, саяси жүйені өзгерту керектігін түсінеді. Ол сәттерді Обама: «Сол ауданда өсіп, өмірімдегі ең жақсы білімді сол жерден алдым. Дәл сол жерде өзімнің христиандық сенімімнің мәнін түсіндім», - деп сипаттайды.
Расында да, сол кезде Обама көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Оңтүстік ауданның тұрғындарына жаңа экономикалық даму, өндіріс саласында білім алу, қоршаған ортаны қорғау туралы ой-пікірлерін ортаға салуға мүмкіндік беріледі. Алайда, ұйымдастырушы ретінде Барактың алдына қойған мақсаты мен міндеті анық еді. Ол қарапайым халықтың саяси және экономикалық мүмкіндіктерін барынша пайдалануына жол ашатын жергілікті стратегияларды қайта дайындауға талпыныс жасайды. Халықты да соған ынталандырады.
Үш жылға созылған бұл жұмыстан кейін Обама шашырап қалған елдімекендердің жағдайын жақсарту үшін анағұрлым жоғарғы деңгейде заң шығарып, саяси жұмыс жасау керек деп шешеді. Осыны арқау еткен ол Гарвард университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1988 жылы Гарвард университетіне түскен Обама екі жылдан кейін Гарвард заңгерлері клубының алғашқы президенті болып тағайындалады. Бұл беделді лауазымды қара нәсілді студенттің иеленуі 104 жыл ішінде алғаш рет болған оқиға еді. Ол туралы «Нью Йорк Таймс» та 1990 жылғы 6 ақпандағы санында жазады. Азаматтық құқық бойынша маманданған Обама қосымша конституциялық құқықтан сабақ береді.
Елдегі ең беделді университеттің студенттер арасындағы ең жоғары лауазымына ие болған 28 жасар Обама тағайындау рәсімі өткен сәтте: «Менің бүгін сайланғаным үлкен прогрестің белгісі. Бұл жайт мені қанаттандырады», - дейді. «Менің мұндай атаққа жетуім қара нәсілділердің жағдайы жақсы дегенді білдірмейді. Мендей дарынды жүздеген, тіпті мыңдаған қара нәсілділердің мүмкіндіктері де жоқ. Соны естен шығармау керек», - дейді Обама мінбеде тұрып.
«Harvard Law Review» басылымын студенттер дайындайды. Ол студенттерге өз зерттеу жұмыстары мен баяндамаларын тереңдете түсуге, жазу қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ал қызметтегі соттар мен мамандар үшін жаңа дәйектер қалыптастырудың тамаша жолы. «Гарвард Ло Ревью» басылымы ең көп қолданылатын және сілтеме жасалынатын басылым. Обама өз міндеттерін сипаттай отырып, басылымға жаңа жазушыларды тартып, оны анағұрлым жанды дүниелер жазылатын «пікірталас форумына» айналдыруды да көздеген екен. Сөйтіп жүріп ол Билл Клинтон сияқты демократтарға сайлауда қолдау көрсету үшін Чикагодағы сайлаушыларды тіркеу жүмысына араласып кетеді.
1991 жылы оқуды үздік бітіріп (magna cum laude), құқық ғылымдарының докторы дәрежесін иеленеді. Содан Чикагоға оралады да, заңдық тәжірибемен айналысады. Әртүрлі себептермен дискриминацияға ұшыраған халықты қорғау ісіне атсалысады. Демократиялық партия штабында да қосымша жұмыс атқарып жүреді. 2004 жылға дейін Чикаго университетінің заң факультетінде қосымша дәріс береді.
Ол үш пән бойынша дәріс оқиды. Оның ішіндегі ең ерекшелері - нәсілділік пен заң, тарихи-саяси семинар және заң. Обама сол жерде қоғамдық жерде сөйлеу қабілетін ашып, өз стилін шыңдайды. Ұлы теорияларға абай болып, заң саласындағы тарихта орын алған кезеңдерге мән беріп, соны нәтижеге жетуде пайдаланған десек, қателеспейміз.
Кейіннен ол «Минер, Барнхилл және Галанд» атты заң фирмасында жұмыс істейді. Сол кездері Солтүстікамерикандық еркін сауда аймағына (North Atlantic Free Trade Agreement) қарсы шығып, нәсілдік дискриминациямен ашық күресіп, жалпыға бірдей денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуін қолдайды.
«Гарвард Ло» (Harvard Law) басылымына жиі мақала жолдайтын Майкл МакКоннел (Michael W. McConnell) консервативті маман еді. Ол өзінің жазғандарын Обаманың түзегеніне таңқалады. Сөйтіп, оны заң мектебіндегі қауымдастыққа шақырады. Кеңседен орын алып, компьютерге ие болған Обама «Әкемнің армандары» атты кітабын сол кезде жаза бастайды.
1992 жылы Обама жас басшылардың қабілеттерін күшейту бойынша құрылған коммерциялық емес ұйымды ұйымдастырушылардың қатарынан табылады. 1993-2004 жылдары Адвокаттық кеңседе жұмыс істеп жүріп, қайырымдылық шараларымен де айналысады. 2002 жылға дейін, «заң қызметкері» деген лицензиясының мерзімі біткенше жұмыс атқарады.
Обама дінге Гарвардқа бармай тұрып-ақ ерекше мән бере бастаған. Оның көп айтатын уағыздарының бірі - Үміттену үшін батылдық керек. Бүгінде Құрама Штаттардың билігін қолына алған Обаманың екінші кітабы дәл осылай аталады да.
Есейгеннен кейін де Обама Чикагоның Линкольн Парк немесе Солтүстік Шор (North Shore) сияқты өмір сүруге жайлы жерлерінде емес, қара нәсілділер ең көп шоғырланған Оңтүстік жағында тұруды қалайды. Сөйтіп 1992 жылы африкан-американдық қызбен тұрмыс құрып, айналасына сенімді жан достарын жинайды. Олардың қатарында Валерий Джаррет (Valerie Jarett), Марти Несбит (Marty Nesbitt), Джон Роджерс, (John Rogers) және басқалары бар. Бұлардың бәрі атышулы «Оңтүстік жақтың» (South side) жігіттері еді. Сол достарының көпшілігі 2008 жылы, сайлау науқаны қызбай тұрғанда жер-жерді аралап, афро-американдық көшбасшыларды Обаманың «нағыз қара нәсілді» екеніне иландырумен жүреді. Сондағы айтқан дәйектері: «Президент болуға үміткер Барак елдегі қара және ақ нәсілділердің басын біріктіріп, біртұтас халықты баянды болашаққа жетелей алады».
Сексенінші жылдардың басында қоғамдық белсенділік танытып жүрген жас Обама Чикагоның оңтүстігіндегі қоғамдық ұйым мүшелерінің басын қосып, тренинг өткізбек болады. Ол жастарға басынан өткен оқиғалары мен алдынан шыққан қиындықтарды жеңуді, лауазымды тұлғалардың назарын аударту жолдарын үйретуге талпынады. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін Чикагоның шетінде Мичеганның Лансинг қаласына апаратын тас жолдың бойындағы қонақүйдің конференц-залын жалдапты. Алыс жерге баруды онша қаламаған белсенділер айдалаға апарғанының себебін түсінбей аң-таң болыпты. Ақша жағынан да бұл сапар арзанға түспеген. Сонда жиналғандар Обамадан неліктен дәл сол жерді таңдағанын сұрапты. Обама болса: «Сіздердің алаңдамай жұмыс істегендерінізді қаладым. Қала орталығына немесе басқа ыңғайлы жерге барсақ, сауда-саттық жасауға, ресторан аралап кетуге асығып, кейбіреулеріңіз кетіп те қалар едіңіздер. Ал мен сіздердің бір-ақ нәрсені көздеп, бір-ақ нәрсеге көңіл бөлгендеріңіз дұрыс деп шештім», - деген екен. Сол кездің өзінде қоғамдық жұмыс белсенділері Обаманы ерекше сыйлап, оның айтқанын істеуге тыңдауға тырысқан сынды. Бәрінің көңілінен шықпаса да, көбісі жас болса да бас Обамаға сенім артып, баласындай көрген. Барактың жетістікке жетуіне тілекші болған.
Мемлекеттік қызметке өз адалдығын танытып, 1996 жылы Обама Чикаго Сенатының Иллинойс штаты бойынша депутаттық орынды иеленді. Бұл оның бұрынғы қоғамдық ұйымдардың ұйымдастырушысы ретіндегі жұмысының қисынды жалғасы болды.
Алмат Ердәулетұлы,
АҚШ, Нью-Йорк
(Жалғасы бар.)
«Алқа» журналы, №3, 2010.