МҰХТАР МАҒАУИН. ҰЛТСЫЗДАНУ ҰРАНЫ (ЖАЛҒАСЫ)
Ілгеріде «Алтын Орда» апталығы мен «Жұлдыз» журналында жария көрген қазақ әдебиетінің бүгінгі классигі, қаламгер Мұхтар Мағуиннің (суретте) әйгілі «Ұлтсыздану ұраны» атты публицистикалық зарлы толғауын www.abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына қайыра ұсынып отырмыз. Түпнұсқа «Қазақ альманағынан»
(№01 (5) 2010 жыл қаңтар-ақпан) алынды.
Абай-ақпарат.
Ұлттық рухтың ұстын-тірегі һәм жаршылары
Ұлттық рухтың ұстын-тірегі, қайнар көзі және күш-қуаты - сол халықтың өзі. Ал сыртқы көрінісі - жоғарғы билік. Арғы, көне тарихты айтпағанда, бергі қазақтағы Қасым хан, Тәуекел хан, Есім хан, Салқам Жәңгір, Абылай хандар - дара туған тұлғалар ғана емес, өз тұсындағы қазақ халқының ұлттық рухының айқын көріністері болатын. Яғни, халқы қандай болса, хандары да сондай еді. Және керісінше. Елін сүйген, жерін сүйген, ақылға кеніш, ерлікке кемел тұлғалар өз жұртын да жаңа биікке көтерді. Ұлысының іргесін нығайтты, сыртқы жаулардың бетін қайырып, ұрпағының өрісін кеңейтті. Бар ісі ұлтының игілігіне жұмсалды. Және өшпес үлгі тастады. Ең жоғарғы билік. Әлбетте, өз билігі өзінде тұрған тәуелсіз елде ғана мүмкін болған жағдай. Бір қазақта емес, бүкіл әлем халықтарының тарихында.
Ілгеріде «Алтын Орда» апталығы мен «Жұлдыз» журналында жария көрген қазақ әдебиетінің бүгінгі классигі, қаламгер Мұхтар Мағуиннің (суретте) әйгілі «Ұлтсыздану ұраны» атты публицистикалық зарлы толғауын www.abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына қайыра ұсынып отырмыз. Түпнұсқа «Қазақ альманағынан»
(№01 (5) 2010 жыл қаңтар-ақпан) алынды.
Абай-ақпарат.
Ұлттық рухтың ұстын-тірегі һәм жаршылары
Ұлттық рухтың ұстын-тірегі, қайнар көзі және күш-қуаты - сол халықтың өзі. Ал сыртқы көрінісі - жоғарғы билік. Арғы, көне тарихты айтпағанда, бергі қазақтағы Қасым хан, Тәуекел хан, Есім хан, Салқам Жәңгір, Абылай хандар - дара туған тұлғалар ғана емес, өз тұсындағы қазақ халқының ұлттық рухының айқын көріністері болатын. Яғни, халқы қандай болса, хандары да сондай еді. Және керісінше. Елін сүйген, жерін сүйген, ақылға кеніш, ерлікке кемел тұлғалар өз жұртын да жаңа биікке көтерді. Ұлысының іргесін нығайтты, сыртқы жаулардың бетін қайырып, ұрпағының өрісін кеңейтті. Бар ісі ұлтының игілігіне жұмсалды. Және өшпес үлгі тастады. Ең жоғарғы билік. Әлбетте, өз билігі өзінде тұрған тәуелсіз елде ғана мүмкін болған жағдай. Бір қазақта емес, бүкіл әлем халықтарының тарихында.
Қазақ Ордасы ыдырады. Кейбір ұлыста хан, барлық руда би қалды. Бірақ елдің ұлттық тұтастығы, рухани бірлігі жойылмады. Ел ішінде, белгілі бір аймақта бар өкім өзіне көшкен жаңа әміршілердің барлығы дерлік ата жолын ұстанды, қарауындағы халқына қадырынша жақсылық жасауға, ұлысын, руын қатерлі өткелден аман алып шығуға, басындағы барын сақтауға тырысты, жаңа жағдайда жаңа саясатқа жетікті. Басқа бір заманда туса, ұлтының ұлы тұлғасы болуға лайық Арынғазы хан, өкімге жетер-жетпес жағдайда артына жақсы атын қалдырған Ғұбайдолла хан, тіпті, Ресей патшалығы тарапынан сайланып, бекітілген Жәңгір ханның өзі замана орайымен, қадырынша, туған жұртына қызмет етті. Олардан арғы-бергі кезеңде жасаған, тумысымен емес, болмысымен ортасынан озып, жекелеген ру-тайпалардың билігін ұстап қалған Байғара, Торайғыр, Шоң, Кеңгірбай, Жолай билер, ақыр соңы аға сұлтан Құнанбай - ең алдымен қарауындағы жұртының, келешек ұрпағының қамын ойлаған болатын.
Міне, осы ордалы жұрт мүддесі, ұрпақ болашағы Кенесары ханды көтерді. Кіріптар халге түсе бастаған ұлтымыздың азаттық жолындағы ең соңғы болмаса да, ең зор бұлқынысы ерлік пен елдіктің өзгеше үлгісі ретінде тарихта қалды. Бүгінгі тоғышар көзқарас тұрғысынан қарасақ, Кенесарыға не жетпейтін еді? Жаны да тыныш, малы да түгел, патша өкіметі алдында да үлкен құрметке жетіп, қартайғанша дәурен сүрер еді. Бірақ тыныш жата алмады. Ажалына қарсы шапты. Жалғыз Кенесары емес, намыстан жаралған қаншама батыр, қаншама сұлтан, мың сан бұқара жұрт. Ақыры, түгелге жуық, бәрінің де басы жойылды. Орталық Азиядағы көшпенді ең соңғы мемлекет - Қазақ Ордасы біржола құлады.
Бірақ ақыр соңы бұл емес еді. Қара ормандай қалың қазақ өз орнында отырған. Билігінен айрылса да білігінен айрылмаған. Ұлысы құласа да ұлттық санасынан арылмаған. Бұдан былай, елдің рухани тізгіні көркем сөз билігіне көшеді. Ежелгі мұра - елдің елдігін ұмыттырмайды. Жаңа әдебиет - халықтың бүгінгі ахуалын әйгілейді. Түптеп келгенде, Бұхар жырау, Махамбеттен басталған отаршылдыққа қарсы ұраны, азаттық жыры, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әубәкір әйгілеген бодандық ахуал, Абай айғақтаған жаңару, жаңғыру идеясы - ұлттың тұтастығын сақтаған, оның рухына нәр беріп, көкірек көзін ашқан өміршең әрі айрықша қуатты құбылыс болды. Ел есін жиып, отарлық кептегі қысылтаяң ахуалына орай, жарыққа жол табудың жаңа бір тәсілдерін ойластыра бастады. Ақыры қазақтың ежелгі даналығы үстіне, Еуропаның озық білімін ғана емес, өзгеше саясатын да игерген жаңа бір топ - Алаш қайраткерлері қалыптасты. Кенесары ханның өлімінен соң арада 60 жыл өтпей, ұлттық тәуелсіздік мәселесі тағы да бірінші орынға қойылды. Бірақ осы, ағартушылық ұраны, саяси күреске толы төңкеріс жылдарының өзінде ұлттық рухтың ең ауыр әрі абыройлы жүгін көтерген - көркем әдебиет екен. Ахаң, Жахаң, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсіпбек...
Көп ұзамай Алаштың тамырына балта шабылды. Ұлтшыл, күрескер әдебиеті өзімен бірге кетті. Ағартушылық әдебиет қана қалды...
Ағартушы ғана емес, қарайтушы. Коммунист-большевиктік идеяның насихатшысы, отаршылдық тәртіптің жаршысы. Бірақ тұсау, тізгін дейсіз, тыпыр еткізбес бұғауға түскен сол әдебиеттің өзі сәулесіз емес-ті. Мұхтар Әуезовтің жазушылық және ұстаздық қызметі, Ғабит Мүсіреповтың жекелеген шығармалары, Қалижан Бекхожиннің тарихи поэмалары мен толғаулары, Қасым Аманжоловтың азаматтық лирикасы... Тарих ғылымында Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Салық Зиманов еңбектері, әдебиеттану саласында Қажым Жұмалиевтің ежелгі эпос, Дулат, Махамбет туралы зерттеулері, Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиетінің түп-тамыры туралы бағдарламасы...
Мұның бәрі - кездейсоқ жағдай емес. Отарлық қысым, ресми идеология өктемдігіне қарамастан, халық өзінің қасиетін тануға ұмтылған. Тіпті, социалистік құрылысқа, орыстардың Отан соғысына арналған шығармалардың біразы қазақтың қайратын, қазақтың ерлігін дәріптеп, турасын айтқанда, елдің еңсесін көтеруге қызмет етіпті. Кейде ойлаймын, шығармашылыққа толық ерік берілсе, Мұхаң бұдан да зор биікке көтерілер еді, Ғабекең мүлде басқаша жазып, бар арманын тауысар еді, ал Қасым, Қалижан ағаларымыз қазақ поэзиясын қандай асқарға шығарар еді деп. Еркіндік берілсе...
60-жылдардың орта шенінде әдебиетке оқыған-тоқыған, дарыны мол, кеудесі биік жаңа ұрпақ келді. Жоғарыдан кеңшілік күтпей-ақ, өткен дәуірді, бүгінгі болмысты әйгілейтін астары мол, шеберлігі де кемел шығармалар жаза бастады, бұл - соңғы қырық жылда өлмесе де мүлгіп жатқан, қуат-күшінен айырылған ұлттық рухтың қайта тірілуі болатын. Жаңа толқынның ықпал-әсерімен, осыған дейін бұйығып, бұғып келген алдыңғы ағалардың кейбірі қайтадан қайратқа мінді. Өздерінің өмірлік тәжірибесін, атақ-мансабын осы жолға бағыштады.Өткен тарих пен замани тақырыптар, жинақтап келгенде, ұлттық мұрат тың арнаға түсіп, ғасырдың 70-80-жылдарында қазақ әдебиеті сан жағынан да бұрын болмаған дәрежеде өсіп-өркендеді. Бұл дәуірде дүниеге таңдаулы шығармалардың ең озық сипаты - әрқилы тәсілмен көрініс тапқан ұлтшылдық ұран болатын.
Заман ептеп алға жылжи берді. Қазақ әдебиеті үшін айрықша жемісті болған жылдар - 80-жылдар аяқталды. Енді, бүгінгі, жаңа заман өрінен қайрыла қарап, ойға салсақ, шынында да, сол ширек ғасырлық өнімді кезеңде рухани өмірге тың тыныс әкелген қаламгерлердің кейбірі бақилық болыпты, басым көпшілігі қажымаса да, өзінің қайратты жасынан өтіп кеткен. Кейбір ірі тұлғалар бар жазарын түгеспесе де, ала қағаздан алыстаған, қаламнан қол үзбегендердің өзі - өткен заман перзенті, жазуы да, ой-толғамы да көшкен күнде қалған. Бұрынғы орта буын, бүгінгі алпыстың үстіне шыққан абыройлы ақсақалдар қарасыны азаймағанмен, жазармандар қауымының негізгі құрамы жаңармағанмен, онжылдықтың соңында әдеби-рухани орта мүлде басқаша кейіпке түскен екен. Алдыңғы ағалардың өкшесін басып келе жатқан кейінгі толқын дарынсыз емес, алайда дүниеге көзқарасы - басқаша. Теріс демейік, бірақ әсіреден, романтикадан алыс, қатқыл әрі нақты. Тіршілікке өте пайдалы, ал өнерде үнемі ұтысқа бастай бермейтін мінез. Бұларға да тәуба. Кейінгілер... тіпті көп еді. Молшылыққа жетпесе де, таршылықты көрмеген, еркіндікте өспесе де, қытмырға түспеген, өмірдегі ғана емес, өнердегі жолы да алдыңғы толқыннан әлдеқайда жеңіл болған, біздің байыбымызша, әдебиеттің көсегесін көгертер, қазақ сөзіне тың тыныс әкелер серпімді күш болуға тиіс-ті. Шынында да, жекелеген серіктері бар, бірақ тұтастай алғанда, бәрі керісінше шықты.
Өнерде қашанда бар түйінді жеке тұлғалар шешеді. Көп ит емес, көк ит жеңеді. Яғни, шығарманың саны емес, сапасы. Жазарманның жалпақ есебі емес,жеке тұлғасы. Көпке белгілі, әдепкі ақиқат.
Бірақ орталық кептегі елдің рухани өмірінің өзіндік ерекшелігі мол. Пайдалы, пайдасыз емес, қажетті, қажетсіз деп айту да қиын, тіршілік ауқымынан туындаған, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жағдай. Соның бізге қатысты бір тармағы - қаламгер қауымының бірлескен ұжымы. Советтік идеология белгілі бір ниетпен құрған және белгілі бір мақсатта кәдесіне жаратып отырған. Әйткенмен, тұтастай алғанда, зиянды емес, игілікті ұйым болатын. Бұл Жазушылар одағы біздің қазақ жағдайында ұлттың рухани ұйытқысы, ұлттық бейресми саяси партия қызметін атқарды дер едім. Қазақ сөз өнері үшін құтты, берекелі ұя болды. Алайда, бұл ұйым соңғы, дағдарыс жылындарында көлденеңнен қаншама жадағай жазарман қосылып, қампиып өсіп, өзінің шығармашылық тұтастығынан айрыла бастаған. Сөз, пікір еркіндігі емес, пәтауасыз дауға бейім, ешкімді ешкім тыңдамайтын, ешкімді ешкім мойындамайтын өзгеше құрылымға айналған. Көптің аты - көп. Қайда бұрам десе де қолынан келеді. Сөйтіп ұлт мүддесі емес, өнер мұраты емес, тіршілік қамы мен жеке бастың мерейі бірінші орынға шықты.
Міне, осындай, іштен іріген сұрықсыз жағдайда, біздің таза көңіл, адал ниет жұртымыз, бұрынғы бір дақпыртымен, халықтың рухани ұйытқысы, ар-намысының жоқшысы деп білетін Жазушылар қауымы қазақ тарихындағы, Ресей, бүкіл әлем тарихындағы бетбұрыс кезең - алмағайып 90-жылға жетті. Совет мемлекеті де, коммунистік партия да өз орнында. Бірақ дүние асты үстіне түсуге тақап, құбылып тұрған заман. Үлкен дауыл лебі бар. Тыныштық жоқ. Бар тарапта. Тек бізде ғана... берекелі, бейбіт жағдай. Жазармандар қауымы да мамыражай қалыпта.Тамақ тоқ, көйлек көк. Піскен көкірек, қуыс кеуде. Тоқ, көк, піскен әрі қуыс болатыны - бұл кезде, бұған дейін ерекше құрметте болды. Сөз иелері өздерінен де үлкен ие - асыраушы, бағыттаушы, бағдарлаушы, жинақтап келгенде, құлданушы совет өкіметі мен коммунистік партияға керек еді. Олардың ең негізгі міндеті - бүгінгі социалистік құрылысты мадақтау, ертеңгі коммунистік қоғамды насихаттау, жаманды жасырып, жақсыны асырып, жоқты бар деп, қисайғанды түзік, қалықты озық етіп көрсету, қайыршы тұрмысты байлық ретінде бейнелеп, қапас өмірді азаттық кейпінде әйгілеу, марксизм-ленинизм іліміне табындыру, өкімет пен партияны тынымсыз мадақтап, кезекті көсемдерге қысқа күнде қырық мәрте тағзым ету болатын.
Рухани қызмет саласындағы сан мың қауымға осыншама парыз жүктеген және бұл міндетті мүлтіксіз жүзеге асырып отырған совет өкіметі мен коммунистік партия 1991 жылы, Мәскеудегі Август бүлігінен соң бір-ақ күнде жоқ болып шықты. Баяғы қазақ колхозындағы, мойны бекір-бекіместен мұрны тесіліп, соқаға жегіліп үйренген,басқа тірлікті білмейтін егіз жануар түрен тартылмаған жерде өз бетімен түзу жүре алмайды екен. Көз ашқаннан партиялық бағдарға үйренген біздің қаламгерлер қауымы да сол сияқты, ағаш емес, темір мойынтұрықтан босаған сәтте қайда барарын білмей, мәңгіріп тұрды да қалды. Жүйкесі беріктері ғана аз-аздап ес жия бастады, жан-жағына қаранды. Сөйтсе... Балтық бойы баяғыда кетіп қалған, басқа жұрт та, ең аяғы таудағы қырғыз бен құмдағы түрікпенге дейін тәуелсіздік жариялап үлгерген, жұрт иесі Ресейдің өзі жекеленеміз деп жатыр, ал Қазақстан басшылары арам қатқан совет өкіметін қайта тірілту жолында ақ тер, көк тер болып жүр, құлап қалған СССР енді Қазақстан шегінде жаңадан құрылмақ сыңайы бар. Дәл осы кезде Жазушылар одағының құрылтайы бола қалсын. Үш күн бойы айғай-ұйғай, ырың-жырың, талас-тартыс, қызу сөздер. Ел тағдыры туралы дерсіз. Жоқ. Жұрт болашағы туралы дерсіз. Жоқ. Басқа халықтар алып жатқан тәуелсіздік қазаққа да қажет ұлттық мүдде дегендер түске кірмейді. Әдебиет тағдыры тұрыпты ғой, бұл кезде кітап шығару ісі тоқтауға жақын, қаламгер қауымның тұрмыс жағдайы тарыла бастаған, тым құрыса таңғы тамақ, ертеңгі күнкөріс төңірегінде сөз болса ғой. Мұның бәрі ұмытылды. Сонда үш күнгі қызылшеке дау қайдан шықты? Жазушылар одағының бұрынғы, кеудесі көтеріңкі басшысын кетіріп, жалпы жұртқа жағымды жаңа басшы сайлау керек екен. Мұхит айдынында дауылға түскен жалғыз кеме бар желкенінен айрылған, түбі тесілген. Жартылай суға толған, енді бірер сәтте құрдымға батады, міне, дәл осы кезде кеме командасы жаңа капитан сайлау турасында қырқысып жатады. Мұндай қауымның қандай да қатал жазаға лайық екені әркімге аян болса керек. Халық тағдыры үшін шешуші кезеңде өздерінің ұлт алдындағы міндет-парызын ұмытқан, елге жөн-жоба нұсқау, ұрпаққа үлгі көрсету қайда, жеке басының ертеңгі тірлігін ойламаған, қырық күншілік шөлге шыққалы тұрып, жолға жарым торсық су ала кетуге түйсігі жетпеген кісіні кім аяйды, кім құрметтейді?
1991 жылы күзде өткен Қазақстан жазушылар құрылтайы қалмгерлер қауымының қадірін түсірген тарихи оқиға болды. Сенген қойының қалай күйсейтінін бүкіл ел көрді, қорқып жүрген құбыжығың бос кеуек екенін үкімет көрді. Бірақ уақыт ауқымын аңдамаған біздің жазармандар ештеңе де көрген жоқ, өтіп кеткен замандағы бұлдыр сағым ішінде жүре берді. Бұл екі ортада совет үкіметі құлаған, компартия тараған, енді қімге жағыну керек, кімді мадақтау керек?! Бар назар ел басшысына ауды. Әлбетте, елбасы - мемлекеттегі басты тұлға. Алмағайып кезеңде жұрт тұтқасын ұстап отыр. Қолдау керек. Қостау керек. Бірақ біздің жазармандар қауымы салқын қанмен бағалап, сабырмен сөйлеуге үйренбеген. Бір заманда «Сталинге тең таппай қиналған» қауымның бар ықыласы енді Назарбаевқа ауды. Көреген дедік, білгір дедік, дана дедік. Алаша ханға теңедік, Абылай ханға жеткіздік. Өзіміз ғана айтқамыз жоқ, бүкіл қазақ жұртын хорға жетеледік. Республикалық баспасөз бетінде ауылдағы ақкөңіл ағайын атынан: ел болып отыруымызда осы кісінің арқасы, ту көтеруімізде осы кісінің арқасы, ол болмаса кім болар едік деген сарындағы хат-хабарлар жариялана бастады. Көп ұзамай кешегі мадақтың өзі жайына қалды. Қазақтардың бүкіл әлемдік құрылтайы кезінде. Мерекелік ойын-той үстінде, шартараптан жиналған мың сан адамның алдында мемлекеттік үлкен қызметтегі бір әдебиетші: «Абылайға теңеп жүрсіңдер, менің Нұрекемнің қасында Абылай хан деген кім еді?!» - деп салды. Сөйтсек, Абылай ханды Америка жұртшылығы танымапты, Абылай хан самолетке мініп, алыстағы елдерге бара алмапты... Масқара болды, ұят болды, ақылы жоқ екен десті біздің жазармандар жерге түкіріп. Елге ұят келтірген, ел басшының атақ-абыройына көлеңке түсірген басқа емес, өздері екенін ешкім ойламады. Республика президентін өздері белгілеп қойған, ақылға сыйымды санаған деңгейде одан ары мадақтай берді.
Бұл екі ортада, күн озған сайын, осы бір, дирижерсіз хор капелласының тұрмыс-ахуалы ауырлай түскен. Кітап шығару ісі біржола тоқталды, қаламақы атымен жоқ. Бұл кезде жалпы жағдай қиындай бастаған, соның ішінде еңбекақысы құнсызданған қала халқы алдымен тарықты, қала халқының ішінде бұрын молшылыққа үйренген, енді мүлде тақырға отырған жазармандар мүлде қайыршылық жағдайда қалды. Көп ұзамай-ақ барлық тарапта бүкіл Қазақстан жұртын үлкен қиындықтар күтіп тұрғаны айқындалған. 1992, тәуелсіздіктің алғашқы жылы. Күз еді.
Жазушылар одағында дабұр-дұбыр көбейе түсті. Обалы не керек, елдің болашағына алаңдау, тәуелсіздікті бекемдеу, халықтың тұрмыс-тіршілігі төңірегінде. Әлбетте, әдеби ахуал турасында да әңгіме көп. Одақта бас көтерер үлкендер жиналысып, толғақты мәселелер бойынша кеңесуге республика президентінің алдына сұранды. Елбасы мақұл көріпті. Соған орай, ақсақалы, қарсақалы бар, жиырма кісіден тұратын бейресми делегация жасақталды. Кеңесіміз құрғақ болмас үшін, бар аманатты осы қағаз негізінде ауызша жеткізіп айту - тілге шебер, сөзге жетік батагөй ақсақал - құрметті акдемик-жазушыға жүктелді. Қалған әңгімені Жазушылар одағының басшысы толықтыруға тиіс болды. Жамырамай, сөз тосып, әуелі осы екі кісіні алға салуға пәтуаластық.
Республика президенті, шынын айту керек, ықыласпен қабылдады, арнайы сөз сөйледі, еркін әңгімеге жол ашты. Бірақ жазушылар одағындағы біздің әуелгі бәтуа жайына қалды, Ақ Ордада алға түскен, төрге шыққан (бүгінде бәрі бақилық) ақсақалдар ел тағдыры, әдебиет ахуалы туралы әңгімені ұмытты, кезекпе-кезек, ұзақ-ұзақ сөйлеп, кейбірі екі-үш қайтара кеңеске кірісіп, президенттің бар ықыласын басқа тарапқа аударып әкетті; ұлт тағдыры, өнер болашағы туралы айтудың орнына төр иесін көтере мақтап, өздерінің мұқтаждарын тықпалап, тежеусіз гәпірген үлкендерге тоқтау салу мүмкін болмады, қаламгерлер қауымының бар аманатын арқалаған Жазушылар одағының басшысы мен құрметті теоретик академигіміз тартыншақтай берді, арада сыналап сөйлеген жігіттердің үзік-үзік ойлары мәртебелі сұхбат әуенімен үйлеспеді, ақыры, үш сағатқа жуық ұзақ кеңесте көкейкесті мәселелер көтерілмей, бәрімізде жақсы болып, аман-есен тарадық. Әлбетте, мұндай жаппай жағынған жиналыстан соң президентіміздің жазарман қауымға деген құрмет-көзқарасы бұрынғыдан да төмендегені сөзсіз.
Ақсақалдардың мамыражай әңгімесін бұза алмаған, ең бастысы, президенттің пысы басқан қарасақалдар қайтадан бұлқынып, ел басшысының алдына екінші мәрте сұранды. Арада көп ұзамай, бұл аз ғана қауымды вице-премьер қабылдады. Тағы да әлдеқайдан пайда бола кеткен, төрге шыққан үлкендер алға түсіп, майпаңдай бастап еді, қаны қарайған қарасақалдардың бірі дауыс көтеріп тежеу салды, содан соң жеке адамға емес, бүкіл ұлт мәдениетінің тағдырына қатысты ауыр әңгіме өтті. Қатты-қатты сөздер айтылды, тіпті, тете-премьердің жеке басына қаншама айып тағылды. Тете-премьер - оқыған, әдебиетке, ғылымға қатысы бар адам еді, бәрін де (өзі атап айтқандай, мына біздің: «Елді есінен айыру, санасыз жетелеу, ойға алған күмәнді істеріңді тоқтаусыз жүзеге асыру үшін, ең алдымен ұлттың зиялыларын шетке қағып, әдейі осындай тұрмыс таршылығы мен рухани қыспақта қалдырып отырсаңдар!» - деген сөзімізден басқасын) көтерді, осы уақытқа дейін білмей келіппіз деді, ойланамыз, ақылдасамыз, шешеміз деді, ең бастысы - осы болған әңгімені сол қалпында ел басшысының құлағына жеткіземін, бәрін жазып алдық деді, жазып алғандары рас, жетті-жетпеді - кім білсін, биік мәртебелі екі кездесуді әділдік үшін еске алып отырмыз.
Сірә, басқасы болмаса да, жазарман қауымның тұрмыс таршылығы туралы лепес жеріне жетті. Тағы да әділдік үшін айтайық, президент көп ұзамай қаламгерлердің үлкен бір тобына, оған жалғас, өнер қайраткерлеріне де, арнайы степендиялар тағайындады. Әлде он, әлде он екі жыл, күні бүгінге дейін үзілмей беріліп келеді. Сұрағаныңыз сол, бұдан артық не істеу керек еді? Елдің экономикалық жағдайы түзеле бастағаннан бері кітап шығару ісі де жолға қойылды. Анығын айтсақ совет заманындағыдан жеңілірек. Әрі тексеру, тежеусіз. Тек қаламақы мәселесі ғана көңілден шықпай жатыр. Уақыт оза келе олда оңалар. Оңалмайтын, астапыралла, оңалуы қиын бір ғана мәселе бар. Ол - сол әдебиеттің, яғни бүкіл халықтың ұлттық рухы. Иә, өзара дау-дамай, айқай астында дүрілдесіп, асса, күнделікті күнкөріс төңірегінде ғана даурығып жүріп, біздің жазармандар қауымы ұлттық рух мәселесін мүлде естен шығарып алыпты. Немесе әуел бастан-ақ кіресілі-шығасылы есте болған. Енді мүлде қажетсіз санаған. Өйткені...
Өйткені, дәл осы ретте, баяғыдай, үкімет пен партиядан, яғни, жоғарыдан «Ұлтыңның рухын көтер!» деген пәрменді әрі нақты жарлық түспеген.
Әлбетте, ұлттық рухтың негізгі ұстын-тірегі - билік дедік. Бұл билік халыққа тәуелді (болуға керек). Алхалықтың қандай ауан, ниет-пейілде болмағы - жаршыларына байланысты. Бұл жаршының жазарман болуы шарт емес. Өнер атаулының барлығы да ұлттық рухтың көрінісі. Жалынды сөзден гөрі сырлы ән мен күйдің әсері артығырақ шығуы мүмкін. Расында да ұлттық сана, ұлттық танымның нәр алатын бұлағы - сол халықтың ғасырлар бойы туғызған барлық қазына байлығы: өнер, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, дін... Бірақ соның бәрін насихаттайтын, халықтың, әсіресе, жас ұрпақтың көкейіне сіңіретін... тағы да әрқилы сипаттағы жаршылар: - әдебиет, мәдениет қайраткерлері, кітап және дамыған елдерде «төртінші билік» аталатын бұхаралық ақпарат құралдары - БАҚ. Яғни, қайткенде де жазушы болар, журналист болар жазарман қауымының мойнына ең үлкен салмақ артылады. Жауапкершеліктің үлкені де соларда. Біздің рухқа қатысты әңгімеміздің осы төңіректе өрбуі де заңды болса керек. Бір ескертпе - қазіргі қазақ жағдайында, анау - ақын, жазушы, мынау - журналист деп жіктеп ажыратудың өзі қиын. Таза қаламгерлік қызметпен отырған жазушылар бар. Жазушылар одағының мүшесі бола тұра, таза журналистикада жүрген жігіттер аз емес. Бір салада басым, екінші жақта кемшін, бірақ қайткенде де аралас жағдайдағы жастар тіпті көп. Егер адалын айтсақ, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі, экономикалық дағдарыс, тұрмыс таршылығы жылдарында ұлттық идеяны насихаттауда, заманның шынайы суретін жасауда, уақыттың көкейкесті мәселелерін көтеруде жазушылар қауымы марғаулық танытты да, барлық жүкті журналист ағайындар атқарды. Бірақ уақыт оза келе олар да билік ыңғайындағы күнкөріс қамына көбірек ойысты. Әрине, бәрі бірдей емес. Көбі. Ал ақын, жазушылар қауымы түгелге жуық... ұлттық мұрат жолындағы игілік атаулыдан айныды дер едім.
Енді қазақ еліндегі жаппай бойкүйездік нәтижесінде қалыптасқан ұлтсыздық мәселесінің кейбір жекелеген сыпаттары туралы әңгімеге көшелік.
(Жалағасы бар)