Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Өзгелер 9239 0 пікір 12 Мамыр, 2014 сағат 10:15

«МӘСКЕУ – ҮШІНШІ РИМ» БОЛУДЫ ҰМЫТАР ЕМЕС

Әрбір мемлекеттің өз идеологиясы бар. Идеологиясы мықты және оны өз ұлты қолдаған және сол ұлттың мүддесіне сай келетін идеология ғана өміршең келеді. Және мұндай идеологиялар қанша уақыт өтсе де халықтың жадында жаңғырып тұрады немесе әдейі жаңғыртылады. Бұл жағдайда мемлекеттік насихат та мықтап іске кіріседі. Қазір Ресей тарихында осы жағдай көрініс табуда. Орыстың империялық саясаты қайта жандануда. Сақтану үшін де басқа елдің осындай саяси ой тарихынан хабардау болу қажет. Осыған орай Ресейдің саяси-құқықтық ілім тарихынан мәлімет беру жөн болады.

Сонымен бұл елдің идеологиялық тарихының бастауын іздесек оны Ежелгі Русь мемлекетінің қалыптаса басталған кезінен-ақ табамыз. Мұндай бастауларды әр мемлекеттің тарихынан да табамыз. Мысалы, ерте түркі жазбаларындағы Бумын қаған, Күлтегін, Тоныкөк өсиеттерін осындай идеологияға жатқызуға болады. Мұндай жазбалар немесе өсиеттер орыс тарихында да көптеп кездеседі. Олардың бәріне тоқталып жатпай-ақ  Филофейдің «Москва – үшінші Рим» деген теориясын алсақ та жеткілікті.

Саяси ой тарихына «Москва - үшінші Рим» деген атпен енген теорияның авторы Псковтан шыққан монах Филофей өзінің идеологиялық бағдары жағынан иосифлян болды. Оның псковтық дьяк Мунехинге жазған арнау хаттары Ресейдің күштілігін және үстемдігін батыл қорғаған және соны мақсат еткен саяси көзқарастарымен ерекшеленеді және бұл шығарма XVІ-XVІІ ғасырлар бойы бірнеше нұсқауларда көшіріліп келді. «Мәскеудің ұлы князі Василий Ивановичке арнау», «Бүкіл Русьтің ұлы князі және билеуші патшасы Иван Васильевичке арнау» деген жазбаларында Филофей Орыс мемлекетінің күштілігі мен қуаттылығы туралы идеяларды алға тартады.

Ол XV ғасырдың соңы мен XVІ ғасырдың басындағы қалыптасқан тарихи ахуалды саяси тұрғыда бағалай отырып, Ресейдің болашақ саяси дамуын православтық христиан дінінің тағдырымен байланыстырады және мынадай   тұжырым жасайды: «бұрынғы екі Рим құлады, үшіншісі бар, ал төртіншісі болмайды». Филофей алғашқы екеуінің (Батыс Рим мен Византияның) күйреуін дінге опасыздық жасау әрекетімен түсіндіреді және Москва патшалығын осы екі империяның мұрагері ретінде қасиетті жолдан ауытқымауға шақырды.

Түріктердің 1453 жылы Константинопольді жаулап алуының нәтижесінде Византия (екінші Рим) құлады. Осы кезде православиенің шығыстағы бір бұтағы Москва мемлекеті - өздерінің күшті де орталықтандырылған мемлекетін құру үшін бар күшін салып жатты. Орыс мемлекетінің орнатылуы Мәскеу князьдігінің Новгород республикасын қосып алуымен және Византияның құлауымен тұспа-тұс келеді.

Филофейдің теориясы бойынша «ұлттың кеңеюі, мемлекеттің күшеюі – халықтың өзіне ерекше міндет жүктелгені және ол осы міндетті орындауға тиіс екендігі туралы ішкі сенімінің әдеттігі сыртқы белгісі болып табылады. Сондықтан да Мәскеу князьдігінің шағын мемлекеттен территориялық ауқымы жағынан үлкен мемлекетке айналуы оның халқын ол шығыс христиандығын құтқару үшін жаралған деген ойға амалсыз алып келді». Ежелгі Рим мемлекеті мен Византияның қуаттылығы туралы тарихта аз жазылған жоқ. Византия империясының өзі ғана мың жылдан астам өмір сүрді  және бүкіл Еуропа мен Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдеріне ықпалын жүргізіп келді.

«Екінші Римнің» құлауы еуропалықтарға, әсіресе православтық христандарға торығу мен өкініш әкелді. Византия империясы құлағаннан кейінгі халықтың бұл көңіл-күйін Филофей тиімді пайдалана білді. Византияның құлауы мен Мәскеудің күшеюі жағдайын салыстыра отырып ол орыс халқын православие дінінің соңғы тірегі етіп көрсетті.

Орыстардың Ресейдің пешенесіне ерекше тағдыр жазылған деген сенімін (Мәскеудің – үшінші Рим мәртебесіне лайықтылығы) библиялық және патриоттық беделдер де нығайта түсті. Филофейдің «Мәскеу – үшінші Рим» теориясының салдары – орыстардың Ресейге православиенің соңғы тірегі, қорғаны болуды жазған деген өз тағдырын түйсінудің нық сенімі бола алды. Алғашқы екі Римнің күйреуін дінге опасыздық жасаудан деп түсіндірген Филофей Мәскеу патшалығын осы екі империяның мұрагері ретінде дәріптейді және қасиетті жолдан ауытқымауға шақырады.  Филофейдің бұл теориясын орыстар естерінен шығарғылары келмейді.

Олар өздерін православтық христандардың қорғаушысы ретінде көреді. Бұл жағдай өткен ғасырлардағы орыс-түрік соғыстары мен Югославия ыдырағаннан кейінгі Сербиядағы және осы Югославия құрамында болған басқа республикалардағы мұсылмандармен болған қақтығыстар кезінде айқын көрінген болатын. Осы оқиғалар кезінде Ресей славяндар мен правословиеліктерді барынша қорғаған болатын. Бұл кезде әлем саясаткерлері де «Үшінші Римнің» бар екендігін білген еді.

Украинаның Батысқа бет бұруын Ресей мемлекеті өздерінің «Үшінші Рим» болуын азайта түсетін, болашақта одан мүлдем айыратын қадам деп түсінеді. Ресейдің Украинадан айырылмау үшін жасап жатқан бүгінгі әрекеттері де осыдан. Ресей НАТО-ны өз шекарасына жақындатпау үшін де славяндық және православтық діни бауырларын өз уысынан шығармауды мықтап қолға алады және солай істеп де жатыр. Украинадағы Ресей әрекеттерін осылай түсінуге болады.

АҚШ-тың әскери базалары әлемнің әр аймағында, жер шарының түкпір-түкпірінде бар. Осындай әскери базалары арқылы геосаясатта да басымдыққа ие болуда. Ал Ресейдің басқа елдерде мұндай базалары жоқ. НАТО болса Ресейдің Шығысынан да, Батысынан да жақындап келеді. Прибалтика елдері арқылы Солтүстік-батыстан қыспаққа алса, енді Украина арқылы Оңтүстік-батыстан да әскери күшке ие болуға ұмтылуда.Сондықтан да Украина Батысқа бет бұрғанда Украинадағы Севастополь әскери-теңіз флотынан айырылып қалмау үшін Қырымды аннекциялауға мәжбүр болды. Яғни, бұрыннан келе жатқан ниетін іске асырды. 

Империялардың тұяқ серпер тұста да бір сілкініп қалатыны бар. Мұндай жағдайда саясаткерлердің қателеспегенін дұрыс көреміз. Олардың адамзат болашағы үшін парасатты шешімдер қабылдағанын дұрыс көреміз. «Саясаткерлердің ақылды болуы керек уақытынан он жылдан кейін ақылды болатындығы таңқаларлық нәрсе» деп айтыпты ғой Дэвид Ллойд Джордж. Солай болып жүрмесін деп тілейік.

Қазір Ресей үкіметі Украина билігі өз халқына, қарапайым халыққа армия шығарды, авиация мен танкілер де пайдаланылуда деп байбалам салуда. Ал өздерінің шешен халқына жасағандарын, Грозныйға, басқа да қалаларға мұздай қаруланған әскер шығарғанын және тіпті өз халқына жасаған соғысының бірнеше жылға созылғанын еске алар емес.  Біз бұдан «Мәскеудің – үшінші Рим» болудан айнымағанын көреміз. Путиннің 2008 жылы Бухарестте өткен НАТО саммитінде «Украина –жасанды мемлекет» және бірнеше жыл бұрын «Кеңес Одағының ыдырауы ХХ ғасырдың үлкен апаты» деп айтқанын талайлар естіді. Қазір Путиннің осы сөзіне дер кезінде көңіл бөлінбегеніне Батыс елдері өкінуде. 9 мамыр күнгі әскери парадта сөйлеген сөзінде Путин Қырым мен Севастопольдің Ресейге қосылуы туралы «біз қайтадан бірге болдық» дегенді айтты. Енді бұған да көңіл бөлінбес пе екен?

Филофей алғашқы екі Римнің құлауын дінге жасалған опасыздықтан көрсе, қазіргі «Үшінші Римнің» құлауы бауырлас халықтардың «опасыздығынан» болатын сияқты. Филофей «Үшінші Рим» құласа «төртіншісі» болмайды» деп де айтқан.   Филофей де өзінің болашақ ұрпақтарын мықтап-ақ сақтандырған екен. Мұндай теориядан біз де сақтана білуіміз керек. Елімізде, бүкіл әлемде бейбітшілік және ынтымақ, бірлік болсын. Саясаткерлер де осындай тілекте болса ғой.  Және мұндай тілектері мен ниеттері шынайы болса екен.

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ, Қызылорда қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063