Бейсенбі, 2 Сәуір 2020
46 - сөз 3428 0 пікір 6 Мамыр, 2014 сағат 09:35

Жұмат Әнесұлы. АҚСАҚАЛЫМЫЗ АЙТҚАН СОҢ...

(Әзіл ауылының ар жағында, қалжың ауылының бер жағында  болған жәйт...)

Сонау он тоғызыншы ғасырдың аяғынан қойдың жабағысындай ұйысып, қаймағы бұзылмай келе жатқан бір рудың ұрпағы едік. Жиырмасыншы ғасырдың ортасында да бір кеңшардың бір бөлімшесін тұтас мекен еткен жетпіс шақты түтін едік. Тоқсаныншы жылдары кеңшарлар жабылып, бөлімшелер бөлініп, малдан мал қалмай, ел «енді қайда барамыз» деп елеңдеген кез еді. Арамызда ернінің жыбырлағаны мен қабағының қатуына қарайтын Шұбар деген ақсақалымыз, ру басымыз  бар еді. Күн сайын сол кісі «не айтады» деп алаңдап жүрген жәйіміз бар -тын. Бір күні сол Шұбекең жетпіс түтін иелерін жинап, «сиез» ашты: «Біреуің оправ болдың, бірің деректір болдың, осы күнге дейін қолдағы қойды сабынға, жылқыны араққа салып, елді тақырға отырғыздыңдар! Жастар ел бозып, бір қолға бір күрек таба алмай жүргендері анау! Енді осы отырғандарың қақау шығармай,бәріміз де тұтас қалаға көшеміз» деді. Үлкен басшының айтқанынан шығу қайда -а! Ақыры жетпіс түтін, киіз үйімізді тігіп, қаланың шетіне қондық қой! Ра -х -аа т! Түнде киіз үйдеміз, күндіз қаланың асфальтын шаңдатамыз. «Қалалық болдық» деп мәз боп жүрміз ғой. Бірақ әкім  «Біреу емес, екеу емес, жетпіс үйге беретін жерім жоқ» деп жолатпайды. Өмір бойы бауыр басып қалған туыстарымызды тастап, қайда барамыз. Сонымен тағы қаңтарылдық. Тағы сол ақсақалымыз Шұбекең « енді не айтады» деп соның аузына қарадық. Тағы аталастарымыздың «сиезін» аштық. Сонда Шұбекең ақсақал: «Біз әкім қараға қарап, соның соңынан еретін ел емес екенбіз. Біз өз алдымызға бөлек ел, ауыл болайық. Құдайға шүкір, қазақтың жері кең ғой». Ақсақалымыз айтты! Бітті. Аз- мұз қоныс болған қаланың жанынан қазан- ошағымызбен бір күнде қоса көтеріліп, Бетпақдаланың  шетінен келіп, жетпіс түтінді киіз үйімізбен қона қалдық. Адыр -адыр,а ппақ айдала, көзіңді тоқтататын жер жоқ.  Ең бастысы, қожаңдайтын әкім жоқ, «жер жоқ» дейтін адам жоқ, «жерді алма» дейтін шайтан тағы жоқ. Кәдімгі қазақтың сайын даласындағы еркіндік! Енді еркін адамға баспана керегі рас қой. Ең қызығы, ауылда апта сайын -асар. Апта сайын- бір үй шаңырақ көтереді. Үй болғанда қандай, кәдімгі саздан соғылып жатқан там ғой. Там соғылып жатқан саз тұзды екен, одан тұрғызылған үй бір аптадан кейін өзінен- өзі аппақ болып шыға келеді, сыртынан ақтаудың қажеті жоқ!  Бірер айдан кейін көшіп келген жұрттың бәрі үйлі болды. Тамдарының бәрі аппақ, еще кристалл тәрізді күнге шағылысып, жарқырап тұрады. Содан өткен- кеткен жұрт бұл ауылды «Аққала» дейтін болды. Әр шаңырақта там болғасын ауылға береке кіріп,бей -жәй тыныштық орнады. Мұндағылардың дені зейнеткерлер, алатын зейнетақыларының ең төмені -15мың теңге, ең жоғарысы – 20 мың теңге, соның өзін уақытында ала алмай зар болады ғой. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегендей, бұл ауылдың әр  үйінде бес -алты  ешкі, бес- алты қой, бір- екі ірі қарадан бар. Ауылдың бар малын күніне бір адам кезекпен бағады. Келесі адамға кезек келгенше екі ай өтеді.Әр адамға әр айдан кейін, екі ай демалыс! Тамақ тоқ, көйлек көк. Адамға бұдан артық не керек! Кешке қарай ауыл адамдары кезекпен бір үйге жиналады, әй -дәй, гөй -гөйлетіп әңгімені ағытады. Бұл кештердің басында ауылдың қулары ру ағасы Шұбарды мақтаудан бастауды әдет қылған. «Бізге қожаңдайтын әкімдер жоқ, ешкімге тәуелсіз ауыл болдық, бұған да Шұбекең ақсақалымыздың басшылығымен қол жеткіздік», «Ауылымызда заманауи коммуникация бар, әркім өз үйінде отырып, келесі үймен телефонмен сөйлесе береді, бұғанда Шұбекең атамыз көп еңбек сіңірді», «Аққала атандық, ол да Шұбекең атамыздың арқасы», «Осы тұрып жатқан керемет тамдарымызда осы Шұбекеңнің ақылымен соғылып еді», «Қыстың күні тамдардың шатырына дейін Бетпақдаланың қалың қары басып қалады ғой. Сонда  қардың астынан қуыс жол салып, үйді- үйге қатынаймыз ғой, ол да ауыл ақсақалының кеңесімен істелген», «Ал, көктем, күзде үй -үйдің арасына тақтай көпір салып, қатынасамыз, ол да Шұбекеңнің жетекшілігімен атқарылған» деп, ру басын мадақтаудан басталып, арты жеңіл әзіл- қалжыңға жалғасатын. Сөйтіп, Аққала тұрғындарының жайбарақат өмірі өз бетімен өтіп жатқан. Бір күні ойда жоқта пошта мәшинесі келіп, бір жапырақ қағаз тастап кетті. Біз ондай «секретный» хаттарды ашып оқымаймыз. Әлгі қағазды бірден ру басшысы Шұбекеңе апарып бердік. Сөйтсе, онда үкімет тарапынан «шағын ауылдардың жабылатынын, ауыл тұрғындарының үлкен қалаларға көшуі керектігі» айтылған екен. Сөйтіп, Шұбекең бастаған ауыл тірлігі енді «дүрілдеп» келе жатқанда, тағы тығырыққа тірелді. Жұрттан маза кетті. Айтатындары «Ал, енді не істейміз!». Ауыл ақсақалының да құлағы күнде дүңгірлейді. Аққалада сөйтіп, тағы «сиез» өтті. Жиналған жұрт көңілсіз, үнсіз. Шұбар ақсақал сол тыныштықты бұзып: «Көрші мемлекет солардың тілін білетіндерге де азаматтық беріп жатыр екен. Өз жерімізде де бізге тыныштық болмайды  екен. Омбы, Орынбор ежелгі қазақтың жері ғой... Шөл даланы да мекен етіп көрдік, енді орман -көлді жерді мекен етіп көрейік. Менің соңыма еретіндерің, сол жаққа көшесіңдер, осында қалам дейтіндердің еріктерің өздеріңде». Шұбарекеңнің «сиездегі» сөзі сонымен тәмәм болған. Жұрт өзара сыбырға көшті: «Мына  тоқсанға келген шал алжыған екен. Басқа елде қаңғығанша, ауылымызды трактормен қопарып тастасада осы жерде қаламыз!» десті олар.Сөйтіп, ғасыр бойы қаймағы бұзылмаған рудың арасына бірінші рет жік түсті! Шал Шұбар өз балаларымен бір жаққа, ауыл бір жаққа шықты.Ел мен Жердің «магниті» нағыз қазақты басқа елге жіберер ме екен. Жібермес!?

Abai.kz     

 

 

0 пікір