Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 5612 0 пікір 17 Сәуір, 2014 сағат 11:45

НҰРҒАЛИ НҰРТАЙ. ТАСАДА ҚАЛҒАН "ТАС ҚАУЫМДАСТЫҚ"

Алматы қаласындағы Жароков көшесі бойында “Мектеп бітіруші түлектер аллеясы” бар. Аумағы ат шаптырым. Самырсыны мен қайыңы қатар бой тартып, кең тыныс беріп тұр. Сол парк ішінде жоғарғы суреттегідей ескерткіш таc қойылған. Онда “Бұл жерде Дүниежүзі қазақтарының орталығы салынады” деген жазу тұр. Парк айналасында қарауыл көрінбейді. Біз білетін қауымдастық үйі болса көк базар жақта еді... Осынша жерді бос тастағаны қалай деп, мәселенің мәнісін білмекке Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі  Ботакөз Уатқанға телефон шалып көрдік. “Бұл ескерткіш тас  Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы кезінде қойылды. Тіпті ол тасты Халифа Алтай, Далелхан Жаналтай, Алтынбек Сарсенбайұлы сынды айтулы азаматтар көзі тірісінде өз қолдарымен қойған. Құрылтайдың шешімімен ол жерге үлкен орталық салынуы тиіс еді. Кейін Храпунов әкім болып тұрған кезде ол жер сатылып кетті де, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына тимей қалды”,- деп жауап берді Ботакөз Уатқанқызы. Әрі «осы жер қолдан кеткенде талай дауын көтерген Сұлтанәлі Балғабаев ағаңнан толықтай сұрап білерсің» деп жөн көрсетті.

Сұлтанәлі Балғабаев мырзаға телефон арқылы хабарласқанымызда: “Ол мәселені мен талай рет көтеріп, жауапты мекемелердің бәріне хат жазғанмын. Заманның кең тұсында,  бірінші құрылтай кезінде билік ауызша уәдесімен сол жерді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына берген. Қазір жан- жағына коттедждер түсіп кетті ғой, ол жердің алғаш кесілген аумағы қазіргіден де үлкен болған. Мемлекеттік акт уағында берілмеді де, артынан қанша түскенімізбен ол жер Қауымдастыққа бұйырмады. Онда үлкен этно ауыл мен қазақтың көшін қолдайтын орталық салынуы керек еді”, -  деп күйінішін білдірді.

Иә, одан бері де 22 жыл өтіпті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл аралатып әлем қазақтарының басын қосуды әу бастан дәстүрге айналдырды. Соның арқасында қазірге дейін 4 рет Алты Алаштың бас қосылып, алқалы жиын өтті. Ал «Ескерткіш тас» сол қалпы меңірейіп тұр.

Қашқын Храпуновты атамай-ақ қояйық, «Велик» тепкіш Ахметжан Әкімнің көзіне бұл жер қалай түспей жүргенін кім білсін? Бұл - сыраханасы мен саунасы, қонақ үйі мен бизнес кешендері күн санап бой көтеріп жататын ару Алматы емес пе?! Тұтас қазақтың игілігі үшін, жұмыр жердің шалғай түкпірінде шашыраған қазақтың бірлігі үшін салынуы керек орталықтың әлі де болса  бір тасы қаланбауы қалай?

Бүгінгі қазақ қоғамында ең көп қаузалатын тақырыптың бірі – көші-қон. Елбасы өзі мұрындық болған «Қазақ көшіне» соңғы кездері мың сан тосқауыл қойылып, су аяғы құрдымға кетіп бара жатқаны жасырын емес. Дәл қазіргі уақытта атажұртқа ағылған бауырларымыздың керуені жоғарыдағы тас ескерткішке ұқсап «қатып» тұр.

Не қайран?

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052