Бейсен Ахметұлы. Әмірхан Балқыбектен кешірім сұраймын!
Қайран Әмірханды басы - қасында жүргендер тірі кезінде қадірлей алмады. Өлген соң, әрине, ұлардай шуылдадық. Анау бұрңғы жұмыстан шығарып жіберген "Достарының" көкіректері жастан шіріп кете жаздады. Әй, кіріптар күндестік -ай! Әй, кіріптар пендешілік -ай десеңізші! Мен кейде осы адамдар үшін ұяламын. Осы адамдар үшін өкінемін, осы адамдардың атынан Әмірханнан кешірім сұраймын! Шынын айтқанда, мен Әмірханды көрген емеспін, бірақ шығармаларынан шыңырауды көргем.
Алты Алаштың азғандай ұрпақтары өз ішіміздегі алыптарды танимыз. Бірақ, қадірлей алмаймыз.
Мүмкін, аз халықтың ішіндегі тау тұлғаны күнде көріп жүрген соң биіктігіне шек келтіретін шығармыз.
Мүмкін, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың жалғандығын біле тұрып, тәкаппарлығымыз ұстап қала ма? Азғантай қазақтың санаулы тұлғаларын неге құрметтей алмай жүрміз, ағайын? Ал өлген соң несіне боздап жылаймыз?
«Заман солай», «пендешілік», «рушылдық», «тексіздік», «намыссыздық», «дінсіздік», «құлдық» атты сансыздаған сылтау мен себепті көлденең тартып, өзіңді-өзің алдамақсың ба? Барлық күнәңді біреуге жаппақсың ба? «70 жыл отарлады» деп орысқа жала артпақсың ба? Бұл ақылдылық емес. Бұл әрі ақмақтық, әрі сатқындық ғой! «Бақыт, қайда барасың? – дегенде, - берекеге» - депті. Сонда біз берекеге қай бетімізбен жетеміз? Арзан ақыл, бос уәде, екі жүзді – құрғақ ісімізбен бе?
Атам қазақта: «әкең өлсе де әкеңді көре қалған өлмесін» - деген аталы сөз бар. Қандай дәнішпандық тәрбие. Әкеңді көрген адамдарды да қадірле деп тұрған жоқ па!? Ендеше, Әмірханды көре қалғандар арамызда толып жүр. Соларды да қадірлеп, силайтын кез жетті.
Мен сол үшін Әмірхан ағамнан жылап тұрып кешірім сұраймын. Ұят пен ар-намысты, обал мен сауапты жоғалтпауға аруақ алдында серт беремін. Әрі сіздерден де соны күтемін. Сол кезде бізді де Алты Алаштың Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнібек сынды батырлары, Төле, Әйтеке, Қазыбек сынды билері, Абай, Әлихан, Оспан, Зуха сынды ардақтыларының аруағы қолдайды. Қателіктерімізді кешіреді. Сонда ғана Алла жолымызды оңғарады.
Тағы да қайталап айтайын, әлі де кеш емес. Бір мықты қазақты тірісінде қадірлей алуға жарасаң, Әмірхан да сіздерді кешіреді. Менің білетінім сол. Алла тағала солай уәде берген.
Марқұмның иманы жолдас болсын!
Abai.kz