Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 5852 0 пікір 4 Сәуір, 2014 сағат 12:38

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ – ЖЕКЕШЕГЕ БЕРІЛЕ МЕ?

Президенттің биылғы Жолдауындағы жақсы жаңалықтың бірі – мемлекеттік қызмет көрсетулердің біршамасын жекеменшікке жүктеп, оны бәсекелестік ортаға шығару болатын. Бұл мемлекеттік органдарды артық жүктен босатады, сонымен бірге бюджеттің иығына түсетін артық салмақты азайтады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да бұл біршама әсер етері сөзсіз. Қала берді стратегиялық сипаты жоқ мемлекеттік кәсіпорындарды жекеменшік бизнестің қарауына берудің тиімділігі де көп екені айқын. Мәселен, дамыған елдерде әлеуметтік саланың мемлекет атқаратын қызметінің 45-тен 60 пайызға дейінгі үлесі жекеменшіктің қолында. Тиімділігі болмаса мемлекет өзінің функциясын жекеменшікке бермес еді. Демек, тиімділігі болып тұр.

Бізде де осы әдісті қолдану керектігі көп айтылғанымен оның орындалуы шабан. Әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсетулерді жекеменшікке берудің толық жүйесі осы күнге дейін жасалған емес. Президенттің Жолдауынан кейін ғана бұл салада біршама қозғалыстар пайда болды.

Көп адамның терең бойлауға өресі жете бермейтін экономиканың осындай қалтарыс-бұлтарыстарын көбінесе  Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов көтеріп жүреді. Мәжілістің соңғы жалпы отырысында ол Үкімет басшысына осы мәселені көтеріп, жекеменшікке өткізілуге тиісті мемлекеттік функциялардың (қызмет көрсетулердің) тиімділігі бойынша сарап жасалып, мониторинг жүргізілді ме деген сауал жолдады. Осыған орай ол АҚШ-тың мысалын көлденең тартты. Оларда жыл сайын қандай қызметтердің жекеменшіктің атқаруына берілуін анықтап, сарап жасауды биліктің федералдық органынан талап ететін арнаулы заң бар екен. Заң аясындағы жасалған шаралардың нәтижесінде бәсекелестік ортаға берілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы артатыны анықталған. Тіпті, мемлекеттік функцияларды атқаруға кететін шығынның өзі 20-30 пайызға азаятын көрінеді.

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы жасалғаны белгілі. Осы тұжырымдаманың аясында мемлекеттік органдардың атқаратын қызметтері түрлеріне қарай бөлініп, сарапталған. Кейбір орталық органдар өздерінің көптеген қызметтерін жекеменшіктің атқаруына беруге қарсы емес. Алайда оның тиімді боларына көздері жетпей отыр, дей келіп депутат премьерден кейбір мемлекеттік функциялар мен қызметтердің жекеменшікке берілуінің тиімділігін анықтайтын толыққанды мониторинг жасала ма деп сұрады. Сонымен бірге ол осы уақытқа дейін жекеменшіктің атқаруына берілген автомашиналарды техникалық байқаудан өткізу қызметінің тиімділігіне көз жеткізілді ме, арнаулы сарап жасалды ма, осы шараның арқасында бюджет қаражатының қаншалықты үнемделгені есептелді ме деген нақты сұрақ қояды.

Сұрақтар әрине, өте орынды. Бірақ оған берілетін жауап қандай боларын Құдай біледі. Өйткені, техникалық байқаудың жекеменшікке берілгенінен өкіметке қаншалықты пайда болғанын бізде ешкім де есептеп көрмеген шығар. Есептеген болса ендігі айқайлатып жариялаған болар еді ғой.

Тұрсынбек Өмірзақов депутаттық сауал жасай отырып, Үкіметке ұсыныс та жасап қояды. Мәселен, осы сауалының соңында дамыған елдерде медициналық қызметтің 75 пайызын жекеменшік денсаулық сақтау орындары атқаратынын айта отырып, оның халыққа тиімділігін жеткізіпті. Ал бізде мұндай орындар барлық медициналық қызметтің 18,4 пайызын ғана атқаратынын көрсетіпті. Сондықтан, ақысыз медициналық қызметті осындай орындардың атқаруына беру керек қой деген сияқты ой тастай отырып, осы бағытта қандай шаралар жасалатынын сұрапты.

Әрине, ақысыз медициналық қызметтерді атқаруды жекешеге берсе оған қарастырылған бюджеттік шығындарды да жекешенің есебіне аудару керектігі белгілі. Бірақ, барлық билік пен қаржылық шығындарды уысынан шығарғысы келмейтін біздің Үкімет жақын арада ондайға икемділік таныта қоймас.

Жақсылық ҚУАНДЫҚ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036