Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
46 - сөз 9258 0 пікір 26 Наурыз, 2014 сағат 16:45

Исламның арабтық моделін тықпалаудың астары қандай?

 Амангелді Айталы,

философия ғылымдарының 
докторы, профессор

Дінсіз ұлт – ұлтсыз дін болмайды             

Әлемдік діндер (буддизм, христиан­дық, ислам) о бастан ұлттан жоғары тұра­тын, белгілі бір ұлтқа арнайы жіберіл­­меген құндылықтар. Бірақ, дін әр ұлт­тың психологиясымен, тарихымен, дәс­­түрі­мен тығыз байланыста болады, ұлт дінді өзінің ерекшелігі тұрғысынан сана­дан өткізді. Дін де ұлттық мәдениетке, психологияға өз ізін, қалыбын салды. Сондықтан, дәстүрлі дін адамның сана-сезімі мен дүниетанымына ең жақын, ең түсінікті ететін, оның адами, мәдени қасиеттерін, табиғат танымын тұтастай бір құндылыққа айналдырады. Дәстүрлі діншілдік әр ұлттың салт-дәстүрлерімен терең байланысты, тарихи қалыптасқан тұрмысына тамырын жайған. Қазақтың дәстүрлі діндарлығы Жаратушыны ақиқат деп қабылдаған, шынайы адалдықтан, ішкі түйсігінен туған сенім. Тағатшылық, қайырымдылық, жанашырлық, кешірім­ділік, табиғатты сыйлау Алла-тағаланың құдіретіндей тұтас қазақ этносының және жеке адамның тіршілігінің амалына айналған. 

Дәстүрлі діндарлық ұлттың психологиясын, мәдениетін, тұрмысын тұтастай болмысын реттеп әлеумет ретінде басын біріктірді, оны талай дағдарыстан, ішкі, сыртқы қауіп-қатер­ден, кездейсоқ уақиғалардан  сақ­тайды, қорғайды. Аштық, соғыс­тар мен қуғын-сүргінде қазақ ауыртпашылықты ел болып басынан бірге өткізген. Қаз­ақтың мәдениеті жеке басының мүд­десі емес, қауымдастықтың мүдде­сіне, ті­лек­тестігіне негізделген. Филосо­фия­­лық тілмен айтсақ, дәстүрлі діни та­ным теориялық қағидалардан гөрі күн­делікті дағдысына, наным-сенімге негізделген. Ол тұрақтылықтың, бүгінгі мына құбыл­малы заманда баянды өмірдің кепілі. Қазаққа аштықтан, жалаңаш­тықтан  гөрі жалғыздық батады, жалғыз­дыққа шыдай алмайды.     
Бүгін ғылым, білім, интернет заманында дәстүрлі наным-сенім бірте-бірте босаңсып, ақпараттық заман қауіп төндіре бастады. Жаһан­дану заманы дәстүрлі наным-сенім­нің түп негізі, этностық болмыстың тұ­тас­тығын, этнопсихологиялық іштей бай­­ланысын ыдыратып, ұрпақтар жалға­суы­ның үзілуіне әкелуі де мүмкін. Соны­мен бірге, посткеңестік мұсылман елде­рінде, жалпы мұсылмандар арасында дін мен ұлттық дәстүр, дүниетаным мәселесі жаңа өткір сипат алды. Ғылыми әдебиетте 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдар исламның «қайта жаңару», 70 жылдық атеизм үстемдігінен кейін тарихи дәстүрлерді жаңарту кезеңі деп  аталынады. Бірақ, ХХІ ғасырдың басында «Қайта жаңарған ислам» рево­люцияға дейінгі канондардан ерекше болатындығы белгілі бола бастады. «Ис­ламдық жаһандану», еуроислам ұғым­дары өмірге келді. Түркі рухани кеңіс­тігінің бұрынғы кеңестік аймақтарына исламның арабтық версиясы, кағидалары, шариғат үкімдері ене түсті. Шығыс ислам рухани ұстаздары мен уағыздаушылары, шет елдерде білім алған жас имамдар, молдалар бабалар дәстүрлерін қайта қарап, нағыз, шынайы дін үлгісін сырттан іздеді. Исламның арабтық моде­лін  неофиттер, жаңа бағытты уағыз­даушылар, діни ақиқат деп таныды. Со­нымен, конфессияішілік қайшылық бүгін алға шықты. Ұлттық дәстүр мен дін арасы­на жік салушылар көбейді. 

 Социализм тұсындағы дін мен ұлттық дәстүр

 
Исламның арабтық моделін тықпа­лаудың астарында терең тарихи себептер жатырғандығы анық. Социалистік елдер атеистік бағыт ұстанғанымен, мем­лекет пен діндер арасындағы қарым-қатынас оларды бірдей, бір үлгіде бол­мады. Мысалы, Польшада социализм тұсында діни ахуал өзгеше болды. Католик шіркеуі алғашқы жылдары коммунистерді өзінің ықпалына икем­деді. Діни ұйымдарды поляк халқы да қолдады. Себебі, күнделікті тұрмыс-салттары да діни наным-сенімдерге негізделген. Польшаның жұмысшы пар­тиясы өзінің дінге бейтараптығын, шір­кеудің ісіне араласпайтындығын және шіркеудің қоғамдағы маңызын мойындайтындығын мәлімдеді. Прези­дент өз лауазымына кірісер алдында ант бергенде «Құдай мені қолдасын» деп айту міндетті болды. Еркін ой мен діни сенім бостандығын мойындаған саяси жүйені өз кезегінде шіркеу де мойындады. Бірақ, бірте-бірте коммунистер дін мен шіркеуге қарсы белсенді қимылдар бастады. Алдымен оқу орындарында дінді оқы­туға арналған сабақтар азайтылды, кейін тіпті дінді оқытуға тыйым салды. Шіркеулерде  діни уағыздар шектеле бастады. Шоқыну, діни дәстүрлердегі мерекелері тойлау мен адамдарды жер­леуге қатысатын қайраткерлер қуда­лана бастады. Совет үкіметіндегідей жас­тар арасында атеистік тәрбиеге зор мән берілді. Коммунистік саясат дінді әш­керелеуге тырысып, оның тарихында тек қанаушы таптың  қолдаушысы болды деген пікір таратты. Священниктерге саяси және тұрмысқа байланысты айыптар тағылды. Сонымен бірге, алдау, арбау саясаты  да жүзеге асты, священниктерді әртүрлі патриоттық ұйымдарға тартып, бөле бастады. Сондай-ақ, прогресшіл діни қызметкерлер «Пане»  журнал редак­ция­сының төңірегінде топтастырылды. Като­ликтердің басым тобы мемлекетке аса зор үміт артпағанмен, шіркеу мен билік арасындағы қарым-қатынас реттеледі деп сенді.
Польша католик шіркеуі халықаралық саясатқа да араласты. Польша коммунистері поляк халқын неміс қаупінен сақтандырып, Совет Одағымен тығыз байланысқа ша­қырды, себебі, немістер арасында соғыс­тан кейінгі герман-поляк шекарасын мойын­дамайтындар  болды. Ал, неміс протес­танттары болса, екінші дүниежүзілік соғы­сынан кейінгі ахуалды мойындауға тырысты. Христиан дінінің кешірімділік рухына сай, епископ – поляктар неміс фашистерінің қыл­мысын кешіреміз деді. Коммунистер епископтарды сатқындар деп айыптады. Кейіннен католиктерді поляктардың басым көпшілігі қолдайтыны белгілі болды. 1966 жылы христиандықтың мыңжылдығын (Millenum) католиктер салтанатты түрде атап өтті, бірақ, мемлекет оған қарсы тұра алмады, тек христиандықтың маңызын, мерекенің мәнін төмендетуге тырысты. Сөйте тұра коммунистер поляк мемлекетінің мыңжылдығын, азат етуді қатар өткізді. Екі мерекенің бәсекелестігі католик діні мен дәстүрінің адамдардың санасына терең ықпал етіп келе жатырғандығын көр­сетті. Ақырында 70-жылдардың басында коммунистер шіркеудің қоғамдағы зор ықпалын мойындады. Мемлекет пен като­лик шіркеуі өкілдері арасында жаңа дең­гейдегі байланыстар қалыптасты. 
Коммунистер Ватиканмен де өзара қарым-қатынас қалыптастыра бастады. Кей­бір партия қызметкерлерінің қарсы­лығына қарамастан, мемлекетке шегінуге, шір­кеу мен есептесуге тура келді. Бұл коммунистерге билікті бір қолда шоғыр­ландырудан айырыла бастағанын көрсетті.
Польша католиктерінің беделінің шыр­қауына Краков архиепископы Кардинал Кароль Войтыла 1978 жылы 16 қазанда Рим папасы болып сайлануы ықпал етті. Польша шіркеуі ең жоғары рухани билік өкілдерінен қолдау тапты. Бұл маңызды жағдай поляк ұлтына күш-қуат беріп, мәртебесін өсірді. Әрине, бұл оқиға коммунистерге шіркеудің қызметін шектеуге үлкен қолайсыздық туғызды. Ал, 1979 жылы Кароль Войты­ланың Польшаға сапары поляктардың ком­­му­низм идеологиясының негізсіздігін әйгіледі. Қаптаған адамдар шіркеуге бет бұрды, дін ұлттың басын біріктіріп, тұтас қауымдастыққа айналдыра бастады. Әрине, шіркеудің ұйымдастыру қызметінің орны бөлек. Папа сапарына билік кедергі жасай алмады, келісуге мәжбүр болды. Бірақ оның мемлекет үшін жағымсыз салдарын азайтуға тырысты, қолдарынан келгенше ақпарат бермеуге әрекеттенді, Папаның елді аралауын шектеп бақты. Сонымен бірге, Иоан Павел ІІ ел арасындағы беделін өз мақсаттарына пайдалануға күш салады. Ол Польшадағы саяси режимді қолдайды деген насихат таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында коммунистік басшылықтың Папамен кездесуі насихатталды. Бір жағы­нан, Папа сапары шіркеудің ішкі мәсе­лесі десе, екінші жағынан, оның ресми маңызына назар аударылды.  Польшадағы католик шіркеуінің беделі, оның ұлттың дәстүрімен, тұрмысымен байланысы социализм күйрегеннен кейін беделін тіпті асырды.
Кеңес үкіметіндегі діни ахуал өзгеше болды. Халық Комиссарлар кеңесі декретімен 1918 жылы 23 қаңтарда шіркеудің, мешіттің мемлекеттен бөлінгені туралы шешім қабылдады. Дін әр адамның жеке мүддесіне айналды. Шіркеу, мешіттерге қаржы бөлінбеді, ғимараттарды өңдеу қар­жысы, діни қызметкерлердің еңбекақысы дінге сенушілердің есебінен қаржылан­ды­ра­тын болды. Осылай мешіттерде жә­шіктер пайда болды. Діни білімге ашық тыйым салынбаса да мемлекет қолдамады. Сонымен шіркеу, мешіт ешқандай қолдаусыз қалды. Халық діннен айни бастады. Мешіт, медреселер, шіркеулер де тозды. Оларды бұзып, басқа ғимараттарға пайдаланды, қоймаларға, атқораларға айналды. Имамдар күні үшін коммунистік партияға кірді «Мен коммунистпін, бірақ құдай бар дейтін коммунистпін» дейтін имамдар көбейді. Дінмен бірге ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерде әлсіреді. 
Бүгінгі «Шынайы діншілдерміз» деген­­дердің айтуынша, кеңестік ислам отар­лау саясатына қызмет жасады, сондықтан, саясаттың қысымымен ислам өзгерді, табиғатынан алыстады, күшпен орыс­тандырылды. Кеңес заманында білім алған молдалар мен имамдар, болмаса білімі таяз, кейін дінге келгендер сол бұрмалаған исламның насихаттаушылары, бақылауда бол­ған­­дар деп шет елде оқыған жас имамдар олардан бөлініп, бойларын аулақ ұстайды. Олардың өздерінің қауымдастықтары, әлеуметтік ортасы, мәжілістері, жиын­дары да болуы осы­дан. Сонымен бірге, жас имамдар  шет елдердегі мұсыл­мандардың күн­де­лікті өмірімен біздің қоғамды са­лыстырып, бағалап, ішімдік, наша­қор­лық, жезөкшелік, жемқорлық пен ысырапшылдыққа жол берген біздің өмірімізді, әрине, қабылдамайды. Осы­дан ке­ліп рухани тазаруды, құтқаруды діннен іздейді. Ол дұрыс. Бірақ, үлгіні дәстүрлі ұлт­тық салтымыз бен дінімізден емес, «шы­найы» шығыстағы араб ел­дерінен ала­ды.
Жаңашыл исламшылдар ұлттық және діни феномендердің қазақ ұлт бол­мысында ажырамастай біте қай­насып, қабысып жатырғанына, дүние­та­нымын ескере бермейді. Діни ой-пікір, ұстаным, дүниетаным қазақ даласында ұлттық сана-сезімге  үйле­сімді бейімделгені тарихтан белгілі. Біздің қоғам арабтық үлгідегі исламды әртүрлі деңгейде қабылдайды, қолдайтындары да, қолдамайтындары да бар. Ол жастар өз ұстанымдарын әке-шешелеріне де таңа­ды. «Жас» уағыздаушылардың шектеу­лері, өздерін жоғары ұстауларын, ымы­раға келмейтін тәртібі қалған елді бүгін ойлан­дырып та отыр. Ұстанымдар қайшы­лықтары ұлттық салт-дәстүрлері­мен ара­ласып жатырған әсіресе өлікті жер­леу, ас беру, марқұмдарды есте қалдыруға арналған шаралар, үйлену, отбасы, ырым-нышандар төңірегінде жиі байқалады. Исламды «жаңаша» және дәстүрлі пайым­даудың астарында, өз орталарына ықпал жасау, бәсекелестік те жатыр. Бұрынғы имам­дар билікпен тіл табысып қалған өз позицияларынан айырылғысы келмей, жас­тарды «уахап­шылар» деп кіналауға үйір, тіпті оларды қудалауды да қолдайтын сыңай таны­татындар бар. Шет елден білім алған жастар қазақ халқының рухани мұрасына, дәстүріне мән берсе ғана ортодоксалды пайымдаудан арыла бастайды. 

 Дін және ұлттық дәстүр жастардың мәселесі

Елімізде 14 пен 28 жас аралығында 4483 285 жастар бар. Бес облыста жастардың саны азаюда: Ақмола, Қостанай, Қара­ғанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан. Қа­з­ақстан халқы осылай қартая беретін сияқты. Жұмыс орындары көп Батыс өңірлерінде жастар саны өсуде. Атырау облысында жастар 150 мыңнан асады.

Ел халқының 70,2% мұсылмандар, ал қазақтардың 98,3% мұсылмандар. Оның ішінде 15-19 жастағылардың 78,2%, 20-24-73,2%, 25-29-70,8%, 30-34-70,8%, 35-39-71,9% мұсылмандар. Ел халқының жасы өскен сайын дінге деген салқындығы байқа­лады: 40 пен 44 жас аралығындағылардың  72,6% мұсылманбыз десе, кейінгі буын­дарда бұл көрсеткіш азая береді, 70 жас­тан асқан­дардың 41,1% мұсылманбыз деген. 

Бірақ жастардың да үлкендердің де басым көпшілігінің діни наным-сенімі үстүр­тін, діншілдік. Діннің мазмұнынан гөрі салт жағына, сыртқы діншілдікке мән беріледі. Ол түсінікті де, себебі біз дінді терең сенімнен гөрі, кеңес заманында шектеген салт-дәстүрімізге оралу деп қабылдадық. Үлкендердің оннан төрті «жасымыз келді, енді Алланың алдына барғанда не дейміз?» -дегендей психологияны басшылыққа ала­ды. «Ештен кеш жақсы», дегендей  оны да мақұлдау жөн. Абай айтқандай «әйтеуір жақсы­лыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз».

Бүгінгі  әлеуметтік ғылымда оны «зейнет­керлік діншілдік» немесе «зей­нет­керліктің алдындағы діншілдік» («пенсионная» или «предпенсионная рели­гиозность»). Үл­кен­дер дінді қабыл­дауда тұрақтылыққа, келісімге бейімді. Ал, жастардың оннан жеті-сегізі дінге бет бұрған және олар­дың арасында қызы­ғушылық, ізденіс басымырақ. 

Үстүртін, діншілдік посткеңестік ел­дердің барлығына да тән. Ресейлік архие­пископтың «много крещенных, но мало просвещенных» деуі осыдан. 

Шындығында, бүгін бізде ерекше жағдай қалыптасқан. Интеллигенция негі­зінен зайырлы білім алған. Ал дін теория­сын білетін жаңа қалыптасып келе жатқан интеллигенцияға зайырлы білім жетіспейді, ал зайырлы интеллегент дін саласынан хабардар емес. Әзірге жан-жақты білімді алаш зиялылары сияқты діни білім мен зайырлы білімді бойында жинақтаған, дінді, имандылықты, ұлт­шыл­дықты дүниетанымының түп қа­зы­ғына айналдырған интеллигент  біз­де бірен-саран. Бұл біздің айыбымыз емес, сорымыз, атеизмнің санада қал­дырған ізі. 

Сондықтан жастарға дін саласында тәлім-тәрбие беруге, жол көрсетуге әлсіз­біз. Жастарға дін саласында кімдер көбі­рек ықпал етеді? Ақтөбе мемлекеттік педа­го­гикалық институтында дінтану пәні биыл үшінші жыл арнайы пән ретінде оқытылады. Жастармен пікір алмасуға мүмкіндік көп. 

«Мен бала күнімде атам мен әжем санама дінді сіңірді, аят үйретті»; «менің арғы атам мен әжем намаз оқыпты, ал атам мен әжем намаз оқымайды, кейде құран оқиды, мұсылман болу керек деп аяттарды дәптерге жатқа жаздырады, осылай мен бірте-бірте дінге келдім». «Менің әке-шешем намаз оқуға тыйым салады, жат топтарға кіріп кетесің дейді, мен олардан жасырынып оқимын»; «Әке-шешем ораза ұстайды, діннен сабақ алады, тіпті араб тілін үйреніп келеді. Маған намаз оқы деп ақыл берді, мен олардан жұмақ пен тозақ туралы бірінші рет естідім», – дейді жастар. 

Жастар  дін туралы мәліметті дос­та­рынан алады. Олардың айтуынша, имам, мол­да­лардың беделі төмен. Уағыздары өмір­мен байланысты емес. Араб, ислам ғылым­дарының көне кітаптарындағы ци­тат­тардан аса алмайды. Ал, жастарға із­деніс тән, олар өзгерістерге, жаңалықтарға бейімді. 

 

Кейбір қақтығыстарға қатысқан дін ұстанатын жастарды экстремист деп жатады. Ал, олар жай ғана қылмыстық істерге қатысқандар. Талай саяси партия мүшелері жемқорлыққа байланысты сотталып жатыр, бірақ партияны тұтастай жемқорлар пар­тиясы деу дұрыс болмас. Дінді ұстанып, болмаса ерекше киініп, бірақ қылмыстық іске қатысатындарды да діни экстремист деу  орынсыз.   Ақтөбе облысында орын алған қақ­тығыстар астарында діни көзқарастардан гөрі құқық қорғау қызметкерлерінен нақты адамдардың өліміне байланысты өш алу, кек қайтарып жатыр, ал кейбір жастар өздерінің қылмыстық істерін ислам құндылықтарын қорғау деп бүркемелеуі мүмкін. Бірқатар жастар бөтен ағымдардың ықпалына әдейі емес, кездейсоқ барып қалады, біреу­лердің уәдесіне сеніп, кө­ніп ереді, бірқа­тары өздерін басқадан бөлек тұлға ретінде көрсету үшін топқа кіреді, сондай-ақ жастарға қиялға берілу, романтикалық көңіл-күйде тән. «Жа­ман­шылыққа бір елігіп кеткен соң, – дейді Абай, – бойын жинап алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрт­тың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі-пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері». Абайдың осы сөзін жастардың назарына біздің имам, молдалар, мұға­лім­дер жиі салып отырса, ол шет ел ғалым­дарының шығармаларынан, өзімізде шы­ғып жатырған брошюралардан тиімді болар еді. 

 Дін және ұлттық дәстүр мәселесі осы екі құндылықтың қайсысы жоғары деген сауал туғызып жатады. Сөз жоқ дін мәңгілік, жалпы адамзаттық құндылық. Сонымен бірге, ислам дінін қабылдаған қазақ та, басқа да халықтар арабтанбады арабтанбайды да, Ресей қанша шоқын­дыруға тырысқанымен қазақтар тұтастай православ дінін қабыл­дамады. Қажет болған жағдайда ұлт мүдде­сі дін парыз­дарынан тіпті үстемдірек болады.

Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанын­да жоңғар шапқыншылығы және Ақтабан шұбырынды алмағайып заманда:
Намазды тоқтатыңдар, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым
Қожа, молда, имандар уақытша,
Қоржынға сақтап қойсын 
шариғатын.
Намаз оқып жатқанда, жаулар қырар,
Атылған дәу мылтықтан доп 
кеп ұрар.
Мінажат қып жайнамазда отырғанда,
Сұм халхи ұстап алып, тұтқын қылар, – деп кеңес береді. Тек көңілің Аллаға таза болсын. Дін қай заманда да ұлтқа бейімделген, ұлттан жоғары тұр­маған, дін мен ұлт үйлесім тапқан. 

Біздің мемлекетіміз исламға түпкі ой-пікірін ашық білдіріп, қолдап отыр. Біздегі ислам мемлекетке де шын пейілмен қарайды. «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заңда дін мен мемлекет ара-қатынасы нақты айқындалған. Дегенмен зайырлы мемлекет болғандықтан діннің өзіндік орны, позициясы болуы шарт. Мемлекетті тұтастай қолдаған дін мемлекеттегі жастарды ойландырып жүрген жемқорлық, экологиялық проб­лемалар, қазақ тілі мен мәдениетіне, дәстүрлеріне байланысты шешімін әлі толық таппаған мәселелер, жұмыс­сыздық, басқа да проблемаларға мемлекетпен бірге дін де жауапты болады, ол діннің беделіне нұқсан келтіреді. Кейбір посткеңестік мемлекеттер де, мысалы, Ресей мен Белоруссия православ шіркеулері мен мемлекет арасында бірлесіп шешетін ортақ мәселелер төңірегінде ғана келісім бар, бірақ қажет жағдайда мем­ле­кетті шіркеулер қолдамайтындығын ашық жария­лаған. Ресей православ шіркеуі әлеу­­меттік, экономикалық, заң саласында өз тұ­жырымдарын жасады, өз төңірегіне көп­­­теген жастарды ұйытып келеді. Қазақ­стан­­ның мұсылман Дін Басқармасы өзінің патриоттық, ұлтшылдық позициясымен жастарды өз төңірегінде біріктіре алатын құндылықтар көп: ортақ тарихымыз, тіліміз, дәстүріміз, ортақ экономикамыз, бір сөзбен айтқанда Қазақстанымыз.

"Ақиқат" журналы

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2027