Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 6327 0 пікір 8 Тамыз, 2014 сағат 19:05

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ КӘСІПОРЫНДАР

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары одан әрі жалғасты.

Бұл күні Президент бірінші кезекте Павлодар мұнай-химия зауытында болды. Зауытты аралау барысында Мемлекет басшысы жаңа өндірістік қондырғылар құрылысына арналған алаңды көріп, мұнай химиясы зауытын жаңғырту жобасының жүзеге асу барысымен танысты.

Қазақстан Президенті аталған жобаның маңыздылығын атап өтті, оны жүзеге асыру мұнай өнімдерінің жоғары сапалы түр­леріне деген сұранысты өтеуге мүм­кіндік береді.

– Зауытты жаңғырту Қазақстан үшін өте маңызды мәнге ие және ол индустрияландыру үдерісінің бір бөлігі болып саналады. Мұнай өндіруші ел болғандықтан, біз мұнай өнімдерінің барлық түрін өзіміз өңдеуге тиіспіз, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еңбек ұжымының өкілдерімен әңгіме­лесіп, жұмыс жағдайымен және кәсіпорынның әлеуметтік саясатымен танысты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұжымға жұмыста табыс және бақ-береке тіледі.

Айта кету керек, Павлодар мұнай-химия зауыты мұнай өнімдерінің оннан астам түрін шығарады, кәсіпорында 3800 адам жұмыс істейді. Зауытты жаңғырту жобасы шикі мұнай өңдеу өнімділігін жылына 7 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды, өңдеу ауқымын 90 пайыздан асыруды, ал өнім сапасын Еуро-5 стандартына жеткізуді көздейді.

Осыдан кейін Елбасы «KSP Steel» ЖШС-нің металлургиялық кәсіпорнына барды. Президент онда ферроқорытпа және шарболат өндірісін ұйымдастыру жөніндегі инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Қазақстан басшысы зауыт өнімдері отандық өнеркәсіптегі жаңа бағыт екенін және оған нарықта сұраныстың барын айтты.

Жаңа өндіріс болат өнімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, кәсіпорынның жақсы перспективасы бар, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы өндірістік корпустарды аралап көрді және кәсіпорын жұ­мысшыларымен әңгімелесті.

«KSP Steel» ЖШС-нің фер­роқорытпа өндірісінің жобасы жылына 30 мың тонна ферросиликонды алюминий өндіруді көздейді. Ол жобалық қуатына шыққанда мұнда 371 жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Шарболаттар шығаратын цех құрылысының жобасы тау-кен байыту, энергетикалық және өзге де кәсіпорындарға қажетті әртүрлі диаметрдегі ұнтақтаушы шар шығаруға бағытталған. Жобалық қуаты жылына 48 мың тонна өнім өндіруге есептелген кәсіпорында қазіргі таңда 69 жұмыс орны бар.

Сапар барысында Елбасы Пав­лодар облысының жұрт­шы­лық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті.

Кездесу кезінде Мемлекет бас­­шысы Қазақстанның қуатты ин­дус­триялық орталығы болып саналатынын айтып, облыстың бірқатар кәсіпорындарының жұмы­сымен танысқанын атап өтті.

– Өңір өнеркәсіп және ауыл шаруа­шылығын қоса қамти отырып, барлық бағытта дамып келе­ді. Шағын және орта бизнесті қол­дауға басымдық берген жөн, мемлекет бұл салаға қажетті жағдай жасауда, соның ішінде жеңілдікпен несиелер берілуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өңірдегі өнімдердің едәуір бөлігі өзге облыстардан, сондай-ақ Ресейден әкелінетініне назар аударды. Соған орай Павлодар облысы бар мүмкіндіктерді ескере отырып, азық-түлікпен өзін өзі қамтамасыз ете алатынын атап айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жиын-терін науқанына дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруды тапсырды.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, халық тұрмысын жақсарту және әлеуметтік өзекті мәселелерді шешу  қажеттігіне баса мән берді. Атап айтқанда, сумен қамтамасыз ету мәселесіне назар аудару қажет, өйткені 30 шақты елді мекен әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр.

Қазақстан Президенті об­лыс­тың экологиялық ахуалын жақсар­ту жұмыстарын жүргізуді тапсыр­ды. Сонымен қатар, Нұрсұл­тан Назарбаев өңірді дамыту үшін қажетті жағдайлар жаса­лып жатқанын, соған орай «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында қойыл­ған міндеттерді жүзеге асы­руға ден қою қажеттігін атап өтті.

Өңір жұртшылығы өкілдері Мемлекет басшысына облыс­та жүзеге асырылып жатқан маңыз­ды жобалар туралы әңгімелеп, болашақ жоспарлары туралы ой бө­лісті. Сондай-ақ, әлеуметтік мәсе­лелерге, шағын және орта бизнес­ті дамытуға көңіл бөліп отыр­ға­ны үшін Елбасына алғыстарын жеткізді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052