Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
46 - сөз 6625 0 пікір 29 Шілде, 2014 сағат 14:03

Әбдірайымов:10 серия киномды эфирге өткізе алмай жүрмін

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бүгінгі қазақ сатирасында өзіндік орны бар, әдемі әзілдерімен, қазақы қалжыңымен көпшілік көңілінен шығып жүрген «Шаншар» театрының директоры, белгілі сатирик Уәлибек Әбдірайымовпен «Алаш айнасының» тілшісі аз-кем сұхбаттасқан еді...

 

– Біз қарапайым тамақтың өзін егер ол дәмді шықса, «қалай жасапты, құрамы қандай?» дейміз ғой. Ал енді оның қасында өзіңіздей қазақ өнерінде ерекше орны бар азаматтың болмысына үңілмеу ұят секілді. Аға, осы сіз қалай Уәлибек болдыңыз?

– Сахнада сатира орындаймын деген ой менің үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Жалпы, жас кезімде өте көңілді жігіт болдым, ансамбльде гитара ойнайтынмын. Сондай-ақ отырыстардың бәрінде әзіл-қалжың айтсам болғаны, ел-жұрт өздігінен қыран-топан күлкіге қалатын. Соған қарап «мен әртіс боп кетем» деп кім ойлады дейсіз, әсіресе біздің қазақта. Көп нәрсені елей бермейтін халықпыз ғой. Кейін білдік қой, анекдот айтудың өзі өнер екенін. Менің негізі мамандығым сахнаға еш қатысы жоқ, дәлірек айтсақ, КазГУ-дің филология факультеті, араб тілі мамандығын бітіргенмін. Бірақ адам ненің оқуын оқыса, өмірі сол жолда өтеді деген қатып қалған қағида жоқ екен ғой. Алла ризығыңды қай саладан, қандай ортадан, қай істен, қай кәсіптен бұйырады, бәрі де соған байланысты екен. Сонымен мен филфактың екінші курсында оқып жүргенмін. Ол кезде қазіргідей әзіл айту қайда, монтиып қана жүретінмін, ауылдың момын қазағымыз ғой енді. Жазмыш дегенді енді, күтпеген жерден бір ғана оқиға сенің бүкіл өмірің мен болмысыңды өзгертем десе аяқ асты екен. Содан бір күні студенттер қарап жүрмей «Тамашаның» авторы Марат Сақатовты кездесуге шақырдық. Себебі ол кезде «Тамашаның» түкірігі жерге түспей тұрған болатын. Ұмытпасам 1982-1983 жылдар. Біз ол кездесуден күткеннен де керемет әсер алдық. Қызықты болғаны өз алдына, сол кештен кейін шай үстінде ағамыз «мүмкін араларыңда интермедия жаза алатын, тіпті сахнада күлдіре алатын да дарынды балалар бар шығар?» деп сұрады кенет. Өңшең филологтар, бірі – ақын, бірі – прозаик, тіпті сатириктер де жоқ емес еді. Бірақ басқаны емес, жиналған көпшілік, студенттер «міне, нағыз әртіс, аға, сізге керек болса, осы жігіттен артығын таппайсыз» деп шу ете түскені. Қапелімде не дейін, «аға, мен жай әншейін, күлдіру үшін біреуді «мазақтап», қылжақтап жүргенім болмаса, ештеңе жазбайды екенмін» деп басымды қаси бердім. Сөйтіп едім Марат аға «өнеріңіз бар екен, бірақ оны көрінген жерде айтып қалдыра бермей, міндетті түрде қағазға түсіріңіз» деді. «Себебі сізде сатира бар» деп түйді. Сол сөз маған кәдімгідей ой тастап, қамшы басқандай болды. Өз бойымдағы өнерге мән бермей қараған мен сол сөзден кейін «охо, жазу керек екен ғой?!.» дедім де өзімше бір монологтар жазуды бастадым. Содан бесінші курсты бітірер кезде ауылда көркемөнерпаздар клубының кезекті бір кешінде өзім жазған дүниелердің бірін орындап көріп едім, сахнада кәдімгідей жақсы қабылданбасы бар ма. Қазіргі тілмен айтқанда бірден «өтті де кетті». Бұл 1986 жыл болатын. Яғни, менің ең алғашқы сатираға келуім сол кез. Содан бастап бүкіл ауылдың бүкіл мәдени шаралары маған тапсырылатын болды. Шешемнің клубына көмектескен түрім ғой. Өзім ансамбльде ойнаймын. Ауылдың домбыра тартады-ау деген адамдарын жинап, өзімше құрған оркестрім бар. Өзім сатира орындайтын да болдым. Сөйтіп жүріп-ақ біздің ауыл, біздің ортамыздан небір керемет әншілер шықты. Өзім елемеппін, бірақ көзге қатты түсіппін ғой. Концерттерімізді ерекше бағалап, сол тұста райком деуші едік қой, сонда жаңадан ашылған жаңа мәдениет сарайында директор етіп тағайындады.

– Қанша жасыңызда директор болдыңыз сонда, аға?

– 27 жасымда. Содан кейін барып Жүсіпті таптым да, оған сатира жазып беремін, ол қатырып орындайды. Себебі нағыз маман сол. Біз бәріміз Жүсіптің мектебінен шыққанбыз. Тіпті маған да көп нәрсені Жүсіп үйретті. Алайда өзің жазғаныңды өзіңнің орындағаның жеңіл болады. Өйткені өз ішіңнен шыққан «шұбар жылан» ғой.

– Аға, «Әзілкешті» тәп-тәуір тележүргізуші ретінде танылдыңыз. мүмкін, өзіңіз сондай бір жоба ашарсыз болашақта? Себебі ел-жұрт сізді «Шаншардан» да тыс теледидардан көріп тұрғысы келеді.

– Тележоба емес, менің 10 сериялы кином бар еді, соны өткізе алмай жүрмін эфирге. Соны көрсетемін дейтін телеарна басшысы табылса, маған үлкен қуаныш сол болар еді.

– Не жайлы еді киноңыз, әзіл-қалжың, яғни, комедия жанрында ма?

– Ауыл жайлы. Өйткені қазақтың тамыры ауылда. Біз осыны ешқашан естен шығармауымыз керек. Сіз осы қаладан шыққан нағыз талантты айтып беріңізші? Айталық, 700 мың тұрғыны бар Астана қаласының мейлі бәрі емес, 400 мыңы-ақ қазақ бола қойсыншы, содан бір ақын, болмаса қазақтың рухын асқақтататын бір азамат шығады дегенге мен өзім аса сеніңкіремеймін. Себебі көзбен көргенім жоқ. Ал ондай алып қаланың қасында алақандай ауылдың әрқайсысынан бір-бір талант шығады. Ол сондай заңдылық! Бір ауылдан бір дарын шықпауы мүмкін емес! Ал қазақтың рухын көтеріп, «қазақпын» деп кеудесін кере, қасқайып тұрып айта алатын, қазақ үшін «жылайтындар» әрбір ауылда мыңдап саналады. Өзім де ауыл мектебін бітіріп, ауыл мектебінде жұмыс істеген адаммын. Сондықтан да қазақ ауылының мәдениетіне, білімі мен спортына жаным ашып, бүйрегім бұрып тұрады. Расында, қазір қарап тұрсам қазақтың рухы мен мәдениетін көтеру үшін ауылды көтеру керек екен, басқа ештеңенің де қажеті жоқ. Себебі біздің тамырымыз – сонда. Ал тамырға қан жүгіріп тұрмаса, жүрек тоқтап қалады ғой. Қазақ дегенді біз тұтас адам секілді қарар болсақ, қазір біздің жүрегіміз – Астана, ал сол жүрек тоқтамау үшін нәр беретін тамыр ол ауыл. Қалың қазақтың қайнар көзі – ауыл. Бірақ сөзің ашығын айтуымыз керек, қазір қалада жүргендердің ішінен ешкімнің ауылға барғысы келмейді! Біздің бүгінгі сорымыз да осы. Тіпті арнайы бағдарламалар да жүргізіліп жатыр, бірақ одан ауыл көркейіп жатқан жоқ, неге? Себебі ауылға келген жас маманды қызықтыратын ештеңе жоқ. Сондықтан маман жібермес бұрын ауылдың жағдайын жасау керек, клубтар ашу керек, жылында бір бас сұғып «ауыл жылы» деп қоя салмай, ұдайы қадағалау керек. Әрине, тек ауыл деп қатып қалмай, қалада да қазақ мәдениетінің мәртебесін бірінші орынға қою қажет. Басқа мәдениетті жоғары қойып, өзімізді ешқашан екінші кезекке ысырып қоюдың жөні жоқ.

– Сіз кейінгі кездері жанды музыканы жаңғыртуға баса мән беріп, тіпті «Шаншардағы» интермедияларыңыздың өзін соған ойыстырып жатырсыз, жеке ансамбль құрайын деп жүрген жоқсыз ба?

– Олай деп айтып, көпіре мақтанбай-ақ қояйын. Себебі онсыз да «Шаншар» театры, Шымкент сатира театры бар, жұмысымыз көп, былайша айтқанда. Оған репертуар жазу, ойнату керек, соның өзі оңай емес. Ал егерде мен қойылым арқылы бірдеңе көрсетсем, соны өзім ғана істеймін деген сөз емес, насихат ретінде, әдейі көпшілікке ой тастау деп түсінген жөн. Онсыз да қазір сахнада өріп жүрген «өнерпаз» көп қой, менікі сол көпке «өнерлі екенің рас па, тірідей ойна, көрсет өзіңді, еңбектен» дегенім. Сондай-ақ ол менің көрерменге де «көресің бе, тірі дауыста ән салып жүрген нағыз талантты көр, соны бағала, өтірік аузын жыбырлатып, өзіңді алдағанға сенбе, бұдан әрі оның дегеніне көнбе» деп, көзге шұқығандай етіп көрсеткенім еді. «Сен де адамсың ғой, қашанғы төзесің мұндай халтураға, аузын буған өгіздей боп отырғаның жетер, шыдамның да шегі бар. Тіпті, бір күні концертте отырған жеріңнен атып тұр да «қойшы, айналайын, өшір анау өтірік әніңді, өз аузыңмен айт, айта алмайсың ба қайт» деп сахнадан қуып жібер» дегенім. Міне, менің тірі ансамбльді сахнаға шығарып, интермедия жасауымның сыры осындай. Өнер өлмесін деп, әйтпесе «өлуге» таяп қалдық қой, «өлтіріп» жатқан да өзге емес, осы өнердің айналасын үйірсектеп жүргендер. Егер басшылықта отырған азаматтардың жаны ашитын болса, «сахнаға тек жанды дауыста ән айта алатындар шығуы керек» деп міндеттейтін арнайы заң шығаруы керек. Мәселен, Қытайда фонограммамен орындаған әншіні көрсе, екі ретке дейін ескерту жасайды, үшіншісінде оны қылмыскер деп танып, сахнадан мүлдем аластайды. Өйткені ол өнерге қиянат жасады, халықты алдады. Өнер деген кім көрінгеннің ақшасымен бітетін іс емес, нағыз өнер ақшаның құлы емес!

– «Біз әлі жанды дауыста ән салуға дайын емеспіз, техникамыз жоқ, акустикамыз нашар» деп жүр ғой өнерпаздардың бірқатары?..

– Мен сол Қытайда барлық өнер ордасында акустика керемет дей алмас едім, бізден әлдеқайда техникасы да, акустикасы да нашар жерлерді көрдім. Бірақ сондай екен деп ешкім фонограммамен орындап жүрген жоқ.

– Демек, жоғарыда айтылған сылтау ғана ғой?

– Әрине. Қаныш Сәтбаевтай, Мұхтар Әуезовтей азаматтар шыққан қазақтан қазір кім шығып жатыр, «алаяқтар»! Сол «алаяқ» біздің инженер бар ма, басқа бар ма, небір мықты мамандарымызға жұмыс істетпей, аузындағы нәпақасынан тартып жеп жүр. Мықты маман бір нәрсе ойлап тауып, өзімізде барды ұқсататын болса, әлгі «алаяқ» жұмыссыз қалады, ақшадан айрылады ғой. Сол алаяқтық өнердің да дамуына кедергі болып жатыр. «Нағыз қазақ – домбыра» дейміз, бірақ сіз мемлекеттік дәрежеде өтіп жатқан той-жиындарда бір жыршы, жыраудың отырғанын көрдіңіз бе? Оның орнына орыстың не шетелдің жартылай жалаңашы отырады. Соны көрген жас «е, мәдениеттің озығы осы екен ғой» деп қалады. Өнердің өрісі тарылған жоқ, бірақ ат шаптырым сол өлкенің небары ат төбеліндей ғана жерінде қазақтар, қазақылық жүреді. Өз елімізде осылай өгей баланың күйін кешіп жүргеніміз жүрген, егер үлкен ағаларымыз маңызды бір жиналыстарда «осы біз қазақпыз ғой, жұтқан ауамыз қазақтыкі, ішкен ас-суымыз қазақтыкі, олай болса қазақша сөйлейік, сөйлемейтін, білмейтіндер орынды босатыңдар»! демейінше. Одан біз ұтпасақ, ештеңеден ұтылмас едік, себебі бір шала қазақ не басқа кетсе, оның орнына өнерлі де білімді мыңдаған қазақ баласы бар. Бұл кәдімгі шырмауық секілді дерт: атасы қазақша білмегеннің баласы, одан туған немересі де қыңқ деп білмейді өз тілін. Ал өз тілін білмеген адамның өз ұлтына, ұлтының өнері мен мәдениетіне жаны да ашымайды. Қазір ақшасы бардың баласы шетелде оқып келген баласы небір мықты орындарда отыруы керек те, біз мына жақта өзімізбен өзіміз «қазақпыз» деп айғайлай беруіміз керек. Әрине, осыдан соң біздің қайтіп үніміз шықсын, кім бізді сыйласын, кім бізбен санассын?! Яғни, қазақтың сөзін сөйлейтін адам азда, біздің де көрген күніміз «екінші сорттың» күні болады. Ашығын айтқанда осы! Ащысын айтпасақ, несіне сатирикпіз?

Әңгімелескен Мәриям ӘБСАТТАР

Алаш айнасы газеті.

(Әуелгі тақырып:  Уәлибек Әбдірайымов неге гитарасын сатираға айырбастап жіберді?)

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063