Ерлан Төлеутай. «Той -тондынікі»
Бұл күндері қай өнерпазға хабарласам да Астанадамын дейді. Онда не істеп жүрсің десем, "Астана күні" концертіне қатысып жатырмын дейді. Өз басым осы күнге дейін "Астана күнінде" т.б. мемлекеттік мерекелерде өнер көрсетіп көрмеппін. Әрине, бұл жерде иттің итақайы қатыса алатын дүрмекке қатыспадым деп наз айтудан аулақпын Тек, "Той – тондынікі" деп бір жымиып қоясың. Сосын ойға батасың. Көз алдыңда бүкіл ғұмырың тізбектеліп өте бастағанда, санаңда Мұқағалидың "Сыбағам қайда" дейтін өлеңі жаңғырады. Сонан соң, Қасымның "Бермесең бермей-ақ, қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды" деген өлеңін еске аласың. Айтқандай, Қасымның заманында бір ғана астана - Алматы болып еді.Қазір, Құдайға шүкір екі астанамыз бар. Бүгінгі алаштың айбынына айналған Арқа төсіндегі Астанамыз - исі қазақтың көз куанышы, мерейі. Ал, Алматыны Тәуелсіздіктің негізі қаланған рухани астанамыз деп ардақ тұтамыз, қастерлейміз. Бірақ, несін жасырайын, осы екі қалама мен әлі өгей перзент сықылдымын.
Мұқағалидың:
Сараңданып, тағыланып барам ба,
Сен жаман ба, әлде өзім жаман ба.
Жолай алмай, жібі түзу адамға,
Сорым қайнап шынымен қалам ба,
Жалғызсырап мына думан заманда, - дегеніндей
қазақтың күні туған мына дулы-шулы заманда өзіңді "артық адам" сезіну қиынның қиыны екен? Осындайда ойға нешетүрлі келеді: былтыр бір кісі құдасының Астанада жиырма, Алматыда отыз пәтерінің бар екенін айтып мақтанып отырды. Астана түгілі Алматыда пәтерім жоқ байғұс басым әлгіге ештеңе дей алмадым. Ішімнен сол пәтерлерде қаншама қазақтың көз жасы бар деп ойладым. Еріксіз Алматы көшелерінде тентіреп жүріп, 57 пәтер ауыстырған марқұм Жұматай ақынның өлеңін есіме алдым:
Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем,
Бізге бақтың сірә, қолы жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген.
Жарайды, Жұматайдың дәуірін Совет заманы деп күстәналадық. Қасымның, Мұқағалидың, Жұматайдың өмірден жылап қайтқанын совет заманына, қала берді орысқа жаптық. Ал, енді қазір қазақ заманы ғой. Енді кімге жабамыз, кімнен көреміз? Кешегі таудай талантының қызығын көре алмай, дүниеден баз кешіп өткен Әмірхан Балқыбектің обалы кімге? Тағы қаншамызды осындай өлім күтіп тұр. Құнымызды кімнен сұраймыз! Сұрай алмайтын сияқтымыз ғой! Барлығы тойда жүр...
«Қажыма, ер көңілім болды, жетер...» (Сәкен).
(Ерлан Төлеутайдың фейсбуктегі парақшасынан алынды)