Сенбі, 23 Қараша 2024
Қорған 37019 1 пікір 4 Шілде, 2014 сағат 09:40

ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ ЖӘНЕ РАДИКАЛДЫ ИДЕОЛОГИЯ

Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.

«Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.

Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Рухани дағдарыс басымдық ала бастаған қазіргі әлемдік қауымдастықта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі табиғи түрде өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бір ерекшелігі, бәлкім, кемшілігі – барша қоғам мүшелерінің алаңдаушылығын туғызуы тиіс бұл тақырып негізінен дін қызметкерлерінің және белгілі бір дәрежеде мәдениеттанушылардың зерттеу-насихаттау нысаны болумен шектелуде.

            Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы.

Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр.

Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде.

Яғни қазір елімізде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген табиғи құлшыныс пен оны қоғам өмірінен ысырып тастауға деген жасанды талпыныс қатар жүруде. Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Үш ғасырлық отарлық және кеңестік саясат қысымында ұлттық мінезінен, санасынан, құндылықтарынан көз жазып қала жаздаған ұлт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тілін, тарихын, дәстүрін және дінін жаңғыртуға құлшына ұмтылды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, тіл төңірегінде атқарылған сан салалы жұмыстар, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу, ұлттық сайыстар ұйымдастыру, «Наурызды» халықтық мерекеге айналдыру, тарихи туындыларды жарыққа шығару, ұлт зиялыларын ақтау үдерісі, мешіттер мен медреселер жұмысын жандандыру, діни басылымдарды көбейту – тағы басқа сан жеткісіз іс-әрекеттер мен нәтижелер ұлттың өз болмысына оралуды аңсаған табиғи құлшынысынан туындап жатты.

Бірақ бұл құлшыныстарды нарықтық қатынастардың алғашқы ауыр кезеңі біршама көмескілендірді. Осы сындарлы сәтті тәуелсіздікпен бірге орныққан ашық шекара саясаты мен ашық ақпарат кеңістігін пайдаланып сыналап ене бастаған сыртқы күштер тиімді пайдаланды. Барлық ақпараттық және заңнамалық мүмкіндіктерді қалт жібермей қолдана отырып, жұртшылыққа жат идеологиялық бағдарлар мен құндылықтарды таңудың, дәстүрлі құндылықтарды өзгертудің белсенді әрекеті басталды. Қоғамдық құрылымның өзгеріп, нарықтық қатынастардың тереңдеуі салдарынан құндылықтық бағдарлардың дәстүрлі қалыптан ауытқуы үдерісіне қолдан қосылған ұлттық руханият саласында теріс мазмұнды ақпараттардың басымдық алуы үстелді.

Қоғам қажеттілігінен туындаған табиғи үдерістер мен сыртқы ықпалдың әсерінен қалыптасқан жасанды үдерістердің өзара қақтығысы қарапайым қоғам мүшелерінің санасында ақ пен қараны ажырата алмайтын сарсаң хәл туындатты. Мұндай жағдайда идеологиялық саланың мемлекет тарапынан толық бақылауға алынуы және ұлт зиялылары, зерттеуші ғалымдар, талдағыштар мен сарапшылар күшін біріктіре, тиімді пайдалана отырып, ортақ идеологиялық мақсатқа жегілуі, сол арқылы басымдық берілетін рухани-идеологиялық бағдарлардың айқындалып, қоғамға белсенді түрде енгізілуі қажет болатын. Бұл тұрғыда бірқатар шаралар атқарылғанымен, бүгінге дейін мемлекеттің стратегиялық-саяси жүйесінің қоғамның негізгі тұғыры саналатын дәстүрлі құндылықтар құбылысын жете бағаламауы және толық пайдалана білмеуі аңғарылуда. Соның салдарынан ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланыс шартты қатынастар аясында қалып отыр. Кез келген шетін құбылысқа қатысты мемлекет – реалды-саяси тұрғыдан, ал ғылыми қауымдастық құндылықтық-прагматикалық тұрғыдан пайымдап, әрекет етуде. Мемлекеттің саяси жүйесін ғылыми қауымдастықпен біріктіретін ортақ тұғырнама қалыптасқан жоқ. Тұжырымдамалық ұстанымдарды нақты айқындап алмаудың салдары әртүрлі науқандық идеялардың жетегінде кетуге себеп болып отыр.

Өз саясатына мығым өркениетті елдерде ғылым саясаттың алдында жүреді. Ішкі-сыртқы саясаттағы бағдарлар мен басымдықтарды дүниежүзілік тәжірибені сарапқа салып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ғылыми институттар айқындайды. Біздің еліміздің жағдайында адам факторының басымдық алуы, яғни белгілі бір тұлғалардың дербес зерттеулерінің, сыннан өтпеген сараптамаларының, объективтілігі мен субъективтілігі аралас талдамаларының негізінде идеологиялық-саяси көзқарастардың қалыптасуы және қоғамға кеңінен ұсынылуы орын алуда. Бұл ғылыми орта тарапынан да наразылық тудырып, соның салдарынан ғылыми пікірлердің бірнеше жікке бөлініп, ортақ ұстанымдардың орнықпауына соқтыруда. 

Айтылғандардың салдарынан көптеген шетін құбылыстарға, радикалды ағымдарға қатысты мемлекеттің кесімді сөзі айтылған жоқ. Дін саласындағы рухани бағдардың халыққа ұсынылмауы сенімсіздікпен, наразылықпен қоса адасушылықты да күшейтуде, басқаша айтқанда тыйым салмағанның бәрі рұқсат етілген нәрсе ретінде қабылдануда. Теория мен тәжірибе сәйкестендірілмеген және бірдей дәрежеде әрекет етпеген жағдайда оның нәтижесі әрекетсіздікке тең болып шығатынын ескеру қажет.

Бұл орайда да біз тарихи тәжірибемізден сабақ ала алмай отырмыз. Кешегі қазақ қоғамында да рухани-идеологиялық бағдарды айқындауда ұлт зиялылары мен рухани ұстаздары шешуші роль атқарды. Дін, ғылым, руханият сласындағы қажырлы ізденістерінің нәтижесін сана сүзгісінен өткізіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде ел жүрегіне жеткізіп беріп отырғандар солар еді. Ал халық бұл ілімді «жаман болады», «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген қысқа да нұсқа тыйымдарының аясына сыйғызып, ұрпақтан ұрпаққа шашау шығармай жеткізе білді. Дәстүрлі қоғамның дәстүрлі құндылықтары осылай қалыптасқан болатын.

            Бүгінгі экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға келгенде біз көп жағдайда құбылыстың себебімен де, өзімен де емес, салдарымен күресудеміз. Бұл – күрестің ең нәтижесіз жолы. Мемлекет өзінің ұстанымын тікелей емес, азаматтық қоғам өкілдері арқылы жеткізетіні және жүзеге асыратыны белгілі. Бұл орайда тағы да ғылыми қауымдастықтың ақыл-ой әлеуеті жеткілікті деңгейде пайдаланылмай отырғанына назар аударуға тура келеді. Радикалды идеологияның алдын алудағы және жалпы дін саласын реттеудегі негізгі назарды тұжырымдамалық-сараптамалық негізде идеологиялық бағдарды нақтылауға шоғырландыру – кезек күттірмейтін мәселе.

            Тағы бір сыннан өтпестен тәжірибеге ене бастаған сенімсіз қадам – дінге деген мемлекеттік көзқарасты ғылыми тұрғыда бекітудің орнына назардың зайырлылықты күшейуге аударылуында болып отыр. Бұл екеуі (дінге көзқарасты ғылыми тұрғыда бекіту мен зайырлылықтың күшейтілуі) бірінің орнына бірі жүргенде немесе бірі басыңқы, екіншісі бағыныңқы болғанда емес, тең дәрежеде әрекет еткенде ғана жемісін беретінін ұмытпау қажет. Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Оның екі үдеріске бірдей сұранысы бар. Зайырлылықты күшейтуге бағытталған қадамдар дінді әлсіретуге әсер етіп жатса, ол нағыз дінсіздік көрінісі ретінде қабылданып, елеулі наразылық тудырады. Зайырлылықты күшейту дінді әлсіретумен бір бола алмайды. Зайырлылықты қанша күшейтсек де, діни қызмет белсенді түрде жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, оны жай ғана қадағалау емес, сапалы және нәтижелі түрде қадағалау қажет. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті сапалы және нәтижелі түрде қадағалауды күшейту деп ұғынылуы қажет.

Дін мәселесі – рух мәселесі. Дін мәселесін дінилендіру де, зайырлыландыру да емес, руханиландыру қажет. Бізде осы мәселеге қатысты біржақты көзқарастар белең алуда. Дін мәселесін руханиландыру орнына зайырлыландыру кері нәтиже береді. Дін өлуі мүмкін, бірақ ешқашан зайырлыланбайды. Әр құбылысқа өз табиғатына сәйкес әдістеме қажет. Дінді руханиландыру арқылы мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпауымыз қажет.

Зайырлылық қағидаттарын жете түсіндіру діннің рухани мәдениет феномені екенін мойындаудың міндеттілігін тудырады. Яғни «Дін мемлекеттен бөлінген, ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді, барлық діни бірлестіктер заң алдында тең – зайырлылық дегеніміз осы» деген таптаурын анықтама жаһандану үдерісіне дендеп енген қоғамды қанағаттандырмайды. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Дін қоғамдық сана негіздерінің бірі, адам өміріне мағына мен руханилық дарытушы күш, рухани мәдениет феномені, адамзат болмысының айнымас қажеттілігі, ажырамас бөлшегі, табиғи болмысы ретінде толық мойындалғанда ғана оған қатысты стереотиптер мен әдістер өз-өзінен өзгереді, жанды, қоғаммен байланысы бар, рухтандырушы және руханиландырушы әдістемеге айналады, мемлекеттік институт пен дін институты арасындағы психологиялық кедергі жойылады. Дәл осы психологиялық кедергінің радикализацияға тірек болып отырғанын, сол мақсатқа белсенді түрде пайдаланылғанын есте тұту қажет. Радикализацияға тірек болатын құбылыстардан арылу – шын мәніндегі оның алдын алу шарасы болып табылады. Бұл орайда да дәстүрлі құндылықтарды тірек еткен кешегі қазақ қоғамында діннің діл (менталитет, болмыс, мәдениет) ретінде танылғанын, сондықтан да мемлекеттік мүдде мен діни мүдденің арасында қайшылық болмағанын назарда ұстау қажет.

Дін мен дәстүрлі құндылықтардың байланысы терең тамырлы. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды.

Ислам ілімі бойынша адам баласының бүкіл іс-әрекеттері үш топқа бөлінеді: ибадат, муамалат, ахуалу-шахсия. Ибадат (ғибадат) діндегі бүкіл ғибадат-құлшылықтарды қамтиды, ол толығымен сенім негіздеріне қатысты болады. Ал муамалат (мәміле) қаржылық, сауда-экономикалық, еңбек және басқа да қоғамдық қатынастарды, ахуалу-шахсия (жеке бас жағдайлары) отбасылық және жеке басқа қатысты басқа да азаматтық хал-ахуалдарды қамтиды. Ислам ілімінде бұл аталғандар ақида, фикһ және ахлақ салаларына жіктеліп қарастырылады. Соның ішінде соңғы екеуі – фикһ және ахлақ толығымен рухани-моральдық құндылықтарға негізделеді. Демек, дін тек сеніммен ғана емес, рухани құндылықтармен де тығыз байланысты. Сондықтан да қазақ «иманды» деп барлық адами ізгі қасиеттерді бойына жинақтаған рухани деңгейі жоғары тұлғаны айтады. Мұхаммед пайғамбардың: «Мен көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін жіберілгенмін» деген хадисі де рухани-моралдық құндылықтардың діндегі ерекше орнын айғақтайды.            

Дәстүрлі діни сананың ерекшеліктерін зерделеп, танымай тұрып, оған қатысты тиімді ықпал ету тетіктерін қалыптастыру мүмкін емес. Зерттеушілер діни сананы тұрмыстық, тәжірибелік, кәсіби деген үш түрге бөліп қарастырады. Ал қазақы болмысқа келсек, тұрмыстық және тәжірибелік діни сананың астасып жатқанын, олардың кәсіби діни санадан бастау алып, күнделікті тіршілікке тереңдей енгенін аңғаруға болады. Яғни қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болатын. Бұл жерде өздері қол жеткізген кәсіби діни сана арқылы исламның негізгі қағидаларын халықтың жүрегіне жақын, санасына қонымды тілмен түсінікті етіп жеткізе білген ұлттың ағартушы ұстаздары мен дін ғұламаларының үлесі зор. Солардың ерен еңбегінің нәтижесінде қазақ халқы исламның рухын сезініп, жанымен қабылдады. Дін қағидаларын халқымыз әрбір мақал-мәтеліне, аңыз-әңгімесіне, жыр-дастанына, ертегісіне, шешендік сөзіне, даналық нақылына, тұрмыс-салт өлеңдеріне сіңіріп, күнделікті тұрмысында басшылыққа алар рухани және имани құндылықтарына айналдырды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері оның рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты.

Осы орайда бір нәрсені ескеру қажет. Егер ислам қазақ даласына қазіргі радикалды ағым өкілдерінің: «Құран мен сүннеттен басқаның бәрін тәрк етесің, тарихыңнан тамырыңды үзесің, мәдениетіңе балта шабасың, дәстүріңді дінсіздік деп танисың, тарихың бізден басталады» деген агрессияшыл ұстанымдарымен келген болса, ондай дінді ешбір халық қабылдамас еді. Ислам қазақ жеріне өзінің шынайы болмысымен – кеңдігімен, ізгілігімен, мәмілегерлігімен, бейбітсүйгіштігімен және ең бастысы – тазалығымен келді. Сонысымен де ол ұлт болмысына сіңді, оның құндылықтар жүйесін құраған рухани өзекке айналды.

Дін атын жамылып, дәстүрлі құндылықтарға сына қағып жүрген қазіргі жат ағымдардың ең қатерлісі – дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырып, радикалды шетін көзқарастарды насихаттап жүрген, қазақтың дәстүрін дініне қарсы қойып, мұсылмандығын жоққа шығарғысы келетін ислам атын жамылған ағымдар. Радикалды ағымдардың бұл бағыттағы әрекеттері мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісінен көрініс табуда. Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару, халықты дінсіздікке шақырып жүрген «тәңіршілдік» ағымы туралы жалған дақпырт тарату, қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу, қабір зияраты әдебін Аллаға серік қосу күнәсімен байланыстыру, кеңестік кезеңді рухани тұлдыр дәуір ретінде таныту – осының барлығы қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған астыртын арандатушы әрекеттер болып табылады.

Бұл әрекеттерді жүзеге асырушы салафилік өкілдері қазір өздерінің діни негіздегі алауыздық тудыратын осындай шетін ұстанымдарын және содан туындаған тәкфіршілік-жиһадшылық идеяларын тек тәкфіршілік ағымына аударып, тәкфіршілікті бастауы бөлек басқа ағым ретінде танытуға, ал өздерін ақида мәселесімен ғана шектелетін бейбіт те байсалды ағым етіп көрсетуге әрекет етуде. Яғни барлық шетін көзқарастар мен экстремистік идеяларды тәкфіршілікке аудару арқылы өздерін ақтап алудың жаңа әдістемесін жүзеге асыруда. Бірақ жоғарыда санамаланған шетін ұстанымдарды былай қойғанда, қазақ қоғамының мың жыл бойы орныққан ақидасына (сенім негіздеріне) ауыз салғысы келетін салафилік дәстүрлі қоғамға іріткі салатын алауызшыл ағым болып табылады. Мұндай ағым ешқашан бейбіт те, байсалды да бола алмайды.

Ал тәкфіршілікке тыйым салу талпынысы саяси ойындарға алдануға соқтырады. Мұндай тыйымның радикалды ағымдарды бөлшектеп болса да еңсере беруге ықпал етуі мүмкін, бірақ ол болашақта басқа шетін көзқарастағы ағымдарға, негізінен салафилікке тыйым салуға мүмкіндік қалдырмайды. Себебі барлық айыптар мен іріткі салушы көзқарастар тәкфіршілікке аударылғаннан кейін салафилікке сын айтуға негіз қалмайды. Тәкфіршілік – салафиліктің бел баласы. Баласын соттап, оны солай тәрбиелеген әкесінің емін-еркін басқа да лаңкестерді тәрбиелей беруіне жол беру, «қалыпты» салафилер бар деп білу – ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру мақсатында жасалған арнайы жобаның астыртын идеологиясына илану болып табылады. Тәкфіршілікті салафиліктен бөліп алып, жеке-дара үкім шығаруға болмайды. Салафилік және онымен тамырлас тәкфіршілік, мадхалиттік, сурурилік, т.б. радикалды ағымдар бір өлшеммен қаралуы қажет.

Салафиліктің жаңа бір әдістемелік көзқарасы – күні бүгінге дейін өздері мойындамай келген қазақ халқының ежелден мұсылман екенін тану (мойындау), соның негізінде исламнан тыс өмір сүрудің мүмкін еместігіне сендіре отырып, исламдық мемлекет формасын насихаттау. Сонымен бір мезгілде исламның жергілікті өмір сүру формасын надандық ретінде танытатын идеяларды астыртын сіңіре отырып, дін тазасын салафилер әкелгендігіне деген сенімді орнықтыру жалғастырылуда. Бұл орайда олар «мұсылман қазақ, христиан қазақ болып қатар өмір сүру мүмкін болмайды, бұл міндетті түрде ішкі соғысқа, апатқа алып келеді» деген идеяны сіңіруге тырысады. Мұндай құбылыстың салдарын оң бағалау расында да мүмкін болып табылмайды, бірақ бұл идеяны олар қазақтың мұсылмандығын сақтау мүддесіне емес, көпдінділік апатымен үркіту арқылы исламдық мемлекет формасын идеалдандыруға пайдалануда.

Дін атын жамылған радикалды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер тұрғын халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей идеология ретінде әрекет ететіндіктен оларға қарсы күрестің жалғыз жолы да тек идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.

      Радикалды ағымдар идеологиясының алдын алу жолдары олардың өз әдістемесіне сәйкес қалыптасуы қажет. Кез келген жаңа діни ағым қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және ұлттық құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін береді. Ал оның радикалды идеологияға арбалуы тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарларға соқтырады. Сондықтан біз үшін уақыт сынынан өтіп, ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. «Уды у қайтарады» ұстанымы бойынша, радикалды ағымдардың ауыз салатыны дәстүрлі құндылықтар болғандықтан, алдын алу жұмыстарының ең белсенді әрі ықпалдысы – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.

      Бұл орайда біріншіден, ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, радикалды идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш – біздің қазақы мұсылмандығымыз. Біздің қоғам ең алдымен өзінің мың жылдық мұсылмандық тәжірибесін – халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған рухани құндылықтарын жаңғыртып, жандандырып, қоғам өміріне кеңінен енгізуі қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияға тосқауыл қоюға болады.

      Екіншіден, әрбір ұлттың дәстүрлі рухани құндылықтарының сан ғасырлық уақыт сынынан өтіп, дәстүрлі қоғамды қалыптастырғаны, оның рухани бағдарларын айқындап, идеологиялық тұтастандыру және қоғамдық реттеу қызметін атқарғаны белгілі. Жасампаз дәстүрлі құндылықтардың алдағы уақытта да қазақстандық қоғам тұрақтылығына тірек болып, оның өміршеңдігіне септесері сөзсіз. Дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту жалпы жұртшылықтың, әсіресе жастардың теріс пиғылды ағымдардан берік қорғалған, психологиялық өңдеуге берілмейтін, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитеті мықты болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды идеологиялық құрал болып табылатыны сөзсіз. Сонымен қатар бұл тек діни саланы реттеу қажеттілігіне ғана емес, жалпы қоғам өміріне бағдар болатын көнермейтін, мәңгілік адамгершілік-өнегелік құндылықтарды қайта сараптап, жұртшылыққа ұсыну, қолданысқа енгізу қажеттілігіне де қызмет етеді.

Үшіншіден, кез келген тұлға дінді жеке-дара сенім күйінде емес, барша рухани құндылықтармен, тұлғалық ұстанымдармен, өмір сүру салтымен тұтастықта қабылдайды. Осы негізде діннің өмір сүру формасы болып табылатын дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғыртуды мектеп қабырғасынан бастап жүзеге асыру рухани деңгейі жоғары, зайырлы, зияткер (интеллектуал), толыққанды тұлғалардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Мұндай аудитория ел халқының басым көпшілігін құрайтындықтан олар қоғамдық ойдың қозғаушы күші саналады. Олар берік идеологиялық шеп ретінде қалыптаса келе өздерімен салыстырғанда аз санды болып табылатын теріс пиғылды, радикалды идеологияны ұстанушыларды сіңіріп алатын негізгі басымдыққа айнала алады.

Төртіншіден, діни кітаптарға канондық мәтін ретінде емес, рухани тәрбие көздері ретінде қарау қажет. Осы тұрғыдан оларды шығаруға мемлекеттің мүдделі болуы және үлес қосуы – ішкі саясат тұрғысынан болсын, зайырлылыққа тән рухани-моральдық қағидаттар тұрғысынан болсын – заңды құбылыс. Тұрғын халықта тұрақты діни сана қалыптасқанға дейінгі таяу онжылдықтарда бұл мәселені мүдделі емес мекемелердің немесе діни бірлестіктердің қолына беріп қоюға болмайды. Ұлт руханиятын қалпына келтіруді мемлекет қана жүзеге асыра алады.

Бесіншіден, рухани тәрбие ошағы болып табылатын діни оқу орындарын дамытуды рухани тәрбиені сапалы негізге көшіру ретінде қарастырған жөн. Оларға мән бермеу және негізгі бақылауды мүдделі мемлекеттік орган назарынан тыс қалдыру – қолдағы үлкен күштен айрылу және сол күшті мүдделі тараптардың еркін пайдалануына, мүдделі емес тараптардың немқұрайды халге түсіруіне жол ашу болмақ. Дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек – өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Осы ықыласты тиісті арнаға бұрудың пәрменді тетігі ретінде діни оқу орындарын пайдалану қажет. Олардың қызметін реттеу – мемлекеттің мүддесін бекіте түсу деген сөз.

Алтыншыдан, дін мәселесін тіл мәселесінен бөлек қарастырмау керек. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет жоғалады. Тілді тірілтсек, дәстүрлі рухани құндылықтарды тірілтеміз. Дәстүрлі құндылықтар ұлттық болмысты, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ.

Жетіншіден, қазақтың мәмілегерлігі – шарасыз көнбістік емес, парасатты мәмілегерлік; ғасырлар тәжірибесі негізінде қалыптасқан өмір сүру өнері, әдебі, мәдениеті. Мәмілегерлік келісімге қарай бір қадам артық жасаудан танылады. Бірақ мәмілегерлік – момындық та, төзімділік те емес. Ол – кеңдік (дүниетанымның, ой-өрістің, пайымдау қабілетінің кеңдігі), келісімпаздық, бейбітсүйгіштік, дархандық, жан жомарттығы секілді абзал қасиеттердің жиынтығы. Оның шегі «Ашылып келгенге алақан, жұмылып келгенге жұдырық» қағидатымен белгіленген. Біздің толеранттылық туралы идеямыз – тың идея емес, ұлт болмысына сіңіп, тамырланған өміршең идея. Бірақ толеранттылықты төзімділікпен шатастырып, жасампаз идеяны жаттың мүддесіне қызмет ететін жалған идеяға айналдырудан сақ болуымыз қажет.

Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы ретінде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың маңызы өлшеусіз. Дәстүрлі құндылықтарынан – рухани тамырынан қол үзбеген қазіргі қазақ қоғамының ішкі әлеуеті – біздің радикалды ағымдармен күрестегі негізгі күшіміз әрі үмітіміз.

А.Әбдірәсілқызы, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі, филол. ғ. к.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347