Жұма, 22 Қараша 2024
Қорған 10343 0 пікір 1 Шілде, 2014 сағат 10:35

ШӘКӘРІМ АТАМЫЗДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН САУАЛДАР...

Бүгінде егемендігіміздің бізге берген еншісі болса керек, Шәкәрім атамыздың өскен ортасы мен уақыты, саяси, әлеуметтік жағдайы, алған білімі мен танымы туралы аз жазылып, сызылып жатқан жоқ. Әйтсе де бүгінгі жазылғандардың бәрін Шәкәрімнің ойлау жүйесіндегі арнаны сол өзіндік болмыстық мәнде  танытып жатыр дей алмас едім. Бұлай деуіме себеп көп. Бірақ бұл жерде айтайын дегенім себептер емес, Шәкәрімнің өз уақыты мен кеңістігі, соның ішіндегі сырлы әлем – адам деген мұхиттың мәні мен мақсатына көңіл бөлгендігіне тоқталмақпын.

Жалпы осы Шәкәрім сұрақтарына біздің еліміз егемендік алғаннан кейін ғана бет бұра бастады. Себебі сұрақ бесеу болғанымен, оның мәні біреу болатын. Ол мән – Алланың ақиқатына негізделген еді. Өзіңіз саралап қараңыз, сұрақтар тізбектелген ойды, танымдық ортақ негізді, қалыптасқан дүниетанымдық философиялық шындықты, оның адамзат тарихындағы тағылымдық, тәжірибелік сыналған ақиқатына шақырып тұрғандай болады.  Шәкәрім атамыз өз заманындағы тіршіліктің «мәні» мен уақытының алды белгісіз «шындығына» сынмен, сұрақпен қарайды. Ал, жалпы оның өмір сүрген заманының «мәні» мен «шындығы» не еді? Бәрімізге белгілі болғандай, адамзат өзінің рухани тарихында үлкен жолайырықта қалды. Өткен тарихы мен тәжірибесінен бас тартып, яғни бұрынғы «мән» мен «шындық» орнына «жалған құдайлар мен жалған пайғамбарлардың» мәні мен шындығын қабылдатуға тырысқан идеологиялар белең алды. Алла мен адам арасына сына қығылып, орнына небір теориялар мен «измдер», құдайлық жүйенің орнын ала бастады.

Міне, Шәкәрім атамыз өзінің анық иманымен, танымымен, артына қалдырған аманат сұрақтарымен өз дәуірінің шындығына қарсы тұрған дана, әулие. Өзінің айнымас, иакини тұғырынан таймады. Сол мінезі, тұлғасы арқылы, елді иманға, дінге, түпнегізден айнымауға үндеді. Себебі оның қойған сұрақтарына жоғарыдағы «теориялар» мен «измдердің платформасы» жауап бере алмайтын. Ол қандай теориялар мен измдер еді? Позитивизм, Гуманизм, Зкзистенциализм, Фрейдизм, Дарвинизм, Атеизм, Материализм, Марксизм  және осылай жалғасып кете береді.Ол платформаларда "Ақыл" дара құдайға айналдырылды. Батыстық рационализм мода болды. Яғни құдайдың орнын Адам басты. Құдайға, жанға, сырға жалпы метафизикаға қатысты барлық шындық жоққа шығарылды. Бұл теориялар да Батыстық диалектикалық үштіктер негізінде орнықты. Адамның өмір сүруінің мәні де, мына дүниенің шындығы да бос болып шықты. Адам ет пен сүйектен ғана жаралған. Мына дүниеде ешқандай хикмет те шындық та жоқ. Ал Шәкәрім атамыздың дүниетанымында, бұрын адамның да, дүниенің де мәні Алладан табылатын. Оны адам ақылмен, ұжданмен табуға тырысатын. Адам ақиқатты іздеуші болатын. Шәкәрім атамыз тек оларға ғана емес, сол кезде де ислам әлемінде орнығып келе жатқан «Батыстық аурулардың» ішіндегі ең қауіптісі – уахабилерге де қарсы шықты. Батыстық ауру деп біз бұл арада   «ақылды» жоққа шығарып, «нақылды» Аллаға айналдырған, Уахабилердің диалектикалық «таймияшы үштік» негізінің кешегі Батыстық теориялар мен измдерден жұққандығын айтып отырмыз. Қазіргі уахабилердің диалектикасында адамның мәні мен дүниенің шындығы Аллада емес (Филлаһ), Алладан келген (аниллиһ) нақылда жатыр. Енді адам мән іздеуші, ұждан иесі емес, керісінше, нақылдың әрпіне таңылған құбыжыққа, роботқа айналды. Ол деген сөз адам ақылы, еркі, қалау еркіндігі, ойлауы жоққа шығарылып жатыр деген сөз. Бұл илахи хикметті жоққа шығару, яки Алла мен адам арасына делдалдық жасау деген сөз. Бұдан өткен "ширк" жоқ. Бүгін біздің қоғам, жалпы әлем осындай «ифрат пен тафрит» арасында тұншығып жатыр. Болуы тиіс мәселе тұтастық, таухидтің тарихи қалыптасқан танымы мен мәніне оралу. Мәнді «Алладан» табу және «Алладан» сезіну.

 Сондықтан Шәкәрім атамыздың сұрақтарына өзінің танымдық тұғырларымен ғана жауап беруге болады деп есептеймін. «Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?», «Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?», «Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?», «Ең жақсы адам не қылған кісі?», «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?»

Әрі қарай талдап көрейік… Негізінен сұрақ оның сұраулы сөйлемінен емес, сол сөйлемдегі ұғымдардан, түсініктерден, танымдардан тұрады. Сұрақтағы Алла, адам, жаратылыс, мақсат, тіршілік, өлім, ақырет, ізгілік, ахлақ мәселелері Шәкәрім заманында өңі қашып, теріс түсіндіріліп жатты. Оған жоғарыда тоқталдық. Алла болса да жоққа шығарылды; адам - детерминизмнің құрбаны, маймылдан жаралып, диалектикалық шарықтау шыңына жеткен жәндік; жаратылыс - жоқ, бәрі өздігінен; мақсат - еркіндік, онда да Алладан, діни соқыр сенімнен алыстаған сайын еркіндікке жетеді деп түсіндірілді; өлім - жан мен тәннің айрылуы емес, материяға айналдыратын үрей, суицидтің көзі; ақырет - жоқ; ізгілік - гуманизмнің өлшемі; ахлақ - қоғамдық кодекс қана...

Енді осы ұстанымдарға Шәкәрім атамыз өзі қалай жауап береді екен, соған назар аударайық. Шәкәрім дүниетанымында жаратылыс мәселесі де Алланың хикметімен тығыз байланыста қарастырылады. Оның ілімінің өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымдары тұрғысынан қарағанымызда одан жаратылыс, болмыс, рух және т.б. түсініктер мен негізгі ұстындық концепцияларды талдағанда жаратылыс дегеніміз – сынақ деп тұжырымдауға болады. “Хайуандар мен Ақымақтар” деген өлеңінде, Осы бүкіл жаратылған әлемнің адам үшін екенін біл. Тәңір-ерік, ақыл берген. Жарату себебі-сынау үшін деп ескертеді. Шәкәрім дүниетанымында Алла адамды “жоқтан” жаратқан және өзінің жауһарынан (затынан)  “үрлеген” болып, тікелей субстанциялық тұтастықта қарастырылмайды. Сопылық дүниетаным рухтың бастапқы “бірлік” хәлінен (рухтың рухани әлемдегі Алламен бірге болу хәлі) физикалық әлемге жіберілу құбылысын айрылысу немесе сынақ ретінде таниды.

Сопылық дүниетанымда жаратылыс туралы ең кең жайылған түсінік Алланың “Мен құпия қазына едім. Танылғым келді. Махлуқатты (жаратылған әлемді) өзімнің танылуым үшін жараттым” мазмұнындағы хадиске негізделген. Ал, адам болса, барлық болмыстардың ішінде  “Алланың дидарын” өзінің көркемдігімен, әсемдігімен және ұлылығымен әлдеқайда тұтас көрсететін айна. Әлем есепсіз феномендерден (касраттан) тұрады. Әлемдегі әрбір болмыс құдайлық бірліктің (илаһи уахидийиат) дәлелі болып, Алла әлемде бірдей уақытта көрініс (тажалли етеді) береді. Осы әлемнің ақиқаты Лахут (құдайлық) әлемде жинақталған. Құдайлық ұстындар немесе ақиқаттар (айани сабита), осы әлемде көрініс бермей тұрып “жоқ” болатын. Міне, сондықтан да Шәкәрімнің “О баста жоқты бар қылған, жоқтан болмыстарды жаратқан – жан болатын. Қозғалысқа енгізген қуатты мейлі жан де, мейлі “мән” де-әлемді сол мән жаратқан» -деген түсінігі Құранның “жоқтан жарату” (ex nіhіlo) ұстанымына сай келеді.

 Исламда Алла үздіксіз жарату үстіндегі ең белсенді, әрдайым ықпал етуші абсолюттік құдірет иесі.  Яғни, әлем белгілі бір уақытта Алла тарапынан жаратылған және бұл жаратылыс әрбір уақыт пен кеңістік ішінде үздіксіз жалғасып жатады.

Ислам философиясы бойынша, адам өзіндік мақсаты бар, мойнына парыз міндеттенген, жауапкершілік тасушы яғни, еркіндікке ие болмыс ретінде жаратылған. Демек, адамның жаратылуында мақсат бар. Яғни, адамның жаратылыс мақсаты – құлдық. Құлдық махаббат және ықыласпен жасалғанда ғана мәнді болады. Ол мән Алланы танумен ашылады. Шәкәрім “Ақиқатты (Шынды) білгің келсе, алдыменен “жанды” біл”-деуі де сондықтан болу керек.

Шәкәрім шығармаларында Тәңірдің жаратқан әлемінің барлығы “жанды” яғни, Жаратылған болмыстардың бәрінде мән, мазмұн бар. Осы бүкіл жаратылған әлемді Алла адам үшін бар қылды. Тәңір адамға ерік, ақыл беру арқылы өзінің жарату себебінің сынақ екендігін ескертті. Сынақ алаңы да адамның тіршілік ету алаңы – осы дүние. Сондықтан дүниенің сұмдығы жоқ, жазасы жоқ - ол Алланың жаратқаны. Алланың жаратқанын сөгу -тағдырға наразылық. Өйткені, сені алдаған өмір де емес, дүние де емес, ол -өзін өзі алдап жүрген адамның өзі. Дүниені, өмірді жамандатқан – өзіңнің көз тоймастығың, өлмейтіндей, өшпейтіндей, қартаймайтындай болып, қамданбай, сақтанбай жүруің.

Тағы бір шығармасында Шәкәрім «денешіл (материалист), пәншіл (философтар) кеселдердің «дәлелсіз сөзбен» негіздерін сынайды. Ол жан жоқ деген Август Конттың (1797-1857) дәлелсіз сөздері болатын. Бұған Шәкәрім шығармаларында «Қайдан Келдім, Мақсатым не? (Пайдам не?), өлгеннен соң не болам?» деп, жаратылыс жұмбағының өлшеусіз сыр екенін толғайды. «Құдай жоқ, қиямет жоқ десең-дағы, Арың, Ынсап-мойындап, мақұл деп тұрған жоқ па?» деп, А.Контқа өзі жауап береді. Ұжданды адам-өлген соң тірілмеймін деп ойлап, Ыразы қылам дей-тұғын Құдайы да жоқ, сонда да ар деп, ынсап деп, азап шегеді. Осыны терең ойланайық, ол сорлыны осы азапқа итерген, қандай күш? Оның мақсаты «Өлген соң жұрт мақтасын дей ме мені?»-Ал, жұрт мақтасын деу-барып тұрған жаман іс, риякерлік емес пе? Осы ісіммен ел түзеймін деп, сол жолда өзін құрбан қыламын дер. Бірақ, оның пайдасы не? Адал жолда өлгеннің-арманы жоқ дегені-“құрғақ мақтан” емес пе? Ар, ынсаптың құмары осы-ақ бола қойсын, ал зұлымдықтың құмары не? Зұлымдық пен Ар, ынсап екеуі ерегіскен екі дұшпан, артында рахат та жоқ, азап та жоқ, ақыл-зұлымдықтан қалай жиренеді? Ар, ынсаптың-жақсы істен үміті не? Ел түзелсе, өлген соң, оған не пайда? Дін үшін емес, тыныш өмірі үшін де емес,  өлгеннен соң атым тарихта қалсын деп арпалыса ма? Бұған ақылым тоймайды. Жан мәңгілік жоғалмайды. Жан-екі өмірдің азығы-ұждан, ар, ынсаптың пайдасын сезінеді. Жан өлген соң мәңгілікке қауышып “бәйге аларын” біледі. Ұжданның осы сырына қанықпаған ақ жүрек адал ниет бола алмайды. Егер жан жоғалып, өлетін, жойылатын болса, сый алмайтын болса ақ, арам, ұждан, зұлым деп айырып, мынау жаман мынау жақсы деудің мәні жоқ. Әлемдегі діндердің түп мақсұты үшеу: “Құдай бар”, “Ұждан дұрыс”, “Қиямет шын” дегендегі осы үш анығы да өз сұрақтарын жауаптандыруының жемісі болса керек. Діннің мақсаты - адамды бауырластыққа шақырып, туыс қылу. Құдай анық, сондықтан “ақ жүрек” пен “зиянкесті” сынау үшін бейіс, тозағын жаратқан. Бірақ бұларды “Соқыр ойлы” “бір езу”-өзімшіл жан-қанша ғылым білсе де, ұға алмайды.

Сана болмысты билейді, яғни, жан тәннің билеушісі. Діншілдер, анықты білмес-күншілдер “Жаныңды жолдан қосты” деп, Шариғат айтып күңкілдер. Құран “рух” тәнге Алла тарапына үрленген. Осыны калам ғылымы, фиқхшылар, рухты кейіннен жаратылған” дейді. Мағынасын анық біле алмай “рух” деген сөзді “жан” дейді.

Шәкәрім, Рух пен жанды екі түрлі, бөлек болмыс деп қарайды. Рух-таза ақыл. Бұл Шын, мінсіз-Тәңірдің ісі. Оны айуандағы ақылмен шатастыруға болмайды. Рухсыз жанды-нәпсі дейді. Мұны “бір езу”-пәнші (жаратылыстану, философия) мен дінші (шариғатшы, молдалар) тыңдамас. Пәнші мен дінші-анық, таза ақылға жүгінбей, ноқтадан (тар қалыптан) басын ала алмас. Таза ақыл-ақты барлайды, “танитын жанға” кез болса, Хақиқат жерде қалмайды. Міне осы жолдардан-ақ Шәкәрім атамыздың «Білімділерге бес сауалын» алдымен өзі саралап алып, өз қанағатына басқалардың ойын білгісі келеді.

Өмірді-босқа өткізудің арты өкініш. Сондықтан ерік жігер барда өмірді тану керек. Өмірді-орынды, мәнді өткізсең, ол-өлмес дәрі. Сондықтан баста ми, бетте ар барда-өмірдің қасиетін білу керек. Өмірдің қасиетін білу –естілік.

Өмірді өкінбей, мәнді қылып өткізудің айласы-қиянатсыз, ой тазалығы, мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, осылар адамның тату-досы, шарасы. Өмірден мақсұт-хақиқатты табу, нәпсіге ермеу, оны жою. Ерсең-ол сені отқа салады. Өмір түбі-өлім. Өзгермейтін, өлмейтін өмірді талап етемін.

Адамшылық - хайуаннан артық болу, яғни, аяушылық, мейірім, өмірдің өткінші екенін білу, жығылғанға, жылағанға жәрдем ету, мархаббатты болу-кемел-адамшылық”-дейді. Адамшылық негізі-өнер мен білім.

Адамшылық-өтірік, алдамау, біреуге қиянат қылмау, Ар, Ынсаптың сүйгені-таза жұмыс. “Ақ жүрек”, “Таза ақыл”, “Адал еңбек”-кейінгіге жол көрсететін үш-анық-хақиқат. “Тіршілікті жақсы өткізудің һәм соңыра пайдасын көрудің жалғыз жолы бар: Ол жол жалғыз ғана өзіңді жақсы көріп, жалғыз ғана өз пайдаңды ойлаумен табылмайды. Барша жан иесіне шын жаның ашып, шын махаббат етумен табылады.

Досай Кенжетай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5291