Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 8192 0 пікір 30 Маусым, 2014 сағат 16:36

АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ СПЕКТАКЛЬ

Еліміздің бас қаласы – Астана күні мерекесі қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» студенттік театры ұжымы белгілі драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы Жұматтың «Мұңмен алысқан адам» атты спектаклін ағылшын тілінде сахналады. Аталған спектакль жыл басынан бері Қостанай, Семей театрларында қойылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, аншлагпен өткен болатын. Оның үстіне Қостанай облыстық қазақ драма театры сол қойылымды сәуір айында Елордамызға гастрольдік сапармен алып келіп, талғампаз қауымның назарына ұсынып, қойылым көрермендердің көңілінен шыққан еді.

Енді, міне, сол спектакль университеттің өнерпаз жастарының ынта-жігерімен ағылшын тілінде сахнаға шығарылуы үлкен мәдени жаңалық болды. Бұл автордың мерейі ғана емес, бүкіл қазақ драматургиясы, қазақ өнері үшін де үлкен жетістік десе болады. Мұны тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен еліміздің рухани табыстарының бірі, Елбасымыздың «үш тұғырлы тіл» идеясының іске асқан бір сәті. Біз шетел классиктерінің драмаларын ана тілімізге көптеп аударып, жиі-жиі сахналап келеміз, ал енді төл туындымызды шетел тілдеріне аударып - көрсету – көркемдік көкжиегімізді кеңітетіні сөзсіз. Бұл ретте кәсіби театр емес, жастарымыздың өзі талпынып, драматургтің осы шығармасын таңдап алып, оны ағылшын тілінде сәтті қойып шығуы қуана қостауды қажет етеді. Туындының тағы бір ерекшелігі, оның тақырыбының өзі шетелде тұрып қалған қандастарымыздың тағдырымен тығыз байланысты. Оқырманға түсінікті болуы үшін түйіндеп айтар болсақ, олардың тағдыры, спектакльде көтерілген мәселе былайша өрбиді. 

Тағдыр тәлкегімен 20 ғасырдың 30-жылдары шетелге әке-шешесімен бірге кетіп қалған жас Асанның арада 70-80 жыл өткенде туған елін сағынып-аңсауы, қазақ топырағына қайтуды арман етуі өзек болған. Францияның Париж қаласының түбіндегі бір провинцияда ұзақ жыл мекендеп тұрып қалған қария өз ұлдары Марат пен Елжанға «мені туған жерге алып барыңдар» деп өтініш айтады. Міне, осы тұста шетелше тәрбиеленіп, шетелше білім алған Марат пен аз да болса кеудесінде қазаққа деген шынайы сезімі бар Елжан арасындағы пікір тайталасы басталып жүре береді. Ақыры Елжан өз дегенін істеп, Асанды Қазақстанға жеткізеді. Алайда, қазақ жерінде алғаш жолыққан бір азаматтың өте ащы, ауыр сөздері (бүгінгі қазақтың басындағы түрлі кемшіліктер туралы айтқаны) Асан шалдың кеудесіне инедей қадалады... Пьесаның айтар ойы – туған елді сүю, оны құрметтеу.

Кешке сыртқы істер, мәдениет және білім министрлігінің, ақпарат агенттігінің өкілдері, сондай-ақ шетелдік елшіліктің жауапты қызметкерлері қатысып, шет тілді шебер меңгерген жас өнерпаз ұжымның өнеріне тәнті болды. Көрермендер қоюшы режиссер Жамбыл Тілепов, көркемдік жетекші Есбол Төкеев, жарықпен және дыбыспен көркемдеуші Ерхан Ордабаев, сол секілді жас актерлер Дәуір Нұрболатов, Аманбек Мағзұмхан, Анар Ізет, Дана Жанабекқызы, Есбол Төкеев, Айнұр Әлібекқызы, Алдияр Жапархановтардың өнерлеріне өз ризашылықтарын білдірді.

–Біз бұл қойылымды алдағы уақытта Астанадағы барша шетелдік елшілердің қатысуымен сахналанғанын қалаймыз, оны болашақта шетелдерге ұялмай алып баруға болатынын да байқадық,–дейді Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Р. Василенко.

Осындай жастардың жаңа бастамасы өз жалғасын тапса, нұр үстіне нұр.

 

Айнұр Найманбай,

мәдениеттанушы   

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036