Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 13491 0 пікір 28 Мамыр, 2014 сағат 12:07

Жер дауы: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНЕ АШЫҚ ХАТ

Баспана  - қазақтың жанды жері. Әсіресе, ірі қалалардың маңына қоныстанғандардың жер мәселесі әлі күнге күрмеуі қиын мәселе болып тұр. Міне, Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Кемертоған елді-мекенінде тағы да жер дауы шықты. Бала-шағасының аузынан жырып, несие алып, алақандай жер теліміне үй салған жұрт ауыл ішіне түсетін жолдардың кесірінен баспанамыз күреліп, жерімізден айырыламыз ба деп жанын шүберекке түйіп отыр. Алаңдаулы. 5-10 соттық жерін қорғау үшін неге де болса баруға дайын.

Төменде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Кемертоған ауылы, Жаңа құрылыс тұрғындарының облыс әкіміне жазған ашық хатын жария етіп отырмыз. Облыс басшлығы мәселені ушықтырмай шешеді деген сенімдеміз.

Abai.kz

 

 

 

Алматы облысының әкімі

А.Т. МҰСАХАНОВ мырзаға

Алматы облысы, Қарасай ауданы,

Кемертоған ауылы

Жаңа құрылыс тұрғындарынан

 

Құрметті Аңсар Тұрсынханұлы!

Біздің Сізге осы хатты жазудағы басты мақсатымыз – жер мәселесі! Біз жер телімдерін (06, 08, 10 сотық (шаруашылық мақсатындағы) сатып алған едік (басып алған жоқпыз). Әу баста, сатып аларда Қарасай ауданы «Жер қатынастары бөлімі» және «Сәулет, құрылыс және құрылыс бөлімі» мекемелерінен анықтағанда алған жерлерімізде жоспар бойынша ешқандай басып өтетін жол түсетіндігі туралы мәлімет болмаған еді. Біз ондай көңіл алаңдатарлық болмаған соң, әркім қал-қадірімізше, шама-шарқымызша басымызға пана салып алдық (Үлкен коттедж үйлер емес, әрине). Кейбіреулеріміз үйдің іргетасын қалап, жарым-жартысын ғана бітірсек, енді біреулеріміз кішігірім үй салып, көрпемізге қарай көсіліп жаттық. Біреулер – жиған-тергеніне, біреулер – ағайынға қауғаланып қарыздандық. Тіпті болмаған соң, банкке белшеден батып несие алып салғанымыз тағы бар. Қысқасы, қара суды қаймақ етіп, бала-шағаның аузынан жырып, енді-енді етек-жеңімізді жинап келе жатқан сияқты едік...

Ал енді биыл жағдай басқаша болып тұр. Маңайымыздағы шаруашылық мақсаттағы жер телімдеріне үй салып алған басқа да көршілерімізге жерлерін заңдастыруға аудандық жоғарыда аталған мекемелерден құжаттарын реттеуге рұқсат беріліп жатты. Сол көппен бірге, сол жаққа біз де бардық. Нәтижесінде біздің жерлеріміздің үстінен болашақта үлкен көшелерді қосатын кішкентай аралық жолдар өтетін болып шықты. Бұл жолдар болашақта қаладан келіп өтетін Рысқұлов, Ақын Сара көшелеріне, айналма жолдарға ешқандай қатысы жоқ.  Біреулеріміздің салып қойған үйлеріміз толығымен, енді біріміздің үйлеріміз жартылай бұзылады екен. Қарасай ауданы «Сәулет, құрылыс және құрылыс бөлімі» мамандары жерімізден жол өтетін (салған үйлеріміз күресінге кетеді) картаны қолдарымызға ұстатты. Бұл жағдайдан Қарасай ауданы әкімдігі де хабардар. Мұндай жайтты күтпеген қарапайым халықтың төбесіне жай түскендей әсер етті. «Енді не істейміз?» – деп жылап отырған әйел адамға, «Сәулет, құрылыс және құрылыс бөлімі» маманы (7 кабинеттегі) Дәурен есімді қызметкердің: «Жеріңе картоп ек, алма ек. Маған не дейсің енді? Сендерге ондай жерлерді алып, үй сал деген кім бар?!» – деп мазақ еткені жығылған жанға жұдырық  болды. Бұл сөздің айтылғанын басқалар да қуаттайды. (Өзгелерге де айтылған). Міне, халық үшін еңбек етіп отырған мемлекеттік мекеме қызметкерінің айтқаны!

 Қорыта айтқанда, Қарасай ауданының Бас жоспарын қайта қарап, мәселенің оң шешімін табуға ықпал етуіңізді сұраймыз! Үш-төрт үй сайын салынатын ені 15-20 метрлік аралық жолдардың кімге қажеті бар? Әркімнің  өз жері, осы уақытқа дейінгі жүріп келген өз жолдары сақталса дейміз! Елді елеңдетіп, көңілін күпті еткен осы түйінді жағдайды тез арада реттеуіңізді өтінеміз!

Батыр бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған, әлем бойынша жер көлемі жағынан 9-шы орын алатын өз жерімізде өгейлік көрмесек екен деген ағайынның мәселесі аяқсыз қалмас деген ойдамыз!

 Төменде қол қоюшылардың арасында алды алты баланың, азы үш баланың ата-анасы, үйінде қарт ата-аналарын қарап отырған жандар мен бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналардың да барлығын баса айтамыз!

Хат соңында жер иелерінің аты-жөні мен кадастрлық нөмірлері қоса жазылып отыр.

Барлығы  47 (қырық жеті) адам қол қойған. Қол қою әлі жалғасуда.


0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048